Президент күнін қай ел қалай тойлайды?

01-20-04-05

Нұрислам ҚҰСПАНҒАЛИ

Біз бұл мейрамды 6 жыл бойы тойлап келеміз. 2011 жылдың 14 желтоқсанында «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы қабылданып, елдегі «қызыл датаның» саны біреуге артқан-ды. Яғни сол күннен бастап 1 желтоқсан ресми түрде Тұңғыш Президент күні аталды. Еліміздің жоғары Заң шығарушы органы мұндай шешімді, ең алдымен, Қазақтан Республикасында 1991 жылғы 1 желтоқсанда өткен Тұңғыш Президент сайлауымен байланыстырғаны анық.

Алғашқы сайлауда Қазақстан халқы өз басшысын өзі таңдай алатындығын түсінді. Дәл осындай мүмкіндік бұған дейін үш ұйықтаса да түсіне кірмейтін. Дәл сол уақытта «көлге пана бола алмайтын шүрегей» басшылардан әбден шаршаған қазақ бірегей басшысын өз қолымен таққа отырғызды.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі бір сөзінде:

– Мұндай үрдіс бізде ғана емес, әлемде бар. Мысалы, АҚШ та Президент күнін тойлайды. Олар өздерінің тұңғыш президенті Джордж Вашингтонға деген құрметтен бастаған. Дегенмен, біздегі мереке Назарбаевтың ғана емес, халықтың мейрамы. 1991 жылдың 1 жел­тоқсан күні Қазақстан бүкілхалықтық рефе­рендум арқылы өзінің жаңа бағытын, яғни президенттік басқару жүйесін таңдады. Міне, содан бері еліміз қаншама жетістікке жетті?! Тұңғыш Президент күнін осы үшін де тойлауға болады, – деді.

Ал енді біздегіге ұқсас мерекелердің әлем елдерінде қалай тойланатынын тарқатып көрейік…

 

Ангола

Президент күнін ерекше атап өтетін мемлекеттердің қатарында Ангола бар. Африканың оңтүстік-батысында орналасқан мемлекетте жыл сайын «Ұлт батырлары күнін» тойлау айнымас дәстүрге айналған. Мерекені тойлау 17 қыркүйектегі Анголаның тұңғыш басшысы әрі ақын Антонио Агостиньо Нетоның туған күніне белгіленген. Оның да өз себептері бар. Саналы өмірін елінің азаттығы мен бейбітшілік қалыптастыруға арнаған Антонио Агостиньо Нето нағыз күрескер, нағыз қайраткерлік қасиеті үшін және жалынды жырларымен отандастарының жүрегіне жауынгерлік рух дарытып, кеудедегі намысын таптатпастай күш-жігер бере алғаны үшін де үлкен құрметке лайық саналады. Сондықтан Анголада ерлік пен ездіктің, батырлық пен бойкүйездіктің аражігі ап-анық. Қашан да ерін құрметтей білетін ел мерекеге «Ұлт батырлары күні» деген атау беруінде де үлкен мағына жатыр. Бұл күні Ангола халқы елдің алғашқы президентіне ғана емес, Ангола мемлекетінің тәуелсіздігі үшін күрескен барлық батырларына, әсіресе, 1975–2002 жылдардағы болған Азаматтық соғыста ерлік көрсеткен жауынгерлеріне деген ризашылығын білдіруге тырысады. Мерекені тойлаушылар тұңғыш президент пен оның соңына ерген жауынгерлерге тәуелсіздік жолындағы күресі үшін мадақ айтып, қошемет білдіреді. Содан соң елде түрлі спорттық шаралар, елді рухтандыратын қызықты мерекелік кештер өтеді.

 

Нидерланды

Әлі күнге дейін монархиялы басқарудағы Нидер­ланды елінің халқы 27 сәуірде Король күнін тойлайды. Сол күні жұртшылық қызғылт-сары түсті киіммен көшеге шығып, «еркін базарда» өздерінің кез-келген тауарын өздері қалаған жерде сата алатын құқыққа ие болады.

 

АҚШ

АҚШ жыл сайын ақпан айының үшінші дүйсенбісін Президент күні ретінде атап өтеді. Құрама Штатта бұл мерекенің тарихы сонау 1885 жылдан басталған екен. Мереке алғашқыда елдің тұңғыш Президенті Джордж Вашингтонның (1732 жыл) туған күніне орай 22 ақпанда тойлана бастаған.

Тарихқа сенсек, алдымен бұл күнді Вирджиния штаты атап өткен екен. Штатта Президенттің туған күні қарсаңында арнайы кеш ұйымдастырылып, марапаттар тағайындалады. Бұқара халықтың ықыласына ие бола бастаған соң, бұл мереке басқа да штаттарда тойлана бастайды. Уақыт өте келе 1885 жылы АҚШ тұңғыш Президент күнін жалпыұлттық мереке ретінде бекітеді. Бұл мереке ұзақ жылдар бойы Вашингтонның туған күні, яғни 22 ақпанда аталып жүрген еді. Алайда, АҚШ-тың 37-Президенті, Құрама Штат тарихындағы өз қызметін мерзімінен бұрын босатқан алғашқы және жалғыз президент Ричард Никсон 1971 жылдан кейін бұл мерекені ақпанның үшінші дүйсенбісіне ауыстырыпты. Ол Президент күні мерекесін белгілегенде Джордж Вашингтонның ғана емес, АҚШ-тың 16-президенті Авраам Линкольннің де құрметін ескеріп, мерекелер туралы заңға өзгеріс енгізуді дұрыс көрген. Өйткені, АҚШ-тағы кейбір штаттарда солтүстік пен оңтүстік арасындағы азаматтық қақтығыстарға қатысып, елдегі құлдыққа тыйым салған Линкольннің туған күнін мереке етіп алушылар тым көбейіп, алауыздық орын ала бастаған еді.

Сонымен, АҚШ-тағы Президент күні жүз алпыс жылдан астам уақыттан бері тойланып келеді. Бұл күні Вашингтон музей-үйінде көпшілік арнайы костюмдер киіп, салтанат құрады. Қонақтарға «негіз қалаушы әке» атты сүйікті тағамдар және жанына бал мен май қойылған жүгері таба наны ұсынылады.

 

Ұлыбритания

Ұлыбритания корольдігінде Ханшайымның туған күнін тойлау дәстүрі бар. Бірақ Елизавета ІІ сәуірде өмірге келсе де, мереке ескі әдет бойынша жыл сайын шілде айында өтіп тұрады.

Мейрам күні мемлекеттік мекемелер мен басқа да орындарда корольдіктің туы көтеріліп, мерекелік іс-шаралар өтеді. Соның ішінде ағылшын арғымағынан құралған салтанатты шеруді де көруге болады.

 

Исландия

Президент күнін тойлайтын мемлекеттердің қатарында Исландия да бар. Бұл елде мереке елдің бесінші президенті, яғни күні бүгінге дейін ел тізгінін қолына ұстаған Олавур (немесе Улафур) Рагнар Гримссонның туған күнінде – 14 мамырда атап өтіледі. Билікке 1996 жылы келген Гримсонның туған күніне орай белгіленген Президент күнінде Исландия халқы ойын-сауық бағдарламалары мен түрлі мерекелік шараларға қатысып, спорттық сайыстар ұйымдастырады.

Бұл күн Исландияда «байрақ күні» есебінде өтеді. Яғни жер-жерде мемлекеттік тулар көтеріліп, әнұран шырқалады.

Президенттік қызметке дейін Гримссон халықаралық ұйымды басқара жүріп, Индира Ганди атындағы сыйлыққа ие болған. 1996 жылы оны сайлаушылардың 40 пайызы қолдап, ел билігіне келген. Кейін Гримссонның президенттігі 2000 жылдың тамызынан бүгінге дейін сайлаусыз-ақ ұзартылған екен.

Бір қызығы, Гримссон өзінің бірінші әйелі қайтыс болғаннан кейін екінші рет  2003 жылы  14 мамырда некелесіпті.

 

Маршалл аралдары

Президент күні мерекесін ерекше атап өтетін елдердің тағы бірі – Маршалл аралдары. Елдің тұңғыш президенті Имат Кабуаның туған күніне орайластырылған мемлекеттік мерекені Маршалл халқы 17 қараша күні тойлайды.

Маршалл аралдарының тәуелсіздігіне төте жол салушы біршама келіссөздер жасауға үлкен күш салып, елдің азат, бейбіт өмірі үшін күрескен, сондай-ақ, билік тізгінін уысынан шығармай, бес президенттік мерзім бойы қолында ұстап, саяси тұлғаға айналған Имат Кабуаны өз халқы мемлекеттің негізін қалаған бірегей басшы ретінде құрмет тұтады.

Имат Кабул 1979 жылы Маршалл аралдарының президенті болып сайланған болатын. Сонымен қатар, Имат Кабул – Маршалл аралдарының президенті ғана емес, «Маршалл аралдары мәңгілік» атты сол елдің ұлттық әнұранының әні мен сөзінің авторы.

P.S. Қазақстан тәуелсіздіктің арқасында Тұңғыш Президенттің бастамаларына қолдау жасай отырып, қысқа уақытта көп биікті бағындырды. ШЫҰ, ЕурАзЭҚ, АӨСІШК сияқты ұйымдарда белсенділігі артты. ЕҚЫҰ, ИЫҰ, ҰҚШҰ секілді іргелі ұйымдарға төрағалық етті. Дәстүрлі дін басшылары 3 жыл сайын Қазақстанда бас қосып, пікір алмасу алаңына жиналуы дәстүрге айналды. Бұның өзі Елбасының ерлікке пара-пар істерінің нәтижесі еді. «Алдымен – экономика, сонан соң – саясат» ұстанымының арқасында көпшілік қазақстан­дықтардың тұрмыс жағдайы жақсарды. Тәуелсіздік жылдары бар-жоғы 700 долларды құраған ішкі жалпы өнім 20 жылдың ішінде 11 мың долларға дейін жетті. Қазақстанда индустрияландыру саясаты қолға алынды. Оған инновациялық үрдіс қосылды. Мұның бәрі ел экономикасының мүлдем жаңа, мүлдем басқа арнаға бұрылғанын айғақтайды.  Президенттік басқару жүйесі жыртығымызды жамап, жолымызды ашты десек, қателеспейміз.

Мереке құтты болсын, ағайын!

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *