Рухани жаңғыру доктринасы

Уәлихан ҚАЛИЖАНОВ,

М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры,  ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымының докторы,  Қазақстанның еңбек сіңірген  қайраткері

 

 

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Бола­шаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы мемлекеттің болашағы жайында толғамға толы, тың көзқарастарға негізделген тарихи-ғылыми құжат. Ұлт тарихын таразылаудан басталып, мемлекетімізде атқарылуға тиіс міндеттер сараланған бұл мақала әрбір ұлтжанды азамат үшін бағдарламалық бағыт қана емес, «ұлттық кодты» сақтап қалудың бірегей үлгісі деуге болады.

Қазақ елі аяқ басқан бесінші тарихи дә­уір­дегі рухани модернизацияны жан-жақты байыптаған мақалада автор қайта түлеудің екі маңызды процесін – саяси реформа мен экономикалық жаңғыруды атап өтеді.

«Біздің мақсатымыз айқын, бағытымыз белгілі, ол – әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылу» деп бағамдаған Мемлекет басшысы осы межелі мақсатқа жету жолын­дағы негізгі міндеттер мен басты бағыттарды да белгілеп көрсеткен.

Ұлт Көшбасшысы биік сана мен тарихи танымға негізделген мақалада ұлттық жаңғыру үшін ірі-ірі бағыттарды жүзеге асыру міндеті тұрғанын ескертеді. Мәселен, мақаланың «ХХІ ғасырдағы ұлттық сана туралы» бөлімінде 1. Бәсекеге қабілеттілік; 2. Прагматизм; 3. Ұлттық бірегейлікті сақтау; 4. Білімнің салтанат құруы; 5. Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы; 6. Сананың ашықтығы сынды мазмұндас, идеялас басым бағыттарды атаған.

Президентіміздің  «Туған жер» бағдарла­масын қолға алу қажеттігі  жөніндегі тұжырымы  әрбір азаматтың Қазақстанға деген патриоттық сезімінің оянуына ықпал етеді. Сонымен қатар, Елбасы халқымыздың санасына – жалпыұлттық қасиетті орындар ұғымын сіңіру керектігін, ол үшін «Қазақ­станның қасиетті рухани құндылықтары» немесе «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасын іске асырудың маңыздылығын  міндеттейді.

Идеяның түпкі төркіні Ұлытау төріндегі жәдігерлер кешенін, Қожа Ахмет Яссауи мавзолейін, Тараздың ежелгі ескерткіштерін, Бекет ата кесенесін, Алтайдағы көне қорымдар мен Жетісудың киелі мекендерін және басқа да жерлерді өзара сабақтастыра отырып, ұлт жадында біртұтас кешен ретінде орнықтыруды меңзейді. «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» – кең байтақ қазақ жерінің біртұтас тарихи-мәдени картасын қалыптастыру болып табылады. Жер жаннаты –Жетісу, Алматы облысында орналасқан ерекше аймақ ретінде «Қазақ­станның киелі жерлерінің географиясы» жобасында орны ерекше өлкенің бірі болмақ. Картаның да бастамасы осы Жетісу өңірінен бастау алғаны жөн деп санаймын. Өйткені, Ұлы Жібек жолының күре жолы осында жатыр. Ұлы жәдігерлер кешені де осы өлкеде.

Қазақстан экономикасы бұл күнде жаһандық кризиске қарамастан орнықты дамуда. Президент  Қазақстан дамуының жаңа рухани жаңғыруының жолын көрсетті. РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ ДОКТРИНАСЫ осы жолдағы жасампаздық идеяларынан тұрады.

Елбасы өз халқының әлемдік бәсекеге дайын екендігіне сенгендіктен осындай бастамаға барып отыр. Неге? Өйткені, Қазақстан халқы жас. Орташа жасы 24–30 жасты құрайды. Бір кезде ұлан-ғайыр қазақ елінде ұлттың үлес салмағы 40 пайыздан аспады. Оның түпкі қасіретін көзіқарақты оқырман жақсы біледі. 1894 жылғы патшалық Ресейдің санағы бойынша қазақтар 3 мил­лион 900 мың еді. Ал өзбектер 3 милион болатын. Одан кейінгі кеңестік зобалаң кезінде ұлттың 50 пайызға жуығы аштықтан қырылды, атылды, репрессия­ланды, шет  елге үдере көшті. Мұны, тіпті ВКП(б)-ның ХҮІІІ съезі мойындауға мәжбүр болды. Украинадан кейін ең көп қырылған қазақ ұлты екені мойындалды.

Иә, Елбасы тарихты таразылап қана қоймай, оның сабақтары мен зардаптарын сын тезіне салды. Осыдан жиырма жыл бұрын «Тарих толқынында» атты кітап жазды. Оның бағасын біз енді ғана зерделеп отырмыз. Шын мағынасына келгенде, ол қазақтың рухани, мәдени тарихы еді.

Заманауи әлемдік бәсекеге түсу үшін біз өз мәдениетіміздің асыл арналарын жетік білуге тиіспіз. Қазақтың көпғасырлық тарихын тану жаһандық додада өзінің ұлттық қалпын сақтап, әрі өркениеттің озық жолын таңдап алатын ұлт қалыптастыруды Назарбаевтың теориясы деп қабылдау қажет. Бұл асыра мадақтау емес. Әрбір ұлтжанды Қазақстан азаматы – рухани жаңғыруды өзінен бастайды. Сондықтан Елбасы «еш­кімге ұқсамайтын, дербес орны бар ұлт болуды» армандайды. Демек, ұлттың «Жа­һан­дағы заманауи мәдениеті» болуы қажет. Осы бағытта біз не істеп жатырмыз? – деген сұрақ туындайды. Сондықтан да Елбасы қолдауы­мен, ең алдымен, «Мәдени мұра» бағдарла­масының жүзеге асқанын атап өтуге тиіспіз. Онан соң «Халық тарих толқынында» жобасы өмірге келді. Міне, осы бастамалар­дың бәрі де Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей қолдауымен жүзеге асырылды. Басқасын былай қойғанда, 100 томдық фольклорлық мұрадан тұратын «Бабалар сөзімен» қазақ халқы жаһандық мәдениетке елеулі үлес қосып отырған жоқ па?!

Әлемдік мәдениет жаһандық жобамен екі бағытта дамуда. Оның біріншісі – адамзаттың ой-санасын жетілдіру бағытында өрбісе, екіншісі оны ыдырату, жауыздық және қатыгездік түрін ұстанады. Оның арғы жағында азғындықтың құлы болу саясаты жатыр. Өйткені, ашық-шашық өмір, діни экстремизм, ұлтаралық жанжал бір сәтте толастар емес. Оған Қазақстан ұлттық патриотизм мен көп ұлтты мәдениетті қарсы қойып отыр. Білімді, білікті, мәдениетті ұлт қана жаһандық аласапыранда адаспайды.

Алдағы уақытта Елбасымыз атап өткен ХХІ ғасырдың жаһандық картасында ешкімге ұқсамайтын, дербес ұлт болу үшін ұсынылған «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасын ұлт болашағы үшін түпкілікті қолға алып, жүзеге асыруға тиіспіз. Ол үшін мың жылдық тарихымызда төл мәдениетіміз әлемнің барлық елдерінде көрсетілетін ауқымды мультимедиялық жобаларды қолға алуымыз керек.

Жобаны жүзеге асырудағы негізгі басым­дық – тамыры тариxтан бастау алған өнерлеріміз бен мәдениетіміздің, ұлттық менталитетімізге түсетіндігі анық.  Себебі, заман талабына сай бейімделіп, жаңа элементтердің қосылғанына қарамастан, біз әлемді ұлттық ерекшеліктерімізбен ғана таңқалдырып, өзгелерден ұлттық болмы­сымызбен ғана даралана аламыз. Үлкен идеологиялық қару ретінде саналатын синтездік экран, сондай-ақ, сахналық қойылымдар мен дәстүрлі, эстрадалық ән өнерін, бейнелеу мен би өнерлерін бәсекеге қабілетті ел ретінде танытуда ұлттық колориттен айырылмай, эстетикалық, көркемдік қырларын арттыра отырып, ұсыну қажеттілігі туындап отыр. Мысалы, театр фестивальдерінде Шекспир мен Чехов сынды әлемдік классиктердің шығармаларын сахналағаны дұрыс-ақ, бірақ Әуезов, Мүсірепов сынды отандық классиктерді заманауи қойылым арқылы көркемдік жағынан ұғуға болады. Себебі, әлемдік классиканы бізге дейін бірнеше ғасыр бойы мыңдаған шығармашылық тұлғалар жеткілікті деңгейде ұсынып келеді. Біз ұлттық шығармаларды қою арқылы бір жағынан өзіміздің де көне заманнан келе жатқан құнды өнеріміздің бар екендігін, екінші жағынан  олар үшін тың көркемдік бейнелер мен салт-дәстүрлерді дәріптеу арқылы таныла аламыз. Оларды тек мультимедиялық құрылғыларды пайдалана отырып, жаңа мәндегі актерлық өнер мен заманауи режиссердің тың шешімдері арқылы көркемдеуге болады. Бүгінде әлемдік театрдың өзі 3D форматқа көшіп, сахнаның төртбұрышынан бірдей ЛЕD-ті ойната бастады. Ал біздің театрға келген 3D актерлердің көлеңкесі қатар жүретін арзан проектрдан аса алмай жүр. Сондай-ақ, бүгінгі нарықтық экономикада театрдағы актер мен режиссерден басқа ең маңызды қызметті арнаулы театр менеджерлері алып отыр. Себебі, шығарманы жасау өз алдына, оларды халықпен жақынырақ таныстырып, жарна­масын жасау, алыс-жақын шет  елдердегі өнер додаларына қатыстыру жұмыстарын ұйым­дас­тыру, әлемдік өнер майталмандары­мен байланыс орнатып, түрлі шеберлік сынып­тарын ұйымдастыру, оларды бірлесе жұмыс жасауға келісім-шарттар жасау сынды міндеттер бүгінгі заман талабы. Сондықтан да Елбасы атап өткен БҰҰ-ның алты тілі – ағылшын, орыс, қытай, испан, араб және француз тілдерінде сөйлей алатын, кәсіби театр менеджерлерін тәрбиелеу ісі кезек күттірмейтін мәселелердің бірі. Себебі, шығармашылық тұлғалардың фестивальдер мен әлемдік деңгейде өткізіліп отырған мәдени іс-шараларда басқа елдердегі өнерпаздармен қарым-қатынас орнатуының маңызы артып отыр.

Отандық кинематографияда компьютер­лік графиканың көмегімен жүзеге асатын комикс, экшн жанрларының кемшін түсіп жатқаны белгілі. Тіпті, қарапайым тарихи фильмдердің өзінде соғыс, көш эпизодтарын­дағы көпшілік сахнасына қатысып жатқан адамдардың санын көбейте алмай отырмыз (мыс. «Алмас қылыш», «Жаужүрек мың бала»). Сондықтан да кинематографиялық графиканы меңгерген мамандарымыздың шет  елден тәжірибеден өтіп, білімдерін толықтырып келуін қадағалауымыз керек.

Елбасы ағылшын, орыс, қытай, испан, араб пен француз тілдерін игеріп, шетелдік әлемге Қазақстанда «жасалған» әдебиет пен мәдениетті таныту мақсатын қойып отыр. Осы ретте М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі, АҚШ-тағы Қазақстан Елшілігі, Колумбия университе­тімен бірлесе отырып, ағылшын тілінде екі кітап шығарды. Ол қазақ поэзиясы мен прозасының антологиясы және «Адам және табиғат» деп аталатын қос кітап. Оның тұсаукесер рәсімі Вашингтонда, Конгресс кітапханасында өтті. Рәсімде  конгресс­мендер, ақын-жазушылар, әдебиеттану­шылар бас қосты. Ал Астанада өткен  Еуразия ұлттық университетіндегі  тұсауке­сер рәсімге шет  елдің Қазақстанда тіркелген елшіліктері мен халықарлық ұйымдардың өкілдері қатысты.

Қазақ әдебиетіне, мәдениетіне деген қызығушылық көп. Бірақ оны жүйелі түрде жүзеге асыра алмай отырмыз. Оның қандай жаңа тәсілдері бар? Ең алдымен, мульти­медиялық тәсілдер қолға алынуға тиіс.

Қазақстан халқы қолға алып  жатқан рухани мәдениет біршама игерілді деп айтуға болады. Мәселен, М.Әуезов атындағы Әде­биет және өнер институты «Қазақстан халқы әдебиеті», «Қазақстан халқы өнері», «Қазақстан халқы театры», «Қазақстан халқы қолөнері» атты жобаларды жүзеге асырды. Вице-министрдің қатысуымен ол моногра­фия­лардың тұсаукесер рәсімі Астанада өтті. Осымен бітті. Менінше, мұны Мәдениет және спорт министрлігі ары  қарай іліп әкетіп, барлық облыстарға, Қазақстан халқы Ассамблеясымен бірлесе отырып, шаралар өткізіп, көрмелер ұйымдастырып, шығарма­лар жаздырып іліп әкетсе әлдеқайда тиімді болар еді. Менің жетекшілігіммен қазақ және орыс тілдерінде «Қазақстан халқы» энцик­ло­педиясы шығарылды. Бірақ оның тұсау­кесерін «Қазақ энциклопедия» баспасымен біз бірлесе Халықаралық кітап көрмесінде өткіздік. Ол да сонымен тәмам болды.

Елдің атын өнер шығарады. Бұл күнде Айман Мұсаходжаева, Жәния Әубәкірова, Мария Мудряк, Ермек Тұрсынов, Ақан Сатаев, Рүстем Әбдірашев, Рахат-би Әбді­сағи, Димаш Құдайбергенов сынды өнер өлкесіндегі орта және жас буын өкілдері қазақтың музыка, кино, орындаушылық өнерін әлемдік додада көрсетіп жүр. Олардың бәрі дәстүрлі қазақ өнерімен емес, еуропалық үлгідегі өнердің иелері.

Міне, осындай өнер жұлдыздарын табу үшін «Балалар дауысы» конкурсы халық­аралық мәртебеге ие болуы керек. «Минута славы» атты ресейлік тележобаның қазақша баламасы да қажет. Бұл  қазақ елінің атын шығарады, рухани қуатын көрсетеді.

Рухани  жаңғыру жолында жүзеге асуы тиіс маңызды бір міндет – қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру. Елбасының бұл тарихи шешімі қоғамдық талқылауға түсіп, халықтан үлкен қолдау тауып қана қоймай, Нұрсұлтан Назарбаевтың соңын ойлайтын, алдын болжайтын әлемдік дәрежедегі ұлы саясат­кер әрі стратег екендігін айғақтайды. Қазақ­стан өз тәуелсіздігінің 26 жылы ішінде Елба­сының бастамасымен тіл мәртебесін ұлықтау мәселесін жүйелі жүргізіп келеді. Тілді дамытудың сан түрлі жолдары қарасты­рылды. Тіл туралы Заңдар, көптеген мемле­кеттік іс-шаралар жүзеге асырылды.

«Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру» туралы Н.Назар­баевтың кемеңгер шешімі еліміздің бәсекеге қабілеттілігін арттырып, әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына кіруге жетелейтін маңызды қадам. Өйткені, әлемдік банк жүйесі бойын­ша экономикасы озық, жетілген 30 елдің 22-сі, ал экономикасы дамушы іргелі 10 елдің 7-еуі латын әліпбиін пайдаланады екен.  Қазір әлемнің 112 мемлекеті латын әліпбиін, 48 мемлекет араб әліпбиін пайдаланады деген дерек бар. Сондықтан да Ұлт Көшбасшы­сының мұндай батыл шешімі халқына, Отанына деген шынайы сүйіспеншілігін, оның «Мәңгілік Ел» болуын көксеген биік мұратын көрсетеді.

Латын әліпбиі арқылы қазақша мәтінді кез-келген мемлекеттің ғалымы оқи алады. Сондықтан да латын әліпбиі замана сұра­нысы, жаһандану талабы екенін ұмытпайық!

Латын әліпбиіне көшу қандай да бір өзге тіл мен оның жазуын теріске шығару емес, бұл біріншіден, қазақ алфавитіне реформа жасап, оны жаңғыртуға бағытталған.

«Эхо Москвы» радиосының «Особое мнение» хабарына қатысқан  ресейлік белгілі тарихшы, журналист Николай Сванидзе өз сұхбатында «Қазақстанның латын тіліне көшуі саяси емес, бұл таза прагматикалық шешім екенін, өйткені әлем халықтарының латын тілінде жазатынын» айтады.

«Қазақстандық жастар компьютерлік ғылыммен айналысып, әлемдік деңгейде мансап жасағылары келсе, әрине, латын алфавитінде оқығандары тиімдірек. Бұл оларды әлемдік мәдениетпен жақындас­тырады. Бұрын Қазақстан Ресей боданында, сосын кириллица аясында Кеңестер Одағы­ның бір бөлігі болды. Ал қазір Қазақстан өзін дүние  жүзі мемлекеттерінің бірі санайды. Сондықтан да кириллицаны маргиналдық мәдениет деп біледі. Шынында да, әлем халықтарының негізгі бөлігі латынша сөйлейді, жазады, латын әліпбиін пайдалана­ды»,– дейді профессор Н.Сванидзе. Өз ойын жалғастыра келіп, автор «Пушкинді де, Шекспирді де, Толстой мен Достоевскийді де, Чеховты да өз тілінде оқу керек»  деп ой түйеді.  Президент Нұрсұлтан Назарбаев жүргізіп отырған үштілділік саясаты арқасында болашақта қазақ жастары әлем классиктерін түпнұсқада оқитын болады.

Кезінде Түркияның ұлт лидері Ататүрік латын әліпбиін енгізді. Ол «М.Ататүрік әліпбиі» деп аталады. Ал Қазақстанда қабылданған латын әліпбиі «Ұлт әліпбиі – Назарбаев әліпбиі» деген атпен тарихқа енетініне сенімдімін.

«Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет», «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобалары  елдің рухани жәдігерлері мен тұлғаларын ұлықтауға жол ашып отыр.

«Рухы мықты халық қана мықты мемле­кет құра алады. Мемлекетіміздің діңгегі – қазақ халқы. Ел де, жер де қазақтікі. Ел болудың ұяты да біздің жұрттың мойнында». Нұрсұлтан Назарбаев айтқан бұл ой-орамдар мемлекеттің іргесін бекітеді, ұлттық патриотизмді қалыптастырады және санаға сілкініс әкеледі.

Жалпы, «Рухани жаңғырудың» басталуы­мен мемлекетімізде  ӘЛЕМДІК БӘСЕКЕГЕ ҚАБІ­ЛЕТТІ ЗАМАНАУИ ҰЛТТЫҚ МӘДЕ­НИЕТ қанат жая бастады. Бұл ретте жаңа көзқарастарға негізделген «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» ХХІ ғасырдағы қазақ қоғамының санасын оятқан үлкен   құбылыс болды.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *