ӘР АДАМ ӨЗ ЗАМАНЫНЫҢ ПЕРЗЕНТІ

Исатай Әбдікәрімов Қазақстан Ұлттық  энциклопедиясына неге енбей қалған?

525

Әшірбек АМАНГЕЛДІ

Менің Исатай Әбдікәрімовпен ешбір туыстығым, жекжаттығым не аралас-құраластығым жоқ. Бір ауық телефонмен әңгімелескенім болмаса, жақын жүріп, қызметтес те, дәмдес те болған  емеспін. Бірақ, ол кісінің кезінде Сыр өңірінде бір-екі ауданды басқарып, кейіннен Қызылорда облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы, Қазақ КСР  Жоғарғы Кеңесі Төралқасының төрағасы сияқты лауазымды қызметтер атқарып, елге елеулі еңбек сіңіргенін білетінмін. Мұны аға буынның көбі біледі. Ақиқатын айту керек, Кеңес өкіметінің тұсында  ерекше бір қарым-қабілеті, не іскерлігі болмаса, мұндай жауапты және басшылық жұмыстарға екінің бірін жолата бермейтін.

Бір нәрсе екінші бір нәрсеге себеп болады. Мен жақында бір дерек-мәліметтер керек болып, 1998 жылдан бастап шығарылған он томдық Қазақстан Ұлттық энциклопедиясының І-ІІ томдарын қарап едім. Сонда әлгінде аталғандай халқына адал қызмет етіп, ел-жұртымызға айтарлықтай еңбек сіңірген, басқасын былай қойғанда,  КСРО тұсында Қазақстандағы биліктің бір тармағы, заңнамалық органы саналған  Жоғарғы Кеңестің Төралқасын басқарған Исатай Әбдіркәрімовтің бұл еңбекке  енбей қалғанын көріп қайран қалдым.

Бұл ұсақ-түйек кемшілік емес, елдігімізге, мемлекет екендігімізге сын болатын іс. Сондықтан оның  ұлттық энциклопедиямыздың келесі басылым­дарында ескерілгені жөн-ау.

Өмірде бәрі салыстырмалы ғой. Дегенмен, И.Әб­дікәрімов енбей қалған энциклопедиямызда елге аса бір еңбегі сіңбеген, бірер кітап қана жазған жазушы, не ортаңқолдау басшылық қызметтер атқарған, есімін айналасындағы әріптестері мен жора-жолдастарынан өзге жұрт біле қоймайтын азаматтардың аты-жөні жүр. Сол бойда маған: «И. Әбдікәрімов кезінде баласының ісіне байланысты жаманатты болып, қызметінен төмендетіліп еді. Осыны ескерген әсіресақ біреулер енгізбеген шығар?» деген ой келді.

Рас-өтірігін қайдам, зиялы қауымның арасында мынадай бір әңгіме айтылады. Қабілетті де білікті тарихшы ғалым энциклопедияны жаңа деңгейге көтереді деп үміт артқан болулары керек, 1979 жылы Қазақ Кеңес Энциклопедиясының Бас редакторлығына оған дейін ғылым мен ғылыми-педагогикалық салада жемісті жұмыс істеп танылған, белгілі тарихшы Манаш Қабашұлы Қозыбаев ұсынылады. Лауазымды қызметке үміткерді анау-мынау емес, СОКП Орталық Комитеті Саяси Бюросының мүшесі, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаевтың өзі қабылдайды. Әдеттегідей ақыл-кеңесін айтып, қызметіне табыстар тілеп, сөзінің соңында:

– Бізге қандай өтініш-тілегің бар? – деп сұрайды. Сонда   Манаш Қабашұлы мәселенің басын ашып алайын дегендей:

– Димаш Ахметұлы, менің түсінігімде энциклопедия деген Құрмет тақтасы емес. Оған  Қазақстанды басқарып отырған сіз де, адамзатты қан қақсатып, үлкен қайғы-қасірет әкелген Гитлер де кіреді. Сондықтан бізге энциклопедияның ұстанымы мен дәстүріне сай еркін жұмыс істеге мүмкіндік берсеңіздер болғаны! – деген көрінеді. Мұндай батыл тілекті естіген Димекең.

– Бұл айтқаның жөн, –  деп, басын шайқап күліпті деседі.

Міне, сол айтқандай, кез-келген елдің энциклопе­диясына үңілсеңіз, онда жақсылар мен жайсаңдарды да, «атың шықпаса жер өрте» дегендей, жаман іс-әрекетімен елді шулатқан, атақты баукеспелер мен қылмыскерлерді де кездестіресіз. Сенбесеңіз, кезінде аса бір  саяси талғам­паздықпен жазылған БСЭ (Үлкен кеңестік энцикло­педияны) ақтарып қарасаңыз, одан адамзаттың алғашқы ұстазы атанған Аристотельдің, механиканың ұлы үш заңын ашқан Исаак Ньютонның немесе  ең алғаш 1849 жылы түйреуішті ойлап тапқан американдық инженер Уолтер Ханттың  ғана емес,  сондай-ақ, неміс жерінде фашизмнің негізін қалаған Адольф Гитлердің, Италия­ның фа­шистік диктаторы Бенито Муссо­линидің және Кам­пучияның премьер-министрі болған, 3 мил­лиондай кам­боджалықты қырып-жойған, «қызыл кхмер­лердің» көсемі Пол Поттың аты-жөндерін көріп, оларға берілген анық­тама­ларды оқи аласыз.

Әрине, біздің кейіпкеріміз бұл адамдардың қатарына жатпайды. Демек, қалай болғанда да еліне-халқына жақсылы-жаманды қызмет еткен, өз заманының  лайықты пер­зенті болған Исатай Әб­дікәрімов Қазақстан Ұлттық энциклопедиясына енуі керек еді.

Бір жақсысы, қазіргі интернет желісіне кіріп көрсеңіз, Исатай Әбдікәрімов туралы бес-алты мақаланы кезік­тіресіз.

 

«Бұл қу дүние кімнен қалмаған»

 

Жоғарыда Исатай Әбдікәрімовпен телефон арқылы бір ауық сөйлесіп едім дедім ғой. Ол былай болып еді. Кешегі 90-жылдардың аяғында  «Зерде» журналының редак­циясында жұмыс істеп жүргенмін. Бір күні алдымдағы қызыл телефон безілдеп қоя берді. Байқаймын, қалааралық байланыс. Тұтқаны көтеріп едім, ар жағынан:

– Әлеу, қарағым, мен Қызылордадан хабарласып тұрған Исатай Әбдікәрімов  дейтін ағаң  едім, – деген жұмсақ та жағымды бір  дауыс естілді.

– Ия, аға, құлағым сізде тыңдап тұрмын! – дедім.

– Айып етпесең, менің бір саған айтар бұйымтайым бар еді…

– Айта беріңіз, тыңдап тұрмын.

Ол кісінің сөзінен ұққаным, бір қызы  филологиядан кандидаттық диссертация қорғамақшы екен. Қателеспесем, таңдаған тақырыбы  жазушы  Ә.Нұрпейісовтің шығарма­шылығына, сірә, «Сең» романына  қатысты болса керек. Соған енді әдеттегідей Жоғары Аттестациялық комис­сияның талабы бойынша бір ғылыми журналда жарияланған мақала қажет.

– Сондай тізімде сіздердің «Зерде» журналдарыңыз бар көрінеді. Осы жағынан қолұшын берсең, қарағым? – деді.

– Сөзіңізден садаға, аға!  Сіз Жоғарғы Кеңесті бас­қарған, былайша айтқанда, Президентіміз болған адамсыз. Қызыңыз талаптанып, ғылыми жұмыспен айналысып, кандидаттық қорғамақ болып жатса, оған неге қолұшын бермеске?  Қолдан келер көмегімізді аямаймыз, – дедім сыпайылық танытып.

– Ой, айналайын!  Өркеннің өссін! Сөз әлпетіңе қарағанда кішілікті де, кісілікті де білетін бала көрінесің.

– Мүмкіндігі болып, орайы келіп тұрса, үлкенге қызмет ету, қажетін өтеу, кішіге қамқор болу  міндетіміз ғой! – деп жатырмын.

– Жөн-ақ. Бірақ, екінің бірі ондай емес қой.

Байқаймын ағамның менімен ұзақ сөйлескісі бар. Өзі қала ішінен емес, сонау Қызылордадан соғып тұр. Осыны ескеріп:

–  Ағасы, бұл қалааралық байланыс қой. Сізге ауыр тиіп жүрмесін, –  дедім ескертіп.

– Е-е, қарағым, мен жақсыны да, жаманды да көрген адаммын. Бұл қу дүние кімнен қалмаған.  Мен осында қалалық  «Союзпечать» дейтін мекемені басқарамын. Азын-аулақ зейнетақы да аламын. Өзіңдей жөн білетін, сөз түсінетін азаматпен ғибратты әңгімеге шығындалуға ағаңның шамасы жетеді.

– Сонда да…

Маған сабақ-тағылым болсын деген шығар. Исатай ағамыз мұнан әрі өзінің өмірінен біраз сыр шертті.

 

Естен кетпес екі оқиға…

 

«Қарағым,  несін айтасың, біздің қатарластарымыз не көрмеді? 32-ші жылғы аштықтың дәмін таттық. 37-ші жылғы зобалаң да көз алдымызда. Жастық шағымыз Ұлы Отан соғысымен тұспа-тұс келді. Қолымызға қару алып, оқ пен оттың арасында, қан кешіп, елді қорғадық. Майданда ауыр жараланған мені «өлдіге санап»  үй-ішіме «ерлікпен қаза тапты» деген қара қағаз жіберген. Көрер жарығымыз бар екен, елге аман-сау оралдық. Соғыстан кейінгі ауырт­палықты жеңуге, халықтың еңсесін көтеруге жан аямай атсалыстық. Бізге құрмет пен атақ- абырой  оңай келген жоқ. Соның бәріне біз қажырлы еңбек, маңдай терімізбен қол жеткіздік» деген сөздері әлі күнге дейін құлағымда.

Сонан соң мына бір айтқан екі оқиғасы жадымда жатталып қалыпты…

1980 жылы Исатай Әбдікәрімов  Жоғарғы Кеңестегі қызметінен босап, еліне, Қызылордаға оралады. Ол кезде Кеңес өкіметі мұндай лауазымды қызмет атқарған, номенклатурадағы  адамдарды төмендетіп жіберсе де әйтеуір қызметсіз-жұмыссыз  қалдырмайтын. Сондай бір саясатпен оны Сырдария аудандық атқару комитетінің төрағасы етіп тағайындайды.

– Кімнің шынайы дос, кімнің нағыз жанашыр екені осындайда білінеді екен, – деп еді Исекең ауыр күрсініп. – «Аға-көке» деп жанымнан шықпайтын  жандайшаптар мен жағымпаздар жым-жылас жоғалды. Ағайын-туыс та келуін сиретті. Солай оқшау қалып, әрі балам қайтыс болып, уайым-қайғы басып, торығып жүрген күндердің бірінде кенет пәтерімнің қоңырауы соғылды. «Апырай, бұл кім болды екен? – дедім таңырқап.  – Біздің үйге де келетін адам бар екен-ау?». Есікті ашып қарасам, табалдырықтың алдында қасына ерткен 15-16-дағы бозбала бар, ақ жаулықты  бір кейуана тұр. Мені көрген бойда:

– Қарағым, біз Исатай  деген баланың  үйін іздеп жүр едік, – деді.

– Ия, ол мен ғой, – деп кейуана мен баланы үйге кіргіздім. Ішке кіріп, жайланып отырған соң:

– Исатай қарағым, баяғыда Жалағашта райком болғаныңда көмегің тиіп, шара­патыңды көріп едік. «Ашаршылықта жеген құйқаның дәмі ауыздан кетпейді» деген.  Сол жақсылығыңды қалай  ұмы­тайық. Саған көңіл айтайын деп сонау ауылдан арнайы келдім. Бір бұтағың сынды деп естідім. Құдай есесін қайтарсын, – деді.

Мынадай сөзді естігенде буын-буыным босап, көзімнен жас шығып кетті. Іштей қатты егілдім. «Қарашы, ауылдың қара­пайым, бір кейуана кемпірі жаныңа – жалау, көңіліңе – демеу болатын қандай сөз айтып отыр!». Кейуананың осы бір ауыз сөзінен кейін бойым жеңілдеп сала берді. Көненің көзі, алтынның сынығындай мұндай асыл қазыналар ел ішінде көптеп кездеседі. Бір жаманы сондайларды бағалай білмейміз.

– Мен қызмет барысында талай адамдармен жұмыстас болдым, – деді Исатай ағамыз тағы бір әңгіменің шетін шығарып, – Солардың ішінде ерекше сыйлайтын, құрметтейтін кісім Ықсанов дейтін азамат. Мұстахим Біләлұлы 1963-66 жылдары біздің Қызылорда облысында бірінші хатшы болды. Ықсанов былай ашуы қатты болғанымен, қайтымы тез, жаны таза, талапшыл да іскер кісі еді. Қазақ ондайды: «Күркіреді бар да, жауары жоқ адам» дейді.  (Бұл айтып отырғаны   Қызылорда (1963-66 жж.), Жамбыл (1970-71 жж.) және Орал (1976-85 жж.) облыстық партия комитеттерін басқарған, сондай-ақ, Қазақ КСР Министрлер кеңесі төр­ағасының орынбасары (1966-70 жж.), Қазақстан КП Орталық Комитетінің хатшысы (1971-75 жж.) болған белгілі мемлекет және қоғам қайраткері М.Б. Ықсанов (1926-1991).

… Бір жолы Қармақшыда бірінші хатшы болып жүргенімде ауданға Мұстахим Біләлұлы келді.  Жасаған жұмыстарымызға көңілі толмай, маған бет қаратпай, қатты ұрысты. Өзімше іштей: «Неде болса мені қызметтен босатуға келген екен ғой» деп ойладым. Сөйтіп, салым суға кеткендей, ұнжырғам түсіп кетті. Бір мезетте «бері жүрші» дегендей ишара білдіріп, көлігіне отырғызып алды. Үнсіз келеміз. Кенет түк болмағандай: «Исеке, маған  Орталық комитет жаңа жеңіл көлік бергелі отыр. Мына машинені саған бермекшімін» демесі бар ма?  Ол кезде жеңіл көлік қат-тапшы болатын. Мен таңданысымды жасырмай: «Мұстахим Біләлұлы, әлгінде ғана жұмысың нашар, жаман деп жер-жебіріме жетіп ұрсып едіңіз ғой?  Қалайша бұл көлікті маған қиып, бермекшісіз?» дедім. Сонда ол кісі қарқ-қарқ күліп: «Ой, Исеке-ай, бала сияқты не деген аңғал адамсың?!  Қазақ: «Қызым саған айтам, келінім сен тыңда!» деген емес пе? Сен тұрғанда ана күрішші не жұмысшыға ұрсайын ба?», деді жайдары қалыпта.  «Жақсының ашуы шәйі орамал кепкенше, жаманның ашуы жерге басы жеткенше» демекші, жүзінде бағанағы ашу мен реніштің  ешбір ізі жоқ. Әрі қарай ештеңе бол­мағандай әңгімелесіп кеттік…

Жалпы мен ол кісіден басшылық қызметтің, кісілік қасиеттің, іскерліктің  талай қыр-сырын үйрендім. Ықсанов туралы жылы пікір, жақсы сөздерді  онымен қызметтес болған талай азамат­тардан естідім. Әттең ертерек, небәрі 65 жасында қайтыс болып кетті. Мұсекең туралы өзің сияқты бір журналист кітап жазса, оның кейінгі жастарға үлгі-өнегесі, тағылымы мол болар еді. Бір қызы осы телевизия саласында басшылық қызметте деп естідім ғой. Сол қолға алатын болар…

Көрсеткен кішілік қызметіміз бен осындай ғибратты әңгіменің өтеуі шығар.  Сол жылы  Исатай ағамыз қалалық «Союзпечаттың» басшысы ретінде  «Зерде» журналының  таралымының артуына кәдімгідей қолғабыс жасап, үлес қосты.

Содан екі-үш жылдан кейін ол кісінің бақилық болғаны жөнінде қаралы хабарды газеттерден оқыдым. «Иманы жолдас болсын!» дедім іштей. Әрине, өмірде қателігі, кемшілігі болған шығар. Алайда, жасаған қызметі, сіңірген еңбегі ұмыт болмай, лайықты бағасын алуы керек қой.

1979 жылы Қазақ Кеңес Энциклопедиясының  Бас редакторлығына оған дейін ғылым мен ғылыми-педагогикалық салада жемісті жұмыс істеп танылған, белгілі тарихшы Манаш Қабашұлы Қозыбаев ұсынылады. Лауазымды қызметке үміткерді анау-мынау емес СОКП Орталық Комитеті Саяси Бюросының мүшесі, Қазақстан Компратиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаевтың өзі қабылдайды. Әдеттегідей ақыл-кеңесін айтып, қызметіне табыстар тілеп, сөзінің соңында:

– Бізге қандай өтініш-тілегің бар? – деп сұрайды. Сонда   Манаш Қабашұлы мәселенің басын ашып алайын дегендей:

– Димаш Ахметұлы, менің түсінігімде энциклопедия деген Құрмет тақтасы емес. Оған  Қазақстанды басқарып отырған сіз де, адамзатты қан қақсатып, үлкен қайғы-қасірет әкелген Гитлер де кіреді. Сондықтан бізге энциклопедияның ұстанымы мен дәстүріне сай еркін жұмыс істеге мүмкіндік берсеңіздер болғаны?!- деген көрінеді. Мұндай батыл тілекті естіген Димекең.

– Бұл айтқаның жөн, –  деп, басын шайқап күліпті деседі.

– Исатай қарағым, баяғыда Жалағашта райком болғаныңда көмегің тиіп, шарапатыңды көріп едік. «Ашаршылықта жеген құйқаның дәмі ауыздан кетпейді» деген.  Сол жақсылығыңды қалай  ұмытайық. Саған көңіл айтайын деп сонау ауылдан арнайы келдім. Бір бұтағың сынды деп естідім. Құдай есесін қайтарсын, – деді.

Мынадай сөзді естігенде буын-буыным босап, көзімнен жас шығып кетті. Іштей қатты егілдім. «Қарашы, ауылдың қарапайым, бір кейуана кемпірі жаныңа – жалау, көңіліңе – демеу болатын қандай сөз айтып отыр!». Кейуананың осы бір ауыз сөзінен кейін бойым жеңілдеп сала берді. Көненің көзі, алтынның сынығындай мұндай асыл қазыналар ел ішінде көптеп кездеседі. Бір жаманы сондайларды бағалай білмейміз.

«Ақшамның» анықтамасы

Исатай Әбдікәрімов 1923 жылы 15 мамырда Жаңа­қорған ауданының Өзгент ауылында туған. 1952 жылы Қызыл­ордадағы В.Н.Гоголь атындағы педагогикалық институтын, 1954 жылы СОКП Орталық комитетінің Жоғары партия мектебін, 1962 жылы Қызылорда гидротехникумын бітірген. 1935-1940 жылдары ауылшаруашылық техникумында, ауыл шаруашылығы институтында оқыды. Ол өзінің еңбек жолын 1940 жылы Жаңақорған аудандық «Екпінді» газеті редакциясының әдеби қызметкері болып бастады. 1941 – 1945 жылдары Ұлы Отан соғысына қатысты. Гвардиялық полк командирі, атқыштар бригадасының командирі болды. 1946 – 1948 жылдары Жаңақорған аудандық комсомол комитетінің екінші хатшысы, Қармақшы аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып қызмет істеді. 1949 жылдан бастап облыстық партия комитетінің аппаратында нұсқаушы, сектор меңгерушісі, облыстық комсомол комитетінің 1-хатшысы қызметтерін атқарды. 1953 – 1955 жылдары облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары, облыстық Кеңесі атқару комитетінің хатшысы болды. 1955 жылдан Шиелі аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, Қармақшы өндірістік басқармасы партия комитетінің хатшысы, Жалағаш аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметтерін атқарды. 1972 – 1978 жылдары Қызылорда облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болды. 1978-1979 жылдары Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президумының Төрағасы болды.

Исатай Әбдікәрімов СОКП ХХІV съезінің делегаты, КСРО  Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды. Социалистік Еңбек Ері атағына ие болды, екі рет Ленин орденімен, Октябрь революциясы, Құрмет белгісі ордендерімен және КСРО медальдарымен марапатталды. Оның 1993 жылы «Көп екен көргенімнен көрмегенім» деген кітабы жарық көрді. Жаңақорған ауданының «ХХ ғасыр Адамы» құрметті атағына ие болды. Қызылорда қаласындағы аграрлық техникалық колледж қайраткер есімімен аталады. Исатай Әбдікәрімов 2001 жылы 7 сәуірде дүниеден өтті. Ол туралы «Дүниеден ғажайып бір жан өтті» атты естеліктер кітабы (2002 ж.) шықты.

Осы айтылған дерек-мәліметтердің өзі  Исатай Әбдікәрімовтің қандай азамат жән қандай тұлға болғанынан хабар беріп тұрғандай. Ендеше, оның Қазақстан Ұлттық  энциклопедиясына енуі заңды да орынды болатын.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *