РУХАНИ ЖАҢҒЫРУДЫҢ НЕГІЗГІ КІЛТІ

Биыл Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толады. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында қоғамдық сананы қайта түлетудің маңыздылығы туралы айтқанындай, ұлттық сананы сақтау және оны заман талабына бейімдеу мемлекеттік маңызы бар мәселеге айналып отыр. Өйткені, сананы жаңғырту арқылы ХХІ ғасырда еліміздің тың серпінмен дамуына жол ашылмақ. Осы ретте қазақ елінің ұлттық санасын көтеруде бас ақын Абай Құнанбайұлы туындыларының ерекше орын алатынын ескеруіміз керек.

Осы тұрғыда үстіміздегі жылдың 9 қаң­тарында Президентіміздің «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласы жарық көрді. Аталған мақалада Абай мұрасының тигізер пайдасының зор екендігі, Ұлы ақынның шығармалары бүгін де өзектілігін жоғалтпағаны және Абайдың ой-тұжырымдары баршамызға қашанда рухани азық болатындығы айтылған.

Абай әрқашан шын ниетімен елді алға жылжуға күш салды, өсіп-өркендеуге тілеу­лес бола отырып, осы идеясын барынша өз шығармаларында дәріптеген. Ал ілгерілеу­дің негізі білім мен ғылымда екенін анық білген ол қазақ халқын бар жан-тәнімен дамылсыз оқып-үйренуге шақырды. Өз шығармаларында «Ғылым таппай мақтан­ба» деп, білімді игермейінше, биіктердің бағына қоймайтынын айтты. Ол «Біз ғылымды сатып мал іздемек емеспіз», – деп тұжырымдап, керісінше, ел дәулетті болуы үшін ғылымды игеру керектігіне назар аударды. Президентіміз ғұлама Абайға «ұлттық болмыстың үлгісі», «мемлекет ісінің мүдделесі», «жаңа қоғамның жанашыры», «әлемдік мәдениеттің тұлғасы» деп жан-жақты нақты баға береді. Қазір әлем күн сайын емес, сағат сайын өзгеруде. Сондық­тан барлық салада жаңа міндеттер мен тың талаптар қойылуда. Ғылымдағы жаңалық­тар адамды алға жетелейтіндіктен, ақыл-оймен ғана озатын кезең келді деп санай­мыз. Заман көшіне ілесіп, ілгері жылжу үшін біз сананың ашықтығын қамтамасыз етуіміз керек. Бұл қадам өркениеттің озық тұстарын ұлттық мүддемен үйлестіре білуді талап етеді.

Ойшыл Абайдың туындыларының әрқайсысы жеке зерттеуге, арнайы көсіліп жазуға сұранып тұрған рухани қазына. Абай өлеңдерінің маңызы өте зор. Онда ақынның бүкіл өмірі бейнеленген, жарқын болашағы мен армандары туралы баянда­лады. Оны уайымдатқан мәселелері қазіргі заманға сай келеді. Адамдарды адамгер­шілік, имандылық, гуманизм және бейбіт­шілік мәселелері әлі күнге дейін алаңдатып келеді. Бұл ақынның көркем сөзінің құді­реті. Абайдың шығармашылығы таңға­жайып күш, керемет тереңдік пен жан-жақты болып келеді.

Қорытындылай келе, ғұлама ақын, ойшыл Абайдың мұрасын ұғыну ғасырдан ғасырға жалғаса береді. Оның мағыналы өлеңдері ешқашан да өзінің күшін жоғалтпайды. Ұлтты тәрбиелеймін десек, Абайдың өлеңдерімен, шығармаларымен сусындату керек. Себебі, Абай шығармала­рындағы адам бойындағы қасиеттер адамгершілік тәрбиесі, еңбек ету, білім және ғылым, адамгершілік рух пен әділеттілік жайлы жазылуы еңбектерінің өшпес мұра екендігіне кепілдік береді. Абай қалдырған ілімді тану арқылы біз өз болмысымызды танып, болашағымызды бағдарлаймыз.

Айжан Акпар,

Ш.Уәлиханов атындағы

Тарих және этнология институтының кіші ғылыми қызметкері.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *