Президенттiк кәсiби спорт клубы құрылды

Кеше, 24-желтоқсан күнi елордада «Астана» Президенттiк кәсiби спорт клубының тұсауы кесiлдi. Жаңа жобаны жұртшылыққа «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Өмiрзақ Шүкеев таныстырды.

«Астана» Президенттiк кәсiби спорт клубы – Қазақстанның имидждiк жобаларының басын қосатын бiрлестiк болмақ. Оның аясында «Астана» деген брендтi бүкiл әлемге танытуды мақсат тұтатын, жетi түрлi спорт түрiнен – бокс, баскетбол, волейбол, велоспорт, су добы, шайбалы хоккей және футболдан құрылған командалар бiрiгедi.

– Елдiң даңқын шығаратын саланың бiрi – спорт екенi белгiлi, – дедi Bмiрзақ Шүкеев аталған клубтың тұсаукесер рәсiмiнде. – Қазақстан да өз атын әлемге танытатын осы саланы әрдайым қолдап келедi. Бүгiн құрылып отырған жаңа клуб – сол қолдауды әрi қарай күшейте түсетiн қадам. Екi дүркiн Олимпиада чемпионы Илья Ильиндi қаржыландыру арнайы жоспарлануда. Бұл бастама ел спортының абыройын асқақтата түседi деген үмiттемiз. Жаңа құрылымның басшысы ретiнде атақты боксшы Бақтияр Артаевты таныстыруға рұқсат етiңiздер. Оның мүмкiндiгiн бiз жақсы бiлемiз. Ол – Олимпиада чемпионы атанып, қазақ елiн әлемге танытқан тарландарымыздың бiрi. Мына жауапты жұмысты да тыңғылықты атқара алатынына сенемiз.

– Бұл – қазақ спорты үшiн айтулы оқиға, – дедi өз кезегiнде 2004 жылғы Олимпиада чемпионы, «Астана» Президенттiк кәсiби спорт клубының президентi Бақтияр Артаев. – Бiз деңгейi жоғары спортшылар дайындайтын жаңа кәсiби құрылым құрып отырмыз. Жас таланттардың жiгерiн жанитын бастама ғой бұл.

Бұрын жеке-жеке тiршiлiк етiп келген бiрнеше клубты – «Барыс» хоккей клубын, «Астана» футбол клубын, «Астана» баскетбол клубын, «Астана арланз» бокс клубын және тағы басқаларды бiрiктiрген құрылымның болашағынан күтер үмiт мол.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *