Құрбан айтты өз деңгейінде атап өтіп жүрміз бе?

449907_1381320654

Ата-бабамыздан ұстанып келе жатқан асыл діні­міздің ең ұлық мерекелерінің бірі — Құрбан айтты қазір өз деңгейінде атап өте алып жүрміз бе? Бұған әркім әрқалай жауап берері сөзсіз. Дегенмен, жасыратын несі бар, бүгінде біз Құрбан айтта тек құрбан шалумен ғана шектеліп бара жатқан секілдіміз. Өйткені, бұл айту­лы күнде демалыс күні бола тұра, елімізде ешқандай мерекелік шаралар ұйымдастырылып отырған жоқ. Кейбір жүрегінде иманы бар, жағдайы жақсы жігіттер таңертең жамағатпен бірге айт нама­зын оқып, қасапханаға барып мал сойдырып, оны жоқ-жітікке таратып жатады. Ары қарай тым-тырыс. Осымен бітті. Сонда қалай, Құрбан айттың қадірі құрбандық шалуда ғана ма?

 

Серік ЖҰМАБАЕВ

 

«Құрбан» деген сөздің өзінің негізгі мағынасы — «жақын болу, жақындау» дегенді білдіреді. Яғни, Аллаға жақындау, оған мадақ айту деген сөз. Енді Аллаға жақын­даудың, құлшылық жасап, ғибадат етудің мыңдаған түрлі жолдары бар емес пе? Мәселен, бұрынғы ата-бабаларымыз Құрбан айтты қалай тойлаған? Бұл туралы исламтанушы Мұхамеджан Естеміров бір сұхбатында былай дейді:

–Тәуке ханның «Жеті жарғы» заңдар жинағында Құрбан айт туралы жазылған деректер кездеседі. Онда қасиетті мерекенің мән-маңызы, құрбандыққа қандай мал шалу, оның кімдерге міндеттілігі жөніндегі шариғат талап­тары мен айт күндері араздасқан адамдар бір-біріне кешірім жасау керектігі жазылған. Қазақ халқы сонымен бірге мағыналы ән-жыр айтып, алтыбақан теуіп, ұлттық салт-дәстүрді дінмен ұштастыра отырып, керемет қылып өткізген. Егер Құрбан айт көктемге тура келсе, тура Наурыз мейрамы секілді атап өткен. Ағаш отырғызып, бұлақтың көзін ашып, айтыс өнерімен, термемен көпшілікті Аллаға құлшылық етуге шақырған. Жастарға үлгі-өнеге болатын­дай уағыздар насихатталып, түрлі бәйге-жарыстар ұйымдастырылған. Айт күні «айттық» айтып келген адамға сый-кәде ретінде жайнамаз, тақия, тәспі, кестелі орамал, зергерлік бұйымдар берілген. Тіпті, Кеңес одағы дінге тыйым салса да, қазақ ауылдарында айт намазы оқылып, құрбандық шалынып, арнайы дастарқан жайылып, ата-баба рухына құран бағыштау дәстүрі сақталған.

Міне, көрдіңіз бе, ата-бабаларымыз Құрбан айтты қалай тойлаған?! Неге бізге осылай республика бойынша мешіт­терде, концерттік залдарда, әрбір өңірдің орталық алаңда­рында Құрбан айтты үлкен мерекелік шара ретінде өткіз­беске? Жастарға үлгі-өнеге болатындай, тәрбиелік мәні зор, ғибратты етіп өткізуге шамамыз келмей ме? Құдайға шүкір, Тәуелсіздік алып, дербес мемлекет болдық. Енді бізге не кедергі? Ата-баба дәстүрін ислам дінімен сабақтастыра отырып, жастардың бойына ұлттық құндылықтарымызды сіңдіргеніміз жақсы емес пе? Құрбан айт туралы алдын ала көшелерге безендірулер, «Құрбан айт құтты болсын!» деген сияқты құттықтау сөздер іліп, Аллаға мадақ, пайғамбарға салауат айтып, жастарға имандылық қағидаттарын түсін­діріп, оларды отансүйгіштікке, бауырмалдыққа, адамгер­шілікке баулысақ, қандай тамаша болар еді. Ақындардың дәстүрлі Ислам діні туралы, жалпы, жастарды патриоттық­қа тәрбиелеу төңірегіндегі шығарған өлеңдеріне байланысты түрлі мүшәйралар ұйымдастырып, дін өкілдерінің уағызымен қоса, айтыскер ақындардың дәстүрлі ислам дінін насихаттағанын, діни мазмұндағы театрландырылған қойылымдар көрсетсек, анағұрлым сауапты іс болар еді деп есептейміз. Мектеп оқушылары­ның арасында Қожахмет Ахмет Яссауи, Абай, Шәкәрім, Мұқағали т.б. ақындардың Алла тағала, қасиетті Құран, сүйікті пайғам­барымыз жайлы толғаған шығармаларын жатқа оқығандарына сый­лық беріп, бәйге жарияласақ, Құрбан айт келесіде жас өскіндердің сағына күтетін мерекесіне айналар еді. Негізі, шариғат үкімі бойынша «егер әдет-ғұрып, салт-дәстүр шариғатқа қайшы келмесе, онда ол ислам дініне алынады» делінген. Демек, біздің ән-жыр айтып, алтыбақан теуіп, көкпар, бәйге ұйымдастырып, ұлттық дәстүр мен дінімізді сабақтастыра отырып мерекелегеніміз ешқандай шариғатқа қайшы емес.

 

Бұл төңіректе ҚМДБ қарасты «Иман» журналының бас редакторы Оңғар қажы ӨМІРБЕК былай дейді:

 

– Бұл, негізі, жақсы идея екен. Бірақ, қазір біздің құзырымыз тек мешіттерге ғана жүреді. Ал басқа жерде уағыз жүргізуімізге бізге заң бойынша тыйым салынған. Біз ешкімге «олай істейік, бұлай істейік» деп талап қоя алмаймыз. Егер жергілікті әкімдер осының барлығын ұйымдастырып, діни іс-шараларды ұлттық дәстүрмен ұштастыра отырып жасаса, имамдар ондай жерлерге барып, уағыз айтуға әрқашан дайын. Көрінген шет елдің әншілерін бәленбай мың долларға шақырып қаражат шығындағанша, осындай пайдалы істермен жас өскіндерге үлгі-өнеге, естерінде қалатындай етіп өткізсек, құба-құп болар еді. Бұл күні ресми демалыс болғаннан кейін басқа дін өкілдерін де, өзге ұлт пен ұлыстың да басын қосып, елдің елдігін, бірлігін, ынтымағын арттыратындай, ұлттық өнер мен ізгі дінімізді насихаттасақ, нұр үстіне нұр болар еді.

 

Теолог ғалым Досай Кенжетайдың айтуынша, Құрбан айт тек қан шығаратын мейрам емес. Мұны өз деңгейінде атап өту үшін мерекелік концерттер, рухани іс-шаралар, халыққа дінді насихаттау, ағартушылық жұмыстары қатар жүргізілуі керек. Бұлардың бәрі кешенді түрде атқарылғаны жөн. «Өкініштісі сол, бізде барлығы жоғарыға қарай ауызды ашып, сол жақтан тапсырма күтетін психология қалыпта­сып қалған. Әйтпесе, діни агенттік немесе мүфтият ел мен елді біріктіру үшін, адамзатты ізгілікке, татулыққа шақыру үшін осы мерекені жоғары деңгейде өткізейік деп ұсыныс айтса, бастамашы болса, онда оларға ешкім қарсы шық­пайтыны сөзсіз. Бұл жерде тек тиісті мекемелердің белсенділігі қажет», – дейді теолог ғалым Д.Кенжетай.

Қалай десек те, Құрбан айттың негізгі мақсаты — тек құрбан шалу емес, оның астарында үлкен мән-мағына жатыр. Құрбан айт, бұл — ел арасындағы татулықты нығайтып, әрбірімізді кешірімді болуға үндейтін, адамдардың бір-бірімен бірлігін бекемдеп, қазақтың қонақжайлылық, ынтымақтастық, достастық, сыйластық секілді қасиеттерін арттыра түсуге себепші болатын ұлық мереке. Елбасымыз да дініміздің өркендеуіне жағдай жасап, халқымыз діни мейрамын мерекелесін деп Құрбан айттың алғашқы күнін ресми демалыс ретінде жариялады. Ендігі кезекте ірі мегаполис – Алматы шаһарынан бастап, Қазақстанның бүкіл қалалары, аудандары, шағын ауыл-аймақтарына дейін осы айт мерекесінің ерекше көңіл күйін қалып­тастырып, ұлттық, бүкіл халықтық деңгейде көтеруіміз қажет-ақ.

Өкінішке қарай, бізде Құрбан айтты өткізуді мешіттің шаруасы ретінде қарайтындар көп. «Дін – мемлекеттен бөлек» дейміз де, барлық жауапкершілікті соларға ысыра саламыз. Дегенмен, дін мемлекеттен бөлек болғанымен, халықтан бөлек емес қой. Ал халқымыздың 70 пайызы ислам дінін ұстанатынын ескерсек, онда бәрібір мемлекет қоғамнан, діннен алшақ бола алмайды. Сондықтан бұл реттегі мәселені қалалық әкімдік, мемлекет тарапынан қолға алмасақ, істің нәтижелі болуы екіталай.

 

 

 

тақырыпқа орай

 

Құрбан айт мерекесін қалай атап өткен жөн?

 

Дархан Сақтаған,

дінтанушы:

 

– Мұсылман үмметі Құрбан айт күні таңертең дәрет алып, өзінің алғашқы қадамын тазарудан бастап, мұнан кейін үстіне кіршіксіз таза, жаңа киімдерін киіп, хош иіс себініп, мешітке барып, көпшілікпен бірге мерекелік намаз оқиды. Айт намазынан кейін барша мұсылман баласы бір-біріне құшағын жайып, «Алла айттан айтқа аман-есен қауыштырсын!» – деп, өзара дұға жасап, қуанышқа ортақтасады, қуаныш-қызықты бірге бөліседі. Ренжіскен ағайындар татуласып, бір-біріне деген туыстық қатынасын одан әрі арттыра түседі. Осылайша, «Құрбан айт» мерекесі құлшылықпен басталып, өзінің барлық сән-салтанатымен ел ішінде жалғасын табады. Дегенмен, менің айтқым келгені, Құрбан айтты келешекте ұжым болып тойлауға мән берсек екен. Жаңа жылды қарсы алғанда бәріміз жұмыла кірісіп, не істейтінімізді, қайда атап өтетінімізді бір-бірімізбен ақылдасып жататынымыз бар. Ал Құрбан айтты неге солай ұйымдастырмасқа?! Әрине, оның да өзіндік ерекшелігі, мәні бар. Есесіне, Жаңа жылға қарағанда мұның ұрпақ бойына ұялатар жақсылығы, ол ұғынар тағылымы мол ғой. Әрі үш күндік мереке, әр шаңырақ алғашқы күнде келетін қонақтарын өз үйінде қарсы алып, келесі күні ағайын-туысты аралап, үшінші күні ұжымдық Құрбан айт дастарқанына келсе, қандай жарасымды болар еді деп ойлаймын.

 

Нұрлан БҮРКІТБАЙҰЛЫ,

Алматы қаласының тұрғыны:

 

– Жалпы, жағдайы жеткендердің бәрі құрбан шалса, оның еті тұрмысы төмендерге таратылса, халқымыз арасында ауызбіршілік пен сыйластық та артқан үстіне арта береді. Айт келгенде әр отбасында қуанбайтын, шаттанбайтын кісі қалмауы ләзім. Бесіктегі баладан төрдегі ересектерге дейін барша отандастарымызды айт мейрамын жыл сайын сағына күтетін деңгейге жеткізуге тиіспіз. Балаларға арнайы ойыншықтар мен сыйлықтар таратуды ұйымдастырсақ, бұл мереке олардың да сағына күтетін мейрамына айналары анық. Жақын-жұрағаттарымызға да сый-сияпат, тарту-таралғыны дәл осы айт күндерінде көбірек жасауды әдетімізге айналдырған дұрыс. Сонда жердегілер осындай иләһи мерекені тойлап, мәз-мейрам болып жатқанда, көктегі періштелер де мұсылман жұртшылығының бірлік-ынтымағына тілектес болатыны сөзсіз.

 

Кәрібай ТАСШАБАЕВ,

заңгер:

 

– Құрбан айтты бүкілхалықтық мейрамға айналдыру қажет. Өкінішке орай, бізде Құрбан айт кезінде қой сататындар бағаны күрт көтеріп тастайды. Бұл адамгершілікке мүлдем жатпайды. Құран Кәрімде: «Бір-біріңе тақуалықта, жақсылықта жәрдем беріңдер!», – делінген. Демек, Алла тағаланың разылығына кенеліп, сауап ететін Құрбан айтта біз бір-бірімізге жәрдем беруіміз қажет. Адам баласы бір күнде байып қалмайды. Ашкөздік пен тойымсыздық жақсылыққа апармайды. Сондықтан сатушыларға айтарымыз, сәл ынсап болсын, адамгершілікті ойлайық! Алла тағала мұсылман баласын ойлап, оған құрбандық сатқан адамның бір теңгесіне де береке береді.

 

 

Құрбан айт намазы

қалай оқылады?

 

Құрбан айтта оқылатын намаз басқа уақытта оқыла­тын намаздан бөлек болады. Имамдардың айтуынша, айт намазы жамағатпен жария түрде оқылады. Азан мен қамат оқылмайды. Мысалы, имам «Алла разылығы үшін екі ракағат Құрбан айт намазын оқуға ниет еттім» деп ниет етсе, жамағат: «Екі ракағат Құрбан айт намазын оқуға ниет еттім, ұйыдым имамға» деп ниет етеді. «Аллаһу әкбар» деп тәкпір айтылып, құлақ қағылып, қол байланады. Имаммен бірге жамағат құпия түрде «Субханәкә Аллаһуммә» дұғасын оқиды. Одан кейін имам – жария түрде, жамағат – құпия түрде «Аллаһу әкбар» деп, үш рет тәкбір алады. Әрбір тәкбірді айтқанда қолдар жоғары көтеріліп, екі жанына түсіріледі. Үшінші тәкбірден кейін қол байланып, имам «Әғузу» мен «Бис­миллаһты» құпия түрде, одан кейін «Фатиха» мен қосым­ша сүрені дауыстап оқиды. Кейін жария түрде «Аллаһу әкбар» деп рүкүғ пен сәждеге барады. Жама­ғат та имаммен бірге рүкүғ пен сәждеге барады. Содан кейін екінші ракағатқа бастайды. Имам құпия түрде – «Бисмилланы», жария түрде «Фатиха» сүресін және қосымша сүрені оқиды. Міне, осыдан кейін алғашқы ракағаттағыдай үш рет «Аллаһу әкбар» деп тәкбір алады. Бұдан кейін имам – жария, жамағат – құпия «Аллаһу әкбар» деп рүкүғ пен сәждеге барады. Сәждеден кейінгі соңғы отырыста «әт-тахият», «салауат», «раббәнә» дұға­лары оқылып, екі жаққа сәлем беріледі. Осылайша, айт нама­зының оқылуы бітіп, имам құтпа оқуға мінберге шығады. Айта кетейік, айт намазында екі құтпа оқыла­ды және екі құтпаның арасында жұма намазында отыр­ғандай болады. Бірінші құтпаның басында «Аллаһу әкбар» деп тоғыз рет, ал екінші құтпаның басында жеті рет айтудың сауабы мол. Сондай-ақ, айт намаздарының басында немесе соңында сүннет намаздары оқылмайды.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *