РЕСПУБЛИКА БОЙЫНША 9920 САЙЛАУ УЧАСКЕСІ АШЫЛДЫ

Бүгін Қазақстан тарихы тағы бір жаңа парақпен толығады. Ел халқы егеменді мемлекеттің екінші Президентін сайлайды. Таңғы сағат 7:00 ден бастап республикадағы барлық сайлау учаскелерінде дауыс беру науқаны басталды деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қазақстан Президентінің кезектен тыс сайлауына дауыс беру сағат 20:00-ге дейін жалғасады. Ел басқаруға үміткер болған жеті кандидат бір ай мерзімінде үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, өңірлерді аралап, өздерінің сайлауалды бағдарламаларымен таныстырды.
Маңызды оқиғаны бақылауға 2 мыңға жуық шетелдік бақылаушы келді. Жалпы, аталған сайлауға 12 миллион қазақстандық қатысады деген болжам бар. Ал, бақылаушылардың дені — ел астанасы Нұр-Сұлтанға шоғырланған. Елордалық тұрғындар да белсенділік танытып, таң атқаннан бері сайлау учаскелеріне ағылып жатыр.
Жалпы, бүгін, республика бойынша 9920 сайлау учаскесі ашылды. Ол жерлерде 70 мыңға жуық адам жұмыс істеп жатыр. Шет елде жүрген 15 мың қазақстандық та дауыс беруге ниетті екендіктерін білдірген. Қазір олар үшін 18 сайлау учаскесі жұмыс істеуде.
«Дауыс берген сайлаушылар туралы ақпарат Орталық сайлау комиссиясына түседі, әр екі сағат сайын ақпаратты жаңартып отырамыз», — дейді ҚР Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Сәбила МҰСТАФИНА.
Биылғы сайлаудың бұрынғыларынан өзгеше екенін байқауға болады. Мәселен, осы жолы шетелдік бақылаушылар мен бұқаралық ақпарат құралдарының саны көп. Дәл қазір науқанды 1013 халықаралық өкіл бақылауда. Ал, Қазақстандағы дауыс беруді насихаттау үшін шетелдік журналистердің рекордтық саны аккредитацияланыпты. 40 мемлекеттен 227 тілші келген. Орталық сайлау комиссиясында ине шаншар орын жоқ.
Сайлаудың тағы бір маңызды ерекшелігі – президенттік сайлауға алғаш рет әйел адам қатысып отыр. Кандидаттардың саны жетеуге жетті. Олардың барлығына тең жағдай жасалған.
Айта кетейік, кезектен тыс президенттік сайлауға 9,4 млрд теңге бөлінген. Бұл соманың басым бөлігі сайлау учаскелерінде жұмыс істейтін адамдардың жалақысына бағытталды. Ақша Үкіметтің резервінен алынды.

ҚОҒАМДЫҚ ТӘРТІП – ЖІТІ НАЗАРДА
Бүгін еліміз бойынша 21 мыңнан астам тәртіп сақшысы қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті күзетуде. Еліміздің барлық өңірлерінде полицейлер күшейтілген жұмыс тәртібіне көшті. Ел қауіпсіздігін күзетуге 21 мыңнан астам тәртіп сақшысы жұмылдырылған. Әр аула, әр көше, тіпті қалтарыс-бұлтарыстарға дейін бүгін қатаң бақылауға алынды. Ондағы мақсат – сайлаушылардың алаңсыз, емін-еркін дауыс беруіне жағдай жасау. Және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Барлық сайлау учаскелері сақшылардың жіті бақылауында.
«Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін барлық сайлау учаскелерінде патрульдік полиция қызметкерлері жұмыс істейді. Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге 21 мыңнан астам сақшы жұмылдырылған. Мұндай қауіпсіздік шарасын бірінші рет ұйымдастырып отырған жоқпыз. Бұл – әр сайлау кезінде болатын дәстүрлі жұмыс», – дейді ҚР Ішкі істер министрі Ерлан ТҰРҒЫМБАЕВ.
Алматының тәртіп сақшылары да бұл күні күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Әрбір сайлау учаскесінің маңына екі-үш полицейден күзетке қойылып, олар кірпік қақпай қоғамдық тәртіпті бақылап тұр.
Айта кетсек, алматылық полицейлер 12 маусымға дейін осындай күшейтілген режимде жұмыс істейді. 2000-нан астам сақшы әсіресе адамдар көп жүретін қоғамдық орындарды қатаң бақылауға алады.
«Сайлау күні қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында сайлау учаскелерінің төңірегінде тәртіп сақшылары күшейтілген режимде жұмыс істейді. Яғни бұл – қандай да бір заңсыз іс-әрекеттерді болдырмауға, сонымен қатар қоғамдық тәртіпті сақтауға және ұсақ-түйек құқық бұзушылықтарды айқындауға бағытталған іс-шара», – дейді Алматы қаласы ПД ресми өкілі Салтанат ӘЗІРБЕК.

АЛМАТЫЛЫҚТАР БҮГІН ҚОҒАМДЫҚ КӨЛІКТЕ ТЕГІН ЖҮРЕДІ
Алматылықтар өз сайлау учаскелеріне қоғамдық көлікпен тегін бара алады. Автобус, троллейбус, тіпті метроға дейін ешкімнен ақы сұрамайды. Бағыттардың қозғалысы жексенбілік кесте бойынша жұмыс істеуде. Тасымалдаушылар бүгін 700 мыңнан астам жолаушы болады деген болжам айтады. Компаниялардың басшылары елімізде өтіп жатқан кезектен тыс Президент сайлауына осылайша қолдау білдіріп отыр.
«Қоғамдық көліктер таңғы сағат 6.00-ден түнгі сағат 11.00-ге дейін тегін қатынайды. Алматы қаласындағы 14 тасымалдаушы компанияның барлығы да бүгін ел игіліне ақысыз қызмет етеді. Әр бағыттың қатынау қашықтығы әр түрлі, бірақ енді осы 9 маусым күні ол жексенбі күнгі кестеге сәйкес жүреді», — дейді Алматы қаласы Жолаушылар тасымалы мекемелерінің өкілдері.
Бұған дейін Нұр-Сұлтан, Павлодар, Қызылорда мен Шымкент қалаларының қоғамдық көлікпен тасымалдаушы мекемелерінің өкілдері аталған акцияны қолдайтындарын жеткізген еді. Бұл қалаларда да сайлаушылар өз учаскелеріне тегін жете алады.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *