Ұрпаққа жалғасқан өмір

Ұрпағы мыңға жеткен «Солтанбек ата бәйтерегінің» бүгінгі үлкені Әлібек Тойбекұлы

Біздің дана халық «Адам ұрпағымен мың жасайды» деп жатады. Бұл – өмір философиясы. Бұл – осынау ұлы даланы ұрпақтарына аманат етіп, ХХІ ғасырға жеткізген ұлы халықтың философиясы. Ата тегін жеті буынға дейін жатқа білетін, жылқы жануарын алғаш қолға үйретіп, алғаш боп алтын балқытып, ал ар-намысын сол алтыннан биік қоятын да осы ұлы халық. Атадан немереге дейінгі үш буын бір шаңырақта тұрып, өзге халықтарда жоқ, теңдессіз өмір, тәрбие философиясын қалыптастырған халық қай заманда да алдыңғы буынды үлгі тұтып, кейінгі буынға үміт артып келеді. Ғасырларға жалғасатын «Ұрпақ сабақтастығын» қалыптастырған.

Осынау өмір философиясының көрінісі – біздің кейіпкер, ұрпақ сабақтастығы бірнеше буынға жалғасқан Солтанбек ата әулетінің бүгінгі үлкені, 70 жасқа толып отырған Әлібек Тойбекұлы Солтанбековтың өмір жолы.

 

Жайлаудан басталған бақыт

Бүгінде жетпіс деген асуды бағындырған, кезіндегі жылқышының баласы Әлібек аға сонау елесі жарты ғасырдан астам жылдарға артта қалған балалық шағын сағына еске алады. Иә, алты жасынан ат жалын тартып мініп бәйгеге шапқан, аудан орталығындағы малшылар балаларына арналған мектеп-интернаттағы білім мен өнерге талпынған жылдар әсте естен кетпейді. Оның үстіне бар болмысымен, адалдық пен еңбекқорлығы арқылы өнеге болып, сол арқылы тәрбиелеген әке-шеше үлгісі өмірлік азыққа айналғаны тағы бар.

Еңбек ардагері Тойбек әке мен Мырзахан ананың құдай берген жеті баласының бірі Әлібек 1949 жылы 8 ма­мырда Алматы облысы, Кеген ауданы, Алғабас ауылында дүниеге келген. Сол дәуірдегі барлық малшы балаларындай Әлібек те жастайынан әке-шешеге қолғанат болды. Қазақ отбасына тән тәрбиемен өзінен кейінгі іні-қарындастарына «көке» болды. Сол кішкентай кезінен атқа мініп, бәйгеге шауып, тақымы қатайды. Ауылдағы бастауыш мектептен соң, сол кездегі аудан орталығы Жалаңаштағы мектеп-интернатта балалық шағы жалғасты. Бұл «Интернатта оқып жүр, талай қазақ баласы» деп ақын жырлағандай, бала Әлібектің азамат болып қалыптас­уының басы болатын. Шынында да «уызына жарыған», еңбекқор әке-шешенің өмірі тәрбие болған бастау – жайлаудың өмір жалғасы еді интернат.

«Расында да интернат менің қалыптасуымның негізі болды» деп еске алады Әлібек аға. Ардагер аға сол мектеп-интернат қабырғасында білім нәріне сусындап, өнерге бейімделіп, спортпен айналысып, жігіт болып қалыптас­қанын еске алады.

Зерек Әлібек бала сабақты жақсы оқумен қатар, спорттың күрес, волейбол түрлерімен айналысты. Кішкентайдан әке-шешеге қолғанат, бауырларға қорған болған, 12-13 жасында мұзбалақтай ұядан ұшып шыққан Әлібекке спортпен айналысу керек-ақ еді. Ал Бабажан ағайдың нота үйретіп, мектепте үрмелі аспаптар оркестрін ұйымдастырып, Әлібектің альт аспабында ойнауы бір бөлек әңгіме. Мектеп оркестрі аудандағы 1 май, басқа да парадтардың көркі болатын. Қазақтың қай баласы өнерден құралақан болған. Әйтсе де, жайлауда айқайлап ән салып, өз бетінше қара домбыраны шертіп үйреніп өскен бозбалаға нота жаттап, оркестр құрамында болу бөлекше дүние еді. Оның үстіне өнері мектеп үйірмесінде түрлі пьеса сахналап, небір рөлдерде ойнауға жарап жатса.

Мектеп оркестрі мен театры малшы ауылдарды аралап, концерт қоюшы еді ол кезде. Түрлі конкурстар мен өнер бәйгелерін жеңіп алған оқушылар ұжымы Әлібектің туған ауылы «Алғабас жылқы зауытына» да барған. Өнерлі ұлан ауылдастарының аузына ілініп, Тойбек әке кішігірім той жасағаны да бар. Сол өнерге жақындығы бүгінгі күнге дейін қажетке жарап тұр.

Аудан, облыс деңгейіне танымал бола бастаған, түрлі өнер бәйгелерінің жүлделерін жеңіп алған оркестрдің мүшесі болу Әлібекке асқақ арман да сыйлаған. Өнерге бірыңғай бетбұруды ойлады. Махмұт, Данияр достарымен сегізінші кластан соң өнер училищесіне түсеміз деп те шешкен. Дегенмен, тәп-тәуір оқыған ұлдарының онжылдықты бітіріп, дұрыс мамандықты меңгергенін қалаған ата-ананың шешіміне көнген. Сөйтіп, 1967 жылы Жалаңаштағы орта мектепті жақсы бітірген Әлібекті Алматы Халық шаруашылығы институты күтіп тұрды. Ал Махмұт досы өнерге толықтай бет бұрып, консерватория бітіріп, опера театрының әншісі болды. Мектеп бітіре сала Алматы Халық шаруашылығы институтына оқуға түскен бозбала мұнда да белсенді студенттердің бірі болды. Спорт пен өнерді сабақпен қатар алып жүрді. Институтты 1971 жылы Экономист мамандығы бойынша үздіктер қатарында бітіріп, республика астанасында қызметке қалдырылды.

 

Қолтаңбасы тарихи нысандарда қалған

Жас маманның құрылыс саласындағы экономистік еңбек жолы Алматының «Жилстрой» тресінде басталды. Еңбекке жастай араласқан Әлібекке құрылыс саласы таңсық емес еді. Оның үстіне институт қабырғасында жүргенде «Студенттік құрылыс отрядында» (ССО) күрек ұстамаған қала балаларына командир болып, «участок мастері» болған тәжірибесі тағы бар.

Әлібек маманның құрылыс саласындағы еңбек жолының бастауы Кеңес Одағының үлкен республика­ларының бірі – Қазақ КСР астанасы Алматыда құрылыс­тың қарқынды дамуымен тұспа-тұс келді десе болғандай. Бұл 1970–1980 жылдар еді, республика астанасында кейін тарихи нысандарға айналатын ғимараттар бой көтеріп жатты. Құрылысшылар жылына бірнеше мектеп, емхана нысандарын тапсыратын ол кезде. Сол кезде экономист, жоспарлау бөлімінің маманы ретінде Әлібек Тойбек­ұлы­ның Алматыдағы талай нысанда қолтаңбасы қалды десе болады.

Қазақ жоғарғы білімінің қарашаңырағына айналған ҚазМУ-дың «КазГУград» қалашығын (1972), «Медеу» платинасын (1978), «Қазақстан» қонақүйі (1977), «Қазақ циркі» ғимаратын (1977), Оқушылар сарайын (1983), т.б. нысандарды қалай тапсырғаны әлі есінде. Бұдан басқа, Желтоқсан көшесіндегі «Аппарат-студия кешені» (кейін Орталық телевидение) (1983), Ә.Қастеев атындағы мұра­жай-галерея (1985), «Алатау» санаториясы (1986), Тәуел­сіздік монументі (1996) нысандарында да «Қазақстан­ның құрметті құрылысшысы» Әлібек Солтанбековтың қолтаң­басы қалған. Бүгінде қазаққа жетпіс жыл астана болған, кезінде КСРО-ның ең әсем қалаларының бірі Алматының дамуына үлес қосқанын мақтанышпен еске алады.

Құрылыс саласының білікті маманы Әлібек Солтан­бе­ковтың еңбегі тәуелсіздік тұсында бой көтерген елорда – Астана қаласының қалыптасуында да бар. Құрылыс саласының жобалау, қаржыландыру маманының Астана­дағы Әкімшілік ғимарат, Сенат, Студенттер үйі, Боулинг орта­лығы, Ресми қабылдау үйі, Ирченко көшесіндегі тұрғын үй, т.б. нысандардың бой көтерілуінде үлесі бар.

Кеңес Одағы кезінен мықты маман болып қалыптасқан Әлібек Тойбекұлы қызмет барысында бірнеше шетелдік іссапарларға да шықты. Әсіресе, естен кетпейтіні, 1987 жылы Кеңес Одағы делегациясы құрамында Франция астанасы Париж қаласында өткен «Құрылыс индустриясы» тақырыбындағы ЭКСПО көрмесіне барғаны. Әлем елдерінен жиналған құрылыс индустриясы саласындағы жаңалық дүниелерді көріп, тамашалаған еді. Сосын, әрине «әлем астанасы» саналатын Парижді көру де бір ғанибет.

 

Жайқалған мәуелі бәйтеректей

Бүгінде жетпіс деген ардагерлік асуды бағындырып отырған Әлібек аға ата-анадан көрген, ел ағасы болып қалыптасуына негіз болған тәрбиемен, сосын алып бәйтеректің жапырақтарындай болған ұрпақтарымен мақтанады. Солтанбек атадан тараған ұрпақтың саны мыңға жуықтап, әулеттің үлкені Әлібек аға болып қалған тұста, мақтанатындай да бар.

Өз ұрпағының тамыр жайып таралуының бастауы кезінде медицина саласының маманы Баян Қасеновамен көңіл жарастыруында жатыр. Азамат атанып, жарты ғасырдан асқан өмірінде алты бала тәрбиеледі, олардан немере сүйді.

Үлкен ұлдары Алмас әке жолын қуып, құрылыс сала­сында жемісті еңбек етіп келеді. Екінші сыныпта оқитын, 5 жасынан батырлық жырлар мен эпостарды жатқа айтып, қалалық, республикалық бәйгелерде жүлде алып жүрген Айзере немересі атасын ерекше жақсы көреді.

Екінші ұлы Жеңісбек ҚР Ұлттық қауіпсіздік коми­тетінің полковнигі. Президент Жарлығымен «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен, басқа да медаль, алғыстармен марапатталған.

Қызы Ғалия филология ғылымының кандидаты, доцент. Елдің мұнай саласындағы «Шеврон», «Қаз­Мұнай­Газ», «Петро Қазақстан»  сияқты белді компанияларында іскери қазақ тілі бойынша дәріс оқыған. Республикалық «Дарын» олимпиадасының комиссия мүшесі.

Қызы Динара болса медицина ғылымының кандидаты, доцент. Жоғарғы санатты хирург-дәрігер. Динара бүгінде медициналық орталықтың басшысы.

Әлібек ағаның Айнұр қызы 2004 жылы Абай атындағы ҚазҰПУ-дың Қаржы-экономика факультетін үздік бітір­ген. ҚР Ұлттық Банк жанындағы МВА магистра­турасын тәмамдеп, Іскери әкімшілік магистрі ғылыми дәрежесіне ие.

Ұлы Исабек – Қытай мемлекетінде ІТ технологиясы мамандығы бойынша білім алуда. Алматыдағы атақты 178-лицейді үздік бітірген Исабек физика, математика, химия пәндері бойынша ІХ президенттік, басқа да республикалық Олимпиадалардың жеңімпазы. Футболдан түрлі жарыстарда аудан намысын қорғаған.

Әлібек ата немерелері туралы сөз қозғағанда ерекше мейірімділік пен мақтанышқа беріледі. Олай болатын жөні бар.

Тұңғыш немересі Әйгерім 2017 жылы Астана қаласында Қазақ Экономика, қаржы және Халықаралық сауда университетін үздік бітіріп, қазір «Open Sіstems Deverlopment» ІТ компаниясында жетекші маман.

Әсем Әлібек немересі Астанадағы С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің 4-курс студенті.

Жеңісбекқызы Диана мен Елдана немерелері Астана қаласындағы Дарынды балалар мектебінің 7-сыныбының озат оқушылары. Атасына тартқан қыздар «Театр шеберлігі және шешендік өнер» үйірмесінің мүшелері, Астанадағы көптеген театрландырылған қойылымдардың қатысушылары.

Жеңісбекұлы Мирас жан-жақты бозбала. Киокушин­кай каратэден жасыл белбеу иегері. Ментальды арифме­тикадан Республикалық олимпиада жеңімпазы. Шахмат­шы.

Әмина немересі Польшада өткен Халықаралық көркемсурет байқауының жеңімпазы.

Алинұр немересі болса Есеп және аудит мамандығын меңгерген, беделді шетелдік компанияда қызмет атқарады.

Әмір мен Омар атты егіз немерелер мектепке баруға дайындалып жүр.

Құралай немересі болса 5-сынып оқушысы, математика бойынша 2018 жылы қалалық турнирдің жеңімпазы. Сурет салу мен проза бойынша 2019 жылы «Ұлы даланың жеті қыры» тақырыбындағы І Республикалық байқауының жеңімпазы.

Шырайлым немересі – ағылшын тілін тереңдетіп оқытатын мектептің үздік оқушысы. Сурет, тоқыма тоқу өнеріне әуес.

Ерасыл немересі – Дзюдодан көптеген жарыстардың жеңімпазы.

Атасы жастайынан түрлі спорттық жарыстарға ертіп апарып, үлкен үміт күткен Жайна немересі – үлкен спортшы. Қыздар күресінен Қазақстан чемпионы, Азия жүлдегері. Спорт шеберлігіне кандидат. Республикалық Олимпиадалық резерв дайындау мектебінде тәлім алады.

Үлкен әулеттің атасына айналған Әлібек аға әрбір немересі жайлы сағаттап айтуға дайын.

Сонау жайлаудағы әке-шеше тәрбиесінен бастау ала­тын өнегелі өмір Әлібек ағаны бүгінде абзал ардагерлікке жеткізген. Есін білгеннен еңбекпен өскен азамат зейнетке шыққаннан соң да қол қусырып отыра алмады. Өзі тұратын Алатау ауданындағы Құдайберген Қабдолдин ақсақал басқаратын Ардагерлер кеңесінің мүшесі болып, ауданның қоғамдық өміріне, өскелең ұрпақты отан­сүйгіштікке тәрбиелеуге үлес қосып келеді. Аудандық ардагерлер кеңесінің мәдени-әлеуметтік комиссиясының төрағасы. «Әйгерім» ықшамауданының ардагерлер ұйымының төрағасы. Бала шақтан келе жатқан өнерге жақындығы зейнет жасында да қажетке жарады. Ауданның «Алатау» ардагерлер ансамблінің сапында қалалық, республикалық байқаулардың жеңімпазы болды. Мегаполистің атынан «ЭКСПО–2017. Астана» Бүкіләлем­дік көрмесіне қатысып, ұлттық салт-дәстүр, өнерді насихаттады.

Адалдық пен еңбекқорлықты ту етіп ұстап, өнегелі өмір сүріп, 70 жастың ардагерлік асуына шықты, Әлібек Тойбекұлы Солтанбеков.

Ғұмырлы болыңыз абзал аға, ардақты ата, мәуелі Бәйтерек!

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *