«Реал Мадрид» – 13 дүркін чемпион!

Футболдан Еуропа чемпиондар лигасының тағы бір маусымы тарихқа айналды. «Реал Мадрид» құлақты кубокты қатарынан үшінші рет ұтып, футбол жанкүйерлерінің санасына өшпес із қалдырды. Олар финалда Англияның «Ливерпуль» командасын 3:1 есебімен тізе бүктірді.

Алғашқы таймда гол соғылмаса да, ойын тағдырына әсер еткен жағдайлар орын алды. Екі команданың да бір-бір ойыншысы жарақат алып, алаңды ерте тастап кетуге мәжбүр болды. Оның бірі – «қызылдар» сапындағы шабуылшы, АПЛ-дің биылғы үздік сұрмергені мысырлық Мохаммад Салах болса, екіншісі – «корольдік клубтың» оң қапталдағы қорғаушысы, Испания құрамасының белді ойыншысы – Даниель Карвахаль.

Әп дегеннен испаниялықтардың екі аяғын бір етікке тығуға асыққан Юрген Клоптың жігіттері Мохаммадтан айырылған соң, ойын тізгінін қарсыласқа беріп қойды. Дегенмен Бенземаның оффсайдтан соққан голынан басқа алғашқы таймда айтарлықтай ештеңе болмады.

Екінші тайм мадридтік ұжымның допқа иелік етуімен басталды. Ағылшындар қанша қысым жасағысы келгенмен, еурододаның талайын бастан өткерген испандар тәжірибенің арқасында асып-сасқан жоқ. Көп ұзамай ойынның 51 минутында Карим Бензема Кариустың қателігін ұтымды пайдаланып, командасын алға шығарды. Бірақ «Ливерпульдің» де бір саусағы ішке бүгулі екенін бұрыштан көтерілген доптың Навас қорғаған қақпада жатқанынан-ақ байқадық. Голдың авторы – Садио Мане. Дәл осы уақытта ойынның 55 минуты өтіп жатқан еді. Есеп 1:1.

61 минутта алаңға Исконың орнына Гарет Бэйлді шығарған Зидан өзінің көрегендігін тағы бір мәрте дәлелдеді. Кездесудің 64 минутында Марсело көтерген пасты қайшылай тепкен Уэльс құрамасының шабуылшысы мадридтіктерді алға шығарды. 2:1.

Осыдан кейін ойынға иелік ете бастаған ағылшындарда да гол соғатын бір-екі мүмкіндік болды. Бірақ соңғы голдың авторы 83 минутта өзін көрсететін тағы бір мүмкіндік алды. Бэйл алыстан шірене теуіп, «Ливерпульдің» соңғы үмітіне су құйды. Есеп 3:1. Өз қақпаларына кірген үшінші голдан кейін ағылшындардың сағы сынды. Өйткені, азуы алты қарыс болған қарсыласқа алдағы 7 минуттың ішінде кем дегенде 2 гол соғу мүмкін емес еді.

Чемпиондар лигасының биылғы финалы да әдеттен жаңылмай, «Реал Мадридтің» пайдасына шешілді. Бұл – клуб тарихындағы 13-інші кубокты жеңуі және осы турнирді «Чемпиондар лигасы» атанғалы қатарынан 3 рет алуы. Мұндай жетістікке бұрын-соңды еш клуб жете алмағанын ескерсек, Зинедин Зиданның шәкірттері жасаған рекордтардың жақын уақытта бұзылмайтынына әлі де сенуге болатын сияқты.

 

Чемпиондар лигасын ең көп ұтқан командалар:

Реал Мадрид – 13

Милан – 7

Бавария, Барселона, Ливерпуль – 5

 

Аз-кем статистика…

2,5 жыл ішінде Зинедин Зидан 9 трофей ұтып алды. Олар: Чемпиондар лигасы (3), Испания чемпионаты (1), Испания суперкубогы (1), УЕФА суперкубогы (2), клубаралық әлем чемпионаты (2). Ол бапкер ретінде өзі қатысқан 8 финалдың бәрін жеңіспен аяқтап, орташа есеппен әр 16 ойын сайын бір кубок жеңіп алған. Сонымен қатар, Зидан «Реал Мадридті» жаттықтырғалы Чемпиондар лигасын Алекс Фергюсон, Хосеп Гвардиола, Жозе Моуринью, Висенте Дель Боске, Юпп Хайнкес, Оттмар Хитцфельд және Арриго Сакки секілді бапкерлерден көбірек ұтқан екен.

Зидан – Чемпиондар лигасын қатарынан 3 рет ұтқан алғашқы бапкер. Ол карло Анчелотти мен Боб Пейслиден кейін осы турнирді 3 рет ұтқан екі үшінші жаттықтырушы атанды.

Чемпиондар лигасын Криштиану Роналдудан артық ұтқан футболшы жоқ қазір. Ол – 5 дүркін чемпион. Ал 4 рет жеңіп алғандар екеу-ақ: Кларенс Зеедорф пен Андрес Иньеста. Сондай-ақ, осы финалдағы жеңіс португалдың чемпиондар лигасындағы 100-інші жеңісі болып саналады. Бұл жерде Чемпиондар кубогын (Чемпиондар лигасының бұрынғы атауы) 5 мәрте ұтқан Альфредо ди Стефаноны есепке алмадық.

Соңғы жылдары испаниялық клубтардың жолы болып тұрғаны жасырын емес. Олар соңғы 5 маусымда 4 рет Чемпиондар лигасын, 4 Еуропа лигасын жеңіп алды.

Криштиану Роналду 6 жыл қатарынан Чемпиондар лигасының үздік сұрмергені атанды. Ол биыл 15 гол соққан.

Ал Кейлор Навас – Чемпиондар лигасы тарихындағы қатарынан үш финалда ойнаған тұңғыш қақпашы.

Гарет Бэйл – ЧЛ ақтық сынында алаңға ойын ортасынан қосылып, қос гол соққан алғашқы футболшы.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *