РИШАТ ПЕН БАЙҒАЛИ

Бұрынғының адамдары-ай!

 

10Соңы. Басы өткен санда

Зәкір АСАБАЕВ

1976 жыл. Маусым айының соңғы күндері. Орталық партия комитеті ойламаған жерден Мұсекеңді пенсияға шығарып, басқа қызметке ауыстырды. Жеті айға жуық редактор болмай, ол міндет уақытша маған жүктелді. Мұсекең кеткен соң арада екі-үш күн өтер-өтпесте кабинетіме Ришат кіріп келсін де: “Әй, пәленше, – деп атымды атасын. – Анау Мұса жездеміз жақын адамдарын мақтады деген сөзден қорқып, Мүсілім екеумізді осы журналға шығармады ғой. Енді соны сен қолға алсаң қайтеді? Әлде, сен де қорқасың ба? Онда ашып айт. Қандай жазығымыз барын білейік”, – десін.

Мұндайды күтпей, сәл абдыраған мен пақыр:

– О, жоқ, Реке! Мұсекең принципті адам ғой. Сіздер туралы жазамыз, суреттеріңізді басамыз,– деп жік-жапар болып жатырмын.

– Е, бәсе,– деп жымия езу тартты. – Онда кешіктірме, сол үшін келдім.

Сол замат, сол сәтте Рекеңнің көз алдында фототілші В.Мыльниковке тапсырма берілді.

Өз мамандығының хас шебері, марқұм Мыльников сол күні барып Ришаттың ұлы Заурды ортаға алып, ағайынды Абдуллиндерді фотосуретке (слайд) түсіріп келді. Ертеңіне жұмыс басталар-басталмаста телефон соққан Ришат: “Мақала жазасыңдар ма? Кім жазады?” – десін менен бұрын қимылдап.

– Мен жазсам қалай көресіз? – деймін.

– Дұрыс көремін,– дейді ол. – Үйге келесің бе, өзім барайын ба?

– Келсеңіз болады, – дедім.

– Міне, қазір, – деп ұзамай жетіп келді.

Бұл шығармашылық биігіне әлдеқашан көтерілген ағайынды Ришат және Мүсілім Абдуллиндердің кемелдеріне келіп, атақ-даңқтары дүрілдеп тұрған кез. Тиражы 400 мыңнан асып, күллі республикаға кең тарайтын “Мәдениет және тұрмыс” журналының беделі де аспандаулы шақ. Айтулы журналда күллі театр, концерттік мекемелерден бастап, халыққа белгілі өнер өкілдері жайлы үзбей жазылады. Белгілі композиторлардың жаңа әндері (көбі) сиясы кеппей жатып (редколлегия мүшесі Еркеғали Рахмадиевтің батасымен) жарық көреді. Нариман Қаражігітов, Шолпан Тоқсанова, Аманкелді Сембин, Бақыт Әшімова сынды әншілер сахнаға шығар-шықпаста аталмыш журналда насихатталған-ды. Әдебиет және өнер бөлімінің меңгерушісі Берқайыр Аманшиннің ұсынысымен Әлібек Дінішев жайлы да көлемді-сараптамалық мақала басылды. Қайсыбірін айтайық. Міне, енді «ештен кеш» болса да, ағайынды Абдуллиндерге де “кезек” жетіп отыр. Ришат алдымда отыр.

Шынымды айтсам, онымен емен-жарқын сөйлесуге батылым жетпей, қысылатын сияқтымын. Соны аңғарған Ришат:

– Менің барым осы, көп шешілмейтін, көп сөйлемейтін, сирек күлетін, тіпті, күлмеймін десем де болады, суық адаммын. Оған қарама, не білгің келеді, сұрай бер, – деді қатқылдау үнмен.

Ойға түскен, қажет деген сұрақтарды беріп жатырмын (олар көл-көсір). Тұжырымдап, қысқа қайырып. Әлгіде ғана көп шешілмеймін, көп сөйлемеймін деген әнші, бұған дейін солай болса, солай шығар, бірақ, бұл жолы ағынан жарылып айтты да, ынты-шынтымен күлді де, ән де шырқап жіберіп отырды. Ол жолы қойған сұрақтар мен қайтарылған жауаптарды (көбі көкейде сайрап тұрса да) қазір түгел келтірмеймін. Тек, бір-екеуі болмаса…

– Өскеменде тудық. Мүсілім де, мен де бала жастан әнге ғашық боп өстік. Қазақтың халық әндеріне. Соны байқаған Кәмилә апамыз Мүсілім екеумізді Алматыға алдырып, әуелі осында, онан соң Мәскеуде оқытты-тоқытты, тәрбиеледі. Сол үшін оған қарыздармыз, – дегені есте (кезекті сұраққа орай).

– Ол жағынан аздап хабарым бар, Ришат Мұқымұлы, – деймін мен де сәл еркіндеу сөйлеп. – Қазақтың халық әндерін сізден артық шырқайтын әншіні білмеймін, білген де емеспін, – деймін көлгірсіп, күлбілтелемей.

Мақтау кімге жақпасын, бірақ, бұл анау-мынау мақтау емес-тін, әлгі сөздер буынын балқытқан Ришаттың сұсты жүзі жадырап, құлпыра түсті, көздері күлім қағып, жайраң қақты.

– Әсіресе, “Япурай”, “Құсни-Қорлан”, “Алқоңыр”, “Ертіс”, «Нұркей», “Еркем-ай”, Абайдың ешкім орындамайтын әндерін шырқағанда өлтіресіз… – деймін.

– “Ертісті” мен айтпаймын, Мүсілім айтады, ол соның еншісіндегі ән, ал Абайдың ешкім орындамайтын әндері дегенің дұрыс емес, орындай алмайтын десең, бір басқа. Өзің айтшы, “Қор болды жаным”, “Бойы бұлғаңды” менен басқа қай әнші орындайды? Тыңдаған жоқсың, солай ма?

Ришатқа сонда солай деген болсам, әлі солай. “Япурай”, тағы басқалар жайлы да солай. Жуырда әлдебір атаулы концертте “Япурайды” бір жас әнші хордың сүйемелдеуінде орындаған болды. Құдай сақтасын, жұлма-жұлмасын шығарып, тері тонын теріс айналдырғандай етті. Ол тұрмақ, “Япурайды” Ришат сияқты тағы бір КСРО халық артисі орындағанда да, әрі де, мәні де солғындап, жүрекке жетпейтін. Рас, ол өнерпаз өзге ария, романс, әндерді шебер орындайды, талас жоқ. Бірақ, “Япурайға” тісі батпайтын. Жоғарыда айтқандай, бұл заңдылықтың бір түрі болса керек.

Иә, тағы да шегініске жол беріп алдық… Ришатпен әңгіме жалғасуда. Біраз әндердің атын атап, оған «соларды шырқағанда өлтіресіз» дедім бе? Иә, осы сөз діттеген жерге дәл тиді-ау деймін, өйткені, мен солай дегенде Ришат “өлтіресіз дейсің бе?” деп бір қойды да, екінші, үшінші рет: “Өлтіремін бе? Өлтіремін ғой, ә?” – деп одан сайын нықтай, шегелей түсті.

– Өлтіресіз, – деймін мен де құлшына серпіліп.

Сол жолы ұлы әншімен үш сағаттай әңгімелесіп, жылы қоштастық.

Ұзамай журналда ағайынды Абдуллиндердің Ришаттың әнші баласы Заурды ортаға алып түскен айшықты суреттерімен бірге, көлемді мақала жарыққа шықты. Оншақты журналды үйіне жібердік. Ришат телефонмен алғыс айтты. Ондай тұлғалар юморды неге түсінбесін: “Әй, – деді атымды атап, – өлтіріпсің!”– деді жоғарыдағы менің өзі жөнінде айтқанымды қайталап.

– Ой, қойыңыз, Реке! Өлтіргені несі?

– Қойсаң қой, өлтіріпсің, білдің бе? Енді қазір үйге кел. Шай ішеміз!..

Ришатпен бір жолғы кездесіп, әңгімелесудің қысқаша жай-жапсары осындай. Оған егіздің сыңары боп келетін Мүсілім жайлы да айтар әңгіме аз емесі хақ, алайда, оның да уақыт-сәті келе жатар. Ағайынды Абдуллиндер қай-қай жағынан да бір-бірімен шамалас, тұрғылас, деңгейлес, бірінен-бірін бөле қарауға болмайтын, екеуі де алып, дарынды әншілер, алабөтен өнер иелері. Тіпті, бірі КСРО, бірі Қазақ КСР-ның халық артисі болса да…

Қашанда ақырын жүріп, анық басатын (замандастарының естелігі бойынша), көше қиылысынан бір қарап, екі шолып өтетін, кешкі сағат тоғыздан кейін тысқа көп шықпайтын, темекі, ішімдікке бой алдырмаған Ришат Мүсілімнен біраз жыл бұрын бақиға аттанды. Керісінше, серілерше сермеп, еркін жүріп, еркін тұрған Мүсілім ұзақ уақыт өнерден қол үзбей, туған халқының (қазақ деп біл) ортасында айшықты ғұмыр кешті. Алматының қақ ортасында екеуінің атында “ағайынды Абдуллиндер” көшесі бар. Ұрпақтары өсуде.

Қазақ музыкасы. Құдыреті ғаламат. Тылсымы түпсіз. Саралау-сараптауға тіл де, мүмкіндік те жетпейді. Біздікі – жай әшейін елірме әсер, татымы кем тамсану, бөстекілеу әфсана, қаймана пенденің түйсік-толғамы десе де жетіп жатыр. Бар болғаны…

Ришатпен сиректеу болса да кездесіп, әңгіме-дүкен құру бұйырса, тұла бойы нәзік сезімге толы, жарық жалғанға қазақ музыкасының құдыретін жарқырата жария ету үшін жаралған (деуге болатын) бірегей әнші Байғали Досымжановпен ондай мүмкіндік бола қойған жоқ. Ес білгеннен сырттай табынып, тамылжыта шырқайтын әндерін еліте тыңдап ержетсек, әсем шаһар Алматының ауасын бірге жұтып, бір мекенде жасасақ та, не қызмет бабы, не басқадай жағдайда жолығып, сұхбаттасу, пікір алмасудың реті келмепті. Кейін әнді қойып, ұзақ жыл опера театрында бас режиссер болған оны сонау елуінші-алпысыншы жылдарда сахнадан көріп, тыңдап жүрдік, оған да шүкір, тәуба.

Байғали деген – Байғали. Иә, ән шырқауды ертерек доғарды-ау деймін. Оған опера және балет театрында ұзақ мерзім бас режиссер болғаны да себеп болды ма екен, кім білсін. Жо-жоқ, оны бетпе-бет таныс болмағанмен, мереке-жиындарда, жоғары деңгейдегі мемлекеттік шараларда сан рет көріп, сәлемдесіп жүрік. Пәлендей көпшілдігі жоқ, томаға-тұйық, саяқ жүруге құмбыл пендеге ұқсаңқырайтын. Солай екеніне тағы да сол “Мәдениет және тұрмыс” журналының тұңғыш редакторы Мұса Дінішевтің 80 жасқа толған мерейтойында көз жеткендей болды.

Өзі негізін қалаған “Мәдениет және тұрмыс” (қазіргі “Парасат”) журналынан қашан бақилық болғанша қол үзбеген Мұса Дінішев 80-ге толған мерейтойына (1992 ж.) Смағұл Елубаев екеумізді арнайы шақырды, гүлімізді алып, бірге бардық. Ол кезде Мұсекең тың, ширақ, көру, есту қабілеті қалпында, әзіл-қалжыңын айтып, би билеп, көңілді жүрді. Қалай дегенде де, қатары сирей бастаған замандастарынан өзі сыйласатын (Төлеутай Ақшолақов секілді) біраз үзеңгілестері де отырды дастарқан басында. Олармен бірге басқа да жастары ұлғайған біраз өнер тарландары болды. Ағайынды Ришат және Мүсілімдер жоқ, ол кезде о дүниелік. Менен жоғары, сол жағымда Байғали Досымжанов, одан кейін зайыбы Хадиша Бөкеева отырды. Кейде құдай берерін осылай да береді. Олардың бұл жиынға шақырылу себебі  кейін белгілі болғандай, Хадиша Бөкеева Мұсекеңмен бір өңірден, ертеден аралас-құралас, сыйлас екен. Бұл Хадишаның Мұсекеңнен көрген қамқорлық, кісілік бейнесін көзіне жас ала тұрып тебірене сөйлеген сөзінен де байқалды. Байғали – Хадишаның жар қосағы. Және олар екеуі де бүкіл өмірін өнерге арнаған, Мұсекеңмен былай да бір саланың адамдары. Сондықтан да мен Байғали сынды самдағай әншімен бірінші (және соңғы) рет бір дастарқан басында қатар отырып, дәм-тұздас болдым. Сірә, «жақсының шарапаты» деген сол болар. Ришат, Байғали. Екеуімен де Мұсекеңнің арқасында азды-көпті дидарластым. Ришатпен көбірек. Байғалимен бір-ақ рет.

Байғалидың алдындағы тарелкаға оны-мұны тағам түрлерінен салған боламын. Бір ауыз тіл қатпай, болар-болмас бас изейді де қояды. Дұрыстап ештеңе жемейді. Ештеңеге елікпейтін, қызықпайтын адамша үн-түнсіз, тұнжыраған қалпынан бір айныса неғылсын. Сонда да…

Ептеп сөзге тартсам, не айтатынын, сөйлеу мәнерін естісем деймін. Қайдан! Алдырмайды. Паңдық, менмендік, тәкаппарлық емес. Тіршіліктен безініп, суынып, тәрк етіп, кәріліктен қажыды деуге де келмейді. Таза болмыс, жаратылыс, табиғи кескін, бітім-тұлға.

Сонда да той емес пе және кімнің тойы! Әне, Мұсекеңнің ұлы Әлібек бастаған жезтаңдай дарындар кезек-кезек бірі ән салып, бірі күй шалқытып, би билеп, думандатуда. Осындайда нәзік сезімді өнер иесі емес пе, Байғали қанша жерден Байғали болса да, бір сәт шіркін-ай, орнынан атып тұрып “Бурылтайды” әуелете салса несі кетер еді деп те дәметеміз ғой, баяғы. Жо-жоқ. Атама. Айналадағы қауымға қызмет жасап жүрген Марат Мәжитов бокалға құйып ұсынған шарапты да Байғали былай ысыра салды. “Алып жібермейсіз бе?” – деген менің бір ауыз сөзіме де Байғалидың орнына Хадиша: “Болмайды!” – деп зірк етті. Болды, болды, қойдық, ойбай!

Ал, енді осыдан кейін бір ән салып бер деп қолқалап көр. Байғали оп-оңай сарқырай жөнелетін тау бұлағы, не Сайрамсудың сандуғашы, немесе бір желпінсе, көзі ұйқыға ілінбей желігі басылуы екіталай сен де, мен де емес, Қазығұрттағы Нұқ пайғамбардың кемесіндей нық, тау қозғалса қозғалмайтын зілқара, салмақты, салдарлы, салиқалы, сырбаз, зипа жан. Мәдениетті, зиялы, жаны жұмсақ, пейілі кең, ізгі жүректі, асқақ та айбынды, айбарлы ақбура!

Ерлі-зайыпты  Байғали Досымжанов, Хадиша Бөкеева – қос абыз, хас өнерпазға бек жарасады осы отырған отырыстары!

Байғали елден ерек айтатын “Үкілім-ай”, “Ләйлім”, “Жиырма бес”, “Көз жібердім алысқа”, “Көзімнің қарасы”, “Жан сәулені” бұл жолы оның орындауында естімейсің. “Бурылтайды” аузыңа алма. Қош бол, “Бурылтай!”

…Байғали қайтыс болды. Қалың қауым онымен өзі өмір бақи қызмет еткен Абай атындағы опера театрында қоштасты. Қаралы шеру “Кеңсайға” бет алды. Байғали кетіп барады. Келместің кемесімен. Көңілде мұң, жүректе нала…

Көкейде: “Қош, Байғали!”

Тіл ұшында: “Қош, Бурылтай!”

 

* * *

Ришат, Байғали. Қос алып, қос бәйтерек, қос жұлдыз. Қазақ музыкасының қос шамшырағы. Халық жадынан өшпейтін қос әнші. Қазақпен бірге жасай беретін аяулылар. Абдуллиндер атында көше бар (дедік). Байғали атында не бар? Белгісіздеу… Абдуллиндер атында көшеден бөлек не бар? Белгісіздеу…

Ойлан, қазақ! Ойхой, дарқан қазақ!..

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *