Президенттің виртуалды қабылдауына хат жаза аласыз

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әрбір азаматтың сұрауын қанағаттандыру,  мұқтаж жандарға дер кезінде көмек көрсету мақсатында www.akorda.kz сайтынан ашылған өзінің Виртуалды қабылдауына хат жазуды ұсынды.

Мемлекет басшысы бұл мәлімдемесін өзінің  Іnstagram-аккаунтында жариялады. «Құрметті оқырмандарым! Менің парақ­шама мыңдаған оқырман пікірлерін жазып, сауалдарын жолдап жатады. Олардың ішінде жүйелі түрде жұмыс істеуді қажет ететін күрделі мәселелер де бар. Әркім өз сұрағына жауап алып, пікірінің ескеріл­генін қалайды. Алайда, барлық өтініштерге осы парақша арқылы жауап беру мүмкін емес екенін өздеріңіз де жақсы түсінесіздер.

Қоғаммен пікір алмасуды жолға қою, әрбір азаматтың сұрауын қанағаттандыру, мұқтаж жандарға дер кезінде көмек көр­сету мақсатында  www.akorda.kz  сайтын­да менің Виртуалды қабылдауым ашылды. Қазірдің өзінде Виртуалды қабылдауға көптеген хаттар келіп түсуде. Республика азаматта­рының жеке немесе қоғамдық сипаттағы түрлі мәселелері бойынша өтініштері қаралады. Әр хат ресми тіркеледі, оны өзім де қараймын және Әкімшілік қызмет­керлері де қарастырады. Бұл – еліміздің әрбір азаматы ресми түрде сұрау салуға мүмкіндік беретін, заңды күші бар виртуалды қабыл­дау», – деп жазды  Мемлекет басшысы.

Біздің  дәйектеме:

«Ақорда»  сайтында  хабарланғандай, Қазақстан Республикасы Президентінің Виртуалды қабылдау бөлмесі ел азаматта­рының жеке немесе қоғамдық сипаттағы түрлі мәселелері бойынша өтініштерін қарау үшін ашылды.  Онда өз өтініште­ріңізді, ұсыныстарыңыз бен шағымдары­ңызды қалдыра аласыз. Өтінішті жіберу үшін электронды цифрлық қолтаңбаңыз (ЭЦҚ) болуы қажет.

Нұсқаулыққа сәйкес, www.akorda.kz сайтына кіресіз. Содан кейін «Виртуалды қабылдау бөлмесі» сілтемесін басып, электрондық цифрлық қолтаңба арқылы тіркеуден өтесіз. Сосын «Президентке жазу» бөліміне өтіп, хабарламаңызды жіберу үшін көрсетілген сауалнаманы (қай аймақ, өтініш сипаты және мазмұны) толтырасыз. Жұлдызша (*) белгісімен міндетті түрде толтырылуға тиіс тармақтар белгіленген.

«Мазмұны»  деген жолда өтінішіңізді  жазасыз (элек­трондық өтініш көлемі 1500 белгіден аспауы тиіс, қосым­шалар – 10 мегабайттан аспауы тиіс. Егер хат-хабарла­маңыз бұл көлемнен асып кеткен  жағдай­да Сіз ҚР Прези­денті Әкімшілігінің мекен-жайына жазбаша өтініш жібере аласыз). Бұдан соң ЭЦҚ арқылы өтінішіңізге қол қойып (ЭЦҚ арқылы Қол қою батырмасы),  өтінішіңізді жібересіз (Жіберу батырмасы). Өтінішіңіздің  қаралу барысын тексеру үшін «Жеке кабинет» бөліміне кіріп қарай аласыз.

 

«Ақшам-ақпарат».

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *