РЕЗЕРВТІ ЖҰМЫЛДЫРУ – ДҰРЫС ШЕШІМ

Мұрат ЖҰРЫНОВ,  ҚР ҰҒА президенті:

— Әскери қызметшілерді әскери жиындарға шақыру – мемлекеттік ауқымдағы іс-шараларды қолдау үшін ұйымдастырылып отыр. Өте дұрыс шешім болды деп ойлаймын. Керек десеңіз, бұл, әлемдік маңызы бар қажетті шара. Бүкіл дүние жүзі елдері коронавирус пандемиясын ауыздықтау үшін күресіп жатқанда, біздің мемлекетіміз де қауіпті індетке қарсы шараларды ә дегеннен-ақ бастап кетті. Бірқатар мемлекеттердегі апатты жағдайларға қарағанда біздің еліміздегі эпидемиологиялық көрсеткіштердің қалыптылығы сол шұғыл қауіпсіздік шараларының дереу қолға алынуының арқасы дер едім.

Ең алдымен, бұл – жалпыхалықтық іс. Еліміздің қауіпсіздігі, болашағы үшін мұндай кезеңде әркімнің азаматтық белсенділігі маңызды, перзенттік парызы міндетті. Мемлекетіміз де азаматтарының қауіпсіздігі үшін барлық жағдайды ойластырып отыр. Жиынға шақырылғандардың жұмыс орындары сақталады. Жалақылары бойынша да олар ұтылмайды. Жұмыссыз отандастарымыз үшін де бұл қолдау – тамаша мүмкіндік. Жұмыс істеп, жалақы алады. Басқа өңірге емес, әркім өздерінің тұрғылықты аумақтарында жұмыс істейтін болады. Күнделікті жұмысқа барып, кешкісін отбасына оралады. Яғни, әскери жиынға шақырылатындар қай жағынан алсаңыз да қысастық көрмейді.

Бәрімізге белгілі, Отан үшін қандай кезеңде де, төтенше жағдай бола қалса әскери-азаматтық-перзенттік борышқа деген міндет орындалуы тиіс. Бұл бізге бабаларымыздан қалған аманат: ең алдымен мемлекеттің қауіпсіздігі мен болашағын қамтамасыз ету міндеті тұрады. Сол себепті де резервтегі әскерилерді пандемия індетімен күреске жұмылдыру – дұрыс шешім. Мұндай шешімді көрші республикалардың басшылары да көп кешікпей қабылдайтыны анық. Эпидемиологиялық жағдай барлық мемлекеттерден ортақ іске бір кісідей жұмылуды талап етеді.

Осы орайда ерекше айта кетер мәселе – әр адам, әрбір отбасы мүшесі тарапынан карантинге, төтенше жағдайға байланысты тәртіпті қатаң қадағалау қажеттілігі. Жасыратыны жоқ, мегаполисте карантин жарияланғанына қарамастан, тұрғындар еркін жүреді. Осындай жауапсыздық коронавирус індетінің көптеген адамдарға таралуына мүмкіндік береді.  Менің ойымша, әр азамат карантин кезінде өзін-өзі оқшаулаудың барлық шараларын мұқият қадағалауы қажет. Бұл жалпыхалықтық іс екенін ескерейік. Тек жұмыла күресіп қана біз вирустың бүкіл елімізге жаппай таралуына жол бермейміз, оны ауыздықтауға көмектесеміз.

                                                                           Т.ДЕРБІСАЛИН.

 

 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *