«ӨРНЕКТЕГІ» ӘРБІР КҮН ҚЫЗЫҚҚА ТОЛЫ

Алатаудың ыстық құшағына енген Арыстың 75 баласының қуанышы тіпті ерекше. Темір жол бекетінде өздерін сән-салтанатымен күтіп алған қалалық Білім басқармасының Оқушылар сарайы ұжымының өнері тіпті ерекше болды. Осыдан соң арнайы жол полициясының қадағалауымен Долан ауылындағы «Өрнек» сауықтыру орталығын бетке алған көлік керуені көш бастаған еді.

Рая ЕСКЕНДІР

Жарты ғасырдан астам тарихы бар «Өрнек» сауықтыру орталығының бір кездері бірнеше атауы болған еді. Кеңес­тік дәуірде қабырғасы қаланған, көненің көзіндей болған бұл ғимарат бүгін де ұрпаққа қызмет етіп отыр. Ен алқапты алып жатқан сауықтыру орталығының бірнеше корпустары бар. Мәдени іс-шараларға арналған үлкен зал, бірнеше оқу корпустары, жазғы концерт залы, жатын бөлмелер, спорт алаңдары, үлкен асхана, бассейн, т.б. балалардың еркін ойнап, спортпен жат­тығуларына мүмкіндік беретін орын­дары өте көп.

Міне, табиғаты тамылжыған үлкен бау ішіне енген балалардың да, оларды басқарып келген тәрбиешілердің де көңілдері көтеріліп сала берді. Кең жайылған дастархан басынан орын алған балалар жолдың қашықтығын ұмытып, әлденіп те алды. Қонақжайлылық таныт­қан балбармақты аспазшылар әзірлеген ас мәзіріне алғыстарын біл­діріп, сауықтыру орталығын аралауға шықты. Демалуға келген балалардың барлығы екі және үш орынды бөлме­лерге орналасты. Киім-кешек салатын шкаф, жұмсақ жатын керуеттер, су жаңа жайма, сүлгі, сонымен қатар, кішкентай тоңазытқышқа дейін қойылған екен.

Оқушылар сарайының көркемөнер­паздар үйірмесінің ұжымы түгел осында жүр. Балалардың сүйікті әртісі Мұрат Мұтырғанов өзінің отбасымен өнер көрсетіп, бала біткеннің ішек-сілесін қатырды. Ертегі кейіпкерлерінің де бәрі келіпті. Арыстан келген 75 баланың қуанышына ортақтаса келген ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің мүшесі Динар Нөкетаева барша жұмыстарды қадағалап, сауық­тыру орталығының тыныс-тіршілігімен жақын танысып шықты.

– Біздің мемлекетіміз балалары­мыздың жазғы демалысының сәтті әрі ойдағыдай өтуін үнемі басты назарда ұстап отырады. Жас ұрпақтың салауат­ты әрі дені сау болып қалыптасулары үшін үкімет қыруар қаражат бөліп отыр. Осыншалықты қаржы орынды жұмсалып жатыр ма? Міне, осындай мақсатта арнайы жұмыс сапарымен Алматы және Алматы облысын аралап жүрмін. «Өрнек» сауықтыру орталығы байырғы мекеме. Бала күніміздегі лагер­дің ұқсастығы байқалады. Өткен мен бүгінгі күнді байланыстырып отырған бұл мекеменің жұмысы менің көңі­лімнен шығып отыр. Айгүл Болатбек­қызы басшылық етіп отырған Оқушы­лар сарайының барша ұжымының жұмысына жоғары баға беремін. Бүгінгі балалар ертеңгі ел азаматтары. Сондық­тан осы балалардың ертеңгі еске алар естеліктері болуы керек. Сіздер дем­алыс­тың мәнді де мағыналы өтулеріне үлес қосыңыздар, – деп үлкен сенім жүктеді.

Осыдан соң сауықтыру орталығын­дағы балалардың думанды қызығы баста­лып та кетті. Оқушылар сарайы­ның басшысы Айгүл Байсымақованың басшылығымен «Өрнектегі» күндердің өнегелі жоспары жасалды. Аға тәрбиеші Бауыржан Жақанұлының бастамасымен Айдана Болат, Тоғжан Мәдібекова, Ақерке Сырлыбаева, Марғұлан Досмет, Дмитрий Куприн сынды лагерь тәрбие­шілері әрбір күнгі атқарылатын мәдени іс-шаралар, спорттық жарыстар мен түрлі саяхаттардың жоспарын жасап, балалармен өтетін әрбір күні атқарылатын жұмыстарды белгілеп, сол бағытта жүйелі жұмыс бастады.

«Өрнектегі» әрбір күн қайнаған еңбек­ке құрылған. Мәселен, Медеу, Шымбұлақ, Көктөбеге саяхат жасау, Орталық мұражай, қаламыздағы басқа да көрікті жерлерге бару жоспарланған. Бұдан өзге тауға өрмелеу, тоқыма тоқу, ағылшын тілін үйрену, робототехника үйірмелеріне де балалар күнделікті қатысып жүр. Осындай жұмыстарды ұйым­дастырып әрі жүйелі жүргізуде директордың орынбасары Мәрияш Сегізбаева, орталықтағы тазалық пен балалардың тамағына жауапты Қарлы­ғаш Абраева, дәрігерлер Айбек Боран­бай мен Хамит Өсербаев, музыкалық жетекші Әмірхан Бақытбек, шаруашы­лық жағына жауапты Айдар Бекетаев, Мырзабай Мырзахметов сынды өз ісі­нің нағыз мамандары орталыққа шо­ғыр­ланған.

Арыстан келген 75 бала осылайша жаз қызығын ерекше өткізіп жатыр. Күндізгі жорықтар, іс-шаралар соңы кешкі би алаңында жалғасып жатады. Осылайша әр күні қызыққа толы «Өрнектегі» жазғы демалысқа балалар да шын көңілдерімен риза. «Келер жазда тағы да келеміз» дейді олар.

 

 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *