РУХАНИ СЕРПІЛІСТІ ҰЛЫҚТАР ЖАН

Әр аймақтың өзіне белгілі сахиы, өз атымтай жомарты бар екенін көріп, естіп жүрміз. Бірақ көпшілігі өз аймағы, дәлірек айтсақ, өз руы, жүзімен шектеліп қалады да, ортақ қазақтық ұлы мақсатқа бірігіп, күш жұмылдыра алмайды. Махмұт Нәлібаев – сөзі де, ісі де кесек, нағыз зиялы азаматтың бірі. Белгілі меценат Сағадат Нұрмағамбетов атындағы қордың төрағасы, «Марсель» групп компаниясының президенті, Ұлттық «Алтын жүрек» сыйлығының лауреаты, Халықаралық Сократ сыйлығының лауреаты,  көптеген марапаттардың иегері, еліміздегі белгілі тұлғалардың бірі. Сондай-ақ,  Махмұт Нәлібаев жиырма жылдан астам уақыт еліміздің мұнай-газ саласының өркендеуі жолында зор еңбек сіңіріп, мемлекетіміздің экономикасының өсіп-өркендеуіне өзіндік үлесін қосып жүр.

«Көзі ояу, елі мен жерін, ұрпақ қамын ойлайтын осы елде туған азаматтар өз Отанына қызмет етуі керек» деген ұстанымдағы Махмұт мырза Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақала­сындағы «Туған жер» бағдарламасын зор ынтамен қабылдаған азаматтың бірі.  Қазақта «ең алдымен, шарапатты өзіңнен баста» деген бір тамаша тәмсіл бар. Махмұт Нәлібаевтың айтуынша, бойында рухы, намысы бар жандардың барлығы өз елін көркейтіп, көмек қолын созуы керек.

–       Осы елде туып, өніп-өскеніміз үшін, бүгінгідей бақытты өмір сүріп жатқанымыз үшін қолымыздан келген бар жақсылықты аянып қалмауымыз керек. Өз басым алдымен, өзіңнің отбасың, алтын ұяңа, сосын елге қызмет ет деген екі қағиданы қатаң ұстан­ған адаммын. Осындай кең-байтақ жері бар, көсегесі көгерген елі бар, сол елдің биікте байрағы, Әнұра­ны, атағы мен абыройы әлемнің бұрыш-бұрышына жетіп жатқан, шебі мықты шекарасы бар осындай мемле­кетте тұрып жатыр екенсің, қолыңнан келген қызметіңді аянып қалма деп мен әркез жастарға үлгі ретінде айтып жүремін, – дейді М.Нәлібаев.

Сонымен қатар, ол Сыр өңірінің тумасы болғанымен, бүгінде Алматы қаласының тұрғыны. Бұл ретте Махмұт Ыбырайханұлы қаланың дамуына да үлкен үлес қосып жүр. Мәселен, «Алматы – 2050» Даму стратегиясындағы басым бағыттардың бірі – туризм саласы. Осыдан бірнеше жыл бұрын Махмұт мырза «тәуекел түбі – жел қайық» деп Ұзынағаш жақтан үлкен бір жерді алып, «Тай­бурыл» шаруашалығын бастап кетті. Шаруасы шалқыған «Тайбурылда» қайнаған еңбек пен жайнаған өмір бар. Тастақ өңірді көк шалғынға айналдырған Нәлібаевтар әулеті ата-бабаның «ұрпақ өсір, ағаш ек, там сал» деген қағидасын қатаң ұстанғаны байқалады. Отбасы мүшелері жеміс ағаштарының көшеттерін отырғызған. Оншақты жеміс түрі жайқалып тұр. Хайуанаттар саябағында ғана кездесе­тін құстың сан түрі де осында.

Алматыда оның екі компаниясы тіркелген. Алматы қаласында ғана емес, бүкіл Қазақстан бойынша да бірнеше жобалары бар. Махмұт мыр­заның ашқан жобаларының аясында бес жүзден астам кісі жұмыспен қам­тылды.  Қапшағай мен Шиеліде жаңа кен орындары ашылып, оған Бельгия мен Англиядан бизнесмендер шақы­ры­лып, инвесторлар тартып, ойда жүрген жобаларды іске асырып жүр.

–       Негізінен, барлау жұмыстарын жүр­гіземіз. Атқарылып жатқан жұмыс­­­тарымыздың барлығы басқа елдердің мүддесі үшін емес, Қазақ­станның болашағы үшін жасалып жатыр. Біз тапқан табыстарымызға түнгі клуб, казино салмаймыз, кері­сінше еліміздің болашағы үшін пайда­сы зор жобаларға күш  жұмсаймыз, – дейді ол.

Қазақстанның қай өңірінде бол­масын қазақ тіліне шын жаны аши­тын азамат табылады. Соның бірі – Махмұт мырза.

–       Мені қатты толғандыратын мәселе, өз ана тілін білмейтін жандар­дың арамызда көптеп кездесіп жататындығы. Тіпті, кейде мына біздің жасымыздағы замандастарымыздың өздері өз тілін жылы жауып қойып, орысша жөн сұрасып тұратынын көрген­де, жаным ауырады. Неге біз өзгенің тіліне жармасамыз? Неге осы біз өзіміздің шұрайлы тілімізде еркін көсіліп, тіпті, кезі келіп жатса, мақал­дап сөйлеп, үлгі көрсетпейміз деп күйіп-пісіп жатамын. Егер қаттырақ айтсам, өз ана тілін сатқан адам, өз анасын сатқанмен бірдей дер едім. Мен де басқа тілдерді білемін. Бірақ ана тілімді бәрінен жоғары қоямын. Мәселен, жұмыс барысында шет елдерге жиі шығып қалатын кездерім болады. Сингапурге барсам, тілмаш табылып жатса, мен бүкіл келісімді өз тілімде жүргіземін. Сол кезде байқаға­ным, өз тілінде сөйлеп отырған кісіге олардың құрметінің де ерекше болатындығы. Көп жағдайда үлкендер жағы өз кінәмізді біле тұра, себебін басқа жақтан іздеп әуре боламыз. Өзі­міздің үлгі көрсетпегенімізді мойын­дағымыз келмейді. Талай талантты кісілердің ұрпағын көріп жүрмін. Әкелерінің жазған дүниелерін оқи алмайды. Түсінбейді, оның ізін жалғас­тырайын деп тегі ойламайды. Ұлттық тәрбиені уызбен бойына сіңірмеген соң, мейірімсіз, жатбауыр болып өседі екен. Сондайда «не ексең, соны орасың» деген сөздің шындығына көз жеткіземін. Осы тұрғыда Алматы рухани орталығымыз болған соң, бізге әлі де рухани серпіліс жетіспей жатыр-ау деген ой келеді, – дейді белгілі меценат.

Қазақ қашаннан ауызбірлікті ту етіп, әділ билікке жүгінген кемел ойлы, кемеңгер халық. Десе де, елді ортақ мақсат­қа, озық ұсынысқа ұйытатын тұлғалар қашан да керек. Бүтін елді бөліп-жармай бәрін өзім дейтін Махмұт мырза секілді қазақ көп те болмауы мүмкін, бірақ әр заманда болған. Біртұтас қазақ баласының Мах­мұт мырза секілді қазақшыл, ұйымшыл бола білсе ғана төбедегісі келіп, ауыздағысынан айырылмасы анық. Ендеше, жақсы адамға  халқы­ңызға жақсылық жасаудан шарша­маңыз дегіміз келеді.

 

Жанбота АЙДАРХАНОВА.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close