Ресей мен жапонияның жер дауы

екі елдің қарым-қатынасындағы қиын түйін

Алдағы 22 қаңтарда Мәскеуде В.Путин мен С.Абэнің кездесуі өтеді. Кездесу барысында: «саяси, сауда-экономикалық және гуманитарлық салалардағы екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі мен болашағы талқыланады. Бұдан бұрын Сингапур мен Бунэс-Айроста келісілгендей, бейбітшілік келісімін жасасу жайы қаралады» деген жалпылама ақпарат таратылды. Ал шындығында, саммитте негізінде территориялық мәселенің қызу талқыланатыны айдан анық.

Әшірбек АМАНГЕЛДІ,

«Алматы ақшамының» саяси шолушысы

Иә, Ресей мен Жапония арасында жетпіс жылдан астам уақытта шешілмей келе жатқан жер дауы бар. Токио талап етуден танбайды, Мәскеу «жоқ» деуден жалықпай­ды. Бұл дау екі елдің қарым-қатынасының дамуына кедергі келтіріп, әлемдік саясатқа да салқынын тигізіп отыр. Әрі десеңіз, осының кесірінен Ресей Федерациясы мен Жапония мемлекеті арасында бейбітшілік келісіміне қол қойылмаған.

Даудың жай-жапсары түсінікті болуы үшін кішкене тарихқа шегініс жасайық. Арғысын айтпағанда, АҚШ, Англия және КСРО мемлекеттері қатынасқан 1945 жылғы ақпандағы Ялта және шілдедегі Подстам конференцияларының ұйғарымымен сол жылдың 8 тамыз – 2 қыркүйек аралығында кеңес үкіметі жапон жұртына соғыс ашып, нәтижесінде Жапония тізе бүкті. Соның қорытындысымен Сахалиннің оңтүстік бөлігі мен Куриль аралдарының Кеңес Одағының иелігіне өтті.

Осыдан көп өтпей Одақтас елдер Жоғар­ғы қолбасшылығының 1946 жылғы 29 қаң­тардағы №677 меморандумымен аталған өңірлер Жапонияның меншігінен шыға­ры­лып, 1946 жылғы 2 ақпандағы КСРО Жо­ғарғы Кеңесі Төралқасының Жарлығы­мен РСФР-де құрылған Оңтүстік Сахалин облы­сының құрамына енгізілді.

Айналасын телегей теңіз қоршап жатқан Куриль аралдарының көрінісі осындай

1951 жылдың 8 қыркүйегінде антигит­лерлік 48 ел және Жапония қатынасқан Сан-Франциско келісім-шарты жасалып, келісім-шартта: «Жапония 1905 жылғы 5 қыркүйек­тегі Портсмут келісімі бойынша өз қарауына өткен Куриль аралдары мен Сахалиннің аралының бөлігіне қатысты барлық құқық­тан бас тартады»,– деп көрсетілді. Бірақ та Кеңес Одағы Сан-Франциско келісімінің кейбір тұстарын мақұлдамай, қол қоюдан бас тартты.

Дегенмен, арада бес жыл өткенде, яғни 1956 жылы Кеңес Одағы мен Жапония ара­сында соғыс жағдайын тоқтату, дипло­матия­лық және консулдық қатынастарды орнату туралы декларация қабылданып, оның 9-бабында: «КСРО Жапонияның тілегін және мемлекеттік мүдделерін ескере отырып, Жапо­нияға Хабомаи және Шикотан арал­дарын қайтаруға келіседі, бірақ та аталған шара екі ел арасында бейбітшілік туралы келісім жасалғаннан кейін жүзеге асады»,– делінді.

Мұндай компромистік құжатты қабыл­дарда сол кездегі әлемдік геосаясаттың және халықаралық қатынастың өзгеруі, сондай-ақ, 1941 жылғы 13 сәуірде Германия­мен одақ­тастық қатынаста болғанына қарамастан Жапонияның Кеңес Одағымен бір-біріне шабуыл жасамау жайындағы бейтараптық жөніндегі Пактіге қол қойылғаны, Токио тарапынан оның бұзылмағаны, керісінше оны КСРО бұзып, 1945 жылы 8 тамызда Жапо­ния­ға қарсы соғыс ашқаны ескерілген болуы мүмкін.

Бәлкім, жапон билігі сәл шыдағанда, декларация шарттары жүзеге асып, аталған Хабомаи және Шикотан аралдары қайта­рылар ма еді. Өкінішке қарай, 1960 жылдың 19 қаңтарында АҚШ пен Жапония арасында өзара ынтымақтастық және қауіпсіздік кепілдігі жөнінде келісім жасалынып, келісім­нің бір тармағында американ әскери базасы мен қарулы күштерінің қалаған мөлшерде жапон жерінде орналасатындығы айтылды. Мұны Кеңес Одағы өзіне қарсы жасалған келісім-шарт деп қабылдап, жоғарыда ай­тылған 1956 жылы Жапониямен қол қойған декларацияның күшін жойды.

Міне, осылайша әрісі жетпіс – берісі алпыс жылдан бері Жапония бұрын Кеңес Одағына, кейінгі кезде Ресей Федерациясына аумағы 5175 шаршы шақырымды құрайтын: Итуруп, Кунашир, Хабомаи және Шикотан деп аталатын оңтүстік Куриль аралдарын қайтару талабын қоюмен келеді.

Бұл ретте жапон жағы Ресей патшалы­ғымен 1855 жылдың 7 ақпанында Симод достық келісім жасалғанын, оның 2-бабы бойынша аталған аралдардың Жапонияға берілгенін, сондықтан ол территориялардың өздерінің заңды иелігіне жататынын алға тартады.

Өз кезегінде Ресей тарабы Подстам декла­рацияның талаптарына сәйкес 1945 жылдың 2 қыркүйегінде Жапония толықтай капиту­лация – тізе бүгу актісіне қол қойғанын және онда Жапонияның территориясы: Хонсю, Хоккайда, Кюсю және Сикоку арал­дармен шектелгендігі нақты көрсетілгенін, ал Симод келісімінің күші 1904-1905 ж.ж. орыс-жапон соғысының нәтижесінде жойылғанын айта­ды.

Былайша айтқанда, бүгінгі әлемдік гео­саясатта айтарлықтай ықпалы бар, айтулы екі держава Ресей мен Жапонияның емен-жарқын қарым-қатынас жасамауына және бейбітшілік туралы келімге қол қоймауына арадағы шешімін таппай отырған  жер дауы кедергі.

Бұған қарап, Мәскеу мен Токио ешбір байланыс жасамайды, есіктерін тарс жауып алған көршілердей бір-біріне тоң-теріс қарайды деуге болмайды. Жапония Ресей ірі көлемде сауда-саттық жасасатын елдердің алғашқы сегіздігіне кіреді. Мысалы, 2013 жылы екі елдің тауар айналымы 31 млрд. долларға жеткен болса, 2017 жылда 20 млрд. долларды құрады. Сұраныс пен ұсынысқа қарай осылай ілгері-төмен өзгеріп отырады.

Ресей Жапонияға мұнай-газ отындарын, түсті және бағалы металдарды, теңіз өнім­дерін, ағаш-тақтайлар шығарып, ол жақтан автокөліктер, жол-құрылыс техникаларын, тұрмыстық электрлік тауарларды, металл өңдейтін құрылғыларды және байланыс құралдарын тасымалдайды.

Әйтсе де, Жапония үкіметінің ауық-ауық жер дауын көтеріп, территориялық талап қоюы Кремльдің көңіліне қаяу түсіріп, шамына тигендей болады. Сонда да Токиодан біржолата қол үзбейтіндей, бұл мәселені екі жақтың келісімі арқылы шешу керектігін айтып, үміттендіріп қояды.

Басқаларын айтпағанда, 2004 жылдың 14 қарашасында РФ президенті В.Путиннің Жапонияға сапары қарсаңында Сыртқы істер министрі Сергей Лавров Ресейдің КСРО-ның мұрагері ретінде 1956 жылғы Декларацияны мойындайтынын және соның негізінде Жапо­ниямен территориялық дау жөнінде келіс­сөздер жүргізуге құлықты екенін білдірді.

Алайда, 2010 жылдың 1 қарашасында сол кездегі Ресей президенті Д.А.Медведев Куриль аралдарына сапар шегіп: «Куриль тізбегіндегі аралдардың бәрі Ресей Федера­циясының территориясы. Бұл біздің жеріміз, сондықтан мұны дамытып, өркендетуге тиіспіз» дегені Жапон үкіметінің наразы­лығын тудырды. Бұған Ресей Сыртқы істер министрлігі «Куриль аралдарының мәрте­бесіне қатысты ешқандай өзгеріс болмайды» деген қатқыл жауап қайтарды.

Жапонның «Майнити симбун» газетінің жазуынша, Ресей Қорғаныс министрі Сергей Шойгу 2015 жылдың маусымында Владивос­токқа барған сапарында «Куриль аралда­рындағы әскер инфрақұрылымдарды салуды одан әрі жеделдету керек» деп айтқаны бық­сып тұрған отқа май құйғандай әсер еткен.

Жапонияның үкімет басшысы Синдзо Абэ 2015 жылдың көктемінде Куриль аралдары мәселесі бойынша Ресей президенті Владимир Путинмен көзбе-көз кездесіп, талқылағысы келетінін мәлімдеді. Осының артынша Санкт-Петербургтегі экономикалық форумда жур­налистер тарапынан осы тақырыпқа қатысты сұрақ қойылғанда В.Путин Оңтүстік Куриль аралдарының мәселесін шешуге болады деген емеурін танытты.

image description

Десе де, сол жылдың тамызында Ресейдің премьер-министрі Д.Медведевтің Итуруп аралына баруына байланысты Жапонияның Сыртқы істер министрі Фумио Кисида Ресей елшісі Евгений Афанасьевке ресми түрде қарсылық нотасын тапсырды.

Ресей билігінің ұстанымын былай қойғанда, орыс қоғамында: саясаткерлер, депутаттар, ғалымдар, журналист-жазушылар арасында «Куриль аралдары мәселесі» аракідік сөз болып, ол жөнінде әрқилы пікір айтылып жатады. Олардың қатарынан ешбір уәжге құлақ аспай, тек шови­нистік көзқараспен, өзімшілдік пен өркөкіректік пиғыл танытатындар да табылады.

Мәселен, Кирилл Черевако дейтін сарапшы «РФ мен Жапония арасындағы территориялық дауды бір­жолата шешудің мүмкіндіктері туралы» деп аталатын мақаласында: «Сан-Франциско келісім-шартына сәйкес Оңтүстік Сахалин мен оған іргелес жатқан аралдардың халықаралық құқық­тық мәртебесін айқындауға құқылы мемлекеттер тарапынан Куриль аралдарының де-факто РФ территориясы екенін мойындалғанымен, де-юре ол аралдарға Жапонияның құқығы жойылып, заңды түрде тіркеліп Ресейдің құрамына енбеген», – дейді.

Осы сияқты талдаушы Павел Шипилиннің пайымдауынша, «Жапония Оңтүстік Куриль аралдарына қатысты келіссөздерді жүргізуден бұрын өз жеріндегі, яғни Окинава мен Рюкю аралдарындағы АҚШ әскерлерін түгелдей шығарып, тазартуы қажет».

Бұған қоса, кешегі 60-жылдардағыдай емес, қазіргі күнде саяси-экономикалық жағдайлардың және халықаралық құқықтық нормалардың өзгергенін айтады. Сондай-ақ, Итуруп пен Кунашир аралдарында мәдениет сарайы, ауру­хана, балалар бақшасы, аэропорт, т.б. ондаған инфрақұрылымдардың салынғанын тілге тиек етеді.

Керек десеңіз, жапондар тарапынан ықтимал шабуылды тойтару үшін Куриль аралдарында әскери бөлімдердің орналасқанын, олардың «Панцирь-C1» – зымырандық пушкалық кешен­мен, «Тор-М2» – зениттік-зымырандық қарумен, «Бук-М2» – кешенімен қаруланғанын, жағалауға «Яхонт» және «Бал» зымырандарымен жабдық­талған «Бастион» кешенінің апарып қойылғанын, жеткілікті мөлшерде танктердің және соққы беретін Ми-28Н «Түнгі аңшы» тікұшағының бар екенін еске салып, қорқытқандай болады.

Ресей жағы басқа салаларда да қарым-қаты­насты өрістетуге мүдделі. Сондықтан да Токиоға қандайда бір алғышартсыз екі жақты бейбітшілік келісімін жасасуды ұсынады. Жапон тарапы ол үшін алдымен территориялық дауды шешуді талап етеді. Оның үстіне күні бүгінге дейін Жапонияның ресми құжаттарында: «Итуруп, Кунашир, Шико­тан және Хабомаи Жапонияның заңсыз басып алынған солтүстік территориясы» деп көрсетілген.

Өткен 2018 жылдың 7 ақпанында Токиода солтүстік территорияны қайтару жөнінде өткі­зілген жалпыұлттық жиында елдің Сыртқы істер министрі Тарно Коно Куриль аралдарының оңтүс­тік бөлігінің Жапонияның байырғы тарихи жері екенін айтып, үкіметтің Ресей тарабымен осы мәселені шешу және бейбіт келісімге қол қою бағытында белсенді келіссөздер жүргізе беретінін жеткізді.

Осы жиында Жапония министрлер кабинеті жанынан құрылған «солтүстік территорияға» қатысты шаралар өткізуші штабтың алдағы уақытта Куриль аралдарына жақын маңға мектеп мұғалімдері мен оқушылардың жүйелі түрде саяхатын ұйымдастырып тұратыны белгілі болды.

2018 жылдың қарашасындағы Сингапурдегі АСЕАН (Оңтүстік Шығыс және Шығыс Азия елдері ассоциациясының) саммитінде және желтоқсандағы Буэнос-Айростағы G 20 (үлкен жиырмалықтың) басқосуында Ресей президенті Владимир Путин мен Жапония премьер-министрі Синдзо Абэ 1956 жылғы кеңес-жапон деклара­циясының негізінде бейбіт келісім және жер дауына қатысты келіссөздер жүргізуге ниетті екендіктерін білдірді.

Ресейге салса Жапония алдымен Екінші дүние- жүзілік соғыстың қорытындысын мойындап, екі жақ бейбітшілік жөнінде келісім-шартқа қол қойғаннан кейін ғана территориялық мәселеге кірісуге болады. Токионың талабы керісінше, бірінші кезекте жер дауы шешіліп, сонан соң бейбіт келісім жасалуы тиіс.

Қаншама қиындықтар мен кедергілер кездесіп, екі жақ бір-біріне өкпе-реніш пен наразылықтар білдіріп жатса да, Ресей де, Жапония да бір-бірінен кетісе алмайтындай түйінді мәселелерді шешу үшін келіссөздер жүргізуге мүдделі.

Таяуда Ресей президентінің баспасөз қызметі «биылғы 2019 жылдың 22 қаңтарында Кремльде В.Путин мен С.Абэнің кездесуі өтеді. Кездесу барысында саяси, сауда-экономикалық және гуманитарлық салалардағы екіжақты ынтымақ­тастықтың қазіргі жай-күйі мен болашағы талқыланады. Бұдан бұрын Сингапур мен Буэнос-Айроста келісілгендей, бейбітшілік келісімін жасасу жайы қаралады» деген сыңайдағы аса сақтықпен жазылған жалпылама ақпарат таратты. Ресми түрде айтылмаса да, бұл жолғы саммитте территориялық мәселенің қызу талқыланатыны хақ. Әзірге кездесуді дайындап жатқан екі елдің сыртқы істер министрліктерінің іс-әрекеттері аса көңіл көншітпейді.

Саммит болмай жатып-ақ, Мәскеу Токиомен диалогта өзінің қандай саясат пен ұстанымда болатынын аңғартып үлгерді. РФ Сыртқы істер министрі Сергей Лавровтың сөзімен айтқанда, Куриль аралдарына Ресейдің егемендігі талқы­лауға жатпайды. «Бұл Ресейдің территориясы. Мұны Жапония жағы мойындамайынша, қандай да бір келіссөздердің жүруі екіталай».

Бұдан бір апта бұрын 10 қаңтарда Ресей Мем­лекеттік Думасының қарауына Куриль аралдарын беруге тыйым салу туралы заң жобасы ұсынылды. Ол жобада: «Екінші дүниежүзілік соғыстың қорытындысы бойынша және 1943 жылғы Каир, 1945 жылғы Подстам конференциялары деклара­цияларының, 1951 жылғы 8 қыркүйекте қол қойылған Сан-Франциско келісімінің негізінде Куриль аралдары Ресейге тиесілі»,– делінген.

Мемлекеттік Думаның пленарлық мәжілісінде әрнәрсеге шоқ тастамаса жүре алмайтын ЛДПР партиясының көшбасшысы, атышулы В.Жиринов­ский «Ресейдің туы желбіреп тұрған жердің бәрі біздікі!» деп өзеуреді.

Мұндай ұстаным-көзқарастан кейін жоғары деңгейдегі Ресей–Жапония келіссөздерін өткізудің қажеттілігіне күмән туады.

Жымиып жылы қарағанымен, Синдзо Абэ де оңайлықпен есесін жібере қоймайтын саясаткер. Жапон БАҚ құралдарының жазуларынша осы жылдың басында ол жұбайы Акиэ екеуі әкесі Синтаро Абэнің бейітіне барып тағзым етіп, Ресеймен арадағы жер дауына нүкте қоюға ант берген. Бір айта кетерлігі, Синтаро Абэ де либерал-демократиялық партияның белсенді мүшесі ретінде 1982–1986 ж.ж. Сыртқы істер министрі қыз­метін атқарып, «солтүстік территория» мәсе­лесімен шама-шарқынша белсене айналысқан.

Рас-өтірігі белгісіз, кейінгі кездері «Ресей Батыстың санкциясынан құтылу және Қырымды заңдастырып алу жолында алысты орағытқан қулық саясатпен Жапонияға Куриль аралдарының бір бөлігін қайтармақ» деген алыпқашпа сөздер айтыла бастады.

Bellіngcat зерттеу тобының сарапшысы Христо Грозевтің болжауынша, халықтың наразылығын тудырмау үшін Кремль Куриль аралдарының мәр­тебесі жөнінде референдум өткізіп, соның нәтижесі бойынша даулы территорияның біраз бөлігін Жапонияға қайтарады. Сөйтіп, Күн Шығыс елінің көңілін тауып, онымен бейбіт келісім жасасып, оны өзіне одақтас және стратегиялық әріптес етіп ала­ды. Осылайша «міне, біз референдум арқылы халықтың мақұлдауымен даулы жердің біраз бөлігін Жапо­нияға қайтардық. Қырым да солай жергілікті тұр­ғындардың қалауымен бізге қосылды» демекші»,– көрінеді.

Сайып келгенде, Куриль аралдарының болма­шы бөлігін Жапонияға беру Ресейге көп пайда әкеледі. Халықаралық қауымдастық алдында беделін көтеріп, абыройын асқақтатады.

Айтпақшы, осыдан біраз бұрын жапон парла­ментінің бұрынғы депутаты Мунэо Судзуки «Куриль – бізге, Қырым – сізге» дегендей ұсыныс айтқан деседі. Сірә, «Жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайды».

Қысқасын айтқанда, алдағы 22 қаңтарда жоғары дәрежедегі Ресей–Жапония келіссөзінің нәтижесімен, жер дауының жайы айқындалады.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *