ПРЕЗИДЕНТТІҢ ҒАЛАМДЫҚ БАСТАМАЛАРЫ

%d0%bf%d1%80%d0%b5%d0%b7%d0%b8%d0%b4%d0%b5%d0%bd%d1%82-%d0%b1%d0%b0%d1%81%d1%82%d0%b0%d0%bc%d0%b0

Тұңғыш Президент күні – елі­міздің тарихында айрықша мәні бар ерекше күн. Өйткені, егемен­дікке енді қол жеткізген кезеңде ел тағдырын сеніп тапсыра алатын, елді өркендетіп, одан әрі дамыта­тын көшбасшы сайлап алу және Елбасыға лайықты ұлтжанды тұлғаны адаспай табу тәуелсіздікке енді қол жеткізген ел үшін аса маңызды еді. Сондай тұлғаны адас­пай сайлағаны­мыздың арқасында 26 жылда еліміздің жеткен жетістігі аз емес. Қазақ халқының тұңғыш Елбасын қалай сайлағаны  үлкен  тарихи оқиға болды.

1991 жылы 1 желтоқсанда Қазақ­стан тарихында тұңғыш рет республика Президенттігіне бүкілхалықтық сай­лауда Нұрсұлтан Назарбаевқа дауыс беруге қатысушылардың 98,78%-ы өз дауысын берді. Сол тарихи кезеңнен басталған президенттік институт бүгінге дейін өз өміршеңдігін айқындап, жасампаз Қазақ­станның саяси-эконо­микалық дамуының қозғаушы тетігіне айналды. Уақыттың сынынан өткен президенттік институт бүгінгі саяси басқару жүйесінде өзін-өзі  ақтаған саяси  институт  болды.  Себебі, прези­денттік институт моделінде мемлекет басшысы­ның заңдылық, келісім мен тұрақтылық сақтаудағы жауапкер­шілігі жоғары және сайланбалы демократия­лық қағидаттар әрдайым үстем тұрады.

Жалпы, әлемде мемлекеттік құры­лымында президенттік институт қалыптас­қан шамамен 140-тан астам ел бар. Жер  бетінде Британ монархия­сы­нан бас тартқан АҚШ-та бір мезетте мемлекет және үкімет басшысы болып табылатын президент лауазымы пайда болуы  әлемде  басқару  тетігіндегі  тосын  жаңалық  болды. Бұл – әлемдегі тұңғыш президенттік басқару нысаны еді. XІX ғасырдың бірінші жартысында АҚШ-тың үлгісімен Латын Америка­сында да президенттік басқару фор­масы орныға бастады. Ол кезде Еуропа құрлығында британдық парламент­аралық немесе қабинеттік  басқару жүйесі   енгізілген  болатын. 1848 жыл­дан бастап кәріқұрлықта тек Франция мен Швей­царияда президенттік лауа­зым бекітілді. Қалған Еуропа елдері XІX ғасырдың аяғына дейін монар­хиялық жүйеден бас тарта қой­мады. Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін Австрия, Веймар республикасы, Чехо­словакия, Польша, Эстония, Литва, Латвия, Түркия елдерінде жоғары лауазымды тұлғалар президент болып саналды.

XX ғасырдың 30–40 жылдарында Азия елдерінде президент  лауазымы  енгізілді. 50–60 жылдары тәуелсіздік алған Афри­каның барлық дерлік мемлекеттерінде президенттік институт дүниеге  келді.

Тарихта президенттік институттың конституциялық өкілеттігі әр елде әрқалай қалыптасты. Қазақстандағы президенттік институт  тәжірибесі демократиялық дамуға жол салған өркениеттік саяси жүйе құрудың алғышарты болып  қалыптасты. КСРО ыдырағаннан кейінгі тоталитаризм­нің ауыр мұрасы, тоқыраған экономика, құлдыраған халық шаруашылығы жағ­дайында, көпэтникалық, көпкон­фес­сиялық мемлекетте тәй-тәй басып, қаз тұрған президенттік институттың сәтті тәжірибесі өзге елдерге үлгі екенін алғаш  рет Кембридж универ­ситетінің профессоры Сидхарт Саксена дәлелдеп  берді.

Осыған  сай Парламенттің  қос палата­лық жүйесі белгіленіп, Прези­денттің құзыреті, сот  төрелігінің қыз­меті, Конс­титу­циялық Кеңестің өкілет­тілігі сияқты күрделі мәселелердің барлығы 1995 жылғы Конституцияда шешімін тапты. Өтпелі кезеңде бұл Ата Заң президенттік институттың жедел әрекет етіп, өткені мен келешек тұрғысынан дұрыс стратегиялық шешімдер қабылдауына септігін тигізді. Сол кезде көзі ашық азаматтар өкілеттігі күшті президенттік институт енгізудің маңызын түйсінген еді. Саяси-экономи­калық реформаларды белсенді іске асырған, ұлтаралық татулық пен дінаралық тұрақтылықтың негізін қалаған, әлемдік қауымдастықта өміршең инициативалар­дың генера­торы болған күшті президенттік инс­титут осынша аз уақыт аясында өзін ақтап қана қоймай, өзіндік қазақ­стандық моделін қалыптастырды.

Қазақстандағы президенттік институт пен Тұңғыш Президенттің орасан зор саяси-тарихи рөлін өзара сабақтастырмай қарау мүмкін емес. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ғаламдық деңгейдегі көшбасшылық қасиеттерге ие, жаһандық ауқымдағы парасат-пайым мен мүлде жаңа ойлауға бейім екенін, прагматизм, ұлтжанды­лық, тынымсыз ізденіс, қауырт жұмыс­ты серік еткен сындарлы саясаткер екендігін әріптестері мен қызметтестері  бағалап айтып жүр. Сарапшылар Тұңғыш Президент Нұрсұлтан  Назар­баевтың феномені ретінде кеңестік артта қалған елді ТМД-дағы еңселі, ядролық қарудан бас тартып қана қоймай, жаһандық ядролық қаруға қарсы қозғалыстың көшбасшысына, халықаралық беделі жоғары, сан салалы көрсеткіштер бойынша қуатты елге айнал­дыруын ерекше бағалайды. Қазақстанның абыройын асырған ЕҚЫҰ мен Ислам ынтымақтастық ұйымына төрағалық, тұғырымызды биіктеткен Азиада ойын­дары, ЭКСПО-2017 халық­аралық көрмесін  табысты  өткізуі  Тұңғыш Президентіміздің ерен еңбегінің, сарабдал саясатының, халықтың Елбасыға зор сенім артуының арқасы болса керек.

Тәуелсіздік алған  алғашқы жылдан-ақ Қазақстан Президенті ел астанасын Алматыдан басқа қалаға көшіру туралы мәселе көтеріп, мемлекеттің жаңа ас­танасын орналастыруға оңтайлы қаланы анықтау мақсатымен республиканың бүкіл аумағын мұқият зерттеуге тапсыр­ма берді. Мәселе көтерілісімен-ақ «Сайын далада елорда тұрғызу деген не сұмдық?! Ол мүмкін емес» деген пікір­лер айтылды. Және ол пікірді қолдау­шылар қатары көп болды. Күмән мен күдік басым  еді. Тіпті, талай жыл қатар жүріп, қызметтес болған азаматтар да Елбасына «бұл мәселені көтермей қоя тұрсақ қайтеді» деген күдіктерін жет­кізген. Алайда, бұл әлеумет­тік-страте­гиялық шешімнің дұрыс, мемле­кет үшін маңызды екеніне Елбасы нық сенімді болды. Президент бұл шешімнің дұрыс екенін Қазақстан Жоғарғы Кеңесінде дәлелдеп, бүкіл­  әлемге үлгі етті.

1997 жылы 20 қазанда Ақмола қала­сы Қазақстанның жаңа астанасы болып ресми түрде жарияланды. Сары­арқаның сайын даласында бой көтерген жаңа елорда Астана қаласының сәулетшісі Қазақстан  Президенті Нұрсұлтан На­зарбаев деп айтуға толық негіз бар. Өйткені, Астанада бой түзеген Батыс пен Шығыс мәдениеті мен дәстүрін тоғыстырған ғимараттар мен ескерт­кіштер Қазақстанның Тұңғыш Прези­дентінің идеялары мен сызбалары негі­зінде тұрғызылды. Нұрсұлтан Назар­баевтың ойларын әлемнің белгілі сәулеткерлері Қисе Курокава,  Норманн Фостер, Кензо Танге, тағы басқалар жүзеге асырды. Астананың және бүкіл Қазақстанның танымал брендіне айнал­ған «Бәйтерек» те Тұңғыш Президенттің идеясы негізінде бой көтерді.

Елбасының қазаққа әсем Астана салдыруы да ерекше іс. Аз ғана жылдың ішінде Сарыарқада көркейген қаланы халық қана емес, шетелдіктер де «Тұңғыш Президенттің кереметі» деп атап кетті. Мен кәсіби құрылысшы ретінде осы іске әлі күнге дейін таңқаламын.

Жалпы, адамзат дәуірінің қай кезеңін алып қарасаңыз да, тарих доңғалағын өзгертуде көшбасшылық қабілеті зор жеке тұлғалардың рөлі өте жоғары болып отыратынын аңғару қиын емес. Ондай жеке тұлғалар тарихтың жүрісін ғана емес, халықтардың, мемлекеттердің тағдырын да өзгерте алады. Мемлекет басшысы еліміз­­дің басты даму стратегиялық бағдарлама­сында көрегендік танытып, бүкіл­әлем­дік қаржылық дағдарыстың болатынын алдын ала болжап, соған байланысты  қарсы қадамдар құрды. Соның арқа­сында қаржылық іргетасы мықты бекіген Еуропа секілді кәрі құрлықтың өзін орнынан қозғап жіберген ғаламдық қаржылық дағда­рыс­тан біздің еліміз жеңіспен шықты.

Мәселен, 1997–2007 жылдар ұзақ мерзімді бағдарламаның бастапқы кезеңінде Тұңғыш Президентіміз шикі­зат, әсіресе минералды және энерге­тикалық ресурстар өндірісі мен экс­портын арттырып, содан түскен қара­жатқа ел әлеуетін қалыпқа келтіруді қарастырды. Сол үшін Ұлттық қор құрылды. Бұл кезеңде әлемдік қор бир­жаларындағы қазақстандық экспорт­тағы шикізаттардың бағасы да ұдайы өсіп, ел жағдайын біздің болжаған межемізден де жоғары деңгейге шы­ғарды. Демек, халықаралық нарықтағы шикізат бағасының шарықтау кезеңін осы уақыт аралығын қамтитынын Нұр­сұлтан Назарбаев  өзінің стратегиялық бағдарла­ма­сында алдын ала байыптай біліп, білгірлігін танытты. Ал бүкіл­әлемдік қаржылық дағдарыстың жалы­ны жүйе құраушы отандық банктерді шарпи бастағанда оларды Ұлттық қордан бөлінген мол қаржымызбен аман-есен алып қалдық.

Желтоқсан айында Тұңғыш Прези­денттің сайлануы, осының Қазақстан Тәуелсіз мемлекет болуына түспа-тұс келуін тарихи әділеттіктің салтанат құруы деп бағалауға болады. Сол арқылы Қазақ елінің ата-баба арманының орындалғанына көзі жетті, халық болып соған қатысып отырғанымызды тәрихи сәт деп түсіне бастадық. Бір  сөзбен айтқанда, осы сайлау бұдан былай елге өз басшысын сайлай алатынын сездірді. Алғашқы рет бүкіл­халықтық сайлауда Президентімізді сайлағаннан кейінгі бірнеше сайлаулар өтті. Олардың нәти­желері халықтың Тұңғыш Президентке деген сенімі тек қана нығая бергенін айқын көрсетеді.

Ал жаһандық деңгейдегі бастаманы алатын болсақ, тұңғыш рет Қазақстан ядролық қарудан өз еркімен бас тартты. Сөйтіп, Нұрсұлтан   Назарбаевтың ерік-жігері ядролық қарусыз әлемге қарай жаһанның ұмтылыс-қозғалысына бастама болды. Бұл нағыз батыл түрде жүзеге асқан тарихи бастамалар болатын.

Бұдан басқа да ел ішіндегі, халық­аралық деңгейдегі беделді бастамалар жеткілікті. Мысалы, Қазақстан ТМД елдерінің арасында бірінші болып ЕҚЫҰ-ға төрағалық етті. Ванкувер мен Владивосток арасындағы ұлан-ғайыр мемлекеттердің басшыларының басын қосып, біраздан бері  тұралап  қалған ұйым саммитін Астанада өткізуі  жан­қиярлық  ерлік  еді. Бұл да мемлекет ме­рейін, өскендігін көрсетеді. XXІ ғасырдың алғашқы онжылдығында Елбасы әлемдегі бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына кіру туралы межені белгілеп еді. Дүниежүзілік экономи­калық форумның рейтингіне сәйкес, біз бәсекелі елуліктің табалды­рығына шығып, бұл межені де өзіміз болжаған мерзімінен бұрын орындадық. Бүгін­гінің  ұраны – бәсекеге  қабілетті 30 ел­дің  қатарынан  орын  алу. Мұндай мақ­сат  биігіне  ТМД кеңістігіндегі елдер­дің ешқайсысы қол жеткізген емес. Елдің Тәуелсіздігі кез-келген тұлғаның, кез-келген саясаткердің ойынан тыс­қары  қалмауы  тиіс. Тәуелсіздікті жария­лап, орнықты ету оңай емес, ал оны мәңгілік баянды етіп ұстап тұру одан да қиын   іс  екенін Елбасы ұдайы  айтып келеді.

 

Жандулла  ӘБДІМҰРАТОВ,

Қазақстанның  еңбек  сіңірген қайраткері, «Құрмет»  орденінің  иегері.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close