Әрбір ісімізде біз прагмат болуымыз керек

Рахман АЛШАНОВ,

Тұран университетінің ректоры,

Алматы қалалық мәслихатының депутаты

 

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын мұқият оқыған кез-келген саналы азамат ондағы мақсаттардың салмақты әрі мазмұнды түрде жүйеленгенін көреді. «Рухани жаңғыруды» жалпыдан жалқыға қолдансақ, оның жүзеге асуы да жылдам жүреді. Мәселен, «Рухани жаңғыру­дың» екінші бағыты – прагматизмге үндейді.  Егер қоғамда әрбір адам прагмат бола алса, прагматизмге жету бізге әлдеқайда оңай болмақ. Қазақтың өзінің ғасырлар бойы қалыптасқан өміршең дәстүрлері бар. Мысалы, «Авеста» кітабында ас беру туралы 15 рет айтылған, соның сегізі Тұран елінде өткендігі жазылған. Онда сол кездегі дәстүр бойынша асқа 10 мың қой, жылқы, 500 сиыр сою сияқты қалып­тасқан дәстүр болғандығы айтылады. Бұл енді бір кездегі бабаларымыздың өмір сүру дағдысы болатын. Ал бүгінгі дағдымыз қандай? Қазақпен бірге жасап келе жатқан той, ас беру бүгін қай деңгейде? Оның мән-мағынасы мен сипатының өзгере бастағанын бәріміз көріп жүрміз. Бүгінде той өткізу үшін банктен миллиондап несие алу қалыпты жағдайға айнала бастады. Пәтер мәселесі шешілмеген, тұрақты жұмысы жоқ жас отбасыға тойдан кейін несие қосылады. Көп ұзамай ақыры сол жас­тар екі жаққа кетіп, ажырасу оқиғасы көбейіп келеді. Бір күндік аста-төк дастархан мен жұрттың пікірі, «ұят болады, ел не дейді» деген сөздер үшін миллионды далаға шашып жібереміз. Жапонияда несиеге той жасайтын жігіт болса, қалыңдық одан оңай бас тартады. Ас берудің өзі жарысқа айналып бара­ды. Құран оқылмайды, шапан жауып, дүниемен әлек болып жатқан қазақтар. Біздің елде не көп, тойхана көп. Ауылда әжелеріміз сиыр сүтінен алып отырған сары май көп, осы жарыса тойхана сала­тындар шағын май шығаратын зауыт неге ашпайды? Сол сары майды сонау Жаңа Зеландиядан әкеліп жатыр­мыз. Ал ауылдан шығатын табиғи, таза сары май назарға ілінбей жүр. Өз өмірімізге сырт көзбен, сын көзімен қарасақ, жабайы, надан халықтың ісін істейміз. Мемлекеттік бағдарламамен даңғарадай мектеп салынған, оған баратын оқушы саны көп емес. Ғимараттың жартысы қаңы­рап бос тұр. Міне, бізге осындай істер­дің бәрінде прагматизм керек. Прагматизм дегеніміз орынсыз сән-салтанат емес. Қанағат­шылдық, үнем­шіл­дік, қарапайымдылық пен ұстам­дылық. Ол дегеніміз – ысы­рапшыл­дықпен астамшылыққа, даңғой­лық пен кер­деңдікке жол бермеу деген сөз. Біз бүгінгі уақытымыз бен мемле­кеттің дү­ниесін ысырап қылмай, әр нәрсеге жана­шырлықпен, үнемшіл­дікпен қарап үйрен­сек, прагматизмге жетеміз. Бір той­да Валерий Меладзені тойға шақыр­ған еді, ащы суға тойып алған қазақтар оны тың­даған да жоқ. Ол болса қалтаға ақшаны басып алып, ұшты да кетті. Сол ақшаға өз әншімізді шақырсақ, ақша өз елімізде айналымда жүреді. Міне, осын­дай істер­дің өзінде бізге патриоттық се­зім қажет. Әрбір істе прагмат болуымыз керек.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *