РЕЖИССУРАДАҒЫ БИІК ШЫҢ

maxresdefault

Есмұқан Обаев, Қазақстан Республикасының халық әртісі

 

РЕЖИССУРАДАҒЫ БИІК  ШЫҢ

 

Құрекеңнің қамшысы

Сахна деп отырғанымыз бір үлкен станок секілді. Репетиция сол станоктың үстінде өтіп жатыр. Ал әртістер әншейін, өздерінің күнделікті көшеге киетін киімдерімен жүр. Содан ба, әйтеуір, олардың бұл дайындықтары айналадағы тамашалап отырған жұртқа онша әсерсіз, қызықсыз болып көрінетін сияқты.

Әйтсе де, сахнаның қарсы алдына тұрып алып, әртістерге қатаң нұсқау беріп, біресе ойнаңдар, біресе тоқтаңдар деп бұйырып, кей-кейде өзі де ортаға атып шығып, не істеу керек екенін көрсетіп, күйіп-пісіп жүрген режиссердің қимыл-қозғалысы, жүріс-тұрысы бізге өте қызық болып көрінеді.

Сол бір жылдардағы сәнге лайықты жылтыр қара әміркен етігінің қонышынан қамшының сабы қылтияды. Кейде сахнадағы ойынға көңілі толмаған кезде соны суырып алып, олай-былай сілтеп-сілтеп жібереді. Бұл оның: «Тоқтаңдар! Қайта бастаңдар!» деп қынжылған сәтте өзіне де, өзгелерге де қуат, жігер беретін құралы секілді.

Біз – болашақ режиссерлар осы бір қызуқанды, өте талапшыл, тегеурінді режиссерға іштей табына қараймыз.

Сахнада сүйгенінен айрылып, құшнаш боп тентіреп кеткен Сырымның бір кездері есінен шатасып, дертті боп қалған Қарагөзге келіп, қолынан ұстап:

– Ән салсам, мені есіңе аламысың? Сөйлесемісің менімен? – дейтін сәті бейнеленіп жатыр.

Қарагөз (мағынасыздау). Иә, иә… Ән салшы. Мен сені білем.

Сырым. Сәулем, көлеңкем!.. Қайғылы, дертті қарлығашым!.. (Жылап.) Сен кеткен соң, менен өлең мен ән де кетіп еді… Айтсам – жылау үшін айтушы едім… (Жылай отырып, өлеңмен сөйлейді.)

Дариға дәурен өтті, күнім бітті,

Оқ тиді, ұшырадық – қарғыс жетті,

Бұл күнде сор қамаған қаралы боп,

Көңілді қайғы басып зар еңіретті.

 

Лашын ем құйқылжыған, дерт күйзелтті,

Айрылдым асық жардан күн сәулетті.

Семген гүл, өлген бұлбұл қайғысынан,

Қайрылып қос қанатым, ажар кетті…

Осы кезде аспаннан жай түскендей боп кенеттен: «Тоқта!» деген режиссердің даусы саңқ ете қалады.

«Япыр-ай, тағы да неменесі ұнамай қалды екен?» дейміз біз станок-сахнаға үздіге қарап. – Жап-жақсы-ақ айтып келе жатқан сияқты еді…».

«Жо-жоқ, – дейді режиссердің әртіске көңілі толмай. –Жеткізе алмай жатырсың! Сағынышы қайда Сырымның? Ынтыққан, зарыққан көңілінің ыстық, жаралы лебі қайда?».

Бұған әлгі станок-сахнаның алдына отырған қазақ өнерінің алыптары да бас шұлғып, түгел қоштап: «Иә, қайда? Қайда?» – дегендей болады.

Сырым мен Қарагөздің рөліндегі қыз бен жігіт екіге айрылып, бір-бірінен алыстап барып, қайта бастайды.

Міне, осы бір көріністі олар табандатқан екі сағат бойы тапжылмай қайта-қайта қайталады.

Ары қарап, бері қарап, бір кезде әбден жалыққан біз: «Е-е, репетиция дегенің осы болса, біздің ендігі күніміз күн емес екен!» – деген оймен орнымыздан қинала тұрып, жатақханаға қарай аяңдадық.

Бұл – бірінші көрген репетициямыз – бүкіл қазаққа есімі белгілі актер әрі режиссер Құрманбек Жандар­бековтің кезекті рет қойып жатқан «Қарагөз» спектаклінің дайындық жұмыстары еді.

Кезекті рет дейтін себебіміз, Құрманбек ағамыз «Қарагөзді» алғаш 1926 жылы сахналаған екен. Бірақ, ол кездегі спектакль мен бұл кездегі спектакльдің арасы жер мен көктей екенін сол кездегі өнерсүйер қауым жақсы бағамдайтын-ды.

Есімде қалған ерекше деталь – режиссердің қонышындағы қамшы болса керек. Себебі, балалық көңілмен: «Қыза-қыза келе мына кісі байқамай әртістердің біреуін тартып кеп жібермес пе екен?..» – деп алаңдап отырған сияқтымын.

Ал қазір…

Кей-кейде сол баяғы бір көрініс көз алдыма келгенде: «Қамшы – қасиетті құрал емес пе. Ата-бабаларымыз дауласқан тұста алдына қамшы тастап сөз алған ғой. «Тоқтат!» деп әмір еткенде де қамшысын жоғары көтерген», – деп ойлаймын.

Иә, қысқасы, режиссердің қонышындағы қамшы да сол шақта өнердегі өз міндетін атқарып жүрген секілді.

 

Әзекеңнің кезеңі

 

Қазақ режиссурасындағы ірі тұлға, жарық жұлдыз – Әзірбайжан Мәмбетов екендігі барша жұртқа белгілі. Өткен ғасырдың 70-80-жылдарында әкемтеатрдың қойылымдары жарты әлемге танылып, театр тарихындағы қайта өрлеу кезеңі болғанын көзіқарақты көрермен жақсы біледі.

М.Әуезов театрының кассасынан билет алу үшін ұзынсонар кезекке тұратын жұрт әлі күнге дейін көз алдымда. Билет жетпей қалған кісілер кешкілік ғимараттың алдына келіп: «Артық билетіңіз бар ма?» – деп қиылып сұрап тұратын-ды. Өз басым, жастарға, әсіресе, сүйген қызын ертіп келген жігіттерге өз билетімді беріп, спектакльді залдың бір бұрышында түрегеп тұрып тамашалаған кездерім талай рет болды.

Ол бір бақытты, ол бір шуақты, шығармашылық ізденістер мен жетістіктерге толы кезең еді ғой.

Бүгінгі көзі тірі әріптестерімнің есінде болар?! Сондықтан, олардың ешқайсысы да дау айта қоймас!..

Әкемтеатрдың осынау шабытты, табысты кезеңін бір ауыз сөзбен – Әзірбайжан Мәмбетов кезеңі деп атасам, бас шұлғып, келісетін болар.

Әзекең репетицияны жылдам, ширақ, шапшаң өткізетін режиссер еді. Ол актерлерді тез оятатын. Сахнада жасайтын қимыл-қозғалысын кейде өзі көрсетіп, өзі «подсказ» беріп тұратын.

Актер спектакльдің атмосферасына енгеннен кейін ғана образ жасай алады. Өз болмысын, өз көзқарасын, өз тіршілігін ұмытып, кейіпкерге айналады. Бұл аса маңызды әрі күрделі процесс.

Әзекең, міне, осы өткелден оларды өте тез өткізіп алушы еді.

Оның спектакльдеріндегі әрбір қимыл, қозғалыс, музыка сөйлеп тұратын-ды.

Естеріңізде ме, Ш.Айтматовтың «Құс жолы» повесінің желісі бойынша қойылған «Ана – Жер-Ана» спектаклі. О-о, бұл – Әзірбайжан Мәмбетов шығармашылығындағы ең бір сұлу, ең бір биік шың ғой.

Естеріңізде ме, осы спектакльдегі Қасым (акт. Н.Жантөрин) МТС-тан сыйлыққа алған велосипедіне мініп, егіс басында тұрған комбайнына қарай кетіп бара жатқанда бір топ әзілқой келіншек оны жолда ұстап алушы еді ғой.

Әне, сондағы: «Сен неге велосипедіңнен түсіп, бізге сәлем бермейсің? Құтырған екенсің! Орақшыларды көзге ілуден қалған екенсің!» – деген көңілді дауыстармен бірге ойналатын музыканы айтсаңызшы. Әлгі оқиғаның ішінде тап бір өзің де әзілдесіп, күліп бірге жүргендей көңілің шалқып, езуіңді жия алмай, мәз-мейрам боп қалушы ең-ау.

Сөйтіп, Қасымды әбден әурелеген келіншектердің бірі оның велосипедіне дұрыс отырмай: «Ойбай, апамның баласы, өлдім, өлдім, жығылдым, ойбай!» – деген кезде, бер жақтағылар қыран-топан күлкіге батып: «Өлсең де, мойнынан құшақтай жығыл!» – деп, даланы басына көтере шуласатын.

Сіз мұнда, театр залында отырғаныңызды, ал анда, сахнада әртістер ойнап жатқанын, әлдеқайдан естіліп тұрған музыка көңіліңізді баурап алғанын мүлде ұмытасыз. Сезбейсіз. Құдды бір, нақты өмірдің өзі тізіліп, көз алдыңыздан өтіп жатқандай күй кешесіз.

Бұл – өнердің құдыреті!

Бұл – осынау өнер шығармасын дүниеге әкелген суреткер қаламының, оны сахналаған режиссердің, рөлдерде ойнаған актерлардың, музыкасын жазған композитордың шығармашылық бірлестігінің үйлесімінен, үндестігінен туған құдырет!

Әрине, Мәмбетов өз биігіне жалғыз шыққан жоқ. Оның жанында Нұрмұхан Жантөрин, Ыдырыс Ноғайбаев, Сәбира Майқанова, Бикен Римова, Асанәлі Әшімов, Фарида Шәріпова, Сәбит Оразбаев секілді бір топ өнер алыптары болды.

Олар туралы әлі де ғұмырым жетсе айтармын. Сон­дықтан, менің есімім, оның есімі неге аталмай қалды дейтін әріптестерім болса, асықпасын, айып етпесін.

Біз айта алмағанды, Тарихтың өзі айтады.

Өнер биігіне шыққандардың көрінбей қалуы, Асқар досым (Сүлейменов) айтатындай – БЕЙМҮМКІН.

 

Әңгімені әзірлеген – Нұрғали ОРАЗ.

 

Жалғасы бар

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *