Құрақ көрпе

Алматыда тігілетін оның ұзындығы 25 500 шаршы метр, бұл жұмысқа 45 әйел жұмылатын болады 

 

Айкерім РАЙЫСҚЫЗЫ

 

Құрақ көрпенің ұзындығы 25 500 шаршы метр болады деп күтілуде. Ұйымдасты­рушы­­лардың сөзіне сүйенсек, сертификат алынған соң көрпе құрақтары түрлі көр­мелерге қойылатын болады.

Құрақ көрпені тігу жөніндегі шеберлік сыныбына қатысуға ниет білдірушілердің барлығы 10 наурыздан бастап www.nauryzfest2018.kz. сайтына тіркелуде. Оны жүзеге асыру үшін қаланың 25 кітапханасында көрпе элементтері қабылданады.

Атаулы шара наурыз мерекесіне орай 22 наурызда басталып, Алматының Қала күні мерекесі өтетін қыркүйек айында аяқталады. Көрпені тігуге 45 әйел қатысады деп күтілуде.

Көрпе деген ұғым біздің әрқайсы­сымызға таныс дүние. Атауын естіп, затын көре салысымен қақаған аязды күні далада жүрсеңіз де бойыңыз бір жылып қала­тындай. Ал ұйықтар болсаңыз, ол сізге ең қажетті бұйым.

Елімізде тұратын әрбір отбасында кем дегенде 2-3 көрпе, көрпеше болады. Көрпе, өзіңізге болсын, келген қонаққа болсын салып берсеңіз, жайлы төсек. Ал көрпеше кез-келген сыйлы қонағыңызға ұялмай төрге салып беретін ыңғайлы, әрі таза жайма. Расымен де, табалдырықтан қонақ аттаса көрпешесін алып жүгіретін бұл қазақтың көрсеткен сыйының бірі. Ол бір жағынан, қазіргі диван, үстел қызметін атқарса, екінші жағынан, тазалықты көрсетеді. Ол сырттан келген адамды балалар ойнаған немесе аяқпен ары-бері басылған төсеніш үстіне жайғастырмай, арнайы орын дайындағаны.

Көрпе тіккенде оған үлкен мән беріледі. Күнделікті төсегенге, қонаққа төсегенге деп, сандықтың үстіне бөлек-бөлек жиып қоятын жүктің түрі де, түсі де әр түрлі болады. Күнделікті өздеріне пайдаланғанға төзімді, іреңін оңайлық­пен бере қоймайтын маталарды пайдаланып тіксе, қонаққа құрақ көрпелерді ысырып қойып жатады. Жатын көрпелерге де сырғымайтын, ыстық немесе суықты тартпайтын маталар таңдалынып алынады. Бір қарағанда, бұл бір жерде жазылып, бекітілген заң секілді көрінеді. Бірақ мұндай талаптар мен заңдылықтарды жасаушы да, ұстанушы да халықтың өзі. Сондай-ақ, ол бүгін пайда болып, ертең жойылатын нәрсе емес. Халық даналығынан туып, мәдениетіне айналған, сөйтіп, ежелгі заманнан қолданыста келе жатқан дүние.

Бұрындары қиын қыстау заманда жібек мата кез-келгеннің уысына түсе бермегені белгілі. Ол кезде қазіргідей маталары самсап тұрған базарлар да жоқ. Анда-санда ауыл аралайтын саудагер­лердің қарасы көрінгенде алып қалмаса, жақсы мата алуға жұрттың қаражаты да, мүмкіндігі де бола бермеген. Тек бақуатты адамдар ғана саудагерлермен байланыс орнатып, тапсырыс жасап отырыпты. Сондықтан сатып алынған матаның әр қиындысына жұрт аса жауапкер­шілікпен қарап, еш бөлігін тастамаған. Қиықтан қиыстырып, төсеніш, көрпе-көрпеше тіккен, балаларға киім-кешек пішкен. Мұның бәрі ысырап­шылдыққа жол бермеу үшін де жасалған. Міне, құрақ көрпенің тарихы да осыдан келіп шықса керек. Бұл тұсынан алып қарасақ, қиындылардан құралға­нымен бойына қанағатты жиған құрақ көрпенің өңі сонда да көз жауын алады. Қалған-құтқан қиындыларды құраса да сол кездегі апаларымыз бояу үйлестігін, маталар жарасымдылығын білген, әрі оны сақтаған. Түстердің қадір-қасиетін де назардан тыс етпеген олар көркем дүние жасап шығаруды сол кезден бастағандай. Бертін келе заман өзгеріп, хал-ахуал, тұрмыс-тіршілік дұрысталып, матаның да, құрақ көрпенің де түр-түрі шықты. Бүгіндері базар­лардан көрпе-көрпешенің «жеті атасын» кездес­тіруге болады. Бұрындары әжелеріміз қыздың жасауына деп алдын-ала мата жинап, тігетін көрпелердің тыстары қазіргі күні техника мен өнер дамығаны сонша, сауда орындарында самсап тұр. Қалтаңызда ақшаңыз болса, болды.

Не деген тазалық дерсіз. Бұрындары сол әже­леріміз қызға жасау, ұлға енші бергенде көрпе-көрпеше тігуге жұртты асарлататын көрінеді. Ондай жерге тек өсіп өнген, берекелі отбасы­лардың ғана қыз-келіншектері мен апа-әжелері шақырылады екен. Сондағы ой – балаларымызға сондай кісілердің жолын берсін деген секілді. Той-томалақ пен сыйлы қонақ болып барған жерлерінен, құдағай болып киген киіттерінен жинаған маталардан тігілген көрпелер бір жағынан, балалары үшін ата-анасының, ата-әжесінің көзі болып қалатындай.

Түс пен түстің үйлесімін суретшілердің өзі қиыннан қиыстыратыны белгілі. Ал біздің дана халқымыз оны бұрыннан-ақ оқымай-тоқымай білген. Әрі соны бүгінге дейін жеткізіп берген. Расында да, құрақ көрпеге қарасаңыз, көзіңіз бір демалады. Әдемілік, үйлесімділік, жарасымдылық, жайсаңдық, кеңдік, бәрі де бір құрақ көрпенің бетінде бар. Ол 130-дан астам ұлт бейбіт өмір сүріп жатқан біздің еліміз секілді, тура біздің халқымыздың табиғи мінезі мен болмысындай. Әр түрлі маталардың қиындыларынан құралса да, бір-бірімен түс жағынан да, табиғаты жағынан да үйлесім тапқан.

Өткенде жұмыстан үйге қайтып келе жатып, аулада қаз-қатар жайылып тұрған бір үйдің көрпелерін көрдім. Бір қарағанда маған көпқабатты үйлердің арасында орналасқан ауланың реңі кіріп, жайнап кеткендей көрінді. Адамның екі қолынан туған көркем дүниеге қарамау мүмкін емес. Ары-бері өтіп жатқандардың бәрі тоқтап, бір қарап өтіп жатыр. Қараған көзге қаланың қақ ортасына ауылдың бір бөлшегін әкеліп қойған секілді әсер қалдырады. Бірінен-бірі өткен әдемі көрпеше­лерден қазақы өнердің, мәдениеттің исі аңқып тұр. Шіркін, ұлттық өнердің аты да, заты да басқа ғой. Сол көрпешелерді далаға жайған адамның негізгі ойы – оларды күннің көзіне жайып, бір қопсытып алу болғаны белгілі. Бірақ сол біздің ауланың тұрғыны оның ауылды, қазақы мәдениетті сағынып жүрген жұртқа ерекше әсер қалдырып, ғажайып көңіл-күй сыйлағанын білмейді ғой.

Жақында жақсы жаңалық естідік. Шаһарда «Наурыз-2018» мерекесі аясында ең ұзын «Құрақ көрпе» тігілмекші екен. Сөйтіп, «Гиннес рекордтар кітабына» кірмекші.

Құрақ көрпенің ұзындығы 25 500 шаршы метр болады деп күтілуде. Ұйымдастырушылардың сөзіне сүйенсек, сертификат алынған соң көрпе құрақтары түрлі көрмелерге қойылатын болады.

Құрақ көрпені тігу жөніндегі шеберлік сыныбына қатысуға ниет білдірушілердің барлығы 10 наурыздан бастап www. nauryzfest2018.kz. сайтына тіркелуде. Жүзеге асыру үшін қаланың 25 кітапха­насында көрпе элементтері қабылданады.

Атаулы шара наурыз мерекесіне орай 22 наурызда басталып, Алматының Қала күні мерекесі өтетін қыркүйек айында аяқталады. Көрпені тігуге 45 әйел қаты­сады деп күтілуде.

Бүгінде шаһарда шеберлер біліктілік­терін шыңдап жатыр. Жуырда С.Бегалин атындағы кітапханада алғашқы шеберлік сағаты өтті. Рекордты жаңартуға ниет танытқан әйелдерге көрпе құраудың қыр-сыры көрсетіліп, көрпені құрау техникасы үйретілді. Онда әйелдер өздеріне қажетті маталары мен жіптерін ала келіпті. Бұл ретте Алматы қалалық кітапханалар жүйесінің директоры, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Роза Қабиева ең үлкен құрақ көрпені тігуге ниеті бар барлық қала тұрғындары мен қонақтарын шақырды.

– 22 наурызда құрақ көрпе құрайтын әйел­дерді үйретіп жатырмыз. Ол ең үлкен көрпе ретінде Гиннестің рекордтар кітабына енетін болады. Шеберлік сағатына қатысуға барлық азаматтарды шақырамыз, – деді ол. Қалалық Мәдениет және мұрағаттар басқармасының мамандары құрақ көрпе ел тұтастығын көрсетеді деген пікірде.

– «Құрақ көрпенің» әр бөлшегі Отанымыздың сан алуандығын, оның даласын, тауы мен өзенін көрсетеді,  ал басты символ – халықтың бірлігі. Елімізде 130-дан астам  ұлт тұрады.  Көрпенің құрақтары тұтас жамылғыға айналып, еліміздің тұтастығын паш етеді, –  деп, ойларын ортаға салды.

 

Керек дерек

 

Ең үлкен көрпе 2000 жылы Португа­лияның Порто қаласында тігілген. «Manta da Cultura» деп аталған көрпенің ұзын­дығы 25100 шаршы метрді құрайды.

 

«MacTea» компаниясы да Наурыз мейрамы қарсаңында рекордқа қол жеткізбекші. Олар үстіміздегі жылдың 22 наурызында Жібек жолы көшесінде бұрын-соңды болмаған шәй ішу шарасын өткізуді жоспарлап отыр. Сыйымдылығы 2 000 литр болатын үлкен шәйнектен Алматы тұрғындары мен қонақтарына тез шығатын сүті, қанты, шайы ішінде бар  шай ұсынылады. Шараны ұйымдастырушылар 20 000-нан астам адамды шаймен сусындатпақ. 

Шара өткеннен кейін «Гиннес» инспекторы барлық пайдаланылған ингриденттерді есептеп, қанша шәйдің ішілгенін біледі, содан соң компанияға сертификат беріліп, қазақстандық «Гиннес» рекордтар кітабына жазылады. 

 

Қалада Наурыз мейрамы қарсаңында 22 наурыз  бен 21 сәуір аралығында 150 мә­дени-спорттық шара ұйымдасты­рылады. Ұлыстың ұлы күні бас көше­лерде орналасқан 40 медиабордтан тікелей трансляция жасалады.

Еске салсақ, «Наурыз-2018» мерекесі 21–25 наурыз аралығында сағат таңғы 10.00-ден басталып, кешкі 21.00-ге дейін мегаполистің түрлі алаңдарында өтеді. Ал 22 наурыз күні Астана алаңында үлкен концерт, ұлттық ас мәзірі фестивалі, т.б мәдени-спорттық шаралар ұйымдасты­рылады.

Мерекелік шаралар Панфилов, Жібек Жолы  көшелерінде 22–25 наурыз аралығында 10.00-22.00 аралығында өтеді. 120 000 астам  адам келеді деп күтілуде. Қалаға 12  елдің өкілдері келеді. Олардың қатарында Иран, Қазақстан, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркия, Үндістан, Пәкістан, Ауғанстан, Ирак, Түркменстан азаматтары бар.

Сондай-ақ, Наурыз мерекесі Жүргенов академиясы маңындағы сахнада, Атлеттер ауылында, «Almaty Arena»  жанында   да ұйымдастырылады. «Наурыз-2018» мерекесі бір ай бойына, яғни наурыз бен сәуір айларында атап өтіледі деп жоспарланған.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close