ҚҰРМЕТ ЕТСЕҢ — ҚҰРМЕТ КӨРЕСІҢ

Еліміз, тарих тұрғысынан қарағанда, аз уақыт ішінде ғасырлық табыспен тұрақты даму үстінде. Ол даму әр жылы өз ерекшеліктерімен айшықталады, өз биігінде қуаныш сезіміне бөлейді. Бұл орайда білім беру саласына мемлекетіміздің биылғы жылғы ерекше көңіл бөлуі әрбір мұғалім жүрегінде ризалық сезім тудыруда.

Аягүл МИРАЗОВА,

Қазақстанның Еңбек Ері,

«Қазақ КСР халық ағарту

ісінің үздігі

 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев — Қазақстанның Тұң­ғыш Президенті — Елбасы Нұр­сұлтан Әбішұлы Назар­баев­тың стратегиялық даму жолдарын дамыта отырып, оны жаңа бастамалармен байыта түсуде.

Биылғы жылы елордамыз Нұр-Сұлтан қаласында білім қызмет­керлерінің Тамыз мәслихаты тұңғыш рет Мемлекет басшысы­ның қатысуымен өтті. Бұның өзі еліміздің білім беру ісіне айрықша көңіл бөлініп отырғанын көрсетсе керек.

Қазақстан Республика­сы­ның Президенті 2020 жылдан бастап мұғалімдердің жал­ақысы жылына 25 пайызға көтеріліп, төрт жылда 2 есеге көбейетінін және  басқа да үстеме төлемдер болатынын мәлімдеді.

Сондай-ақ, Елбасымыз Н.Ә.На­­зар­баевтың тапсыруымен «Мұға­лім мәртебесі туралы» Заң халық талқысынан өтіп, дайын­далып жатқаны да көңілімізге ерекше шабыт беруде.

Тамыз мәслихаты соңында Қасым-Жомарт Кемелұлы еңбегі ерен ұстаздарға мемлекеттік наградалар табыстады. Бұған қалай марқаймасқа!

Жыл сайын қазан айының алғашқы демалысы төрт мезгілдің ең бай берекелі, мерекелі, мол­шылыққа кенелген шағы ұстаз­дар­дың төл мерекесі деп аталып өтуі­нің өзі жүрегіңе жылылық ұяла­тады. Алайда, әрбір жылдағы Ұс­таздар күнінің өзіндік ерекше­лігі болады. Әсіресе, биылғы Ұс­таздар күні мемлекет тарапынан жаңа­шылдығымен өрнектеліп отыр.

Шәкәрім ғұламаның «Бұл ән бұрынғы әннен өзгеше» дегенін­дей, биылғы жылғы мереке ерекше мәртебеде өткенін айтқым келеді.

Әлем таныған Нұр-Сұлтан қаласында үшінші қазан күні Білім және ғылыми министрлігінің ұйымдастыруымен республи­калық «Ұстаздар күні» мерекесі аталып өтті. Мерекеге арналған жиынға халық қалаулылары Сенат, Мәжіліс депуттатары қатысты.

Республикамызда өткізілген 2019 жылдың «Үздік педагог» кон­курсының қорытындысы бойын­ша анықталған жүлдегер­лердің есімі жарияланып, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан­дарға халық қалаулылары өз қолда­рымен «Үздік педагог – 2019» төсбелгісінің сертификатын табыс етті.

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов республика ұстаздарын және наградталған үздік ұстаздарды табыстарымен құттықтады.

Өзім Алматы қаласының тұрғыны, әрі «Құрметті азаматы» атағының иегері ретінде елорда­мыздағы Ұстаздар мерекесінің де аса биік деңгейде өткенін мақ­танышпен айтқым келеді.

Ал күн санап құлпырып келе жатқан Алматы қаласындағы ең әсем ғимарат Республика сара­йында қала әкімі Бақытжан Сағын­таевтың басшылығымен қаламыздың білім беру қызмет­керлеріне арналған «Ұстаздар күні» мерекесі де ерекше салта­натпен өтті.

Осы жиындағы Бақытжан Әбдірұлының айтқан салиқалы, парасатты, мағынасы кең, мәні терең ойлары ұстаздар қауымына үлкен рухани серпін беріп, жаңа табыстарға қанаттандырды.

Құрмет етсең – құрмет көресің демей ме?! Ұстаз – мейірім, махаббат, жанашырлық сезім­дерін қалыптастырудың көрігі. Балаға көсемдік парасатпен, адал қызметшіл ниетпен, достық тең көзбен қарау керек екенін тағы да сезіндіре түсті.

Шаһар басшысы Бақытжан Әбдірұлы қала бойынша 2019 жылдың «Ең үздік педагогикалық ұжым» атанған білім ордаларына жоғары біліктілік сертификаттары мен материалдық марапаттар тапсырды. Мерекелік салтанат елімізге белгілі таңдаулы өнер қайраткерлерінің ән-биіне ұла­сып, қатысушылар эстетика­лық сезімдерге бөленіп, шаһар бас­шысының сыйына ризашы­лық­тарын білдірумен болды.

Ал өзім 25 жыл мектеп бас­қарған Медеу ауданында өткен ұстаздық мереке туралы айтпай қала алмаймын. Медеу ауданы ең кәсіпкерліктің ошағы, ең табыс­кер аудан екені баршаға мәлім. Осынау озық ауданның әкімі Сұлтанбек Мәкежановтың шебер ұйымдастырушылығымен мереке салтанаты биік мәртебеде жалға­сын тапты. Бұл салтанатқа бала­бақша, мектеп, колледж, жоғары оқу орындары қыз­меткерлері яғни білімге қатыс­ты азаматтар және көрнекті әде­биет пен өнер, ғылым қайрат­кер­лері еңбек ардагерлері бас қо­сып, рухани бай әлем өзара са­бақ­тасып, жаңа бастама жасал­ды.

Бауыржан Момышұлының «Ұстаздық ұлықтық емес, ұлы қызмет» дегеніндей, аудандағы ұстаздар қауымын айрықша құр­метке бөледі. Мұнда да таңдаулы ұстаздар тиісті марапаттарға ие болды. Жиналғандар өнер жұл­дыздарының ән-би шашуларын тамашалады.

Ұстаз – шәкірттер үшін мек­тептің де, қоғамның да, ұлттың да, мемлекеттің де өкілі, жарқын сим­волы. Ол әрқашан мемлекеттің сөзін, ұлттың сөзін, қоғамның сөзін сөйлейді, сол көзқарасты шәкірттерге де сіңіреді. Ұстаз шәкірттер үшін білімнің де, ғылымның да, адамгершіліктің де, жақсы мінездің де, азаматты­лықтың да, патриоттық тәртіптің де, еркіндіктің де, әділдіктің де, ерліктің де, өнердің де, ақиқаттың да, ізгі рухани әлемнің де жанды бейнесі. Таңертеңгі ақыл түске, түскі ақыл кешке жарамай қалып жататын қазіргі заманда мұғалім еңбегі ерекше сергектік пен жаңашылдықты талап етері сөзсіз. Осындай ұлы құрметтерге лайық болу – әрбір ұстазға аманат!

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *