ПРЕЗИДЕНТТІК БАСҚАРУ ЖҮЙЕСІ

  • Ел тарихындағы маңызды оқиғаға – 30 жыл!

 

ПРЕЗИДЕНТТІК БАСҚАРУ ЖҮЙЕСІ

ЕЛІМІЗДІҢ ДАМУЫ МЕН ӨРКЕНИЕТТІ МЕМЛЕКЕТ РЕТІНДЕ ҚАЛЫПТАСУЫНЫҢ

КЕПІЛІНЕ АЙНАЛДЫ

 

     Ел тәуелсіздігінің елең-алаңында Қазақстанда президентік басқару жүйесінің енгізілуі ел тарихының тағдырлы кезеңіндегі маңызды оқиға еді. Президенттік институт КСРО-ның құлауынан біраз бұрын қалыптаса бастады. 1990 жылғы 24 сәуірде Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Қазақ КСР-інің Президенті лауазымын белгілеу және Қазақ КСР-інің Конституциясына тиісті өзгерістер енгізу туралы Заң қабылдады. Заң мемлекеттік биліктің жоғары органдарының жүйесінде Президенттің мәртебесін, сондай-ақ оның өкілеттіктерін белгіледі. Осы ел тарихының тағдырлы кезеңіндегі маңызды оқиғаға – биыл 30 жыл!

 

Комиссияда бірде-бір партия қызметкері болған жоқ, керісінше, ғалым-заңгерлер көп болды

Бұрынғы Кеңестік Социалистік Республикалар Одағының құрамында болған одақтас республикалардың көпшілігінде, Одақтық шарт негізінде «Тәуелсіз Мемлекеттер Одағы» құрамында қалуға ниет білдіргеніне немесе білдірмегеніне қарамастан, олар 1990-шы жылдардың басында жаңа Парламенттер шақырып, Республика Президенті лауазымын белгілеп, тағайындай бастады.

1990 жылдың басынан бастап республиканың Жоғарғы Кеңесі Президиумының хатшылығы мен аппараты республикадағы саяси өзгерістерге қатысты мәселелерді талқылау үшін кезең-кезеңімен Ғылым академиясы мен С. М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің заңгер-ғалымдарын жинады. Олардың көпшілігі Одақ шартына және тәуелсіз мемлекеттер одағының құрамындағы республика мәртебесіне қатысты болды. Жаңа Парламентті сайлау туралы, ондағы қоғамдық және шығармашылық ұйымдардың өкілдігін арттыру жайлы әңгімелер көтерілді. Содан кейін жұмыс топтары құрылып, Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар және Республика Президенті лауазымын енгізу туралы заң жобаларын жасай бастады.

1990 жылы 28-наурызда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Президиумы 19 адамнан тұратын «Қазақ КСР Президенті лауазымын құру және Қазақ КСР Конституциясына (Негізгі Заңы) өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын дайындау жөніндегі комиссияны құру туралы қаулы қабылдады. Бұрынғы жылдардан айырмашылығы, Комиссияда бірде-бір партия қызметкері болған жоқ, керісінше, ғалым-заңгерлер көп болды. Комиссия төрағасы болып Н.А. Назарбаев — сол кезде Республика Жоғарғы Кеңесінің Төрағасы, оның орынбасары болып С.Терещенко, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі төрағасының бірінші орынбасары тағайындалды. Комиссия құрамына оның мүшелері болып: Ұ.Қ. Қараманов, Е.М. Жаксылықов, Д. Д. Досполов, И.Н. Тасмағамбетов, сондай-ақ Ұлттық ғылым академиясының 5 мүшесі (А.К. Қошанов, С.Ж. Зиманов, М.Т. Баймаханов, Г.С. Сапарғалиев, С.С. Сартаев), С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университеті және Қазақ КСР Ғылым академиясының Философия және құқық институтынан 4 заң ғылымдарының докторлары мен кандидаттары (Ю.Г. Басин, В.А. Ким, У.К. Құдайбергенов, Н.И.Акуев) кірді.

 

Саяси аренада екі негізгі күш ашық қақтығысып,  күреске шықты

 

1990 жылы 29-наурызда Республика Жоғарғы Кеңесінің Президиумы бұқаралық ақпарат құралдарында «қоғамдық талқылау» жариялай отырып, «Қазақ КСР Президенті лауазымын тағайындау және Қазақ КСР-нің Конституциясына (Негізгі Заңына) өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын енгізу туралы қаулы қабылдады. Сол күні Жоғарғы Кеңес Президиумының 1990 жылғы 24-сәуірде он екінші сайланған Республика Жоғарғы Кеңесінің бірінші сессиясын шақыру туралы Жарлығы қабылданды.

Жаңа Жоғарғы Кеңес өзінің алғашқы мәжілісін 1990 жылы 24-сәуірде сол кездегі Республика астанасы Алматы қаласындағы үкімет үйінде өткізді. Бірінші отырыста қаралған бірінші мәселе «Қазақ КСР Президенті лауазымын тағайындау және Қазақ КСР Конституциясына (Негізгі Заңына) өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына қатысты болды. Баяндаманы Жұмыс комиссиясының мүшесі, депутат С.С.Сартаев жасады. Талқылау белсенді, қызу және даулы болды. Республикада президенттік билікті енгізудің қажеттілігіне қатысты күмәндар болды. Алайда, пікір алмасудан кейін депутаттардың көпшілігі мұны оң қабылдады. Бұған келесі жағдайлар ықпал етті: а) көптеген одақтас республикаларда президент лауазымдары енгізіліп, президенттер сайланды; б) 1990 жылы наурызда Мәскеуде ашылған КСРО халық депутаттарының кезектен тыс 3-ші съезінде КСРО Президенті лауазымын енгізу туралы мәселе талқыланды. Бұл жағдайдың біздің республикада Президенттік билікті енгізу туралы шешім қабылдау үшін маңызы болды; в) Қазақстанда президенттік биліктің енгізілуі Республиканың тәуелсіздігі мен егемендігімен байланысты болды, сондықтан бұл басты дәлел еді.

КСРО мен Ресей Федерациясындағы жағдай күннен-күнге шиеленісе түсті. Саяси аренада екі негізгі күш ашық қақтығысып, күреске шықты. Олардың бірі Кеңестік Социалистік Республикалар Одағын, кем дегенде, аздап өзгертілген түрде болса да сақтап қалғысы келді. Ал, екіншісі КСРО-ның ыдырауына және оның қирандыларында тәуелсіз республикалардың құрылуына, ең болмағанда жаңа «одақтық шарт» аясында, осы республикалардың елеулі тәуелсіздігі мен егемендігін мойындайтын жағдайға жетуге ұмтылды. Дәл осындай қиын жағдайда бостандық рухын және өз халқының саяси тәуелсіздікке ұмтылысын бейнелеген Қазақстанның алғашқы Парламенті жиналды.

 

Мәскеу Президент лауазымын тағайындауды кейінге қалдыруды талап еткен

 

Ұлттық ғылым академиясының мүшесі, депутат С.Сартаевтың естеліктеріне сәйкес, 24-сәуір күні таңертең негізгі мазмұны республика Президенті лауазымын тағайындау болған Қазақ КСР Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы мәселе қаралғанға дейін, ол Н.А.Назарбаевпен кездескен. Нұрсұлтан Әбішұлы оған бірнеше сағат бұрын Мәскеуден қоңырау шалып   (Саяси Бюро мүшелігіне кандидат және Одақ Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы Г.П. Разумовский), Қазақ КСР Президенті лауазымын тағайындау туралы Заңның қабылдануын және осы лауазымға кандидатурасын ұсынуды кейінге қалдыруды талап еткен және бұл КОКП Орталық Комитетінің Бас хатшысының пікірі екенін айтқан. Н.Ә.Назарбаев сәл ойланып, Сартаевқа мәселені қарауды кейінге қалдырмау туралы және егер депутаттар қаласа, Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидатурасын ұсыну туралы шешім қабылдағанын хабарлады.

Ресми түрде он екінші шақырылған Қазақ КСР Парламенті деп аталған жаңа Парламенттің алғашқы күнінде Республика Президенті сайланды. Жаңа Парламенттің бірінші сессиясының ашылуы қарсаңында жиналған Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Пленумы Н.Назарбаевтың Республика Президенті лауазымына кандидатурасын мақұлдап, оны осы лауазымға сайлану үшін Парламентке ұсыну туралы шешім қабылдағаны мәлім болды.

Президенттікке Н.Ә.Назарбаевтың кандидатурасы ешбір шүбәсіз еді. Дегенмен,  мәжіліс залы сыртындағы болған әңгімелерде жекелеген топтар тарапынан ең болмағанда, балама сайлауды байқау үшін бәсекелес кандидаттарды ұсыну қажеттілігі туралы мәлімдеме жасалды, кандидаттар ретінде сол кезхдегі Ауыл шаруашылығы министрі Балташ Тұрсынбаев және Республика комсомолы Орталық комитетінің бірінші хатшысы Иманғали Тасмағамбетов аталып өтті.

Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев осы уақытқа дейін республикада және бүкіл Одақ көлемінде есімі белгілі мемлекет қайраткері еді. Ол Қазақстан Министрлер Кеңесінің төрағасы және Коммунистік партияның бірінші хатшысы болды. Бірнеше ай бұрын Н.Ә.Назарбаевтың кандидатурасы КСРО Министрлер Кеңесінің төрағасы лауазымына және «Одақтық шарт» деп аталатын шеңберде КСРО Жоғарғы Кеңесінің Төрағасы лауазымына ұсынылды (1990 ж. наурыз). Біраз уақыттан кейін ол КСРО Одағының вице-президенті лауазымына лайықты кандидат ретінде қарастырылды. Осы жағдайлар ХХ ғасырдың 80-90 жылдары Н.Ә.Назарбаевты бірегей тәжірибелі және ірі өрлеу үстіндегі саяси және мемлекеттік қайраткер ретінде сипаттайды. Осы абырой-мәртебелерінің бәрі тәжірибелі және беделді мемлекет қайраткері ретінде оның пайдасына шешілді. Онымен кез-келген қазақстандық қайраткердің республика Президенті ретіндегі бәсекеге түсуі екіталай еді. Парламенттегі талқылау барысы қоғамның саяси дамуының осы кезеңіне тән демократиялық өрлеуді көрсетті. Бұған дейін болған «бірауыздан» дауыс берудің орнына нақты пікір алмасу болды, бірақ ешкім республика Президенті лауазымына балама кандидат ұсынған жоқ. Депутаттардың абсолютті көпшілігі, яғни үш жүзден астамының дауыс беруімен Н.А. Назарбаев Президент болып сайланды. 18 қарсы дауыс болды. Теріс дауыстардың болуы ешкімді таң қалдырмады. Бұл қалыпты жай ғана емес, сонымен қатар сайлаушылардың жетілуінің көрсеткіші болып саналды.

1990 жылы 25-сәуірде Жоғарғы Кеңестің 334 депутаты қатысқан екінші күнгі мәжілісінде Президент Н.Назарбаевтың және бір топ депутаттардың ұсынысымен вице-президент болып бірауыздан С.А.Терещенко сайланды. Оның кандидатурасы талқыланған жоқ. Оған кеше ғана сайланған Президенттің ол туралы көңілге қонымды, сенімді сөзі мен беделі әсер еткен сияқты.

 

Қазақстан үшін ең дұрыс, ең үздік таңдау

 

Президенттік билікке үлкен үміт артылды. Біріншіден, адамның бостандығы мен республиканың тәуелсіздігі идеясын республикалық басқару деңгейінде жүзеге асыру қиын болды, сондықтан, бұл міндетті, жаңа құрылымдалған билік шешуі мүмкін еді. Басқа демократиялық мемлекеттердің тәжірибесі мен даму тарихы мұндай билік Президенттік басқару бола алатындығын дәлелдеді. Екіншіден, Кеңес Одағының «кеңестік» және тоталитарлық режімдері оның қуатты жазалаушы органдарымен, халықтың әл-ауқатының шамалы экономикалық деңгейімен, барлық одақтас республикалардың, соның ішінде РСФСР-дің саяси өмірінің күн тәртібіне түбегейлі өзгеріс енгізудің қажеттілігін тудырды. Өтпелі кезеңде осы міндетті Президенттік билік сәтті шеше алады деп есептелді.

Н.Ә.Назарбаев республиканың Президенті қызметінде өте белсенді, жинақы және жауапты болды, және ең бастысы ол үлкен және кішігірім мемлекеттік саясаттағы жетік те бейнелі қайраткердің сирек кездесетін ерекше қасиеттерін көрсете отырып, жан-тәнімен жұмыс жасады. Ол сол кезеңде бастан асып жатқан маңызды жұмыстардың басы-қасында болып, мемлекеттік мүддені бірінші кезекке қойды.

1990-жылдардың басында империялық тұрғыдан әлемдегі ең қуатты мемлекеттердің бірі – КСРО-ның ыдырауының «күтпеген» және әйгілі процесінен туындаған орасан зор қиындықтарға қарамастан Одақ құрамында болған көптеген бұрынғы одақтас республикалар егеменді даму жолына түсті. Осы республикалардың бірі ретінде Қазақстан тәуелсіздік жылдары егеменді дамуға бағытталған мемлекеттік жүйенің саяси, бағдарламалық және заңнамалық негіздерін озық түрде ілгері жылжыта алды.

Бұл, бірінші кезекте, қазақ халқының тағдырында, тарихи оқиға ретінде атап өтуге тұрарлық маңызды қадам. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының басшылығымен тәуелсіздік жылдары жүзеге асырылған реформалар, қайта құрулар және қол жеткен табыстар елдегі Президенттік басқару түрінің енгізілуі мен қалыптасуының арқасында ғана мүмкін болды. 1995 жылғы Конституция Қазақстанды Президенттік басқару нысанындағы біртұтас мемлекет деп жариялады. Мемлекеттің саяси жүйесі Конституцияда нақты көрініс тапқан. Саяси жүйенің негізгі тұғыры – президенттік басқару жүйесі Конституцияда алғаш рет заңдастырылды. Қазақстан демо­кра­тия­лық саяси-құқық­тық жүйесі бар, эко­но­ми­касы тұрақты, халқы­ның әл-ауқаты жоға­ры, ұдайы даму үстіндегі мемлекет ретінде қалыптасты.

Сонымен, тәуелсіздік жылдары Қазақстанда президенттік басқару жүйесі қалыптасты. Бұл жүйе даму мен алға басудың кепіліне айналды. Ал өзінің іргелі мемлекет ретінде даму жолында президенттік басқару жүйесі тек оңды нәтижесін берді. Бұл Қазақстан үшін ең дұрыс, ең үздік таңдау болғаны сөзсіз. 1991 жылы 1 желтоқсанда Қазақстан халқы бірінші рет бүкілхалықтық сайлауда ел президентін сайлады. Сайлаушылардың 88,2%-ы келіп, 98,7% дауыспен Н.Ә.Назарбаев жеңіске жетті. 1995 жылғы 29-сәуірдегі бүкілхалықтық референдумның нәтижесінде Н.Назарбаевтың Президенттік өкілеттілігі 2000 жылға дейін ұзартылды. Президент институтының қазақстан­дықтар арасындағы жоғары беделі 1999, 2005, 2011, 2015 жылдардағы баламалы жалпыға ортақ президенттік сайлау өткізу барысында нақты қуатталды. Осы сайлаулардың нәтижелері Нұрсұлтан Назарбаевтың халықтың берік сеніміне және қолдауына ие болған тарихи тұлға екендігін дәлелдеп берді.

Сабырхан СМАҒҰЛОВ,

әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті

Қазақстан тарихы каферасының оқытушысы.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *