ПРЕЗИДЕНТ ЖОЛДАУЫНДАҒЫ МІНДЕТ-МАҚСАТТАР АЛМАТЫДА ҚАЛАЙ ОРЫНДАЛАДЫ?

Алматы әкімдігінде ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты халыққа Жолдауының қалай орындалатыны туралы айтылды. Ол үшін мегаполис басшылығы білім, денсаулық сақтау, тұрғын үй  салаларын  сапалы дамыту  және қалалықтар үшін жайлы  әрі қауіпсіз орта қалыптастыру мақсатында 100-ден астам арнайы іс-шара  енген қалалық жоспар қабылдады.

Нұржамал ӘЛІШЕВА

 

Шаһардың 2050 жылға дейінгі даму жоспары жасалуда

Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек  қала активімен кездесуде Елбасы жүргізіп отырған экономика­лық тұрақ­ты­лық, бірлік пен келісім сынды сали­қалы саясаттың арқа­сында халықтың тұрмыс жағдайын жақсарту үшін мемлекеттің әлеу­меттік шығын­дарды  арттырғанын атап өтті. Тек Жолдауды жүзеге асыру үшін ғана 1,5 трлн. теңгеден астам қаржы жұмсала­тын болады,  ал бұл жекелеген мемле­кет­тер­дің жылдық  бюджеттеріне тең.

Мемлекет басшысы Жолдауы­ның басты бағыттарының бірі урба­низация мәселесін ойдағыдай шешу мен қала­лар­ды одан әрі дамыту болып табылады. Қа­зіргі кезде әлемдік экономиканың 70%-ы қалаларда қалыптасады, Алматы осын­дай  600  мегаполистің қатарына енген.

Алматы қаласының әкімі Мемлекет басшы­сының тапсырмасы бойынша халық­ара­лық кеңесшілермен бірге мегапо­листің ұзақ мерзімді болашаққа болжа­мы – Қаланың 2050 жылға дейінгі дамуының Шеберлік-жоспарының жасалып жатқандығын айтты.

2035 жылы Алматы тұрғындарының саны 3 млн.-нан асады

«Біздің міндетіміз — Алматыны жайлы, ыңғайлы ету және әр адамның тұрмыс­тық жағдайын жақсарту. Ол үшін қалада  жыл сайынғы экономи­калық өсім орта есеппен кем дегенде 5% болуы, еңбек өнімділігі 2 есеге артуы, 15 жылға жан басына  шаққанда ЖӨӨ – 1,5,  30 жылға 3 есе өсуі тиіс. Мұның  басты шар­ты экономиканың құрылы­мын жүйелі өзгерту болып табылады. Сарапшылардың болжамы бойынша, 2035 жылы Алматы тұрғындарының саны 3 млн. адамнан асады. Демек, қаладағы экономикалық белсенді тұрғындарының қатары  700 мыңға  көбейеді, оларды ІT секторында, білім беруде, денсаулық сақтауда, инжини­рингте, жоғары технологиялы өндірісте, өнерде, туризмде жұмыспен қамту қажет. Ал бұл үшін қолайлы иннова­циялы экологиялық орта, ОЭСР елде­рін­дегідей жоғары сапалы білім мен денсаулық сақтау  қамтамасыз етілуі тиіс», – деді  Бауыржан Байбек.

 

Цифрландыру экономиканың ашықтығын қамтамасыз етеді

Президент Жолдауының басты бағыттарының бірі көлеңкелі айналым­ды 40%-ға қысқарту. Қазіргі кезде Алматы  экономикасының  80%-дан аста­мы – сауда мен қызмет көрсету. Соңғы жылдары Алматы әкімдігі сауда саласын көлеңкеден шығару үшін жүйелі әрі тұрақты іс-шараларды жүзеге асыруда, базарлар модернизациялануда. Тек соңғы 3 жылда  сауда саласын дамы­туға 240 млрд. теңгеден астам жеке қаржы жұмсалды.

«Цифрландыру – экономиканың ашықтығын қамтамасыз етудің, бюро­краттықты, азаматтардың және бизнес­тің кедергілерін жоюдың ең ұтымды механизмі. Қазіргі кезде Алматыда «Smart Almaty» 40-тан астам жобасы жүзеге асуда. Ситуациялық орталық пен BіgData жұмыс істей бастады. «Оңай»  мен «А-паркингтің» төлемді жүйелері  іске қосылды. Нәтижесінде тоғыз ай ішінде салық түсімі өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 12,7%-ға артып, 1,3 трлн. теңгені құрады. Өз кезе­гінде салықтың көп жиналуы бизнеске қолдау көрсетуге және қала тұрғында­рының әлеуметтік шығындарына жұмсалатын қаржыны арттырады», – деп  атап өтті қала әкімі.

 

Биыл «Нұрлы жер» бойынша 6 мың отбасы жаңа пәтер алады

Айта кетерлігі, биыл «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 6 мың отбасы жаңа пәтер алады, бұл өткен жылмен салыс­тырғанда үш есе көп.     «7-20-25» бағ­дарламасы белсенді жүзеге асуда. Ескі үйлерді модернизациялаудың инвестициялық әлеуеті 320 млрд. теңгені құрайды. Алдағы бес жылда жеке инвесторларды тарта отырып, 23  мың жаңа пәтерді  іске қосу жоспарланған.

ПИК-терді реформалау жүйесі  қатар жүруде. Заңға өзгеріс енгізу үшін әкімдік тарапынан 30 ұсыныс берілді. Қаланың тұрғын үй қорын ұстау Ере­жесі қабылданды. 2019 жылы барлық ПИК бірыңғай қолма-қол ақшасыз жүйеге көшетін болады. Тек үш жыл ішінде ғана ПИК-тердің қаржы­сымен       4 мыңнан астам үй жөнделіп, жедел сатылардың 20%-дан астамы ауысты­рылды.

 

Осы айдан бастап жалақы тӨлеудің жаңа моделіне кӨшеміз

Елбасы  бастамасының маңызды бөлігі ең аз жалақыны көтеру болып табылады. Тек Алматының өзінде ғана алдын-ала есептеу бойынша бұл мәселе 25 мыңнан астам адамды қамтиды екен. Бұлардан өзге, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша елімізде мемле­кет­тік қызметкерлерге еңбекақы төлеу­дің жаңа моделі енгізілуде. Осы айдан бастап Алматы жалақы төлеудің жаңа моделіне көшеді. Тиімсіз шығындарды оңтайландыру  арқасында мемлекеттік қызметкерлердің жалақысы орта есеп­пен 2 есе өседі. Оның үстіне 49 мем­лекеттік кәсіпорын қысқарды, олардың 32-сі бәсекелес ортаға берілді.

ШОБ тұрақты қолдау шаралары барысында жыл басынан бері 24 мың жұмыс орны құрылды. Жыл аяғына дейін тағы 8 мың жұмыс орны ашыла­ды. Меминвестицияның әр теңгесіне 4 жеке теңгеден келеді. Қазіргі сегіз ай  ішін­де қала бюджетіне  өткен жылмен салыс­тырғанда 13,2%-ға көп  салық жиналды, шағын және орта бизнестен  салық  6%-ға артық түсті.

 

Жыл соңына дейін жаңа  қоғамдық кӨліктің үлесі  80%-ға жетеді

Қала кеңістігін жақсарту аясында мегаполистің тархи орталығының үштен екісі  жаңарды, 524 көше мен 1400 ескі аула қайта жасалды.  300 шақырым арық, 800 шақырымнан астам инженер­лік жүйе реконструкцияланды. Қала­ның барлық жерасты жолдары күрделі жөндеуден өтті. Көшедегі  барлық жарық көздерінің  үштен бірі диодты және энергияны сақтайтын шамдарға ауыстырылды. Тротуарлар мен аула­лардағы жарық бағаналары ауысты­рылуда. Жыл аяғына дейін жаңа  қоғам­дық көліктің үлесі  80%-ға жетеді.

Орталықтандыру қағидасы бойын­ша қалаға қосылған Алатау және Нау­рызбай аудандарына 512 млрд. теңгеден астам мемлекет қаржысы инвестиция  ретінде жұмсалды. 240 шақырым жол, 1300 шақырым инженерлік желі,  11 мектеп, 156 балабақша және 10 меди­циналық ұйым іске қосылды. Жеке  инвестиция көлемі  252 млрд. теңгені құрады, кәсіпорындар саны 4 есе, салық көлемі 10  есе өсті. Нәтижесінде қызмет көрсету сапасы және  аудандардың 400 мыңдай тұрғындарының әлеуметтік сенімі артты.

Қала әкімінің баяндамасынан кейін жарыссөзге шыққан азаматтар да, атап айтсақ, «Керуен» ЖШС бақылау кеңесі­нің төрағасы Абай Садықов, №54 гимназия директоры Гүлнар Мауытхан­қызы, ҚазҰУ-дың проректоры, ғалым Тілекқабыл Рамазанов және G-38 жас­тар ұйымының мүшесі, ерікті жас Мадина Ысқақова Жолдауда көтерілген мәселелерге үн қосып, ой-пікірлерімен, мақсат-міндеттерімен бөлісті.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *