ӘР ҰЛТ, ӘР САРБАЗ ӨЗ ЕЛІН «МЕНІҢ ЖЕРІМ» ДЕП ҚОРҒАУЫ ТИІС

944МІРЖАҚЫП ДУЛАТОВ  (1885 – 1935)

Әрбір адам шенеунік болуы мүмкін. Бірақ, әрбір шенеунік қазақ бола алмайды.

Азаттық таңы атты. Тілекке Құдай жеткізді. Күні кеше құл едік, енді бүгін теңелдік. Қам көңілде қаяудан арман қалған жоқ.

Ұл-қыз демей баланы оқыт, қазақ.

Өз еркі өзінде жоқ бір кісіге құлдық қандай кемшілік болса, бір тайпа жұрттың еркіндігі болмауы одан мың есе жаман.

Жұрт болудағы мақсат – осы күнгі тірі жүрген адам баласына ғана емес, кейінгі нәсіл-нәсіп, үрім-бұтақтың кем-қор болмауы үшін керек зат.

…Бүгінгі қазақ елі екі жолдың тарауында тұр. Біреуі – құлдық жолы, екіншісі – жұрттық жолы.

Алаш болып шашау шықпау – бірліктің басы.

Бола берме, жазған қазақ, жасқаншақ!

«Оян, қазақ!» халық арасына тарамасын деп, үкімет үкім салды.

Ұлт әскері – ұлт қорғаны.

Халқың надан болса, мың депутатың болсын, онан пайда жоқ. Депутаттықты таңсық көріп, атағына қызығып, яки бәсеке үшін баратын кісі болмасқа тиіс.

Қай елдің баспасөзі мықты, сол елдің болашағы зор.

Орысша сөйлеген жерде, қазақтың исі шықпайды.

Тарихын жоғалтқан жұрт – жоғалған жұрт.

Қазағым менің, елім менің! Ең алдымен қазақ халқы – Ресейге тәуелді халық. Оның ешқандай правосының жоқтығы ыза мен кек тудырады.

Орыс отаршылары Ресейдегі уақ ұлттарды маймыл ойнатқандай қылды. Мұнан не туды? Мұнан ұлтшылдық туды.

Бізді ұлтшыл қылған – кемдікте, қорлықта жүргеніміз, көрінгеннен соққы жегеніміз еді.

Адассам – халқыммен бірге адастым, сәулелі жарық жолға ұмтылсам, ұлтыммен қосылып ұмтылып бағамын.

Тіршілік – бәсеке жарыс. Дүние – бәйге үйлес­тіруші. Озғанға қарай бәйге береді. Жарыстың алды болып келген бәйгенің алдын алады, ортасы болып келген ортасын алады, соңында калған бәйгеден тіпті құр қалады. Осылай болған соң адамнан адам, жұрттан жұрт, ұлттан ұлт озсам дейді. Озғанның ісі қай орында да болса, үстем түсіп, қалғанның ісін баспақшы.

Адамның ең алдымен адам сипаты болуы шарт. Өзінен басқаның тілегін тілей алмаған, арын, иманын қара басының пайдасы үшін қысқа күнде қырық сататын соғылғандардан қаны тамып тұрған ұлтшыл артық.

Жол ұзақ, ғұмыр қысқа. Ендеше, бүгін артылған жүкті қолдан келгенінше атқарып кетейік.

Зиялы қауым халықтың қамын ойлауға міндетті.

Халық тағдыры – карта ойыны емес.

Сот түзелмей, халық түзелмейді.

Халықтың жайын, салтын, рәсімін, тілін білмейтін сот – сот емес, сор.

 945Темірбек ЖҮРГЕНОВ,  (1898 – 1938)

Тіл – адамның дүниетанымы дәрежесін көрсетіп қоймай, оның адам болып қалып­тасуында да үлкен рөл атқарады.

Дүниежүзілік мәдениетке ана тілі арқылы барамыз.

…Оқу жоқ жерде тәрбие жоқ. Оқу – тәрбие үшін керек.

Мектеп – балаларға әдеп үйрететін үй, осыны ұмытпау керек.

…Жерұйықты көзбен көріп отырмыз – бұл қазіргі Қазақстан.

Қазақстанға керегі – 7-10 жылдық мектеп жүйесін құру, ал Голощекин «қазақ тек хат таныса болады» дейді. Жоқ! Бізге үлкен білім ордалары қажет!..

Алда істейтін міндетіміз – қалың көптің ішінен шыққан білім қайраткерлерін, өз кадрларымызды дайындау қажет. Қазақ тілін жете білудің өзі үлкен мәдениет.

946 Мұстафа ШОҚАЙ, (1889 – 1941)

Ұлтқа пайдалы адам келсе, бәрінен бұрын орыс өкіметінің атамекеніміздегі жер саясатын мұқият зерттеп үйренуге тырысыңыз. Сізге не істеу керектігін осы саясаттың өзі-ақ көрсетіп береді.

Біз, әрине, өзіміздің атамекеніміз Түркістанды кеңестік Ресейден де, басқа Ресейден де біржола бөліп алуды мақсат етеміз. Бұл – біздің ұлттық мұратымыз, ұлттық арман-мүддеміз. Біз тек осы идея үшін қызмет етеміз. Атамекеніміздің ішіндегі және сыртындағы барлық ұлттық күштерімізді осы идея төңірегінде топтастыруға барынша тырысамыз.

Ұлттық рухсыз ұлт тәуелсіздігі болуы мүмкін бе? Тарих ондайды көрген жоқ та, білмейді де. Ұлт азаттығы – ұлттық рухтың нәтижесі. Ал ұлттық рухтың өзі ұлт азаттығы мен тәуелсіздігі аясында өсіп-дамиды, жеміс береді.

Ол – (ұлтшылдық идеясы – құрастырушыдан) халқымыздың жаны мен жүрегі. Ұлтымыз өмір сүрсе, ол да бірге өмір сүреді.

Ұлттық рухтың негізі – ұлттық тіл.

Біз құл болып тұра алмаймыз. Біз ұлт азаттығымызды аламыз.

Әрбір өсетін адам басынан өткенін, балалық шағын еске алса да, сол балалыққа қайтқысы келмейді.

Бәрінен бұрын өз қатарымызды, түркістандық бірлігімізді күшейтейік. Түркістанның жұдырықтай жұмылған ұлттық бірлігін Ресейден айрылу үшін күресіп жатқан басқа халықтардың ұлттық майдандарымен тығыз үйлестіре отырып, орыс империализміне қарсы қуатты күш ұйымдастырып, бірге қимылдайық. Орыс империализміне қарсы күрес майдандағылардың ұлтын, дінін, нәсілін, партиясын тергеп-тектемейік, алаламайық. Тек осындай жол ғана бізді ұлттық азаттыққа жеткізе алады… Бұдан басқа жолдардың барлығы алдамшы, тұйық… Өзінің ішкі бірлігін нығайта алған халықтар ғана тәуелсіздігіне қол жеткізе алады. Және оны қорғап қала алады.

Ағалар, қыпшақ деген ұлт болмайды, қазақ деген ұлт бар. Егер әрқайсымыз бөлініп, қыпшақтың көсемі, арғынның көсемі, үйсіннің көсемі болып жатсақ, біздің халық азады.

Төлқұжат деген нәрсе «ұлт» бермейді, оның «ұлтын» өзгерте алмайды. Төлқұжат деген нәрсе сол төлқұжат иесінің оны беруші үкіметке тәуелді екенін ғана куәландырады.

Ылғи да Отаныма қайту ойында жүремін және соған жету үшін тырысамын. Демек, атамекенімді құтқару үшін күресемін.

Кеңестік ұлт саясаты бізді «балғасымен» жаншып, «орағымен» орып тастады.

Сіздер, немістер, өздеріңізді «Еуропадағы ең мәдениетті халықпыз» деп санайсыздар. Егер сіздердің мәдениеттеріңіз менің көріп жүргендерім болса, онда мен сіздерге тұтқындардың шеккен азабын көрулеріңізді тілеймін. Сіздер ХХ ғасырда өмір сүре отырып, ХІІІ ғасырда Шыңғыс ханның жасаған зұлымдығынан асып түстіңіздер. Мәдениетті халық екендіктеріңізді айтуға хақыларыңыз жоқ. Егер сіздер осыған байланысты маған «ату» не «асу» жазасын берсеңіздер, қарсылығым жоқ. Мұндай мәдени қоғамда өмір сүргеннен гөрі өлгенім артық.

Біз, Түркістан тәуелсіздігін жақтаушылар, еліміздің еркі үшін және жұртымыз Түркістанның бодандықтан құтылуы үшін күресеміз. Түркістан­дықтарда бұдан басқа жол болмаған. Қазір де жоқ және бұдан соң да болмайды… Біздің мұратымыз – Түркістанда түрі жағынан да, мазмұны жағынан да ұлттық болатын мемлекеттік құрылымға қол жеткізу болмақ. Сонда ғана халқымыз өз жерінің нағыз қожасы бола алады.

31 МАМЫР – САЯСИ ҚУҒЫН-СҮРГІН ҚҰРБАНДАРЫН ЕСКЕ АЛУ КҮНІ

Басы өткен сандарда. Жалғасы бар.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *