РИЗАМЫЗ, «БӨБЕКТЕГІ» БАЛ КҮНДЕРГЕ!

Сара Алпысқызы Арыстың 110 баласына оқушы сөмкесі мен оқу құралдарын тарту етті

Арыс жұртшылығының ауыртпалығын көтеруге ел болып атсалысып, елдіктің үлгісін танытып жатырмыз. Қиындықты басына түскен жан ғана сезінетіні анық. Осындайда жылы сөздің өзі үлкен демеу екен. Арыстың кішкентай тұрғындарының жазғы демалысының ойдағыдай өтуіне де ел қамын жеген азаматтарымыз үлкен қолдау көрсетті.

Рая ЕСКЕНДІР

«Бөбекке» келіп демалған Арыстың 110 баласы үшін биылғы жаздың орны тіпті ерекше болды. Кіп-кішкентай жүректерімен Арыстағы жарылысты сезінген балақайлар «Өзін-өзі тану» оқу-сауықтыру кешенінде барлық ауыртпалықты ұмытып, «Денсау­лыққа апарар жол» атты ауысымда демал­ған еді. Табиғаты тамылжыған, керемет кешенге келген балалар тура ертегі әлеміне енгендей күйге түскендерін жасыра алмады.

– Біз келген күннен бастап тәрбие­шілеріміз оқу-сауықтыру кешенінің ішкі тәртібімен, ережелерімен таныстырды. Емдік іс-шаралар, ойын алаңдары, жатын бөлмелер, қызықты экскурсиялар біздің орталыққа тез бейімделіп кетуімізге әсер етті, — дейді олар. «Сәлем, Бөбек» деп бас­талған ауысым бойы балалар «Әдептілік әліппесі», «Жақсылықтар әлемі», «Сүйіс­пен­­шілік – жылу мен нұрдың шуағы», «Әр­қашан мен болайын», «Адал азамат боламын», «Сы­пайылық құпиялары», «Жолдасы көптің – олжасы көп», «Жақсылық жолында», «Шындық бәрімізге бірдей», «Әлем қандай керемет» атты шаттық шеңберлерін өткізді.

Тәрбиелік мәні зор әрбір тағылымдық шеңберлер балалардың таным дүниесін кеңейтіп, олардың бойына адамгершілік, адалдық, кішіпейілділік сияқты қасиеттердің нұрын құйғандай әсерге бөледі. Балалар ертегі кейіпкерлерімен де кездесіп, аниматорлар орындаған шоу-бағдарламалардан әдемі әсер алды. Балалар үшін «Бөбектегі» әрбір күн қызыққа толы болды. «Денсаулыққа апа­рар жол» атты іс-шараға «Бөбек» орталы­ғының қызметкрелері де қатысып, салауат­тылыққа тәрбиелеудің үлгісін көрсетті.

«ХХІ ғасырдың көшбасшылары» интеллектуалды ойынына қатысып, білімдерін сынаған балалардың арасынан 5 топ бірінші орынды жеңіп алды. Арыстық балалар білім жолында өздерінің қабілетті екендіктерін танытты. Өнерлі балалар да көп болып шықты. Спортшылар да жетерлік. Олардың арасынан Анел Бәкір, Сайлау Рамазан, Есенбек Сұлтан, Марал Абдыманап, Шұғыла Ибатбек, Диас Омархан, Рахат Орынбасар, Ғазиза Абдулла, Мадина Кунгургиш, Диана Есенбек, Сұлтан Ыдырысбек, Абзал Сайын, Аяна Сайлау, Әли Сайын, Мейіржан Шохай, Жандарбек Нұрқожа, Даниял Сайлау, Нұржан Ысқақ, Ермек Нұр­сұлтан, Сымбат Сансызбай, т.б. бала­лар өздерінің жан-жақты­лықтарымен көп­шілік­тің көңілінен шықты.

Осылайша Арыстан келген балалар Алматының көрікті жерлерін де көздерімен көріп қайтты. Тәуел­сіздіктің монументінен басталған саяхат барысында ҚР-ның мемлекеттік мұражайына, «Көктөбеге», «Ғылым ордасына», «Кинопарк-5», «Медеу­ге», «Атакентке», «Алматы дельфи­нарийіне», Тұңғыш Президент саябағына, «С.Бегалин атындағы кітапхана мен «Бөбектегі» обсерва­торияға барған бала­лардың әсері ұшан-теңіз. Жүзу үйірмесіне барып балықша жүзуге машықтанған балалардың қуанышы өз алдына.

Осылайша қызыққа толы жазғы демалыс Арыс балаларының көңілдерін көтеріп, өткенді ұмытуға септігін тигізді. Әсіресе, сенсорлық бөлмедегі сабақтар балаларға бойларындағы қорқыныш пен мазасыздық атаулыдан арылуға көп көмек етті. Алматыдағы қызыққа толы күндермен де қоштасатын сәт келді. «Өзін-өзі тану» оқу-сауықтыру орталығында Арыс балаларына арналған «Қош бол, Бөбек» атты кеш өткен еді.

Балалар өздеріне естен кетпес қуаныш сыйлаған «Өзін-өзі тану» рухани адамгершілік бағдарла­масының авторы Сара Алпысқызына «Ризамыз» әні арқылы ризашылық­тарын білдірді. Барлық Арыс балаларына Сара Алпысқызының атынан оқушы сөмкесі, мектепке қажетті кеңсе тауарлары, естелік заттар табыс етілді.

 

 

 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *