ҚҰРБАН АЙТ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!

12 қыркүйек – Құрбан айттың бірінші күні!

%d0%b5%d1%80%d0%b6%d0%b0%d0%bd-1-%d0%b1%d0%b5%d1%82

Ержан қажы МАЛҒАЖЫҰЛЫ, Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти

Аса қамқор, ерекше мейірім­ді Алланың атымен бастаймын!

Құрметті бауырлар!

Баршаңызды күллі мұсыл­ман қауымы асыға күткен қасиетті, ұлық мереке – Құрбан айт мейра­мымен құттықтай­мын! Отбасыла­рыңызға аман­дық,  мықты денсау­лық, жұмыстарыңызға береке тілеймін.

Бәрімізді айтқа аман-есен жеткізген Алла Тағалаға сансыз шүкірлер мен мақтаулар болсын!

Ислам діні сан ғасырдан бері еліміздің рухани тірегі болып келеді. Халқымыз асыл дініміздегі Жаратушы Иеміз белгілеп берген екі мейрамның ұлығы, айтулы мереке – Құрбан айтқа айрықша дайындалып, көпшілікпен ерекше атап өтеді. Берекеге бастаған бұл мереке бірлік пен игілікке, мейірім мен кешірімге үндейді.

Айт – ағайын арасын жақын­дастыра түсетін, адамзат баласын имандылыққа ұйытып, қанағат пен тәубеге шақыратын ұлық мей­рам. Бұл күндері барша мұсылман құрбан шалумен ғана емес, Ұлы Аллаға ұнамды әрбір ізгі амалы арқылы Раббысының разылығына, рақымына жақындай түседі. Өйткені, араб тіліндегі «құрбан» сөзі «жақын болу», «жақындау» деген ұғымдарды білдіреді.

Қасиетті Құранда: «Ұмытпаң­дар, олардың еті де, қаны да ешқашан Аллаға жетпейді. Оған жететін нәрсе – жүректеріңізге ұялаған тақуалықтарың (шынайы ниеттерің)» («Хаж» сүресі, 37-аят), – деп баяндалған.

Айт күндері қажылық пары­зын өтеп жатқан мұсыл­мандар да Жаратушыға жалбарына дұға жасап, құрбан­дық шалады. Қа­сиетті Мекке қаласында еліміздің аман­дығы, халқымыздың бірлігі мен берекесін тілеп жатқан отан­дастарымыздың да дұғасы, қажылығы қабыл болғай!

Қаржылық мүмкіндігі жоқ адамға құрбан шалу – міндет емес. Құрбандық еті ағайын-туыс, көрші-қолаң, тұрмысы төмен от­ба­сыларына, жетім мен жесірлер­ге, мүгедектер мен науқас жандарға таратылады.

Құрбан айт күні ерте тұрып, ғұсыл құйынып, айт намазына қатысу – пайғамбарымыз Мұ­хам­медтің (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннеті.

Қадірлі ағайын!

Барша жамағатты, еліміздің жанашыр азаматтарын мүбәрак мейрамның құрметі үшін мүгедек­терге, жетімдер мен жесірлерге, қараусыз қалған қарттарға қайы­рымдылық жасауға шақырамын.

Алла Тағала дұға-тілектеріміз бен сауапты істерімізді және шалған құрбандықтарымызды қабыл еткей! Әмин!

 

Керек дерек

Алматыда құрбандық шалатын орындар

 

Құрбан айт мейрамы кезінде Алматыда малды төмендегі мекен-жайларда сояды:

Алатау ауданында: Бекет ата мешіті (Шаңырақ-1 шағын ауданы, Өтемісұлы көшесі 18 А), Әскер ата мешіті (Әйгерім1- шағын ауданы, Ленин көшесі 18А), Мырзахмет мешіті (Қарасу шағынауданы, Северное кольцо көшесі 60), Алғабас мешіті (Алғабас шағын­ауданы, Лермонтов көшесі).

Әуезов ауданы: Таугүл мешіті (Таугүл-3 шағын­ауданы, Центральная көшесі 9).

Жетісу ауданы: Әл-Мадина мешіті (Рабочий кенті шағынауданы, Федоров көшесі 12), Вайнах мешіті (Айтықов көшесі 1, Рысқұлов даңғылының қиылысы), «Іc-commerse» ЖШС-нің мал сою пункті (Полежаева, 93А).

Медеу ауданы: Алматы қаласының орталық мешіті (Пушкин көшесі 16), «Райымбек батыр» мешіті (Думан шағынауданы, Хан тәңірі көшесі, 1), «Омар ибн Әл Хаттаб» мешіті  (Горный гигант шағынауданы, Жуков көшесі 36), «Фатима» мешіті (Добролюбов көшесі 138).

Наурызбай ауданы: «Таусамалы» базары (Таусамалы шағынауданы, Қонаев көшесі 2), ДИ кешені маңындағы алаң (Жандосов көшесі 2).

Түрксіб ауданы: «Ферали» мешіті (Жарылғасов,79).

Құрбандық шалынатын мал Алатау ауданында Бекет ата мешітіне қарсы жерде, Әскер ата мешіті жанында, Мырзахмет мешітіне тақау жерде және Үш қоңыр базары аумағында;

Медеу ауданында Райымбек батыр мешітіне қарама- қарсы жерде;

Наурызбай ауданында Таусамалы базарында, «ДИ» кешені жанындағы алаңда сатылады.

Қала тұрғындары мен қонақтарынан жоғарыда атал­ған мекен-жайда ғана малды сатып алу және сою қажет­тігін ескертеміз. Малды сатып алу барысында ветеринар­лық құжаттарын сұрауға кеңес беріледі. Сонымен қатар малды белгіленбеген және келісілмеген жерде сатуға, союға тыйым салынады.

«АҚШАМ-АҚПАРАТ».

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *