РИШАТ ПЕН БАЙҒАЛИ

Бұрынғының адамдары-ай!

 

Зәкір АСАБАЕВ

Алуан нәсілді халық-тайпа атаулының бәріне өнер, ән-музыканың  ортақтығы ғажап құбылыс. Бұл көне дәуірлерде көктеп, көштен қалмай келе жатқан – сұрапыл өнер дарыған – қазақ атты халыққа да ортақ. Анда-санда ой-пікірді (осылайша) әріден толғап қою да көптік етпестей көрінеді. Ән, күй, жыр, жалпы, музыка адам баласымен бірге жаралғанына не күмән? Олардың әр халықтың ішкі-сыртқы жан дүние, бет-бейне, рухани даралығын айқындайтыны өз алдына (дегендей).

10Бұл жолғы сөзді осылай бастаудың себептері де жоқ емес. Қазақ музыкасында (өзгелерді бөле-жару емес) неткен тереңдік, сиқырлы құдырет жатыр десейші. Соларды ғасырдан-ғасырға мирас етіп, байытып, түлетіп, жасартып-жайнатып, сары майдай сақтап келе жатқан бұрынғы-кейінгі ұрпақ өкілдеріне мың тағзым да аз секілді.

Музыка – баға жетпес рухани байлық. Енді аспаннан жерге жақындап пікір өрбітер болсақ, ес білгеннен жан- дүниені (солай дейік) музыка баурады, құрсады, аялады, жаныды, шыңдады, ширатты, сейілтті, алға жетеледі. Бала жастан бастан өткерген қызық-шыжық, ыстық-суық, мехнат-тауқымет – бәрі ән, күй, жыр-дастан, музыкамен тағдырлас, сабақтас…

Ән. Ән сал. Ән  шырқа. Қазақ осылай дейді. Түсінікті. “Өлең айт” дейді. Түсінікті. Ән сал, ән шырқа – бір ұғым. Оңтүстік жақта “ән салдан” гөрі “өлең айт” басымдау. Абайдың “Туғанда дүние есігін ашады өлең” дегеніндегі “өлеңнің” ән екені белгілі. “Әннің де естісі бар, есері бар” дегеніндегі “ән” де солай, яғни, “өлең”. Ән – өлең, өлең – ән. Бұл пікірді бүгінгі ұрпақтың құлағына алтын сырға ретінде келтіру де артық еместей. Өйткені, өлең ән емес, ән өлең емес деп (кейіннен көбейе бастаған) білгіштерді де кездестіріп, көріп жүреміз. Сондықтан, жеке пайымдауымызды «қыстыра» кету артық болмас деп үміттенеміз.

Бұл бір. Екінші, өткен ғасырдағы екінші дүниежүзілік соғыс қарсаңында содан жеті-сегіз жыл бұрынғы ұжымдастыру, азын-аулақ дәулеті барлардың мал-мүлкін тәркілеп, жер аудару, айдап-асу, одан қалың елді қынадай қырған ашаршылық, одан ауылда да, қалада да бас көтерер азаматтарды халық жауы деп қудалау, ату-шабу секілді сойқандардан кейін сансырап-сандалып,  көрмегенді көрген ел-жұрт уақыт өте еңсе көтеріп, тұрмыс-халі ептеп болса да оңалып, түтіндері түзу шыға бастады. Бір ауылда бір-екі үйде болса да, бұрын өң түгіл, түсте көрмеген велосипед, патефон дегендер (соғыстан бұрын да) болатын-ды. “Қоңыртөбе” колхозындағы бастауыш мектептің мұғалімі менің әкемде солардың екеуі де бар-тын. Әрі, бұл сол уақыт үшін айтары жоқ жаңалық-тын. Велосипедті айтпағанда, шағын ауылдағы үлкен-кішінің патефон тыңдауға ертелі-кеш келіп жататыны ғажап еді-ау. Анам марқұм патефонды өз қолымен қойып (ойнатып емес), келгендерге ерінбей-жалықпай тыңдататын. Менің төрт-бес жастағы кезім болу керек, әлі мектепке бармаймын, сауатым жоқ, соған қарамай, қай пластинкада қандай ән, күй барын (аттарын) жатқа білемін. Шамасы, анам үйрететін болса керек, кейбір орындаушылардың аты-жөнін де тақ еткіземін. “Бипылды” айтатын Жамал Омарова, “Ардақ”, “Шама”, “Қызыл бидайды” айтатын Қали Байжанов, “Молдабай”, “Біздің күшті” айтатын Әли Құрманов, “Гәккуді” (орындайтын емес) айтатын Күләш, “Мұхитты” айтатын Ғарифолла, “Айжан қызды” т.б. күйлерді тартатын Қали Жантілеуов дегендей. Қысқасы, қай пластинкада не бары мәлім. Орысша, өзбекше пластинкалар да солай. Бүгінгідей ғарышқа шарықтаған техникалық мүмкіндіктер жоқ кезде бұл деген керемет. Қиял жүйрік, шексіз, кейде патефонның ішінде кіп-кішкентай адам отырған жоқ па деген де ой келеді.

Отыз-қырық шақырымдай жердегі Ташкентке қарай тура біздің ауылдың үстімен самолеттер ұшады. Шырқау биіктегі олардың тұрпаты ойыншықтай болып көрінеді. Ішінде адам бар деп ойламайсың. Егер олардың ішінде адам болса, патефонда неге жоқ? Міне, бала қиял, балаң түсінік!..

Ертелі-кеш үсті-үстіне қоя берген соң, патефонның инесі мұқалады, мұқалған соң дыбыс қырылдап шығады, кей пластинка шетінен, кейбірі ортасынан қақ бөліне сынып жатады. “Айжан қыз” күйі бар пластинка шарт сынып, жарамсыз болғандағы өкініш осы күнге дейін өзекті өртейді. Ой, дүние-ай!

Аз-мұз толғанысқа түссек, түсіп отырған шығармыз, бірақ, жаңалық ашып отырған жоқпыз (кейінгі және бүгінгі ұрпақ үшін жаңалығы басым болса да). Бұлар балалық шағы соғыс жылдарына тап келген ұрпақ өкілдерінің көбіне таныс, басынан  өткен жайлар, ортақ өмір өткелдері ғой.

Солайша, патефоннан тыңдайтын ән-күйлер жүрекке жетіп, құлаққа сіңіп, естері енді-енді кіріп келе жатқан балдырғандардың саналарына сіңе берді, көкейлеріне тоқыла берді. Оларға күнделікті көріп-біліп, түйсініп-сезініп жүрген дағдылы тіршілік-тыныс, балалық бал дәуреннен де бөлек ғажайып, еш нәрсемен салыстыруға болмайтын тылсым өмір есігі айқара ашылып, іңкәрлік, ынтызарлық алауы жалын атып, лаулай берді, өнер, әсемдік әлемі құшағына тарта берді, құштарлық арта берді…

Соғыс!  Қару ұстауға жарайтын ер-азаматтар ел қорғауға аттанып жатты. Күні кешегі ашаршылық, басқа да нәубеттерден әупірімдеп аман қалып, енді-енді қаз тұрған, енді-енді отау құрған, оларға қосылып, әлі кәмелетке толмаған, әсіре науқан әсерімен екі-үш жасты асыра жаздырған бозбала үрпек бастар комсомолмыз деп олар кетті.

Ел іші жылау-сықтау, қайғы-қасірет. Әкеміз  соғысқа аттанардан сәл бұрын “Қоңыртөбе” колхозынан “Ынталы” колхозына көшіп келген біз осындағы ағайын-туғандар ортасындамыз. Әйел атаулының бәрі – жаңа түскен жас келіншектермен қоса – күні бойы жұмыста: мақта шабады, жегенелейді, арамшөп жұлады, суарады, қысы-жазы мехнат. Ауылдан едәуір алыстағы мақталық алқаптан ертеден кешке дейін әйелдердің қосыла  шырқаған әні естіліп жатады. Жүректі езіп, жанды жасытардай мұңды, зарлы әуендер.

Тұрмыс жүдеу, киер киім, ішер ас тапшы. Соған қарамай, жас келіншектер кешке қарай бір үйге жиналып, қосыла ән айтады, менің соғыстағы  үлкен нағашымның әйелінің осы ауылға келін боп түскен еті тірі, пысық, жалпақ беттеу, сарғыш өңді (ашаршылық жылдары апасы екеуі Қызылорда ма, сол жақтардың бірінен келген, төркін жұрты белгісіз) сіңлісі Бібәйша әпкем тартатын домбыраға саусақтарын сыртылдатып ойнайды (бұл жақта билеуді солай дейді). Дастарқанда ішіп-жейтін түк болмаса да, көңіл көтереді.

Мұны айтып отырғанымыз, ән айтуға үлкен де, кіші де, бала-шаға, кемпір-шал да құмбыл. Және кілең бұрын естілмеген, қайғылы әуендер. Ел басына күн туғанда жұрттың бәрі жабыла өлең айтып, шер тарқататынын сонда көргенбіз. Әрине, бірінен-бірі өткен мұңлы әндер. Оларды шығарған да ешқандай композитор емес, ел-жұрттың өзі. Басқа қайғы орнап, жан қыспаққа түскенде адамдардың өздері-ақ жаңа әуендердің  небір түрін қиналмай тауып ала қояды екен. Оған дәлел, сол шетінен ағып тұрған әншіге айналған ауыл әйелдерінен естіп, құлақта қалған бес әуен әлі күнге жадымда. Өзімше оларды 1941, 1942, 1943, 1944, 1945 жылдарға жеке-жеке теліп қойғанмын. Әрбірінің өзіндік мақамы әр бөлек. Алғашқы екі жылдағысы ерекше зарлы, сай-сүйекті сырқыратады. Одан кейінгі екі жылдағысы сәл мизам таразылау. Қайырмасы “Қасқа төс құнаным-ай, колхоздың орындай жүр планын-ай” боп келетін соңғы – 1945 – Жеңіс жылындағы ән бұрынғы­лардан сәл де болса көңілді, ойнақылау, ептеп әзіл-оспағы да жоқ емес. Оларды ән десе — ән, әуен десе — әуен. Бесеуі бес түрлі, бір-бірімен шатастыру мүмкін емес. Бірақ, бір дәуір, бір кезеңде туғаны сарындарынан байқалып, сезіліп тұрады. Уақыт. Кезең. Тағдыр.

Олар көкейде, нотаға түспеген. Отан соғысы тақырыбына симфония ма, сюита ма, сондай бірдеңе жазуға сұранып-ақ тұрғандай. Өзі де соғыс жылдарының төлі, композитор Мыңжасар Маңғытаев бауырым мен солай етемін деп жүргенде өмірден өтіп кетті. Екі салғырт солайша уақыт өткізіп алдық. Бес әуен күтулі. Оқасы жоқ, әлі де үміт бар, кеш емес.

Соғыс бітті. Ашты-тоқты күндер. Қиындық шашетектен. Майданға кеткендерден тірі келгендер келіп, келмегендер келмеді. Келгендер санаулы, келмегендер бір қауым. Тірілер тіршілік жасамай қайтеді. Әйтсе де, соғыс біткен соң ертелі-кеш жаппай ән салу азайды, күндердің күнінде, тіпті, ат басындай алтын беремін десең де, ілкіде болмаса, ешкім оңайлықпен өлең айта қоймайтын болды.

Бұл ән, күйден қадір кетті деген сөз емес. Оқта-текте шеттен келетін  өнерпаздардың концерт, спектакльдеріне үйіліп-төгіліп баратындарда қисап болмайды. Олар бір аудандағы елу-алпыс шақты колхозды түгел аралайды. Өз аулымыздағы концертті көрген соң, ертеңіне көрші колхозды жағалаймыз. Кейде үшінші колхозға жол тартамыз. Шамасы, концерт бригадалары келген әзірде аудан басшыларына жолығып, шаруашылықтарды түгел аралауға рұқсат алатын болу керек. Әне, сондайда кейбір колхоз бастықтарының оларға тоңмойындық жасап, қабылдағысы келмейтіні байқалатын (ақша төлеуге тарсынады да). Бірақ, бәрібір қабылдайды. Және концерт не спектакльге (әдетте, өнер иелері екеуін де көрсетеді) олар жұрттан бұрын барып, рахаттана тамашалайды. Және мал сойып, қонақ етеді. Осындайда соғыстан соңғы жылдары ауылға Алматыдан күйші Самиғолла Андарбаев, әнші Сара Мамытова, Қызылордадан Нартай Бекежанов келгені еске түседі-ау. Қысқасы, тұрмыс-тіршілік қаншалық ауыр, азабы мол болса да, өнер атты құдырет халық тіршілігінен бір елі ажырамай, қатарласа самғады, күш-жігер, қайрат берді, ең ғажабы, қара домалақ жас өскіндерді алға жетеледі, шабыттандырды, үмітін оятты, сенім ұялатты.

Қайталап айтайық, соғыс аяқталған бойда жұрт бұрынғыдай жаппай ән шырқап, би билемейтін болды дегенде, бұл жалпы өнерден безіну, қол үзу емес, керісінше, сол кезеңдердің өзіне тән үрдіс-болмысы болатын. Ал, жоғарыда қалың қауым соғыс жылдарында сұрапыл мұңға батып, қайғыдан қан жұтқан қаралы шақтарда ән, күй, жыр, қиссалардан жұбаныш тапқаны бөлек ахуал.

Келес ауданы бойынша жалғыз орта мектеп  болып, барша колхоздан бір-екіден жиналған балалар сонда оқыды (аудан орталығында). Бұл тіпті де жетіскендік емес, халық (құрып кетуге аз қалып) саны селдіреп қалғанының айғағы-тын. Мәселен, біз ауылдағы жетіжылдықты бітірген соң, сол жалғыз орта мектептің қатарлас (параллель екі) сегізінші класына барып оқыдық. Бітіргенде де солай. Рас, аудан басшылары мен бірлі-жарым өзге ұлт өкілдерінің балалары оқитын орыс класы болды. Міне, ән, музыка осы кездерде де бізді демеп, қиялға қанат бітіргені таусылмас хикая-тын. Сол шақтарда белең алған қырғиқабақ соғыс қаупі күшеюіне орай “Бейбітшілік сақталады”, “Бейбіт­шілік туы берік қолда”, “Қазақстан”, “Ақ көгершін”, “Алатау”, “Жетісу” секілді патриоттық әндер жиі шыр­қалып, кіл комсомолдар оларды құлшына орындайды. Ол кездерде әлдекімдер о жер, бұ жерде киноға түскен атақты актерлер мен актрисалардың фотосуреттерін сататын. Әркім қалағанын алып, бойтұмардай сақтайды. Олардың ішінде “Біржан-Сара” операсындағы басты рөлдерді орындайтын Байғали Досымжанов пен Күләш Бай­сейітова, Әнуарбек Үмбетбаев пен Шабал Бейсекова, “Абай” партиясын орындайтын Ришат Абдуллиннің суреттері де болады. Бәрінің атақ-даңқына қанықпыз. Фотосуреттерде олардың алған жоғары атақтары, Сталиндік сыйлықтың лауреаты екендіктері жазылады. Оларға көзіміз тоймай қараймыз.

Әрине, олар алыптардың алыбы, басқалар сияқты, ауылға келмейді. Алматыдан оқу бітіріп келгендерден “оларды көрдіңіздер ме?” деп сұраймыз. “Көргенде қандай” деп майын тамыза айтып береді. Аузымыздың суы құрып, таңдай қаға тамсанамыз. Бұл сол кездегі бүкіл Қазақстанға ортақ құбылыс екеніне уақыт өте көзіміз жетті.

Жоғарыда соғыс жылдарының шикіөкпелерін өнерге іңкәр еткен патефон хақында текке айтқан жоқпыз. Орта мектепте оқып жүргенде де патефон әлі бар болатын. Сәті түскенде неше алуан жаңа пластинкалардан бұрын белгісіз талант иелері орындайтын жаңа әндер тыңдайтынбыз. Бірінен-бірі асады, бірінен-бірі әсерлі, әуезді, бөлек үн, бөлек нақыш. «Алқоңыр», «Назқоңыр», “Айттым сәлем Қаламқас”, “Көзімнің қарасы”, “Үкілім-ай”, “Ләйлімді” орындайтын Байғали Досымжанов, “Япурай”,  “Гүл­дерайым”, “Қорлан” (бірінші, екінші түрі), Абайдың әні “Бойы бұлғаң”, “Қор болды жаным”, т.б. әндерді орындайтын Ришат Абдуллин, Ришатқа қосылып та, жеке  де “Бір бала”, “Ертіс” секілді әндерді төгілтетін Мүсілім Абдуллин, “Аққұм”, “Жаяу Мұсаны” айтатын Әнуарбек Үмбетбаевтардың жөні бөлек-тін. Соларды ойлағанда, Алматыға қарай құс болып ұшып кеткің келеді.

Мұның бәрі балалық бал дәурен, бозбала шақтағы тасып-төгілген әсер, таным, сезім, түйсіну, еліктеу, арман, қиял үрдістері, әлбетте.

Ташкент қаласында оқыған студенттік жылдарда да солай. Алматы – арман. Тұрмыс тауқыметінен онда аяқ жетпей қалғаны – өзек өртейтін өкініш. Сонда Қазақ университетінің орыс филологиясында оқитын Әбдіқайым Асанов дейтін жерлес бала болушы еді (онда бір-бірімізді бала дейміз ғой), сонымен жиі хат жазысып, белгілі әншілер жайлы сұраймын, ол тәптіштеп жазып, айыз қандыра жауап береді. “Ришат Абдуллиннің жартылай қараңғы залда Абай ариясын орындауы керемет”, – дейді. Күләш, Шабал, Әнуарбек жайлы жазады. “Ермек Серкебаев дейтін жас әнші шыққан, оның жөні мүлде бөлек”, – дейді.

Күйшілер Жаппас Қаламбаев, Лұқпан Мұхитов, Қали Жантілеуов, әнші Кәукен Кенжетаевты Ташкентке гастрольге келгенде бір апта бұрын билет алып, көзімізбен көріп, өнерлерін тамашаладық. Бірақ олардың арасында Күләш, Қанабек, Құрманбек, Байғали, Әнуарбек, Ришат болған жоқ-тын.

Қалтасы тесік студенттерде радиоқабылдағыш қайдан болсын, ол жарықтық іргедегі Келес ауданында да жоққа тән, кей үйлерде даусы әрең шығатын микрофон деп атайтын қалақтай радио болады. Олардан көбіне орысша музыка, хабар-ошар беріледі. “Қазақ музыкасынан” концерт сирек. Беріле қалғанның өзінде жарты сағатқа жетпей шорт үзіледі. (Бұл өзінше өкініш, алда тоқталамыз).

Қазақ музыкасына табынып, елігіп, ынтызар боп өскен (өзіміз құралпас) барша замандастарға ортақ бұл жайларды тектен-текке баяндап отырмағанымызды шамалайтын боларсыз, ағайын. Музыканы өміріне серік етіп, барша ғұмырын арнаған кешегі-бүгінгі дарын иелеріне бас имеген, мәңгі қарыздар емес пенде болмаған, болмайды да. Әнсіз тіршілік жоқ. Бұл бір.

Екіншіден, ән (музыка) туралы толғаныс бұлармен бітпек те, толастамақ та емес. Сондықтан, жоғарыда айтылғандармен шектеле тұрайық. Ән болған соң, әнші болады: кеңталант та, кемталант та, асығы да, жасығы да дегендей. Ендігі әңгімені қазақ музыкасының (ән өнері)  кезіндегі қос бірдей мәңгі сөнбес жарық жұлдызы, артына өшпес із қалдырып, өнер тарихында аттары алтын әріппен жазылған дара тұлғалар — Ришат Абдуллин мен Байғали Досымжановқа бұратын сәт жеткендей.

Ришат Абдуллин немесе Ришат және Мүсілім Абдуллиндер. Ағайынды Абдуллиндердің айлары оңынан туып, қазақ өнерінің шарықтай дамуына қосқан үлестері қашанда, қай кезде де арнайы сөз етуге лайық (бөлек) әңгіме. Олардың бүкіл қауымды тәнті етіп, таусылмас рухани байлыққа бөлегендері әлі де көп жұрттың жадында, көкейінде, әсіресе, сол қос алыптың көзін көргендерге күні кешегідей көрінетіні де содан болса керек.

Жоғарыда айтылғандай, ес кіріп, етек жапқанға дейін Ришат орындайтын әндер мен арияларды, негізінен, патефон, радиодан естіп жүрдік. Ести білер құлақ, сезе білер жүрек әр әншінің әр әнді өзінше орындау мәнерінен дарын ерекшелігі екшеліп, даралық қуаты сұрыпталатынын да аңғарады. Ришат Абдуллин! Керемет! Ғаламат! “Қорлан”, “Құсни-Қорлан”, “Япурай”, “Қор болды жаным”, “Бойы бұлғаң”, “Гүлдерайым” сынды әндерді одан асырып айтатын жан әлі күнге жоқ деп кесіп айтуға болатындай. Өздерін одан кем емеспіз дейтіндер де бар болса бар шығар, бірақ, Ришаттай қайда, ешкім оның шаңына ілеспейді. Оған ешкім таласа алмайды. Бұл жерде Ришатты асыра мақтап, өзгелерді төмендетерлік дәнеңе жоқ. Ришат орындаған әндер оған дейін қалай айтылғанын кім білсін, бірақ, о баста қалай айтылса, бүгінге солай жеткен деуге сыйымды (деуге болғандай).

Ал, ендеше, айтшы, Абайдың әні “Қор болды жаным”, Естайдың әні “Құсни-Қорлан”, халық әні “Япурайды” Ришаттың көзі тірісінде де, одан бергі уақыттарда да дәл сондай етіп шырқайтын біреу-міреу болды ма? Тіпті, тісі батпайтындықтан ба екен, сірә, солай болар, біз атаған және басқа ғаламат әндерді қазір кім орындап жүр? Ешкім! Байыбына бармай барылдау есеп емес. Мәселен, қазір ешкім де “Қорланды” біреу-міреу жақсы не жаман орындады дей алмайды. Себебі, үлгі етер эталон жоқ. Егер болса, ол – Ришат Абдуллин. “Япурайды” қаз-қалпында, табиғи мәнерімен орындайтын одан басқа кім? Ешкім. “Қор болды жаным” да солай. “Гүлдерайым”, “Алқоңыр” қазір мүлде естілмейді. (Ришат орындамағанмен, “Шама”, “Ардақ”, Ағаш аяқ”, “Сапар”, Жүсіпбек, Манарбек орын­даған біраз әндер де сол кепті киіп тұр емес пе, о жалған-ай!).

Мынадай да ой келеді: қазір, тым болмаса, кезінде Құрманбек, Қанабек, Ришат, Жүсіпбек, Манарбек, Ғарифолла, Рәбиға, Рақия орындаған әндерге бастау ретінде қарап, өз білігінше өзгертіп, құбылтпаса, ойына не келсе соны істеуге құмбыл пенделердің бұрмалауына жол берілмесе дейсің. Бірақ, оны ескеріп, құлағына қыстырып жатқан кім бар? Өзімізге жете мәлім бір айғақты алға тартайық. “Гүлдер” ансамблі алғаш дүниеге келгенде бір топ қыз сахнаға “Бипыл” әнінің негізінде өңделген музыкаға билеп шықты. Кейін Жамал Омарова орындаған алғашқы нұсқа былай қалды да, “Бипылға” ділгер әншілер күні бүгінге дейін биге лайықтап жазылған сол нұсқа бойынша айтып келеді. Құлаққа түрпідей тиеді. Басқа кейбір әндер де солай. Ең қорқыныштысы, солар және басқа әндердің келер ұрпаққа өресі тар біреулердің бастапқы қалпын бұзып айтқанындай, бұрмаланып жетуі ықтимал екені.

Онан соң, әр әншінің (атақтылар, дара талант иелері, әрине) өз қолайына келетін, өзге әншінің орындауына келе бермейтін әндер болатыны да табиғи жай. Айталық, “Құсни-Қорланды” осы күнге дейін Ришат секілді орындай білетін әнші жоқ, күпірлік болмасын, біртуар өнер иесі, бітімі бөлек әнші Байғали Досымжанов орындаған «Ләйлім», «Бурылтай», «Үкілім-ай» әндері де солай. “Үкілім-айды” бүгінде ешкім шырқамайды. Кейде кейінгілер ішінде “Бурылтайды” айтатындар жоқ емес, бірақ, жарымжан мәнермен бұзып-жарып орындайды. Ау, ағайындар, Байғали айтатын “Бурылтай”, “Айнамкөз”, “Көз жібердім алысқа” дейтін әндер Ришатқа қол келмесе, Ришат айтатын әндер Байғалиға “томпақтау” екені айдан-анық емес пе? Сондай-ақ, “Абайдың ариясын” орындайтын Ришаттың “Біржанның ариясына” тісі батпаса керек. Байғали да “Абайдың ариясын” орындады деп естігеніміз жоқ. Сондай-ақ, ол екеуінің де Ермек Серкебаевтың “еншісіндегі” Фигароның каватинасына иектері қышымаған болса керек.

Халыққа кеңінен танымал тұлғалар ішінен Ришат пен Байғалиды бөле-жарып, екеуіне назар аударып отыруы­мыздың себебі де сол. Басқалар жөніндегі әңгіме басқа уақытта. Әзірге…

Бұл екеуінің өздерін де, әндерін де көріп, тыңдаудың сәті өз басыма 1958 жылы жазда дәм жазып, Алматыға келген соң түсті. Сол жылғы желтоқсан айында Мәскеуде Қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігі өтетін боп, күнілгері қызу дайындық жүріп жатты. Неге екенін қайдам, соларды күн құрғатпай жазып, жария етіп отыруға “Лениншіл жас” газетіндегі әдебиет, мәдениет (екеуі екі бөлек) бөлімдерімен қоса, Камал Смайылов басқаратын үгіт-насихат бөлімі де белсене араласты. Камал Сейітжанұлы қарауында әдеби қызметкер боп істейтін  мені екі күннің бірінде біресе драма, біресе опера театры, Роза Бағланова, Жамал Омарова жұмыс істейтін концерттік мекеме, Құрманғазы атындағы оркестр, Хор капелласы, киностудия, т.б. жер­лерге жұмсайды. Жазайық-жазбайық, барып тұру, көріп-біліп тұру міндет. Ең үлкен олжа – Ришат пен Байғалиды сахнадан сан рет көріп, олар орындайтын романс, ария, әндерін айыз қана тыңдау (басқалар да бар екені өз-өзінен түсінікті). Өнер қайраткерлері дайындаған дүниелердің бәрі бірдей Мәскеуге апарылған жоқ, әлбетте. “Біржан-Сараға” даңғыл жол ашылды. “Біржанды” Байғали, “Сараны” Роза Жаманова сомдады (шырқады). Қазір Байғалидың қандай марапатқа ие болғаны есте жоқ, ал, Роза мен опера авторы Мұқан Төлебаев елге КСРО Халық әртісі атанып оралды.

Онкүндікке қатысушылар Мәскеуге аттанардан бір-екі күн бұрын газет ақ жол, оң сапар тілеген қомақты мақалалармен қатар, арнайы тұтас бір бет арнап, Камалдың айтуымен, ол бетті осы жолдар авторы шұғыл түрде дайындады (ескі тігінділерден көруге болады).

Сол күндерді еске алу бүгінде үлкен ғанибет, мәртебе, мерей. Онкүндікке аттанғандарды ІІ Алматы вокзалынан шығарып салу, сусар бөрік киген Сәбит Мұқановтың сөзін тыңдау өзінше дәурен еді. Онкүндіктің қалай өтіп жатқанын көбіне радио арқылы естіп, хабардар боп жүрдік. Біржанның арияларын айтқан Байғалидың Мәскеуден естілген даусы әлі күнге құлақта.

Бала кезден, бозбала шақтан дидарларын бір көріп, әндерін тыңдау арман  болған Ришат пен Байғали секілді алыптармен сахнадан болса да, осылайша ұшырастық, қауыштық, солар жұрт алдына шығатын күні басқаның бәрі қалады, театрға қарай ұшамыз. Радиодан тыңдауға да іңкәрлік мол. Таңертеңгі бағдарламада айтылатын пәлен сағат, пәлен минутта “қазақ музыкасынан концерт” дейтінді қапы жібермеуге тырысамыз. “Көзімнің қарасы”, “Ләйлім”, “Бурылтай”, “Үкілім-ай”, “Көз жібердім алысқа” сияқты маржандарды естуге ынта шексіз. Пай-пай! Қазақ боп жаралғанға мың тәуба!

Мұның бәрі Алматыға келген соң. Әжептәуір қызметкер атанғанмен, бірде аш, бірде тоқ, басында үйі жоқ, үйі жоқ болған соң күйі жоқ, сүр бойдақ, сонда да көңіл көкке шарлап, сырдың суы сирақтан келмейтін, шаттығы мен шатағы аралас, шалқудан шаршамайтын шақтарда. Ришат пен Байғалиды көрген соң… Сахнадан…

Кездесу, жүздесу, сәлемдесу, тілдесу, сөйлесу… олар кейін. “Лениншіл жас” газетінде жылдан астам қызмет еткен соң, тағдыр әлдебір себеппен Сарыағаш аудандық газетіне топ еткізбесін бе? Онда да бірқауым жұрт. Редакцияда жоғары білімді маман біреу – редактор. Қалғандар одан-бұдан, ойдан-қырдан, жүрек қалауымен жұмыс істеп жүрген мықтылар. Ол мықтылар анау-мынау емес, астанадағы “Лениншіл жастан” құдай айдап келген “мықтыны” ортаға алып, көркейіп, көбейіп, тасып-шашып жүреді. Аузын ашса жүрегі көрінетін, шетінен ақжүрек, жаны жайсаң жампоздар. Алматыдан келгеннің республи­калық, облыстық басылымдарда әлсін-әлсін жарық көретін көлдей-көлдей жазған-сызғандарына елден бұрын қуанып, қалпақтарын аспанға ататын да солар. Өйтпей қайтсін. Ұзамай тілдей сары қағаз келеді емес пе? Жай қағаз емес, мыс-мыс қаламақы, ақша. Енді оны «жумай» көр!

Бірде Сарыағаш курортына демалу үшін Ришат Абдуллин келіпті десті. Ертеңіне салып ұрып сонда жетейін. Ришатты тауып, палатасына батылдана кіріп барайын. Жұқалау өңді, ақ сары, көкшіл көз, көркем кескінді әйелі екеуі отыр екен. Салқындау сөйледі. Солай да солай, сыртыңыздан сыйлаймыз, Алматыда жұмыс істедім, сіз қатысқан спектакль, концерттерге талай бардым дегенге селт етпейді. “Қымызға қалайсыз?” – дегенде барып сәл түсі жылығансыды. Жақын маңдағы бір кезде бүкіл Өзбекстанды қалтыратып-дірілдеткен атақты Қараман қарақшының ауылынан қымыз әкелінді. Ришат ағамыз алғыс білдіру ырымын жасады. «Аты-жөнің кім?» деген жоқ. Кім демесе де, өзім айтқаныма “иә” деуден аспады. Мінезі ашық, жылы жүзді әйелі қарапайым, қазақшаға ағып тұр. “Ертең Алматыға қайтамыз, Ташкенттен ұшамыз” дегенінен демалыс мерзімдерінің біткені аңғарылды. Солайша бұдан кейін де күн құрғатпай келіп тұру, жақынырақ танысу, сырлас-сыйлас болудың “күлі көкке ұшты”. Қоштастық. Алда қашан, қайда, қалай кездесеміз, ондай нәрсе маңдайға жазылған ба, жоқ па, олар жайлы сөз болған жоқ, болуы да мүмкін емес-ті. Қош, Ришат аға, арман аға, осыған да шүкір, салауат.

Міне, бұл Ришат әншімен тұңғыш рет бетпе-бет жүздесіп, аз-мұз тілдесу, сөйлесудің алғашқы ұшқыны еді. “Ой, бәленше, – деп атымды атап, – бізді анау жездеміз журналға бір рет те жазбады ғой, енді өзің бірдеңе етсейші”,– дейтініне алда әлі он бес жылдай мезгіл бар еді.

Өз бағасын білетін дара дарындар кез-келгенге неге бірден ашыла салсын. Ал, мен Сарыағаш курортында Ришатпен алғаш жолыққанда – мың жерден Алматыда жұмыс істеп келсем де – ол үшін қаймана көптің бірі емес пе едім. Оның үстіне, кейіннен куә болғанымдай, Ришат та, Мүсілім де өздерін паңдау ұстап, кім-кімге де ағынан жарылмайтын жандар екен. Алайда, екеуінің де ашық-жарқын, қарапайым, кішіпейіл екеніне күмән-күдік қалмаған күндерге де жеткенбіз. Артығымен десе де болады.

Ришат және Мүсілім Абдуллиндер жайлы екінің бірі біле бермейтін жайлар қазір де аз болмауға тиіс. Мысалы, олар қоғам және мемлекет қайраткері, киностудияда сценарий бөлімінің бастығы, мәдениет министрінің орынбасары, “Мәдениет және тұрмыс” журналын ашуға бірден-бір ұйытқы, себепкер әрі  сол басылымның тұңғыш редакторы болған, ұзын-ырғасы он бес жылдай басқарған марқұм Мұса Дінішевтің зайыбы Кәмилә Мұқымқызы Абдуллинаның туған інілері екені базбіреулерге күні бүгінге дейін жаңалық боп көрінетініне талай рет куә болғанбыз. Кәмилә апай да таңдайынан бал тамған әнші, қазақ өнеріне бір кісідей үлес қосқан аяулы жан болатын. Екі інісі — Ришат пен Мүсілімді Алматыға шақырып, қамқорлық жасағанын әншілікке баулығанын жол нұсқағанын апайдың өз аузынан талай естігенбіз. Жекелей де, дуэтпен қосылып ән шырқайтын ағайынды Абдуллиндер де апайларын төбелеріне көтеріп, сый-құрметтерін аямайтын. Қазіргі  әнші Әлібек сол Кәмилә апай мен Мұса Дінішевтің кенже ұлы. Ал, мен Мұсекеңмен он екі жылдан астам бір шаңырақ астында қызмет еттім. Оның ішінде төрт жыл, яғни, Мұсекең пенсияға шығып, “Мәдениет және тұрмыс” журналынан басқа жұмысқа ауысқанға дейін оның орынбасары болдым. Соған орай ағайынды Абдуллиндермен де жақынырақ танысып, Ришатпен де, Мүсіліммен де дәм-тұздас боп, көрісіп-білісіп жүрдік. Мүсілім де дарабоз әнші, әрине. Қазақтың халық әні “Бір бала”, “Ертісті” нәшіне келтіре шырқайтын Мүсілімдей әнші әл-әзір жоқ деп батыл айтуға болады. Ол өзіне тиесілі арияларды да, классик композиторлардың романстарын да шебер орындайтын. Ришат екеуі қосылып айтатын «Туған ел», «Жан ерке» әні неткен керемет-тін. Кәмилә апай отбасы жағдайына байланысты әншіліктен ерте қол үзсе де, екі інісі мен ұлы Әлібектің аяқ алысын үнемі бақылап, бағдарлап, назарда ұстады. Жасы тоқсаннан асып дүние салды. Жаны жәннатта болсын.

Жалғасы бар.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *