Рейдтер карантин біткенше жалғаса береді

       Нұржамал ӘЛІШЕВА

Барлық сауда нүктелерінің, тамақтандыру және басқа да қоғамдық орындардың кіреберісінде санитайзерлер мен тепловизорлар болуы керек. Сатушылар, өзге де қызмет көрсетуші тұлғалар міндетті түрде медициналық бетперде, қолғап киіп тұруы тиіс. Осы аталған қорғаныс құралдары ғимаратта жеткілікті мөлшерде артығымен болуы шарт. Ғимаратқа кірген адамдардың дене қызуы тексерілуі, олардың өзара ара қашықтығы сақталуы міндетті. Тамақтану кезінде үстелдердің ара қашықтығы кемінде 2 метр болуы қажет. Келушілер ғимарат дәлізінде топталып тұрмауы шарт. Бұл – төтенше жағдайдан кейін жуырда ғана жұмысын қайта бастаған шағын және орта бизнес өкілдеріне қойылған санитарлық талаптар.

 

Бұл талаптар қаншалықты сақталуда? Осы ережелердің орындалу деңгейін тексеруге Бостандық аудандық мобильді тобымен бірге «Алматы ақшамы» тілшісі де шыққан болатын.

Ең алғаш бас сұққан нысанымыз «Раушан» дүкені болды. Ол ғимаратта азық-түлік те, киім-кешек те сатылады екен, тіпті, фотосалон да бар. Бәрін жалға алып жұмыс істеп отырған жеке-жеке шағын кәсіп иелері.  Мобильді топ мүшелерін көрген олар алғашқыда абдырап қалды. Сатушылар тартпаларында жатқан бірді-екілі бетперделерін, медициналық қолғаптарын көрсетіп жатыр. Бірақ қол тазалайтын антисептиктері жоқ. Дүкеннің директоры да келе қалды. Бірақ ол көзге ұрып тұрған кемшіліктерді мойындағысы келмей тұрып алды. Мәселен, таңертең ғимаратқа кірерде сауда орнын жалға алып отырған сатушылардың дене қызуын өлшеп барып кіргізуі керек. Ол туралы арнайы есеп журналға тіркеліп отыруы тиіс. Бірақ «Раушан» иесі тепловизорым сынып қалған деді, әйтсе де істен шықты деген құралын рейд мүшелерінің назарына ұсына алмады. Кіреберістегі антисептиктің қол тигізілмей, шынтақпен басып қолданылатын түрі орнатылуы тиіс. Бұл талаптар да орындалмаған. Негізі, мобильді топтың дәл осы дүкенге келу себебі – «жедел желі» арқылы тұрғындардан ондағы санитарлық талаптардың сын көтермейтіндігі туралы  жиі шағым түсіп жатқан көрінеді. Дүкен директоры түсініктеме жазды. Сол бойынша аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау бөлімінің мамандары тарапынан хаттама толтырылып, ол прокуратураға жолданады.

«Del Papa» кафесінің алдынан бізді қарсы алған директоры барлық тиісті құжаттарын бір сөзге келместен алдымызға жайып салып, тіпті, бетперде, қолғап, дезинфекция жасайтын құралдарының қосымша қорларына дейін әкеп көрсеткенде, риза болдық. Ғимаратта, қызмет көрсету бойынша да барлық санитарлық талаптар сақталғанына көз жеткізілді. Мұнда күніге 30 адамнан артық кісі қабылдамайды. Бәрін алдын-ала жазылу арқылы кіргізеді. Өздерінің де, өзгенің де амандығын ойлаған кәсіп иесіне сәттілік тіледік.

Кеше ғана ашылған, «Талисман» тұрғын үй кешенінде орналасқан «Аквастарс» бассейніндегі дәл осындай жақсы көрініске куә болдық. Мұнда 3 айлық сәбиден бастап, 10 жасар балаға дейін келеді. Әрі ерекше күтімді қажет ететін балаларға арналған. Бостандық аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау бөлімінің бас мамандары Гүлнұр Смағұлова мен Айнұр Шалагизова «Аквастарс» бассейнінде де санитарлық талаптардың сақталғанын атап өтті.

Ал «Мимино» мейрамханасының әкімшісі тосыннан кіріп келген рейд мүшелерін көріп абдырамағанымен, дезинфекциялық қорғаныс құралдарының, бетперде, медициналық қолғаптарының қосымша қорын да, карантин талаптарына сай жүргізілетін жұмыстарын күнделікті тіркеп отыратын журналын да ұсына алмады. Мұндай жағдайда мейрамхана иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылатыны сөзсіз.

– Жұмыс тобының құрамына Бостандық ауданы әкімдігінің, СЭС, жергілікті полиция басқармасының, БАҚ өкілдері кірген. Біз күніне 25-30 нысанды аралап шығамыз. Біз тексеріп қана қоймай, санитарлық нормалар туралы түсіндірме жұмыстарын да жүргізіп жатырмыз. Егер олардың  жұмыстары санитарлық нормаларға сәйкес келмеген жағдайда әкімшілік хаттама толтырылып, ол прокуратураға жолданады. Бір қуанарлығы, алматылықтар қазіргі таңда маскалық режимге үйреніп қалды. Мұндай рейдтер карантин режимі біткенше жалғаса беретін болады. Сондықтан әлі де босаңситын уақыт емес, өзіміздің және өзгелердің бас амандығы үшін белгіленген ережелерді қатаң сақтағанымыз абзал, – деді Бостандық аудандық Кәсіпкерлікті дамыту және өнеркәсіп бөлімі басшысының міндетін атқарушы Талғат Құрманбеков.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *