Құрманғазының домбырасы

Алматы төрінде ашылған көрмеге қойылды

Алматылықтар мен қала қонақтары Құрманғазы Сағырбайұлының екі ғасырға жуық тарихы бар домбыра­сымен таныса алады. Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейіне дәулескер күйшінің Астрахан облысы, Алтынжар ауылында орналасқан, «Құрманғазы атындағы мәдени орта­лық» қорында сақталған домбырасының көшірмесі мен Құрманғазының төл шәкірті Ерғали Есжановтың домбырасы ресми түрде қабылданды.

 

Сондай-ақ, «Құрманғазы домбырасы музей сахнасында» атты үш күндік көрме­ден Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейі қорындағы Құрманғазы­ның дара ауыз мылтығы және шәкірті Дина Нұрпейі­сованың белбеуі, күйші апамыздың Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейі еншісіндегі камзолы және ХІХ ғасырдағы зергерлік бұйымдар да орын алды.

Көрменің ашылуына қатысқан қала әкімі Бауыржан Байбек күйші домбыра­сының көшірмесін музей экспозициясына салтанатты түрде апарып қойды.

Көрме күй кешімен жалғасты. Кеште Құрманғазы атындағы академиялық халық аспаптары оркестрінің домбырашылар құрамы және жеке орындауда Қажыбек Бекбосынов, Батыржан Мықтыбаев, Әсел Алина, Рахат Сәрсенов, Асылбек Ахатов, Едіге Нәбиұлы өнер көрсетті.

Қазақтың аспапты музыка өнерінің классигі Құрманғазы Сағырбайұлы 1818 жылы Бөкей хандығы, қазіргі Батыс Қазақ­стан облысының Жаңақала ауданына қарасты Жиделі жерінде дүниеге келген. Оның күйлері өмірбаяндық негізге құрыл­ған. Олар нақты оқиғаға байланысты шығарылған. Патшалық Ресейдің отаршыл саясатының ықпалы Құрманғазы тағдыры­на да әсер етпей қоймаған. 1830 жылдары Исатай Тайманұлы және оның серігі Махамбет Өтемісұлы бастаған Жәңгір ханға қарсы шаруалар көтерілісінде Құр­ман­ғазы да болады. Сол жылдарында «Кішкентай» деген күй шығарады. Осы туындысы арқылы ол халықтың азаттықты көксеген арманын, әділетсіздікке қарсы­лықты, қоғамдық мүдделердің өзара қақтығысын білдіреді.

Күйші шығармашылығындағы негізгі тақырып – халықтың азаттығы мен бостандығы. Оның «Адай», «Төремұрат», «Саранжап» секілді күйлерінен асқақ батырлық рух сезілсе, «Аман бол шешем, аман бол», «Айда, бұлбұл Айжан-ай», «Балқаймақ» сынды туындылары ой-толғам, сырлы сезім толғаныстарына құрылған.

Айта кетейік, мәдени-рухани бұл іс-шара Алматы қаласы әкімдігінің және қалалық Мәдениет басқармасының қолдауымен өткізіліп отыр.

Бұл ізгі қадамның көздегені – дәулес­кер күйшінің шығармашылығын, домбы­расын, шәкірттерінің мұрасын, халыққа қалдырған күй мұрасын жиынтықтай отыра насихаттау, дәріптеу, жаңғырту, ұрпақ санасында сақталуына үлес қосу.

Күйші – тек біздің ғана рухани мұра­мыз емес, ол бүкіл әлемге танылған тұлға. Халықаралық ЮНЕСКО ұйымының 2018–2019 жылдарғы атаулы күндер күнтізбесіне енгізілген Құрманғазы Сағырбайұлының 200 жылдық мерейтойы кең көлемде аталып өтетін болады.

 

«АҚШАМ-АҚПАРАТ».

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *