ҰРПАҒЫ БАТЫРДЫ ЕСКЕ АЛДЫ

Жиенбет батыр туралы конференция өтті

Алматыдағы республикалық Ұлттық кітапханада «Жиенбет батыр – тарихи тұлға» атты республикалық ғылыми-танымдық конференция болып өтті. Оған КСРО және Қазақстанның Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Асанәлі Әшімов, ҚР Парламенті Мәжілісі екі шақырылымының депутаты Шалатай Мырзахметов, сондай-ақ бір топ тарихшылар мен зиялы қауым өкілдері қатысты.

Серік ЖҰМАБАЕВ

Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдар­ла­масы аясында өткен бұл шара негізі осыншама байтақ елді қорғап, ұрпаққа аманат етіп тапсырған ардақты батырла­рымызды ардақтау үшін және келешек жастардың отансүйгіштік сезімдерін арттыру мақсатында ұйым­дас­тырылып отыр. Конференцияны қоғам қайраткері Шалатай Мырзах­метов жүргізіп отырды. Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техни­калық университеті Та­ри­хи мұралар орта­лығының жетекші маманы, Сәтбаев­тану­шы ғалым, Жиенбет батырды туралы зерттеу кітап жазған, өзі сол батырдың тікелей ұрпағы Аспандияр Әденұлы баяндама жасады.

Жиенбет батыр Байқошқарұлы – ХVІІІ ғасырда жоңғар-қалмақ бас­қын­шылығына қарсы ерлікпен күрес жүргізген Ұлт қаһар­маны. Небәрі 14-15 жасында хонтайшының басын шауып, Жиенбет батыр атанған. Абы­лайхан заманында үлкен ұрыстарда көзсіз ерлігімен көзге түсіп, хан мен бас қол­басшы тарапынан «Қаратау­дың жас жолбарысы» деген атақ ал­ған. Ерен ерлік­тері арқасында Айби­кедей жауын­гер аруды жар етті.

Батыр туралы деректер Мәскеу ар­хивінде, қытай жазбаларында, ел ішіндегі тарихшы, шежіре ақсақал­дар­дың жазба­лары мен ауызекі әңгіме­лерінде бар. Рес­публикалық басылым­дар­ға батыр туралы ондаған мақала­лар шыққан. «Үш ата бірлігі» шежі­ресінде, жазушы Аспандияр Әден­ұлының «Қа­ра­таудың басынан көш келеді»  кіта­бында Жиенбет батыр туралы нақты оқи­ғалар мен мәлі­меттер толық қамтылған.

Жиенбет батыр негізі алған бетінен қайтпайтын өжет жан болған. Ханға да, басқаға да бас имеген, айтарын батыл айтқан. Бүлікшіл ханның теріс, жауыз­дық мінезін әшкерелеген, қаһарынан қорық­паған. Оның мынадай сөзі сақталған:

Әмірің қатты Есім хан

Бүлік салып бұйырдың

Басын бер деп батырдың

Қанын ішіп қанбаққа

Жанын отқа салмаққа

Хан ие ісің жол емес, – деп қалың еліне арқа сүйеген батыр ханға өктем сөйлейді. Хан қылығына зығырданы қайнап, ызалы үн көтеріп «Арқаға қарай көшермін, ала­шыма ұран десермін, ат құйрығын кесер­мін» деп қайсар мінезінен батыр еш қайт­пайды.

Есім хан Жиенбет батыр ықпа­лын­да жүрген елдерді өзіне түгелдей каратып алып, өзінің хандық құзырын бұрынғыдан да кеңейту үшін батыр­дың соңына тағы да түседі. Сондықтан ол өзінің жендеттерін жұмсап Жиен­бетті қолға түсіреді де, оны Қиыр Шығысқа жер аудартып жібереді. Содан Жиенбет батыр жат жерде азап шегіп күнелтеді.

Сол айдаудан Жиенбет батыр 1643 жылы туған еліне қайтып оралады. Бұл кезде Есім хан қайтыс болған. Ел-жұрты, ағайын-туыстары өзінің талай ел қорғаны болған батырын зор құр­мет көрсетіп қарсы алады. Төбесіне көтеріп, оған сый-құрмет көрсетеді. Айдау, бұғауда тапқан кесел, жарақа­тын жазу­ға көмектеседі. Бірақ батыр бұрын­ғыдай болмайды. Дендеп кет­кен ауру асқынып, жетпістен асқан шағында бұл дүниемен коштасады.

Оның кесене-күмбезі Қарағанды облысы, Шет ауданы, Қызылтау өңірін­де Жиенбеттің қызылтасы деген қызыл­шоқы жанында Шажағай өзені жағасында тұр. Үш шақырым жерде Айбике ару кесенесі орын тапқан.

Қалай десек те, қазақ елі егеменді ел бол­ды, етек-жеңімізді жинай бас­тадық. Жоғалтқанымызды іздеп, тү­гендеп жат­қан жайымыз бар. Мұ­ның барлығы не үшін, ол – болашақ жастар үшін керек. Өйткені, Алтай­дан – Атырауға, Сарыар­қадан – Қаратауға, Жетісудан – Баян­ауылға дейін созылып жатқан ұлан-ғайыр даламызды біз қалай сақтап қалдық? Мұның бәрі сол батыр бабаларымыз­дың қайтпас қажырлы ерлігінің, ел-жері үшін жанқиярлық әрекетке барғандығының арқасында осынша алып жерді иелендік. Енді Отан үшін отқа түскен батырлары­мызды біз үлгі етіп, насихаттауымыз тиіс. Бұл жиын осының бір бастамасы ғана…

Конференция соңы қазақ эстрадасы­ның жұлдыздары Марат Омаров, Төлжан­бек Жақсыбаев, Сәкен Майға­зиевтердің қатысуымен шағын концерт­ке ұласты.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *