«Рухани жаңғыру» аясында

Алматытелеком  Ұлыстың ұлы күнін  Талғар тауында тойлады 

Аузымыз аққа жаритын,

Басымыз баққа даритын,

Қазақты қазақ танитын,

Наурыз келді ағайын!,

деп ақын  жырлағандай, алып шаһар Алматыға биылғы Наурыз да сағындырып, аңсатып жетті. Ықылым заманнан келе жатқан  Жыл басы   Кеңес Одағы кезеңінде ресми тойланбай қалғаны белгілі. Бірақ дәстүрге берік біздің халық  ғасырлық мерекені ауыл арасы болса да жер-жерде,  ел ішінде атап өтіп, көжесін қайнатып, «көрісіп» келді. Осылай ХХ ғасырдың соңына дейін жеткізді. Қазақстанда Наурыз мерекесінің мемлекеттік дәрежеде аталуы тәуелсіздікпен тұстасып жатыр. Ал ел еңсесін тіктеп, әкономикалық-өндірістік дамуды қалыптастырып, рухани жаңғыру жолына түскен соңғы жылдары Наурыздың маңызы да, мәртебесі де арта түскендей.

Қазақстанның байланыс саласының бірегейі, бүгінде Жетісу өңірін толық қамтыған «Алматытелеком» ӨТД кәсіби саладағы көшбасшы болуымен қатар мемлекеттік бағдарламаларды, мемлекеттік тіл, Қазақстан халқының (түрлі этностардың) бірлігі сияқты маңызды мәселелердің шешімін тауып, жолға қойған мекеме. Ұлтжанды азамат Шерхан Раздықов басқаратын «Алматытелеком» ӨТД рухани құндылықтарымыздың жаңғыруына атсалысып, салауатты өмір салтын қалыптастырып жүр. Мекемеде басты рухани құндылықтарымыздың бірі – Наурыз жылда дәстүрлі түрде аталып өтеді. Екі жылдан бері Алматы қаласымен бірге облысты қамтыған «Алматытелеком» Өңірлік Телеком­муникация Дирекциясының биылғы Наурыз тойына қонақтар, барлық аудандық филиалдардан байланысшылар қатысты. «Алматытелекомдықтар» Наурыз тойын дәл күн мен түн теңелген, Самарқанның көк тасы жібіген, Ұлыстың ұлы күні Іле Алатауының етегінде   орналасқан «Ғұндар» этно­ауылында өткізді. Наурыз тойына жиналған қауымды қолына найза ұстап, атқа мінген қазақ батырлары қақпаны ашып,  әжелер шашу шашып қарсы алды.  Тау етегінде жарқырап шыққан күнмен шағылысқан ақшаңқан қазақ үйлер, қазанда пісіп жатқан қып-қызыл бауырсақтар, ақ дастархандағы наурыз көже, алтыбақан тепкен қыз-жігіттер, атпен қыдырған балдырғандар, қазақтың ұлттық киімін киген қызметкерлер және т.б. көріністер Наурыз тойының ажарын аша түсті. Ал сахнада қазақтың қыз ұзату, беташар, тұсау кесу секілді дәстүрлі тойлары көрсетіліп, әрбір құрылымдық бөлімше дайындап келген еттен, сүттен, ұннан жасалған ұлттық тағамдар таратылып жатты. Біраздан соң аталған ауылдың «Сарбаз» клубының қыз-жігіттері ат үстіндегі шоу-бағдарламасын ежелгі көшпелі халықтың салт-дәстүрін театрландырылған көрініспен ашып, ат үстінде  «атпен аударыспақ», «қыз қуу», «ат үстінде жебе ату», «көкпар» секілді ұлттық ойындармен жалғастырды. Этноауылға барған қызметкерлер әр жерде орналасқан қолөнер шеберлерінен жүн түту, жүн иіру,   киіз басу, жүнді бояу, қайыстан қамшы өру, тері бұйымдарын жасау секілді шеберлік өнерін тама­шалап, ұнаған дүниелерін сатып алып та жатты. Осындай этнографиялық сипатта өтіп жатқан Наурыз тойында қызметкерлер өздері де арқан тарту, қол күресі, қазақша күрес секілді ұлттық спорт түрлеріне қатысып, өзара жүлделерді бөлісті.

Міне, осылайша «Алматытелекомдықтар» Ұлыстың ұлы күнін ұлы далада ұлағатты тоймен өткізді.

Сая ТІЛЕКҚЫЗЫ,

«Алматытелеком» ӨТД

Мемлекеттік тіл секторының жетекші маманы.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *