РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ НЕГІЗІ

Жазу – тілді жаңғыртудың, бекітудің құралы. Сон­дықтан қазақ тілін заман талабына сай жаңғыртуымыз керек. Бұл әрбір жаңа дәуір тұсында міндетті түрде болатын құбылыс. Жазу ауызша сөзді таңбалап қана қоймайды, адамның тіл туралы түсінігін кеңейтеді, тереңдетеді. Жазу сөйлеуде елене бермейтін тілдің барлық қалтарыстарын нақ­тылаудың негізінде тілдің сұрыпталып, нормаланған, елек­тен өткен құрылымын ғана таңбалап, жазу нормасына сай сөйлемдер мен мәтіндерді тілдік жүйеге жатқыз­ды. Сон­дықтан ауызша сөйлеудегі еркіндікті тілдік қалыпқа салу, яғни жазуға түсіру кез-келген сауатты адамның қолы­нан келмейді. Адам күнделікті қарым-қатынас тілімен біреуге хат жазу мүмкіндігіне ие болғанмен, өзінің ойын жүйелі, толыққанды, мазмұнды етіп жазбаша жеткізуде қиындыққа тап болады. Сонымен, жазудың екінші қызметі тілдің жүйелі құрылымға айналуына әсер етуі болып табылады.

ХХІ ғасыр – өзгерістер ғасыры. Техника, технология күрт дамып, ілгері кетті, оның барлығы күнделікті өмірге әсерін тигізуде. Яғни тіліміздің бәсекеге қабілеттілігін арттыру жайын  ойлауымыз керек. Негізгі мәселе – тілдің өміршеңдігі, үнемі сұраныста болуы, қолданушылар санының көп болуы, ғылым мен білімнің, бизнестің, технологияның, т.б. әлеуметтік салалардың тіліне айналуы. Қазақ халқының негізгі рухани құндылықтары тілі арқылы қалыптасып дамыды.

Қазір әлемді «жаһандану үдерісі» қарқынды жүріп жатқан кезең. Бұл әрбір халықтың ұлттық мәдениетіне, оның мазмұнына айтарлықтай кері ықпал етеді. Ал жаһан­дану – ұлт тіліне де қауіп төндіреді. Демек, біз өз тілімізді қорғауымыз қажет. Тілден асқан байлық жоқ, бүгінгі «байлық» деп жүргеніміздің бәрі тілдің жанында жәй нәрсе болып қалуы мүмкін. Өйткені, тіл ұлттың басты байлығы. Қазақ халқының негізгі рухани құндылықтары тілі арқылы қалыптасып дамыды. Тіл ұлт жүрегінің бір бөлшегі. Тілді қасиет деп түсінбейінше, оның алдындағы қызметте айтарлықтай салмақ та болмайды.

Біз тарихы терең ел екенімізді әлемге танытуға тиіспіз. Оның барлығы тіл арқылы, өнер мен мәдениет арқылы жүзеге асады. Біз мұндай құндылықтардан кенде емеспіз. Өкініштісі, солардың барлығын түгел меңгеріп, толық­қанды танып, біле алмай келе жатқа­нымыз. Әрине, бәріне уақыт керек. Бастысы, дұрыс ұйымдастырылған, түп нәтижесі баянды болатын ке­шенді шаралар қажет. Бағыты айқын, бүгін не істей­тінін, ертең қандай қам-қарекет жасайтынын қапысыз білетін ел уақытша қиындықтарға мойынсұнып, бағытынан жаңылып қалмасы анық.

Бүгінгі күнгі бұқаралық ақпарат құралдары мен зиялы қауым өкілдері арасында кеңінен талқыланып жатқан мәселелердің бірі – қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру үрдісі.  Себебі, жазу – белгілі бір әріптердің жиынтығы ғана емес, ұлттың өзіндік болмысын танытатын таңбалар жүйесі, сол ұлттың тарихы, мәдениетінің таңбаланған жәдігері. Әр халықтың рухани, мәдени өсуін, ғылымы мен білімінің, барлық саладағы даму деңгейін көрсететін маңызы зор әлеуметтік-мәдени құбылыс. Жазу арқылы өткен мен бүгінгі және болашақ өміріміз жалғастық табады. Ол – ұрпақтар сабақтастығын қамтамасыз ететін алтын көпір. Ал жазудың өзгертілуі сол халықтың қоғам­дық өмірінің барлық саласына, рухани әлемі мен мәдени деңгейіне, тіпті, әлеуметтік психологиясына әсер етеді.

Ұлттық төл алфавиттің болуы – ұлттық дыбыстық ерекшеліктерімізді бұзбай таза сақтаудың және оны дамытудың кепілі. Табиғаты жат бөтен халықтардың дыбыстық ерекшеліктеріне арналған алфавиттердің қайсысы болса да біздің дыбыстық мүмкіндігімізге сәйкеспейді, соның салдарынан ұлтымыздың дыбыстық жүйесі бұзылады. Латын алфавитіне көшуді жақтаушылар оның осы заманғы ғылыми техникаға икемділігін басты назарда ұстайды. Соның ішінде компьютерге кіргізуге қолайлы дегенді алға тартады. Алайда, бұл басты шарт емес. Жазудың қолайсыздығы жағынан дүниеде алдыңғы орында тұратын елдер Қытай, Жапон, Корей елдері. Мысалға қытайды алсақ, олар иероглифтерінің санына өздері әлі жеткен емес, қанша сөз болса сонша иероглиф бар. Бірақ олар біздің жазуымыз компьютерге кірмейді деп өздерінің тарихи жазуларынан бас тартқан жоқ, керісінше, жазуларын компьютерге енгізе білді.

Өркениетті елдердің әліпбиіндегі әріптер әдетте өздеріндегі негізгі тілдік дыбыстарды (фонемаларды) таңбалайды, ал басқа тілдің сөзін жазу үшін арнайы әріп сайлап қоймайды. Сондықтан біз де тіліміздің жазу тәжірибесінде бұрын-соңды кеткен кемшіліктерді жаңа әліпбиде қайталамауымыз керек, ол тілдің жазу мәдениетін көтеруге, адамзат тарихындағы ерекше бір құндылық ретіндегі ұлттық тілдің бет-бедерін сақтап қалуға зор ықпалын тигізеді.  Жаңа әліпбиге көшу латын графикасы негізіндегі жазуды қолданып отырған түркітілдес бауырластарымызбен әдеби, мәдени байланыстарымыздың нығаюына, дамуына ықпал етіп, қазақ тілінің мемлекет­аралық қатынастағы қолданылу мүмкіндігіне жол ашады, ұлттық жазудың елімізде ғана емес, халықаралық деңгейде беделін көтереді.

Қазақ тілінің төл дыбыстары – тіліміздің бет-бедері, ұлттық нышанымыз, ұлттық құндылығымыз, ұлттық ерекшелігіміз, сондай-ақ олар туысқан түркі халықтары­ның баршасына ортақ. Ұлттық жазу (графика) қай елдің әліпбиіне негізделсе де, өзінің ұлттық сипатын жоғалтпай, өз сөздерін өзінше таңбалап, ұлттық тіл болып қалуы – қашан да маңызды.

Әрине, латын графикасына негізделген қазақ әліпбиін жасау жөніндегі шешім қабылданды. Дегенмен, қоғамда талқылау әлі аяқталған жоқ. Қазіргі қабылданған нұсқаны елдің барлығы да бір ауыздан қолдады деп айтуға болмайды. Мысалы, диграф немесе апостроф емес, диакритикалық нұсқаны ұсынып жатқандар да бар. Яғни бір әріп – бір таңба заңдылығын да ұсынып отырғандар көп. Бәлкім, біз уақыт өте келе осы нұсқаға да келуіміз мүм­кін. Басты кедергі – апострофты нұсқадағы әріп жанындағы  үтірлердің де бір әріптің орнын алуы, буынға бөлінбеуі және интернеттен қазақша дерек  іздеу бары­сында қабылданбайтындығы болып тұр. Негізінде қазақ­тың төл дыбыстарына жеке таңба беру керек болатын. Қазіргі әліпбиіміздегі Ә мен Ө кирилдік әріптер емес, қазақ тілінің төл дыбыстарының ерекше таңбалары. Отызыншы жылдардағы әліпбиге кірген бұл әріптер кирил әліпбиін таңбалау кезінде С.Аманжоловтың жетекшілігі­мен ки­рилше жүйеге енгізілген болатын. Жаңа әліпбиде осы  қа­зақ тілінің төл дыбыстарын қалдыру керек деп ойлаймын.

Латын әліпбиіне көшсек түркі халықтарымен жазу, сызуымыз ұқсас болады деген едік, соңғы нұсқада кері­сінше, алшақтаған сияқтымыз. Технологиялық тұрғыдан алар болсақ, жаңа әліпби мәтінді теруге қолайсыздау, көп орын алады және қазіргі заманауи коммуникация құралдарымен де жазу қиындау.

Кез-келген мәселеге бүгінгі және келешек уақыт тұрғысынан қарауға болады. Олай болса, біз өз тіліміздің тағдыр-талайына бей-жай қарай алмақ емеспіз. Бұл – шындық. Турасын айтқанда, тіл – халықтың өзегі, болмы­сы, байлығы. Қарапайым ғана мысалмен ой сабақтасақ, дүниеде өз тіліңнен айырылып қалу қандай үлкен қасірет десеңізші. Тіл – халықпен, ұлтпен бірге жаратылатын, қанатын сол халықпен бірге кеңге жаятын құбылыс. Туған тілін өз халқы қаншалықты құрметтейтін болса, сол халықтың да дәрежесі соншалықты биік болады. Бүгінгі біздің бойымыздағы кемшілігіміз – өз тілімізді өзіміз құрметтей алмай келе жатқанымыз. Қазақ қоға­мында осы сана-сезімді қалыптастыруға күш салуымыз керек. Ана тіліміздің қадір-қасиетін бәріміз бір адамдай сезінсек, ұтылмаймыз.

 

Жазира  Ошақбаева,

Философия, саясаттану және дінтану

институтының жетекші ғылыми қызметкері,

философия ғылымының кандидаты.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *