ӨРІСІ КЕҢ, ӨРЕСІ БИІК ЕҢБЕК

Менің есіме сонау атақты алпысыншы жылдардың аяқталар тұсында, әдебиетке тізе қосып, қанаттас келген қатар құрбыларымыздың, бір-бірімен жарысқандай боп жаппай үйленіп, Алматының әр түкпірінен пәтер жалдап, түтін түтете бастаған кездері түсіп отыр. Бірімізден соң біріміз тұңғыштарымызды да көре бастағанбыз. Әрқайсымыз әр жақта шашырап жүрсек те, бір-бірімізді лезде-ақ тауып ала қоятынбыз. Қазақ емеспіз бе, қонақшылмыз. Бірімізге-біріміз, бірде жиірек, бірде сирек дегендей, барып тұрамыз.

Темірхан МЕДЕТБЕК,

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты

Бірде келіншегіміз екеуміз Кеңші­ліктің үйіне бардық. Ол кезде қабақ шыту деген де, жақтырмай қалу деген де атымен жоқ. Олар бізді әдеттегідей мәз-мейрам боп, жайраңдап қарсы алды. Сәлден кейін дастархан жайылып, шайға отырдық. Зинура қолдағы барын алдымызға тосып, күтудей-ақ күтуде. Кеңшілік екеуміз стақан қағыстырып (рюмка деген жоқ қой) қоямыз. Әңгі­меміз әдебиет. Бізге ол кезде әдебиет­тен басқа әңгіменің бәрі қызық емес. Ара-арасында, кезек-кезек өлең оқып кетеміз. Бір кезде менің ту сыртымда жатқан құндақтаулы бала дабырласқан даусымыздан оянып кетсе керек, жылай бастады. Аядай ғана бөлме ғой. Адамды айналып өтетін жер де жоқ. Мен бұры­лып құндақтаулы жылап жатқан нәрес­тені қолыма алып, шешесіне әперіп жатып: «Әй, Кеңшілік, мына Аман­келдің ақын болады-ау деймін, басын шайқап-шайқап жылайды екен» дедім. Сонда Кеңшілік мүдірместен: «Ей, Медетбеков, білесің бе, мен ақындықты баламнан да қызғанам» дегені. Желпініп отырып айтылған бұл сөзге екеуміз де мәз болып күлгеніміз әлі күнге көз алдымда…

Мен Маңғыстауға кеттім. Көп жыл өтті. Келіп-кетіп жүргенімде, бірде орайы кеп Кеңшілікпен арқаны кеңге салып отырып, сөйлескеніміз бар. Әңгі­ме арасында баяғы отырысымызды еске алып, «енді қалай ақындықты Аманкел­діңе қиятын түрің бар ма?»  деп сұрадым қалжыңдап. «Ой, сен де күпініп отырып қызулықпен айтқан сөзді ұмытпайды екенсің. Құдай-ау, балаңнан нені аяйсың? Ақын бола ма, болмай ма, оны білмеймін, бірақ әдебиетке бейім боп өсіп келеді» деп еді.

Ұршықтай шыр айналып, зымырап өтіп жатқан уақыт-ай! Сол Аманкелді, міне, елуге келіп қалыпты.

Мен оның әдебиеттегі алғашқы адымынан бастап қадағалап келем десем, ешқандай өтірігі жоқ.

Бүгінде ол алты-жеті кітаптың авто­ры. Нағыз кемеліне келіп толысқан, әдебиеттегі өз орнын әлдеқашан белгі­леп алған, саусақпен санарлықтай айтулы сыншыларымыздың бірі.

Ол тек қазақ әдебиетінің проблема­лары мен тұлғалары ғана емес, әлемдік деңгейдегі Руми, Кафка, Гоголь шығар­малары туралы да әңгіме қозғай алатын өреге шыққанына куәміз.

Жақында ғана оның Жұмекен Нәжі­меденовтің шығармашылығына арналған «Рух жыры» кітабы қолыма түсті. Бүгінгі әңгімеміздің өзегі де сол кітап туралы болмақ.

Мен Жұмекен шығармашылығын қатты қадірлеп, құрмет тұтатын адам­мын. Ол туралы әлденеше рет мақала да жазғанмын, өлеңдер де арнағанмын. Сондықтан да Аманкелдінің бұл кіта­бын қолыма тиген бойда оқуға кірістім.

Кітап үш бөлімнен тұрады екен: «Та­мырым менің тереңде», «Рух жыры», «Парасат биігі». Ол бөлімдердің өзі тақырып-тақырыптарға бөлініп, тарам­данып, тармақталып кеткен. Бірақ олар­дың бәрі, әрқайсысы бір жаққа тарт­пай, яғни Жұмекен шығармаларының тұ­тас­тығына, оны кеңірек қамтып, тереңірек тани түсуге қызмет етіп тұр.

Сыншы кітаптың алғашқы бөлімінде әдебиетке құбылыс болып келген Жұме­кен шығармашылығы туралы сөз­дердің тым сирек, барынша сараң айтылатынына қынжылып, қабаржиды. Ұлтымыздың рухани құндылықтарына айналуға тиіс ақын шығармашылығын өз деңгей-дәрежесінде әңгіме етпеудің себеп-салдарын танығысы келеді. Таниды да!

«…Не қара басып, басымызға не көрін­генін білмеймін, соңғы жылдары біздің бәріміз, жасымыз, кәріміз де, тек өз жазғандарымызды насихаттап, тек өз шығармаларымызға ғана көңіліміз толып марқайып, тек өз кітабымыздың шыққанына ғана жүрек жарыла қуа­нып, жұрттан шүйінші сұрап, тіпті өз талантымызға ғана сүйсініп, Құдайдай табынатын, адам түсінбейтін бір ауруға шалдықтық», – деп налиды.

Мен, әрине, Аманкелдінің бұл сөзіне толықтай қосыламын. Арамызға дендеп кіріп бара жатқан ондай-ондай келеңсіз құбылыстарды өзім де біліп, көріп жүрмін. Несін жасырып, несін жаба тоқи­мыз, көп жұрт қазір меменшіл­дікпен ауырған. Бәрін өзі бітіріп, өзі қойғандай шалқайып, ананы да, мынаны да тұқыртып, жан-жағына шекелеп қарайтындар, тіпті онысымен қоймай, сүйектері баяғыда қурап қалған, кезін­де, яғни сонау қиын заманда өмір сүрсе де, қолынан келгенше, мүмкіндігі жет­кенше елі мен жеріне бар күш-қуатын берген әруақтарды жоққа шығарып, оларды мүлде мансұқтап тастайтын болды. Апыр-ау, ең болмаса, сол бір сұмдығы мен зұлымдығы көп, қатыгез заманда, зорлық пен зомбылықтың шоқпары мен сойылынан бас көтермей өтсе де, ұлтына өлшеусіз еңбек еткен ол тұлғаларды көз алдыңызға келтіріп, бір сәтке олардың орнына өзін қойып көрсінші! Бірақ қазір көзіміз әбден жетіп отырғандай, даурықпа мен дарақылыққа әбден бой алдырғандар олай ете алмайды. Ал ондай менменшіл пиғыл мен ниет етек алып тамыр салып кеткен кезде анау ақынымыздың жота­лы орны неге далада қалып бара жатыр, мына жазушымыздың елеулі еңбегі неге ескерілмей қалды деген жанашыр сөздерді кім айта қойсын?! Әрине, өкі­нішті. Сол ұлылардың ұлағатын жаңа өсіп келе жетқан ұрпақтың бойына сіңіру орнына, әлгіндей «жоққа шыға­рушылардың» кесірінен ұрпағымызды ұлы тұлғаларымыздан бездіруге тәр­биелеп жатырмыз. Осындай бел алып кеткен үрдіс пен пиғылдың қақ орта­сында жүрген Аманкелді Кеңшілік­ұлының жаны күйінбей қайтсін!

Сөз жоқ, Аманкелдінің бұл кітабын қадала оқып отырып, оның үлкен бір игілікті іске, яғни қазақ әдебиетінде нардың жүгін арқалап өткен Жұмекен Нәжімеденов шығармашылығына тұтас, қомақты еңбек арнағанын үлкен Азаматтыққа балаған жөн. Әрине, әңгіме Аманкелдінің Жұмекен шығар­машылығы туралы көлемді кітап жазға­нында емес, әңгіме ол кітаптың көтерер салмағы мен мән-мағынасында болса керек.

Әлбетте, сын кітабына пікір айту қиынның-қиыны. Ол әңгімелер мен хикаяттар кітабы емес. Егер әңгімелер мен хикаяттар жинағы болса, оның фабуласы мен оқиғасынан мысалдар келтіріп, адам мен адам арасындағы тар­тыстан не ұқтың, не алдың, нені таны­дың, нені білдің, соларды жіліктеп тал­дап шығасың. Соңында өз пайымыңды айтасың. Поэзия туралы сөз де осыған ұқсас. Ал сын кітабы туралы олай ете алмайсың. Оның иірімі де, түйіні де бөлек. Оны сан саққа жүгіртіп құбыл­туға да, дәлел-дәйексіз тұқыртуға да болмайды. Нақтылық, тағы да нақтылық қажет. Егер бұған осы тұрғыдан қарап, бір сөзбен жауап беру керек болса, Аманкелдінің бұл кітабын үлкен ізде­ністен туған іргелі еңбек деуге әбден болады.

Кітапта ерекше ден қойып, зер сала­тын тұстар жетіп-артылады. Мәселен, Аманкелді «Ұлтты ұшпаққа жеткізіп, оны бақытты ете алатын екі құдірет бар, ол – рухының бостандығы мен тәуелсіз санасының тереңдігі. Құлдық сана шексіз қатыгездікті туғызады. Жұмекен өз поэмасында (Махамбет туралы «Жаңғырық» поэмасы) адам рухын мәңгілік құлдыққа салып қоятын отарлық саясаттың зардабын жүрегі қан жылап отырып жырлайды.

Кез-келген халықтың кісілік келбетін рухының азаттығы ғана сақтап тұр. Егемендігін жоғалтқан ел тек жан күйзелісін ғана басынан кешіріп қой­май, иманынан да айырылады. Халық­тың бостандығын тартып алу – рухтың құлдығын туғызады».

Өзін-өзі сыйлай білетін, кім-кімді де бей-жай қалдырмайтын, кім-кімді де ойландырып, толғандыратын ірі сөз ғой бұл.

Өткенге бұрылып қарасаң-ақ бұл сөздердің ақиқаттығына көзің жете түседі. Құдай-ау, күні кеше ғана өткен Кеңес заманында дәл осындай кезеңді өзіміз де басымыздан өткізген жоқпыз ба?! Рухымыз ғана жаншылып қалған жоқ, Аманкелді айтқан иманды да ұмытып, құлдық кейіпке түсіп кеттік қой! Ашса алақанында, жұмса жұды­ры­ғында болдық. Қазақты қазаққа айдап сап, қырқыстырып қана қоймай, тілі­мізден, дәстүрімізден, дінімізден айыр­мақ боп жанталасып бақты ғой. Белгілі бір деңгейде дегендеріне жетті де. Енді сол кеткен есемізді қайтара алмай әлек боп жатырмыз…

Рух құл болмасын, рух құл болса, онда сен жауыңның қолындағы шоқ­пар мен сойылға айналасың. Ол шоқпар мен сойыл ең алдымен өзіңнің ұлтыңа жұмсалады. Жұмекен жырынан туын­даған сөздер Аманкелдіні ғана осындай түйінді ойларға жетелеп қоймай, бізді де иландырады.

Сондай-ақ, Аманкелдінің «Мәңгі ескірмейтін асыл жырдың бағасын білген ақын рухы мен жанына кір жұқтырмайтын адамның жүрегінде нағыз өнердің туатынын ерте түсінді. Өнердегі жалаңдылық пен жалған атақтан бойын аулақ ұстады. Айқай салып шындықтың бағасын арзандатпау Жұмекеннің ақындық кредосы болды. Ол осы ұстанымынан өмір бойы айны­ған жоқ», – деген жолдарын құптамасқа әддің жоқ.

Байқағаным, Аманкелді бір сөзін де дәлел-дәйексіз айтпайды. Содан да ол жоғарыда айтқан ойын нақтылау үшін ақын өлеңін келтірген екен.

Жұмекен рухы риза болсын деген ниетпен біз де ол өлеңді келтіре кетейік.

 

Жел екпінін маған берсе табиғат,

Маған берсе судың күшін табиғат,

Жаңғырығын берсе жақпар таулардың,

Даладай ғып кеңдік берсе табиғат.

Берсе маған нөсерлі көк күркірін,

Жеті бояу қосып берсе түр-түрін,

Дүние қолда тұрса нандай бір тілім,

Жел қуатын құйған күннің өзінде,

Су ағысын құйған күннің өзінде,

Алақанға ап асқар таудың өзін де,

Дала құсап кеңіген бір кезімде.

 

Соның бәрін айналдырып бір үнге,

Үш күн, үш түн айқайласам кемінде,

Айқай салсам ел-жұртымды сүйем деп,

Жар салсам мен екі тілде,

Бес тілде –

Бірақ оған сенбес еді ешкім де.

Сенбес еді,

Күмәнді атап тірлікті

Қазығына таңар еді бір мықты;

Жатып келіп тексертер ед,

Сен де дос,

Айқай салып арзандатпа шындықты.

 

Бұл — Жұмекеннің ертеректе жазыл­­ған өлеңі. Ал қазір ше? Бүгінде күшен­шек, айқайшыл даурықпалар тіпті көбейіп кетті. Бірін-бірі тыңда­майтын айқай-сүрең көбейген сайын шын­дық­тың да бәсі түсе бермек. Баяғыда жазыл­ған бұл өлең дәл бүгінгі күннің де мінез-құлқын дәл басып тұр.

Аманкелдінің Мұқағали мен Жұме­кен туралы бөлімі де ден қойып оқуға тұрарлық еңбек деуге әбден лайық. Сыншы Мұқағали мен Жұме­кенді, ә дегенде ойлап қалғанымыздай, бір-бірімен салыстырып-салғастырмайды да, бір-бірімен бәсекеге де түсірмейді. Екеуінің бір-біріне мүлде ұқсамай­тынын, бір-бірінен мүлде бөлек поэзия­ның екі қиырында жұмыс істегендерін қайта-қайта қадап тұрып айтады.

«Адамдардың жан жылуын сағынған Мұқағали поэзиясы өмірге қарай ұм­тылған сезімнің тасқыны болса, Жұме­кен поэзиясы сол жалғаннан қашып жалғыздығын іздеген адамның жан сыры», – дейді Аманкелді. Ол екі ұлы ақынның да табиғатын алақанға сал­ғандай немесе қалыпқа құйғандай етіп дәл тауыпты. Нағыз сыншының ең басты міндеті – ақын табиғатын тани білуде ғой…

Аманкелді бір сөзінде Жұмекен туралы бұл еңбегін әлі де толықтыра түсетінін айтыпты. Біз оның бұл ойын да құп алдық.

Қорыта айтарым – мен оның өрісі кең, өресі биік бұл еңбегіне шын жүрек­тен тәнті болғанымды жасыра алмай­мын. Менің бұл пікіріме көп оқырман­ның да қосылатынына бек сенімдімін.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *