Өр рухты азамат еске алынды

Кеше Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетiнiң Магистратура және PhD докторантура институтының ғимаратында Қазақстан тарихы мен мәдениетi кафедрасының ұйымдастыруымен алғашқы кәсiби қазақ тарихшыларының бiрi, сталиндiк қуғын-сүргiндi басынан өткерген өр рухты қайсар тұлға, ғалым, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ КСР Ғылым академиясының корреспондент-мүшесi, Қазақстанның еңбек сiңiрген ғылым қайраткерi, Қазақ КСР Ғылым академиясының Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлығының лауреаты Бекежан Сүлейменовтiң туғанына 100 жыл толуына орай дөңгелек үстел болып өттi. Дөңгелек үстелге университеттiң тарихшылар қауымы, оқытушы-профессорлар құрамы, магистранттар мен студенттер қатысты.

Кеңестiк тоталитарлық жүйе жағдайында қазақ халқының шынайы тарихын жазуға ұмтылыс танытып, осы еңбегiнiң «өтеуi» ретiнде отарлық билiктiң түрмесi мен айдауын көрген халқымыздың бiртуар ұлы Бекежан Сүлейменовтiң азаматтық тұлғасы мен ғылыми мұрасы жайлы ой қозғап, атақты тарихшының тұлғасы арқылы жас буын тарихшылар қауымын отансүйгiштiкке, ғылымға деген тазалыққа тәрбиелеу болмақ.

Сүлейменов Бекежан Сүлейменұлы 1912 жылы 12-желтоқсанда Ақтөбе облысы, Шалқар ауданында дүниеге келген. Карл Либкнехт атындағы Мәскеу мемлекеттiк педагогикалық институтының тарих факультетiн бiтiрiп, 1938 – 1942 жылдары Қазақтың Абай атындағы мемлекеттiк педагогикалық институтының КСРО тарихы кафедрасында аға оқытушы болып қызмет атқарады. 1942 – 1943 жылдары Қазақ мемлекеттiк шет тiлдерi мұғалiмдер институтының (қазiргi Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тiлдерi университетi) ректоры болды. 1943–1946 жылдары КСРО Ғылым академиясының қазақ бөлiмшесiнiң Тiл, әдебиет және тарих институты директорының ғылыми жұмыстар жөнiндегi орынбасары, 1946 жылдан өмiрiнiң соңына дейiн (1984 ж.) Шоқан Уәлиханов атындағы тарих, археология және этнология институтында аға ғылыми қызметкер, сектор меңгерушiсi, бөлiм меңгерушiсi қызметтерiн атқарды.

Б.Сүлейменов дарынды әрi байсалды ғалым ретiнде өмiрiн отан тарихының кеңестiк билiкке дейiнгi кезеңiн зерттеуге арнады. «Қазақстандағы 1916 жылғы көтерiлiс», «Аграрный вопрос в Казахстане в последней трети ХIХ и начале ХХ вв», «Казахстан в составе России в ХVII – начале ХХ века» атты және басқа көптеген монографиялық еңбектерi отан тарихын зерттеу iсiне қосылған қомақты үлес ретiнде мойындалған. Ол – Қазақстан тарихының 5 томдық академиялық басылымы авторларының бiрi. Ғалымның ғылыми жетекшiлiгiмен ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсариннiң 3 томдық мұрасы жарық көрдi. 1951 жылы Бекежан Сүлейменовке еңбектерiнде «реакциялық пиғылдағы бай феодалдарды, хандар мен сұлтандарды дәрiптедi, ұлтшылдық идеяларды насихаттады» деген айып тағылып, 25 жылға сотталды. 1954 жылы асыл азамат ақталды. Бекежан Сүлейменов 1984 жылы 30-маусымда Алматы қаласында өмiрден озған.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *