Рухани жаңғыру бізге не берді?
Біз оны түсініп болдық па, өзгере алдық па?

Асанәлі ӘШІМҰЛЫ,
КСРО және Қазақстанның
Халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтардың иегері:
Ұлттық идеологиямыздың айнасына айналды
Дамыған елде руханият бірінші орында тұрады. Ол – барлық адамға азық. Рухани байлығы мол адам ғана шын мәдениеттің дамуына үлес қоса алады. Рухани байлық бар жерде елдің бірлігі де нығая түседі.
Елбасы туған жерге қамқорлық туралы, қала мен даланың арасын жақындатайық деген концепцияны дер шағында ұсынды. Бұл – ауқымды жоба, стратегиялық құжат. Иә, Мемлекет басшысының бұл мақаласы иығымызға өте маңызды әрі күрделі мәселелерді арқалатты.
«Рухани жаңғыру» мақаласының жарыққа шыққанына да бір жыл толған екен. Осы аз ғана уақыт ішінде көп істі еңсердік деп ойлаймын. Мәселен, бәрі санадан басталады. Мақалада айтылғандай, Ұлттың коды дегеніміз – сан ғасырлық тарихи тамырымыз, атамұра өнеріміз, салт-дәстүріміз, білім-ғылымымыз және отбасымыз. Білімге ұмтылып, жақсыны үйреніп, жаманнан аулақ болуды қазақ атамыз баяғыда айтып кеткен. Міне, осы құндылықтар, «Рухани жаңғыру» бүгінде ұлттық идеологиямызға айналып отыр.
Бабалар аманатын, олар қорғап қалған ұшқан құстың қанаты талып, жүгірген аңның тұяғы тозатын ұлан-ғайыр жердің қыр-сырын, тылсым құпияларын бүгінгі ұрпақ жете білуі тиіс. Туған жердің әрбір тасы мен сайы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Осы орайда «Рухани жаңғыру» аясында Президент тапсырмасымен түзілген «Туған жер» бағдарламасы жақсы қарқын алды деп ойлаймын.
Мектептерде жас өрендердің өлкетану жұмыстарына жиі тартыла бастағанынан хабардармын. Сондай-ақ, өскелең ұрпақты өз өлкесін сүюге, құрметтеуге тәрбиелеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Балабақша бағдарламалары да рухани құндылықтарды өз жоспарларына енгізіп, жұмыс істеуде.
Ауыл-аймақтарда экологияны жақсартуға және елді- мекендерді абаттандыруға баса мән беріліп, жергілікті деңгейдегі тарихи ескерткіштер мен мәдени нысандарды қалпына келтіру жұмыстары нақтыланды.
Үлкен қалаларға көшіп кетсе де, туған жеріне қамқорлық жасап жүрген, ауылын көгалдандыруға, мектептерді компьютерлендіруге, музейлер мен мәдениет ошақтарына демеушілік жасап жүрген кәсіпкерлер туралы көріп, естіп жүрміз. Аймақтардағы өнер ошақтарын өз есебінен жөндеуді қолға алып жатқан мәрт азаматтарды баспасөз бетінде насихаттап, үлгі етудің артықтығы жоқ деп ойлаймын.
Рухани байлықтың кемел де қуатты болғаны жеке азаматтарымыз үшін де, еліміз үшін де маңызды. Ақыл-ойы толысқан, отбасын, Отанын риясыз сүйетін, рухани бай ұрпақ өркениет бәсекесіне қабілетті болатыны анық.
Сәбит ОРАЗБАЙ,
Қазақстанның Халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты:
ЖАҢҒЫРУДЫҢ ЖАҢА ЛЕБІ немесе бір жыл аз ба, көп пе?
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» деп аталған мақаласының халыққа жеткеніне және талқыға салынғанына, міне жылға жуық уақыт болып та қалыпты
Зымырап бара жатқан уақыт-ай десеңізші. Бұл маңызды мақалада Қазақстанның басты рухани құндылықтары айқын көрініс тапқан. Бұл – жәй мақала ғана емес, мазмұны терең, ауқымы кең, ұлт руханиятын ғасырлар биігіне көтеретін бағдарлама. Елбасы ХХІ ғасырдағы жаңа ұлттың, жаңа қазақтың феноменін анықтап берді. Жаңа дәуірдегі ұлттың рухани жаңғыру жолының алты бағдарын атады.
Елбасының мақсаты – Ұлы Дала елінің бойында белгілі тарихи себептермен қалғып кеткен прагматизмді ояту арқылы ұлттық, қоғамдық ойға, іске сілкініс әкелу, тәуелсіз елдің санасы мен ағзасын отаршылдық, кембағалдық, бойкүйездік комплекстерінен арылту. Мемлекет басшысы қазақтың ежелгі «дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» қағидасын мықтап ұстануға шақырды.
Ұлттық код. Ұлттық мәдениет. Осы екі маңызды мәселеге ерекше ден қойды. Халықтан соларды сақтауды талап етті. «Мен қазақстандықтардың ешқашан бұлжымайтын екі ережені түсініп, байыбына барғанын қалаймын. Біріншісі – ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды. Екіншісі – алға басу үшін ұлттың дамуына кедергі болатын өткеннің кертартпа тұстарынан бас тарту керек» деп қадап айтты. Ең бастысы, сананың ашықтығын, яғни әлемдік озық жаңалықтарға, ғылым-білімге құшақты айқара ашу керектігін нақтылады.
Ұлы Абай:
«Махаббатпен жаратқан
адамзатты,
Сен де сүй, ол адамды жаннан тәтті.
Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп
Және сүй Хақ жолы деп әділетті» демеуші ме еді. Мұндай жыр жолдары, ой толғамдары әлемдегі ұлтын, халқын сүйген, солардың мұң-мұқтаждары тебіренткен ұлы адамдардың ғана қаламынан туып, аузынан шықса керек. Қазақтың даналығына, дархандығына, батырлығына, шешендігіне әлемнің бірде-бір елінің дауы, күмәні жоқ. Жасыратыны жоқ, бізде де кемшілік бар, ол: ауызбірлік пен ынтымақтықты кейде босаңсытып алатынымыз. «Қанына тартпағанның қары сынсын» деп кейде көпе-көрінеу ағайынға бұра тартатынымыз бар. Бөлшектенуді біржолата қоюымыз керек.
Қазақы мінез сөз болғанда, өткенде қазақ жазушыларының тосын мінез танытқанын айтпай кетуге болмас, сірә. Ел-жұрт сыртынан сөзін қастерлеп жүрген қаламгерлеріміздің біріне-бірі тап беріп, аузына келгенін айтқаны оқырманды қатты шошытты. Зиялы қауымның жаға ұстасуы жараспайтын-ақ қылық.
Мөңке би айтқан екен: «Табалдырықтан биік тау жоқ, ағайыннан мықты жау жоқ» деп. Қай кезде де жау басқа жақтан келген жоқ, ішімізден шыққан. Бәрі ынтымақтың аздығы, бірліктің бостығы.
Дәстүрімізді дәріптеп, салтымызды сақтауымыз керек. Адамды сүю, құрметтеу. Дәстүрді сыйлау, жаңғырту. Қазақтың жайсаң мінезін, мәрттігін, тектілігін, мейірімділігін қалыптастыру. Код дегеніміз осы! Елбасының мақаласы да осы құндылықты, яғни қазақы кодты сақтауды, дамытуды айтып отыр.
Өткен бір жыл ішінде қоғамда сананы тазалауда бұрын-соңды болмаған тың серпін, жаңа қадам орын алды. Халықтың көп нәрсеге көзі ашылды. Рухани жаңғыруға байланысты бір жылда нендей тірлік атқарғанына әркім өзіне есеп бере бастады. Біздің театрда да бірқатар өзгерістер орын алды. Басшылық ауысты. Еңбек тәртібі күшейді. Бұрынғыдай «ұзын арқан, кең тұсау» қалды. Қызметке уақытылы барып, уақытылы қайтамыз. Әкемтеатр репертуарындағы спектакльдер өзгере бастады. Тарихи оқиғаларға, ата дәстүріміз бен әдеп-ғұрпымызға лайық, соларды көрсететін қойылымдарға ден қойылып отыр.
Театрдың міндеті жаңа спектакль қою. Арғы тегіміз ғұн патшасы Еділ туралы спектакльді қолға алдық. Мұхтар Әуезовтің сөзімен айтсақ, айтыс ақындарының алтын қазығы деп сипатталған Сүйінбай Аронұлы туралы спектакль дайындалуда.
Тағы бір жаңалық – Қазақстан театрлар қауымдастығы құрылды. Республика бойынша барлық театрлардың жәй-күйі, мақсаты сол қауымдастықта қаралып, бағыт-бағдар беріліп отырылады. Бұрын бір-бірімен араласпайтын. Енді еліміздің театрлары өзара қоян-қолтық араласып жұмыс істеуге көшеді. Бұл процес тіпті басталып та кетті десек болады. Жуырда Атырау облыстық театры мен Астанадағы музыкалық жастар театры әкемтеатрда өз өнерлерін көрсетіп, тәжірибе алып, үлкен шаңырақтан үлгі алып қайтты.
Орайы келгенде айта кетейін, кино да театрдың ағайыны ғой, кино өнерінде де жаңалықтар жоқ емес. Көптен елдің жадында шешуі жоқ сұрақ болып жүрген бір ғаламат дүние жүзеге асты. Қазақтың әйгілі әншісі Әміре Қашаубаев туралы фильм түсіріліп, прокатқа шықты. Осының бәрі жаңғырудың жаңа лебі емес пе. Елбасының мемлекет пен қоғам алдына қойып отырған нақты міндеттері рухани саладағы түбегейлі реформалардың бастауына айналып келе жатқанына еш күмән болмаса керек.
Дулат ИСАБЕКОВ,
жазушы, драматург, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты:
Бағдарламаны жалпақ ұранға, даурықпаға айналдыруға болмайды
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы бәрімізге үлкен ой салды. Керек десеңіз, бұл бағдарламалық маңызды құжат. Бірақ біз мұны қалай түсініп жүрміз? Жалпы, рухани жаңғыру деген не? Бұл жерде бүкіл Қазақстан халқы рухани жаңғыра ма, жоқ әлде, қазақтар ғана ма? Осыған жауап беретін кезде сәл қиналып қаламын. Сонымен қатар, Елбасының мақаласында «ұлттық код» деген пікір айтылған. Ұлттық рухтың, ұлттық сананың кемелденуіне жалпы не кіреді? Оған тек салт-дәстүріміз, тарихымыз ғана кіре ме? Жоқ әлде, мұнда бүкіл қазақтың ұлттық болмысы, дәстүрі, тілі, мәдениеті, әдебиеті – бәрі қамтыла ма? Егер дәл осылай жауап беретін болсақ, онда бізде тіл мәселесі әлі өз биігіне көтеріле алмай келеді. Мен рухани жаңғыру дегенді былай түсінемін. Бүкіл қазақ қазақпен қазақша сөйлесуі керек. Біз өз салт-дәстүрімізді дәріптеуге тиіспіз. Бала тәрбиесінен бастап, телеарналардың жұмысын қолға алуымыз қажет. Тарихи сериал, киноларды көптеп шығарып, ұлттық мәдениетті дамытпай, ешқандай рухани жаңғыру болмайды. Әдебиетімізді, мәдениетімізді, дәстүрімізді, тілімізді, дінімізді кешенді түрде дамытуды қолға алуымыз керек. Әйтпесе, қазір «Рухани жаңғыру» бағдарламасы құр науқанға айналып бара жатқан секілді. Өйткені, бұрыннан шығып жатқан кітаптардың тұсаукесерлерін немесе концерт, іс-шара жасайтын болсақ, бәрін «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткізетін болып алдық. Құдай-ау, бұған дейін де талай кітап шығып, тұсаукесер өтті емес пе? Бұған дейін де «Рухани жаңғыру» демей-ақ, талай концерт берілді ғой. Небір тарихи тақырыптағы конференциялар өтті емес пе? Енді қазір неге ондай жиынның бәріне «Рухани жаңғыруды» тықпалай береміз? Ең арты кітаптың тұсаукесеріне де қазір «Рухани жаңғыру» деп айта салатын болдық. Бұл науқаншылдық емей, немене? Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын бұлай жалпақ ұранға, даурықпаға айналдыруға болмайды. Мұны кешенді түрде шешудің жолдарын қарастыруымыз керек. Бұл жерде қазақ өзінің қазақ екенін сезінетін болуы тиіс. Әрбір қазақ өз тілін қастерлеп, мұндай бай тіл әлемде жоқ екенін ұғынуы қажет. Міне, «Рухани жаңғыру» деген – осы! Әйтпесе, кітап шығарып, шет елге барып концерт өткізуді «Рухани жаңғыруға» тели берудің қажеті жоқ. Кітап шығарған күннің өзінде оны насихаттау жағын кеңірек қолға алғанымыз жөн. Кітапты насихаттау оны шығарудан әлдеқайда қымбатқа түседі. Мәселен, менің шет елде төрт кітабым шықты. Оның алғашқы екеуі үн-түнсіз қалды. Ағылшындардан оны кім алды, кім оқыды, мынау қазақ халқының әдебиеті екен-ау деген пікірлер шыққан жоқ. Насихаты аз болды. Ең қиыны – кітап шығару емес, кітапты өткізу. Жарнамасын жасап, сын мақалалар ұйымдастыру керек. Тіпті, шет елдерге делегациямен барып, әдебиетімізді, мәдениетімізді кеңінен насихаттап, онда қазақтың әдеби және мәдени күндерін өткізуіміз тиіс. Сонда барып мұны «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өтті деп ауыз толтырып айтуға болады. Әйтпесе, кітап шығарып, тұсаукесер өткізу, концерт беру «Рухани жаңғыруға» жатпайды.
Кейбіреулер адам жақсы нәрсені өзі іздеп тауып алады деп жатады. Қазір бұл сөз жүрмейді. Бүгінгідей әдебиеттің тасқындаған заманында, телеарналарда 100 шақты канал бар кезде, интернет дамыған уақытта жұрттардың басқа елдің әдебиеті мен мәдениетінде шаруасы болмайды. Біз шет елдің шығармаларын оқып болдық. Енді олар біздің туындыларымызбен танысуы тиіс.
Біз өз елімізде кімбіз? Осы елдің қожасы біз бе, әлде ашық демократияны қолдап, көрінген адамдарды төрімізге шығара береміз бе? «Рухани жаңғыру» деген өз еліңнің қожасы, иесі екендігіңді толық сезіну деген сөз. Мен мұны солай түсінемін. Бұл ретте біз «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында әр адамның саяси, рухани, мәдени болмысына әсер ете білуіміз керек. Міне, «Рухани жаңғыру» деген – осы! Тек іс-шараларды өткізіп қана қоймай, залда отырған көрермендердің мәдениетін көтеруіміз қажет. Көпшіліктің рухани болмысының көтерілуіне мұрындық болғанымыз жөн. Қазақ әдебиетіне, мәдениетіне, киносына, театрына деген халықтың көзқарасын түзеп, қалыптастыра білуіміз керек. Жақсы нәрсені іздеп, талап ететін көрермен дайындауға тиіспіз. «Рухани жаңғыру» деген осыдан басталады. Тек қана бір іс-шара өткізіп, пәленшенің кітабының тұсаукесерін жасау «Рухани жаңғыруға» жатпайды.
Кейде мен теледидар қарап отырып, «мына адамдар рухани жаңғыра ала ма, жоқ па?» деп өзіме іштей сұрақ қоямын. Қазір теледидарды қосып қалсаң, неше түрлі шоу бағдарламалар, концерттерді көресің. Күлдіргіштер, «жұлдыздар» болмайтын нәрсені әңгіме қылып отырады. Оған теледидар алдында, залда отырған адамдар бейғам, мәз болып отырғанда, біз қалай рухани жаңғырмақпыз? Осы жағын ойлағанда, ішім ашиды. Халық ненің жақсы, ненің жаман, ненің құнды, ненің құнсыз екенін қашан ажырата біледі? Дарақы күлкіден қашан арыламыз? Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы арқылы біз халыққа рухани тәрбие бере білуіміз керек. Ол үшін телеарналарда азаннан кешке дейін концерт емес, халықтың болмысын, руханиятын, әдебиеті мен мәдениетін дәріптейтін бағдарламалар ашу қажет. Ұлттық өнерді ұлықтап, тарихымызды түгендейтін, халықтың патриоттық сезімін, рухын көтеретін кинолар беруіміз тиіс. Сонда ғана Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын өз деңгейінде орындап отырмыз деп толыққанды айтуға болады.
Рахман АЛШАНОВ,
Алматы қалалық қоғамдық кеңесінің төрағасы, қалалық мәслихат депутаты:
ҚОҒАМ ЖАҢАРДЫ, ЕНДІ АДАМ ДА ЖАҢАРУ КЕРЕК
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы бізге не берді дегеннен гөрі, біз өз-өзімізге бұл бағдарлама ой-санамыздағы нені өзгертті, қоғамдағы өзгерістерге ілесе алдық па? деген сауал қойғанымыз орынды сияқты. Күні кешеге дейін біз өзіміздегі бардың қадірін білген жоқпыз. Тәуелсіздік алып, өркениетті елдердің қатарына іліксек деген тұста ұлтымызға тән көп құндылықтардан көз жазып қалғанымызға, қастерлі жерлеріміздің қадірін білмей келгенімізге көз жеткіздік. Осыны көрегендікпен байқай білген Елбасы рухани дүниесіз адамның жаны жалаңаш болатындығын аңғарып, осындай ауқымды, халықтың талай жылғы жоғалтқан дүниесін түгендейтін бағдарлама жасап берді деуге болады. Бұл бағдарлама жаңғыру, жаңару бағдарламасы. Онда айтылған үштілділік мәселесі, жүз жаңа оқулық, туған жерді, еліміздегі қасиеттерді орындарды дәріптеп, оны жас ұрпаққа кеңінен таныстыру, ұмыт қалған салт-дәстүрлерімізді қайта жаңғырту, Қазақстанның жүз жаңа есімін анықтау, жастардың білім алуы мен тәрбиесіне көңіл бөлу мәселесі осы уақытқа дейін шашыранды түрде жүзеге асырылып келсе, өткен жылдан бері жүйелі, нақты бағыттар бойынша жүзеге асырыла бастады. Мен жақында Кореяда болдым. Онда 1300-дей қазақстандық білім алады екен. Қытайда 13 мың жас білім алуда. Онда олар орыс тілінде сөйлеп жүрген жоқ, шетелдік замандастарымен ағылшын тілінде қарым-қатынас орнатып, осы тілде білім алып жүр. Демек, үштілділік тұғырнама болашақ үшін ең басты қажеттілік болып отырғандығын мойындауымыз керек. Қазақ әліпбиінің латын қарпіне көшірілуі де уақыт талабы, өркениетке ұмтылу жолына бастайтын батыл қадамдарымыздың бірі деп бағалаймын. Шет тілінен аударылуға тиісті жүз оқулықтың да біздің ұлтымыздың рухани дүниесіне қажетті екендігі айтпаса да түсінікті.
Ата-бабамыз «бармасаң, келмесең жат боласың» дегенде бір-біріне қонақ болуды ғана айтпаған болар, керісінше бірімен-бірі араласқан адамның өресі биік, өрісі кең болатындығын аңғартқаны. Сөзімізді түйіндейтін болсам, бізге шеңберден шығып, жаңару керек. Экономикамыз жаңа, машинамыз жаңа. Олай болса, қазақтың жаңаша өмір сүретін, жаңаратын кезеңі келді. Жаңа қазақ болып қалыптасуымыз қажет дегім келеді.
Жамал ӘШІРБЕКОВА,
Қазақ мемлекеттік Қыздар педагогикалық университеті, т.ғ.к., доцент:
Заманның қатерлері аяқтан шалмасын
Әрбір мемлекет өзінің даму барысында болашағын бағдарлауда сыртқы және ішкі ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуі тиіс. Қауіпсіздік экономика мен саясатта ғана емес, рухани мәдениет арнасы үшін де қажетті құбылыс. Ол үшін болуы ықтимал сын-қатерлерді болжап, оның алдын алу шараларын айқындап алуымыз керек. Бұл мәселенің өзектілігін Елбасы Н.Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Қазір салтанат құрып тұрған жаңғыру үлгілерінің қандай қатері болуы мүмкін?» деген сауал қоя отырып, жауап іздейді.
Бүгінгі ақпараттық қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі – ақпараттық қауіпсіздік. Күнделікті өмірде сыртқы идеологиялардың жағымсыз тұстары немесе біздің ұлттық құндылықтарымызға кереғар идеялардың қоғамдық санамызға білдіртпей сіңірілуі байқалады. Мәселен, бір жыныстылардың заңдастырылуы, діни жат пиғылдық идея, т.б. атап өтуге болады. Оның үстіне еуропаландыру, америкаландыру, арабтандыру, т.б. түрлі идеологиялар таратылуда. Бүгінгі таңдағы мультикультурализмнің, постмодернизмнің жағымсыз жақтарының алдын алу да қауіпсіздік шаралары болып табылады. Міне, осы идеологиялардың ықпалдарын қабылдауда бізге сүзгі керек. Бұл – ұлттық код арқылы жүзеге асатын құрылым. Ұлттық код сол халықтың ішкі болмысы мен өзіндік төлтума сапалары арқылы сақталатын рухани кілті іспеттес. Мәдениетіміздің одан әрі өркендеуінің басты бағдарларының бірі де ұлттық кодқа тікелей байланысты. Ұлттық кодты негізге алып, рухани даму үшін болашаққа бағдар құру бірден-бір сенімді, адастырмайтын бағдар.
Рухани жаңғыру аясында ұлттық мәдениетті дамыту ол бір сәткі акт емес, үздіксіз жүріп отыратын және болашаққа бой сермейтін үдеріс. Даму мен өркендеу жаңғыруды, жаңаруды, модификацияны, инновацияны керек етеді. Бұл сананың ашықтығы арқылы жүзеге асады.
Мәселен, әдет-ғұрып пен салт-дәстүр институты – халқымыздың тұрмыс тіршілігіндегі бихевиоризм қағидасы бойынша байқап көру – қателесуді, рухани-әлеуметтік тұрғыдан кері кетудің немесе адасудың алдын алып отыратын жалпылама канондық, барынша абсолютті өмірлік ұстаным ережелері мен ғұмыр кешудің нақты және тұтас бейнесі болып табылады. Мұнда әуел бастан-ақ бәрінің жауабы нақты берілген, тығырықққа тірелгенде немесе «өмір сүрудің қай жолы дұрыс» деген сауал тасталғанда ата-баба дәстүріне сүйеніп ғұмыр кешу ұстанымы мыңдаған жылдар бойғы тарихты құрайды. Себебі, ол бір күнде-ақ пайда болған, не мистикалық тұрғыдан тылсым күштер арқылы жіберілген бір сәттің туындысы емес, халықтың мыңдаған жылдар бойғы өмір сынағынан өткізілген, шыңдалған, жүйеленген, сұрыпталған, тиімсіздері мен қажетсіздері алынып тасталынған өмір сүрудің формуласы іспеттес айқын тұғырнамасы деп те айтуымызға болады. Демек, қайта-қайта өмір сынағынан өткізіліп, өміршең кейіпке енген, өзінің тиімділігі мен оңдылығын дәлелдеген, халықтың ділі мен дүниетанымына үндескен дала заңдарының стихиялық көрінісі.
Ал ұлттық код әдет-ғұрып пен салт-дәстүр институтымен сабақтасады. Сондықтан ұлттық мәдени құндылықтарды одан әрі өрістету – маңызды қадамдардың бірі. Мысалы, осыдан бірнеше жыл бұрын Кеңестер Одағы дәуірінде біз музыка саласында көбіне орысша әндерді тыңдайтын болсақ, қазіргі таңда жас қазақ әншілері буынының пайда болуымен олардың тек қазақша әндерді шырқауы үлкен серпіліс алып келді.
Тұрмыстық-техникалық бұйымдар елімізде өндіріліп, «Қазақстанда жасалған» деген белгімен таралып жатыр. Осы өнімдерде де ұлттық рәміздердің көріністері байқалып отырылуы тиіс.
Ақпараттық технологиялық даму аясында олардың тетіктері мен қызметтерін жетік меңгеріп отыру, заман талабынан қалмау да адам санасының ашықтығы мен мәдени-тұрмыстық өмірге бейімделуінен туындайды.
Заман талабынан туындап отырған латын әліпбиіне көшуге дайындықты да одан әрі күшейте түсуіміз қажет. Қазірден бастап, барлық ақпараттарды, әсіресе, оның жазба түрлерін бірте-бірте латынға ауыстыруды қолға ауға тиіспіз. Сананың ашықтығына сай біздің мәдениетіміз де барынша ашық болуы тиіс. Біздің озық мәдени құндылықтарымызды әлемге тарату, бұл – еліміздің әлемге әйгіленуінің маңызды шарттарының бірі болып отыр.
Өркениетті 30 елдің қатарына ену стратегиясы тек экономикалық салада ғана емес, сонымен қатар мәдени-рухани саланы да қамтиды.