ӘР ҰЛТ, ӘР САРБАЗ ӨЗ ЕЛІН «МЕНІҢ ЖЕРІМ» ДЕП ҚОРҒАУЫ ТИІС

82631 МАМЫР – САЯСИ ҚУҒЫН-СҮРГІН ҚҰРБАНДАРЫН ЕСКЕ АЛУ КҮНІ

ӘЛИХАН БӨКЕЙХАНОВ (1866 – 1937)

Алаш қайраткерлерінің саяси болмыс-бітімдері мен азаматтық ұстанымдары халқымыздың тәуелсіз мемлекет құру жолындағы рухани сілкініс жасауына игі ықпал етті. Олардың отаншылдық, тұтастық пен бірлік, жалпыадамзаттық құндылықтар туралы ой-орамдары бүгінгі күнімізге идеялық күш болып қызмет етуде.

Алаш қайраткерлерінің идеялық мақсаты – бүгінгі «Мәңгілік ел» идеясымен мұраттас. Оның мәңгілік аңсары – қасиетті Жерге келіп тіреледі. Ал оның басты түпқазығы – жерді ұлттың игілігіне мәңгі аманатқа қалдыру. Алаш қайраткерлерінің ең басты мұраты да жер болғандығы сондықтан. Жерсіз мемлекет болмайтыны ақиқат. Жерінен айрылған мемлекет өзінің бостандығынан, тәуелсіздігінен айрылатыны белгілі. Осыны ең басты қаруы еткен ұлт қайраткерлерінің Жер туралы сөз етпегені жоқ.

Иә, олардың ұлт азаттығы жолындағы сөздері империялық билікті әбден үркітті. Жалынды ұраннан қорыққан большевиктік билік олардың үнін өшіргісі келді. Сөйтіп, тұтастай ұлттың үнін жөргекте тұншықтырып, бесікте белін үзуді саяси науқанға айналдырды. Бірақ, олар дегеніне жетпеді.

Алда Алаш қайраткері Әлихан Бөкейхановтың 150 жылдығы мен Алашорда Үкіметінің 100 жылдығы. Тәуелсіздігіміздің ширек ғасыры қарсаңында да ұлт үшін жандарын пида еткен асыл азаматтарымыздың соңында қалған сөздері бүгінгі күннің ұранындай болып отыр.

Оқиық!

Мемлекеттігі жоқ ел – жетім ел.

 

Біз шығыстың сәлдесімен, сарттың ала шапанымен, молданың мәсісімен өркениеттің табалдырығын аттай алмаймыз. Дін ісі мемлекеттен бөлінген, ұлттық-демократиялық қоғамды құруға ұмтылуымыз керек.

 

Байлық түбі – ақыл һәм қол ұсталығы. Осы екеуі қосылмай, адам баласы қазынаға жарымайды.

 

Бізді ұлтшыл қылған нәрсе – біздің кемдікте, қорлықта жүргендігіміз, көрінгеннен соққы жегендігіміз…

 

Өзінен басқаның тілегін тілей алмаған, арын, иманын қара басының пайдасы үшін қысқа күнде қырық сататын соғылғандардан қаны тамып тұрған ұлтшыл артық.

 

Қазақ – баладай аңғал, сүттен ақ, судан таза, бүлінбеген халық.

 

Қазақ баласы бірігіп, тізе қосып іс қылса – халықтық мақсат сонда ғана орындалады.

 

… біздің қазақтай бір жерде тізе қосып, қалың отырған іргелі ел жоқ.

 

Ежелгі түрік – бүгінгі қазақтың Тәңірісі – Көк!

 

Ұлттық әскері, ұлттық милициясы жоқ халық – қорғансыз ел.

 

Тірі болсам, хан баласында қазақтың хақысы бар еді, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын!

 

Қазақтар өзгелердің үстемдігін ешқашан мойындап көрген емес.

 

Әр ұрпақ өзіне артылған жүкті жетер жеріне апарып тастағаны дұрыс, әйтпегенде болашақ ұрпағымызға аса көп жүк қалдырып кетеміз. Кейінгі ұрпақ не алғыс, не қарғыс беретін алдымызда зор шарттар бар.

 

Халық ісін орнына салуға көп ақыл, көп қызмет, көп жылғы шебер істеген әдіс керек.

 

Біз шалма мен шапан киіп Алаш автономиясын құра алмаймыз.

 

… біздің замандағы салт: әркім құқына таласу, құқына тартысу; жылау салты артта қалды. Ендігі рәсім – құқы үшін жылау емес, құқын талас-тартыспен қорғау.

 

Қазақ баласы бас қосқан жиылысқа әкеліп ортаға салатын, жиылыста сынға түсетін сөз ел арасында сөйленіп, жазылып, сынға салынып, иі болып пісуі керек.

 

Біздің қазақ ұлтының автономиясы жерге байлаулы автономия болмақ.

 

«Мен қазаққа сөз үйретпесем, бұл съезге менің не керегім бар» деп, Надаровпен қош айтыстым. Бұл бір заман!

 

Қазақ болып бас қоссақ, біз кемшілікте отырған жетім жұрт үкіметпен екі араны сөз қылмай қоймаймыз, мұны осы күнгі газета тілінде политика дейді. Политика үкіметке таздың бөркін алғанмен бір есеп.

 

Ұлтына, жұртына қызмет қылу – білімнен емес, мінезден.

 

Адам баласы қылып жүрген іс – ой-ақыл болып басталады, адамды бала тапқан қатындай қинап, сөз болып сөйленеді, иә жазылады, ақыл-сөз сонан соң барып іске айналады. Не жұмыс қылсақ, осы үш: ақыл, сөз, іс сана талқысынан өтпей, жұмысқа айналмайды.

 

Бостандыққа апаратын жалғыз жол – жалғыз ынтымақ қана. Қазақ жерінің әрбір түйір тасы әр қазақтың өңіріне түйме болып қадалуы керек.

 

Мемлекеттілігі жоқ халық – жетім әрі жетекшіл халық. Мемлекеттігі жоқ халық – еліктегіш халық.

 

Мен Кеңес өкіметін сүймеймін, бірақ мойындауға мәжбүрмін.

 

Қазақ-ау! Түзуің бірігіп, жұрт үшін қам ойлайтын кез келген жоқ па?!

 

Кітап жазып, газет-журналға мақала шығарып, Алашқа қызмет қылмасақ, басқа жол бөгеулі.

 

Қазақ жұрт болатын болса, өз ішіндегі екі қазақ жер дауын құрту керек…

 

Кісі өз басына тіленіп, кішірейсе, кемісе – өз олжасы, бес миллион қазақ тілегі кемшілік жолына сыймайды. Жұрт ісін түс көрмей, ояу жүріп іздену мақсат.

 

Неше түрлі залалды қазақ мінезі бұзық орысша, мұсылманша хат білгендерінен көрініп жүр. Бұлар өзге қазақтан білімді, білімінен жақсы мінез шықса, бұл қалай? Бұл білім-мінез жолы – таусылмайтын статья жолы. ..

 

Еуропа жұртының сайлауы халыққа тегіс бір үлкен той. Еуропада халық партия болғанда адаспас ақ жол, адам аспас асқар бел, жұрт ілгері басатын іс қыламыз деп таласады. Сайлаған адамы халық қызметшісі, һәр орынға сайланғанда мынау білгіш, мынау шешен, мынау көсем, мынау әділ деп әрқайсысын өз орнына сайлайды. Біз қайтеміз. Төрдегі басын есікке сүйреп, арқасын жауыр, құйрығын шолақ қылып, атының майын параға беріп, біздің адасқан сорлы қазақ міне болыс, міне би, міне старшын, міне елубасы дейді. Қазақтың бұл ісі – жүрмейтін сағат салған, атылмайтын алтыатар мылтық асынған, күштінің көлеңкесінде намаз оқыған секілді, құдай қарғағандық. Мұнда да не кінә бар; үлгісіз, өрнексіз өскен, ақшаға сатылған елубасылар тас салған соң, қарақшыға да түспекші емес пе?

Қырда үлгілі, өрнекті шешен, жүйрік, таза әділ жақсылар да бар ғой! Бұлардың қылып жүрген істері көзге көрініп тұрған жоқ па.

 

…қазақ дауы орыстың төбесі көрінгенде құриды. Өз тізгініңді өзің алып жүре алмай, шатақ-даудан шықпайтын бір ескі ауруың бар-ау, қазағым! Бауырым, қазақ-ай! Қылығыңды көріп іш күйеді!

 

Еуропа жұрты тастан қалса, ендігі жарыста тағы жарысам деп азаптанбай, тас өткен соң, сайлауды, таласты қойып, шаруаға айналады. Оларда сайлау рәсімі осындай ақылға ұнамды жолда болады. Біз сияқты үлгісіз, рәсімсіз жұрт тастан қалса не қылады.

 

Закон сайлауды халықтың көбіне береді. Қазақ жұрты адам болатын болса, осы закон арқылы өз тізгінін өзі алып жүретін жүзі бар.

 

Бізде болыс көп сайлаған болмай, бөтен елден орыс жетелеп әкелген бұралқы болды.

 

Болыс болуға лайықты кісі – халық пайдасын білетін, жөн мен жол көрген, жұрт сөзін тыңдай да, құрметтей де алатын кісі.

 

Қазақ болысы орысша хат білсін, орысша хат білмесе тасқа түсуге жарамайды деген закон бұ күнге дейін жоқ. Сөзін адам тыңдамайтын халыққа қадірсіз сорлы жастар «Мен орысша білемін!» деп болыс бола қалады… Орысша хат білу тілмаштарға құл болу үшін ғана керек қой.

 

Үндістан моллалары сабақты тақтаға жазып, міне қара, дейді екен. Бұғып, еңбектеп жүріп жұрт пайдасын «Қазаққа» нұсқалап жаздым… Талапты аға-іні халыққа қызмет қылатын болсаң, осыны құлаққа тақ!

 

Адам баласы өзге хайуаннан айрылғанда бұлардан ақылды болып, қолы шебер болып айрылады. Байлық түбі ақыл һәм қол ұсталығы. Осы екеуі қосылмай, адам баласы қазынаға жарымайды.

 

Бөтен кісі қазаққа ешқайдан жақсылық әкеліп бермейді. Өз күшіне, өз қуатына сенбеген адам да, халық та ғұмыр жүзінде бәйге алмайды. Біреуге телмірген адамнан, халықтан қосақ түрткен жетім лақ бақытты.

 

Қазына – газетаның сырты, жабуы, қалам, мақала – жаны.

 

Мақаланы қалам өзі тілегенде жазса, сөз кестелі болады.

 

Еуропада газета – өмір айнасы: өмірде не болса, бәрі газетадан көрініп тұрады. Газетаны оқып, жұрт өзін-өзі көреді, өзін-өзі танып біледі.

 

Түзу қалам – қисайған, өткір қалам – мүжілген заман.

 

Газетаны күйлеп, жаратып бәйгеге қосуға өз алдына шебер, білгіш, жүйрік керек: газетаға басшы болу кім болса соның қолынан келмейді.

 

Мемлекет болып іс атқару оңай емес. Біздің қазақ іс атқаратын азаматқа жұтап отырған болса, біздің жалпы қазақ қараңғы, соқыр болса, Түркістан халқының қараңғылық һәм шебер адамы жоқтығы бізден он есе артық. Қазақ Түркістанмен бір автономия болса, автономия арбасына түйе мен есекті пар жеккен болады. Бұл арбаға мініп, біз қайда барамыз.

 

Қазақ жүрген жер өлшеніп, түгел планға салынған жоқ. Есеп болмаса, даукес жалғаншы күшейеді.

 

Жер дауы – тәмәм бес миллион қазақ дауы.

 

Біздің қазақ жерді меншікті қылып алса, башқұртша көрші мұжыққа сатып, біраз жылда сыпырылып жалаңаш шыға келеді.

 

Бостандық, теңдік, туысқандық болғаны рас болса, біз; қазақ, бурят енді бұл зорлыққа көнбейміз. Біздің жерге енді мұжық уақытша, өзіміз жер еншімізді алып орныққанша келмесін.

 

Біз бай, білімді әрі күшті болуымыз керек. Бай болу үшін – кәсіп, білімді болу үшін оқу керек. Ал күшті болу үшін – бірлік керек.

 

Қазақтың қойының жүні тоқылып, үстіне киім болып, әрбір темірі өзіне түйме болуы тиіс.

 

Қай облыста, қай жерде жер сыбағасын – норманы – жергілікті жер комитеті кессін. Қазаққа жер кесілгенде ауылға, ұлысқа, руға, өздерінің тілегіне қарай, табақ бір тартылсын.

Жалғасы бар.

Дайындаған – Ермек ЖҰМАХМЕТҰЛЫ.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *