Роза ЖАНДАРҚЫЗЫ, ақынның жары: ӨКТЕМСУДІ БІЛМЕГЕН ӨКІМ ЕДІ

Талай тектілердің табанын қыздырған Жамбыл өлкесінен қаншама таланттар шықты десеңізші! Соның бірі – қазақтың көркем сөзінің баюына, қазақ әдебиетінің дамуына сүбелі үлес қосқан, өлеңге ғашық өрендерді қанатының астына алып, болашағына жол нұсқаған Өкім Жайлауовтың туғанына 90 жыл.

21 желтоқсан – ақынның туған күні.

Таластан шыққан тума талант ақын өлең жазумен шектелмей, аудармашы­лықпен де айналысты. Еңбегі оны қалың елге танытты. Ақын 1954–1962 және 1963–1967 жылдар аралығында «Ақ жол» («Еңбек туы») газетінде еңбек етті. Ақынның тұңғыш өлеңдер жинағы «Шәкірт ойы» 1958 жылы басылды. Содан бері «Жасыл бақша» (1961), «Шопан даусы» (1968), «Жарқын жаз» (1971), «Арай» (1973), «Күміс жаңбыр» (1976), «Соны соқпақ» (1977), «Шұғылалы шақ» (1978), «Дарқан дала» (таңдамалы, 1979), «Мезгіл бояулары» (1993), «Шартараптан шарапат» (таңдамалы, 1999) сынды жыр кітаптары жарық көрді. Сондай-ақ, бірқатар өлең­дері орыс тілінде шыққан «Сегодняш­ний день» атты бір томдық кітапта басылды. М.Лермонтов, К.Хетагуров, С.Маршак, С.Михалков, А.Барто, т.б. ақындардың біраз жырларын аударды. Күз айында ақынның жары Роза Жандарқызы және ұл-қыздары Таразға келіп, ақынның рухына Құран бағыштаған еді. Сол жолы Роза Жандарқызымен сұхбат­тасқан едік.

– Сіздер қалай таныстыңыздар?

–  1950 жылы жетінші сыныпты бітір­ген соң ата-анам бөлем Нұргүл екеумізді Алматы қаласындағы М.Мә­ме­това атындағы қыздар педагогикалық училищесіне оқуға жіберді. Өкім ағаң ол кезде ҚазМУ-дің екінші курсында оқиды екен. Нұргүл Өкімнің ағайын-туысы еді. Ағаң ауылдың қыздарының жағдайын біліп тұру үшін жиі келіп тұрды. Міне, таныстығымыз осылай басталды. Ал біз педагогикалық учили­щенің бірінші курсын бітірген жылы училище Қызылорда қаласына көші­рілді. Нұргүл екеумізді ата-анамыз Қызылордаға жібермейтін болды. Сөйтіп, Жамбыл қаласына келіп, Жамбыл атындағы орта мектепте тоғы­зыншы сыныпта оқуымызды жалғас­тырдық. Кейін мектеп бітірген соң мен Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтына оқуға түстім. Өкім келіп тұрды. Екінші курсты бітірген жылы үйленейік деп ұсыныс жасады. Ағаң 1953 жылы КазМУ-ді бітіріп Алматыда жұмысқа қалған болатын. 1954 жылы Жамбылға облыстық газетке қызметке келіп, Үшаралдан ата-анасын көшіріп алды. Өйткені, Өкім ағаң атадан жалғыз еді. Темір жолдың арғы бетіндегі «Дөң­гелек саз» деген жерде тұрып жатты. Біз 1955 жылы шаңырақ көтердік. Мен оқуды 1957 жылы бітіріп, Қант зауыты аумағындағы Микоян мектебіне жұмысқа тұрдым. Ол мектепте он жыл жұмыс істедім. Талас ауданы, Үшарал ауылындағы мектепте де екі жыл жұмыс істегенім бар. Ата-енем де бір тамаша жандар еді. Өмірдің қиындығын көп көрген момын, шаруа кісілер болатын. 1969 жылы Жайлау атамыз бен Шарбан анамыз бір жылда өмірден өтті.

– 1946 жылы Ақкөл орта мектебінің 8-сынып оқушысы Өкім Жайлауовтың «Еңбек туы» газетінде «Қызыл гүл» деген өлеңі жарияланыпты. Ақынның өлеңдерімен бұрын таныс па едіңіз?

– Шынымды айтайын, ағаңның өлеңдерінен бұрын өзімен таныстым ғой деймін… Ағаңның мінезі жұмсақ, пара­сатты жан еді. Ешкімнің артынан ғайбат сөйлеп, мінез көрсеткенін көрген емес­пін. Жарқын мінезі, баладай пәк, кіршіксіз жан-дүниесі кім кімді де болса баурап алатын.

– Сол жылдары «Еңбек туында» Өкім ағамен қатар қызметтес болған Кәрім Баялиев ағамыз өз естелігінде белгілі қаламгерлер Шона Смаханұлы, Оспанәлі Иманәлиев, Жарылқасын Аманов және өзі «Өкімнің мектебінен» өткендерін мақтанышпен жазады. Тіпті, «Дөңгелек саздағы» ақынның үйі әдеби ортаға айналған-ау ол кездері…

–  Ол рас. Өкімнің, әсіресе Жамбыл өңірінен шыққан таланттар алдында сіңірген еңбегі ерен еді. Ол облыстық газетте алғашқы әдебиет беттерін, редакция жанынан әдебиет бірлестігін ұйымдастырды. Әдебиет әлеміне бет алған жастар, орта буын ағаңның жаны­нан үйіріліп шықпайтын. Біреуге жақсылық жасауға асығып тұратын. Ешкімнің көңілін қалдырмайтын. Жоғарыда есімдері аталған ақындармен кейін Алматыда да әдеби байланыста болып, ортасындағы жарасымдық дәстүрін үзген жоқ.

– Жамбылдағы медициналық училищенің студенті Күләш Ахметова сіздердің қолдарыңызда тұрды ғой…

–  Иә. Кішкентай ғана ауылдан кел­ген қара қыз. Көп сөйлемейді. Көрпе­сіне оранып алып, өлең жазып отыра­тын. Өкімнің кейінгі толқын шәкірт­терінің үздігі – Күләш бүгінде қазақ әдебиетінің көк аспанында жарық жұлдыздай жарқырайды. Екі жылдай біздің қолымызда жүріп оқыды. Күләш­тің алғашқы қарлығаш жырла­ры­ның жарық көруіне ағасының көмегі көп болды. Ақын ақынды түсінеді ғой. Осы Күләш пен Ізімкүлді қолынан жетектеп Мырзатай Жолдасбековке «осы екеуінен бірдеңе шығады, қамқор­лығыңды жаса» деп еді. Күләш қазақ­тың белді ақыны болды. Ізімкүл алғаш өлең жазушы еді, ол ғылым жолын таңдады. Сондай-ақ, Үшаралдан Қуа­ныш Кермеков деген жігіттің көзінен от көріп, көп көмектесті. Ол бүгінде ғылым кандидаты, профессор, ҚазМУ-де еңбек етеді. Күләш Қайырбек екеуі бүгінгі күні Таразда тұрып жатыр. Құран бағыштағанымызда ұйымдастыру шарасының бел ортасында жүрді. Екеуінің де ағаларына жасап жатқан құрметі өте көп.

–  Талай ақын мен жазушылардың арма­ны болған Алматы ақын ағаны қалай қарсы алды?

–  1969 жылы Алматыға біржола көшіп келдік. 2007 жылы 31 желтоқ­санда Өкім ағаң 78 жасында өмірден өтті. Өмірден өткенше әдеби ортадан қол үзген жоқ. 1972–1989 жылдар аралы­ғында Қазақ энциклопедиясында тіл және әдебиет редакциясында аға ғылыми қызметкер, редактор болып еңбек етті. Бұл жылдары Өкімнің санат­керлік білімі толысты, толықты. Өкім­нің қандай бір өлеңін алмаңыз, кейбір ақын-жазушылар секілді ешкімге өкпе-наз артпайды. Оған адам баласы, тіпті жан-жануар, табиғат, құбылыс бәрі дос, бауыр. Қара түннің құшағынан жарық, дауылды күннен шуақ іздейді. Адам баласына алғыс айтудан айнымады. Өзгеге деген жанашырлығы таусылмай­тын ағаңның өлеңдерінде адамның жүрек қылын шертіп, өмірдің көркем бояуларымен нақышталды. Өлеңдері­нің тақырыба да сан алуан. Отан, туған жер, өскен орта, адамның асыл қасиет­тері жайлы толғанды. Оқырмандарын қуантты, мұңайтты. Сондықтан өлеңге осындай биік өлшеммен келген Өкімді Алматының әдеби ортасы құшақ жая қарсы алды. Елмен қатынасын үзген емес. Жамбылға жиі келіп тұратын. Мен Алматыға келген соң 1970 жылы Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы спортқа бейімделген балаларға арналған мектеп-интернатта зейнетке шыққанға дейін еңбек еттім. 40 жыл ұстаздық өтілім бар.

– Ақынды іздеушілер бар ма, шығар­­ма­лары қалай насихаталуда?

–  Әрине. Одақтан телефон шалып хабарласып жатады. 2014 жылы ағаңның бұған дейін жарық көргені бар, көрме­гені бар, өлеңдерін жинақтап өз қаржымызға жинақ шығардық. 2017 жылы ол кітап мемлекеттік тапсырыс аясында жарық көрді. 90 жылдығына орай көзкөрген қаламдастары, шәкірт­тері мақалалар жариялады. Өлеңдерін ел біледі. Поэзиясынан бөлек «Мән­шүк­тің анасына хаты», «Ата-ана туралы жыр» повестері бар. Жарылқасын Аманов, Сұлтан Қалиев сынды шәкірттері жиі іздейтін еді. Оларда бұл өмірден өтіп кетті. Қазір өзің көріп отырғандай ақынның нағыз іздеушілері  – Күләш Ахметова, Қайырбек Асанов, Мейрамбек Төлепберген.

– Ақын есімін ел есінде қалдыру мақсатында тағы да қандай шаралар қолға алынды?

–  Биыл ақынның 90 жылдығына орай Жазушылар одағы тиісті жерлерге хат түсірдік деген болатын. Әрине, көшеге есімін беру және Алматы қала­сында 30 жыл тұрған Абай даңғылы №31 үйге мемориалдық тақта қою жөнінде. Реті келіп жатса, оны да көрерміз. Ал өзім ешкімнің есігін қағып, өтініш айтқан емеспін.

–  Өкім ағаның махаббат туралы жырларының ішінде «Сен едің» деген өлеңінің шоқтығы биік. Өлең сізге арналған екен…

–  Иә. Ағаңның мен үшін орны бөлек. Сағынамын, сарғаямын. Екеуіміз 52 жыл бірге ғұмыр кештік. Әрине, бұл бір адамның ғұмыры. Қиын да, қызықты күндерді бірге өткіздік. Бірақ біз бақытты едік. Алланың берген үш ұл, екі қыз сүйдік. Үлкен қызым жас кезін­де қайтыс болып кетті. Ал ортаншы ұлым 2010 жылы дүниеден озды. Қазір екі ұл, бір қызымнан тараған неме­лерімнің қызығын қызықтап отырмын. Шөбере де көрдім. Ұрпағы өсіп келеді.

–  Әңгімеңізге рахмет!

 

Сұхбаттасқан – Ерман ӘБДИЕВ.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *