Рухани тәлім өзімізден бастау алады

 

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Бола­шаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарлама­сының ел тарихы үшін құн­дылығы ерекше. Нағыз өркениеттілік руханияттың да қатар дамуымен байланысты.

Алматының қазіргі әкімі Бауыржан Байбек жас та болса аса елгезек, сергек басшы. Шырайлы шаһарды көркейту үшін ерен еңбек етіп келеді. Алматы батыс елдердің үлгілі қалаларының қал­пына түсіп келеді. Десек те, рухани жаңғыру тұрғысынан қосымша істеле­тін істер де аз емес сияқты. Осы бағыт­тағы біздің төмендегі пікірлеріміз қосымша бір сипат берер деп ойлаймыз.

БІРІНШІДЕН, қаланың жаңа ресми ғимараттары мен сәулеттік құрылым­дарында шығыстық нақыштар байқала­ды. Биік үйлердің шатырлары күмбез­деліп, сырт қаптаулары доғалы бедер­лер­мен ерекшеленуде. Біздіңше, солар­ды әлі де батылдау, айқындау, әсер­лілеу етсек қала нағыз шығыстық кейіп­ке ие бола бастайды. Сол үшін ескі қала­лар мен жеке ескерткіш ғимараттардың, мысалы, Қожа Ахмет Яссауи, Айша бибі сияқты кесенелердің элементтері мен әрлеу нақыштарын арттырса артық болмас еді.

ЕКІНШІДЕН, көше атауларына белгілі батырлар, ел билері сияқты тарихи тұлғалардың аттары берілгені жақсы. Бірақ соларға арналған ескерт­кіштер, бір жағынан аз, ал екінші жағынан біртектес. Мысалы, бәрі тек ат үстіндегі бейнелер. Солардың эстетика­лық, динамикалық экспрессиялары жетіспейді. Көрерменнің көзін тартып, көңілін толқыта алмайды. Осы жағынан алғанда скульптуралық классиканың кейбір қатқан канондарын (сыңар­жақтық ұстанымдарын) бұзып, адамды тебірентетіндей шығыстық, нағыз руханилық бейне образдарын (мысалы, Церетели сияқты) асқақтату керек. Шет елдерден келгендер «шіркін, Алматы­дағы новациялық ескерткіштер қандай!» деп таңырқап кететіндей етсек.

ҮШІНШІДЕН, шет елдерден келген қонақтар тұрмақ, өзіміздің жастарымыз көптеген көшенің аты берілген адам­дар­дың кім екенін біле бермейді. Сондық­тан сол көшелердің шеттері мен орта тұстарында тиянақты, көркем түрде безендірілген түсіндірме тақталар жасал­са. Және олардың кемінде үш тілде болғаны абзал. Солармен бірге, меніңше, Алматының интернеттік картасында арнайы жасалған көше аттары туралы жан-жақты мағлұматтар беретін сайт, портал сияқты мүмкін­діктер болса. Шетелдіктер Алматыға келмей тұрып-ақ оның көшелері, алаңдары, ескерткіштері туралы қызықты деректермен таныса алса.

ТӨРТІНШІДЕН, қала көшелері мен алаңдарының атауларын тек тарихи тұлға мен ресми атаулар нұсқасында ғана емес, фольклорлық атаулар мен имани-рухани құбылыстарды көрсе­тетін атауларды да беру қаланың рухани жаңғыру бағытындағы сипатын артты­рар еді.

Осы орайда тағы бір ойларымды ортаға салсам деймін. Бүгінгі таңдағы жастардың да кейбір теріс әрекеттеріне көңілім тола бермейді. Мысалы, қыз­дарды алдау-арбау, қорлау кей жігіт­тер­дің «ерлігі» сияқты түсінік қалып­тасты. Оны қаракөздеріміздің мектеп жасында-ақ жүкті болуы, жасанды түсік жасатуы сияқты статистикалық көр­сеткіштердің өсу қарқынынан бай­қауға болады. 2016 жылғы ресми дерек көздеріне сүйенсек, әлемдегі 30 000 отба­сында ері әйелін соққыға жығып, салдарынан 400 әйел мерт болған. Ал сондай қорлыққа шыдамаған 300 әйел өз-өзіне қол салған. Осының бәрі жас күнінен қызды шын көңілімен сыйлап өсе алмаған бозбаланың руханият­ты­лықтан ада болып, нағыз надан, сотқар, соқыр болып өскендігі емес пе?..

Өткен ғасырларда бозбалалардың қыздарды сыйлауы, оларды сұлу, ару деп сүйсініп, келешек ана деп қастерлеп өсуі ұлттық өлең-жырларда, мақал-мәтелдерде, аңыз-ертегілерде мадақта­лып келген. Соның бір тарихи үлгісінің  қысқаша мазмұны мынандай.

1853 жылы Жетісудан Арал өңіріне дейін қазақтарды билеген Қоқан хандығының соңғы бір Күмісқорғанда (Қызылорданың батыс жағында) тұрған бегі, қазақтарды әбден басынып, «қазақ­тар маған күн сайын кезегімен бір қызы мен бір қойын әкеліп тұрсын» деп жарлық шығарып, қырмызы қыздарды әбден зарлатқан. Соған шыдамаған жергілікті рудың биі Түлкібай кезекті қыз болып киініп келіп, бекті жатын бөлме­сінде шауып өлтірген. Ақмешіттен шыққан 300 жазалаушы әскерге қарсы шауып ерлікпен қаза тапқан. Міне, осы бір нағыз тарихи тұлғаны жастарды тәрбиелеудің хрестоматиялық үлгісіне айналдыруға болар еді. (Ертеде қазақтар адам атын төрт түлік мал атынан қойса, ол «сондай малға бай болсын» деп, аң атымен атау сондай «аңды ұстаушы», «сондай мінезді адамдарға қарсы тұрушы болсын» деп ырымдаған. Сонда Ер-Түлкібай «басшыларға жағынып, билікке келген, қол астындағыларды қор­лаған, түлкі сияқты арсыз-иман­сыздарды жазалаушы» деген атын ақтаған нағыз азамат болған). Міне, қыз баласын өз өмірінен жоғары тұтқан нағыз намысты, арлы қазақи рухани құндылықта тәрбиеленген азамат Ер-Түлкібай болған.

Тағы бір ұсынысымыз мынандай. Біз өзіміздің ұлттық құндылықтарымызды дұрыс бағалап, ардақтай алмасақ, жігіт­тердің қыздарды сыйлауын батыстық «Валентин күні – махаббат күні» деп, адасуымызды жалғастыра береміз. Сондықтан жақын, қашық елдер мен ғасырларда болмаған «Ер-Түлкібайдың ерлігін»  қыздың арын қорғап ерлікпен жанын берген қазақтың азаматын Алма­тыда былай қастерлеу қажет. Алматыны жақсы білетін жан Есентай өзені бойын­дағы, Тимирязев көшесі мен Бұқар жырау бульварының арасындағы батыс жағалауды «Ару-қыз жағалауы» деп, ал ықшамауданға тірелетін көшені «Ер-Түлкібай бульвары» деп атауды ұсына­мыз. Және де сол бульвардың екі шеті мен ортасына көркем тақтаға қысқаша Ер-Түлкібайдың ерлігін жазу қажет. Сол жерлерде бірге қыдырған ғашық жігіт қызына Ер-Түлкібайдай адал бола­ты­нына ант беретін болса, онда рухани жаңғырудың нағыз бір көрінісі қалып­таспас па еді?! Бұл Алматының нағыз бір рухани тәлімі мықты жері болар ма еді?!

Осы ойымызды қалалық мәслихат депутаттары мен әкімнің назарына ұсынамыз.

 

С.ОСПАНОВ,

философия ғылымының докторы,

Қазақ мемлекеттік Қыздар педагогикалық университеті

 Қоғамдық-гуманитарлық пәндер кафедрасының доценті.

 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *