РОЛЛАННЫҢ ЭССЕЛЕРІ

Мен біраз уақыттан бері белгілі жазушы Роллан Сейсен­баевтың жаз­ғандарын үзбей оқып келемін. Әрине, оның кітаптары қолыма түскен емес. Соңғы уақыт­та бұл кісі «Егемен Қазақ­станға» өте қызықты эсселерін жария­лап жүр. Эссе болғанда жәй отбасы, ошақ қасының әңгімесі емес. Әлемдік деңгейдегі тұлғалар туралы терең толғаныстар, қызық­ты мәлі­меттер көп. Басқасын былай қойған­да, таяуда ғана сол «Егемен Қазақ­станда» атақты орыс жазушысы Виктор Астафьев пен Шыңғыс Айтматов туралы естелігін сүйсініп оқып шықтым. Оның жазуын­да көпірме сөз жоқ. Одан өзіңе керекті деректерді, дәйектерді аласың. Бір ғажабы, оның осындай атынан ат үркетін тұлғалармен тең дәрежеде, иықтасып сөйлесуі.

Айтайын дегенім, осындай әлем­дік деңгейдегі жазушының өз елімізде аты естіле бермейтінін арагідік ойлап қоятын едім. Таяуда «Егемен Қазақ­станда» Мырзатай Жолдасбековтың «Адамзаттың тағ­дырын ойлайтын тұлға» (10.07.2019.) атты эссесін оқып, көп жайға қанық болдым. Осы эссе­ден білгенім, оны кезінде атақты Шукшиннің өзі жоғары бағалаған екен. Енді эссенің мына бір тұсына назар ауда­райық­шы.

«Роллан туралы тереңірек ден қой­ғанда байқағаным, қазақтың бір­де-бір ғалымы, яки сыншысы Рол­ланның шығармашылығы түгілі, шық­қан кітап­тары туралы да жақ ашпап­ты… ал Мәскеудің, шет елдер­дің әдебиетшілері сонау 80-жылдары әлем әдебиетіне Роллан Сейсенбаев шығар­малары деген құбылыс келді деп жар салыпты. Отызға әлі толмаған жап-жас Роллан Сейсен­баевқа атақ­тары жер жарған орыс жазушылары Даниил Гранин, Юрий Бондарев, Георгий Мар­ков, Сергей Михалков, Лев Ан­нин­ский, Виктор Астафьев, Валентин Распутин, Евгений Сидоров, Анатолий Ким жол болсын тілеп жатыпты. Шығармаларына жоға­ры баға беріпті. Ал қазақтан Әнуар Әлім­жанов, Олжас Сүлейменов, Сайын Мұратбеков, Әзілхан Нұршайықов секілді аздаған қаламгер ғана назар аударыпты.

Оған бүкіл әлемнің озық ойлы адам­дары сенді, тек қазақтар сенген жоқ, біз сенген жоқпыз. Әлемнің маңдайалды университеттері, қоғам­дық ұйымдары сенді, бірақ Қазақстан сенген жоқ. Ал Роллан Сейсенбаев Қазақстанға да, халқына да, үкіметке де сенуін бір сәтке де тоқтатқан емес».

Демек, эсселерінің өзі әңгімедей оқылатын, әлемдік деңгейдегі қалам­гердің еңбегін біздің елдің басшылығы да ескеретін кез келді-ау деймін.

 

Қ.ИМАН. 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *