ПРЕЗИДЕНТ ДОДОННЫҢ ДЕГЕНІ БОЛДЫ…

  • Ол құрғызған үкімет елді дағдырыстан шығарса игі
  • Молдованың Мәскеумен қатынасы қалай болмақ?

 

Әшірбек АМАНГЕЛДІ, «Алматы ақшамының» саяси шолушысы

Бұрыңғы Кеңес Одағы құрамында болғандардың ішінен соңғы бес-алты жылдың көлемінде саяси дағдарыстан, биліктегі текетірестен құтыла алмай келе жатқан елдің бірі – Молдова Республикасы. Бұл жайында  үнемі жазылып келеді. («Алматы ақшамы»: «Молдова мазасыз күйде»  14.10.2015, «Молдова Мәскеуге бет бұра ма?», – 8.12.2016, Молдова билігіндегі «теке­тірес» 9.11.2017, «Молдова билігіндегі талас-тартыс», –  18.06.2019).

Мұның себептерін саяси сарапшы­лар әр саладан іздеп, әрқилы пікірлер мен пайымдаулар айтады. Бірі – демо­кратиялық мәдениет қалыптасып үлгер­меген елдегі  парламенттік басқа­рудың кемшігінен десе, екіншісі – мол­до­валықтардың  «батысшыл» және «шығысшыл» болып бөлінуінен дейді, үшінші біреулер – сыртқы күштердің   араласуынан көреді.

Айтқандай-ақ, Молдова парла­менттік республика болғандықтан, президент мемлекет басшысы санал­ғанымен оның өкілеттілігі  мен билік-құзыреті шектеулі. Елдің ішкі және сыртқы саясатының бағыт-бағдарын парламент  айқындап, оны үкімет жүзеге асырады. Президент премьер-министрді парламенттік фракциялардың мақұл­дауымен ғана бекіте алады. Ең аяғы министрлерді де үкімет басшысының ұсынысымен  тағайындайды. Қарулы күштердің Бас қолбасшысы делінгені­мен, әскердің билігі Қорғаныс ми­нис­трі­нің қолында. Тіпті, күні кешеге дейін президентті парламент таңдап, депу­тат­тар жасырын дауыспен сайлап келгені белгілі. Көпшіліктің табанды қар­сылығы және талап етумен 2016 жылғы 5 наурызда президентті бүкілха­лық­тың сайлауы туралы заң қабыл­данды.

Соған сәйкес  2016  жылдың 13 қара­шасында  жалпыға бірдей президенттік сайлау өткізіліп, онда 55 пайыз дауыс жинаған, 1975 жылы туған, ресейлік бағытты қолдайтын, социалистердің  сенім артып додаға қосқан  Игорь Додонның бағы жанды.

Сірә, оның жеңіске жетуіне сай­лауалды бағдарламасында: «Ресеймен қарым-қатынасты жолға қоямын, Еуропамен де байланысты үзбеймен, Днестр жағалауы республикасы мен Гагауз автономиясының мәселесін шешемін», – деп айтқаны сеп болған сияқты. Себебі,  жұрттың биліктегі  талас-тартыстан  шаршап, жалыққаны хақ. Әлдебіреулер: «ресейшіл И.Додон­ның президент болып сайлануына  Мәскеудің әсері болды» десті.

Алайда,  президент И.Додон арада өткен үш жылдың ішінде Ресейдің  үмітін ақтайтындай  мардымды ештеңе тынды­ра алмады. Дәлірегі, ондай қадамдар жасауына парламенттегі басым «батыс­шылдар» қол-аяғын тұсап, мүм­кіндік бермеді. Ал жақтастары жағынан дәр­менсіздігі мен батылсыздығы үшін  бірталай сынға ұшырады.

Осы 2019 жылдың 24 ақпанында  Молдова Республикасында кезекті парламенттік сайлау  өткізіліп, онда МРСП (Молдова Республикасының социалистер партиясы)  – 35, «Абырой және ақиқат», «Әрекет және ынтымақ» партияларының  – ACUM блогы  – 26,  МДП (Молдова демократиялық партия­сы) – 30  және  «Шор» партиясы – 7 ман­датқа ие болды. Әйтсе де, билікке бауыр басып қалған демократиялық партияның қарсылығынан берекесіздік белең алды. Үш айдан астам уақытқа созылған айтыс-тартыс АҚШ, Еуро­палық одақ  және Ресейдің араласуымен әрең басылды.  Әйтеуір  социалистер ACUM блогымен  бірігіп, үкіметті жасақ­тауға қол жеткізді. Екі жақтың келісімі бойынша парламент басқару  социалистер көшбасшысы Зинаида Гречаныйға, үкімет тізгіні – ACUM блогының өкілі  Майя Сандуға тиді.

Өкінішке қарай,  МРСП мен ACUM блогының ынтымақтастығы ұзаққа созылмады. Қараша айының басында  Бас прокурорды тағайындау барысында келіспеушілік туып, парламент үкімет басшысы Майя Сандуды  қызметінен кетірді. Президент И.Додонның ықпа­лындағы социалистер партиясы демо­краттармен тіл табысып, үкіметті жаңа­дан құруға мүмкіндік алды. Премьерлік лауазымға Додон ұсынған Ион Кику бекітілді. Үкіметтегі басқа қызметтер де Сыртқы істер министрлігі – Аурелиу Чокой, Қорғаныс және ұлттық қауіп­сіздік министрлігі – Виктор Гайчук, Ішкі істер министрлігі – Павел Войку, ауыл шаруашылығы  министрлігі – Ион Пержу, Білім беру министрлігі – Корнелиу Попович, Денсаулық сақтау  министрлігі – Виорика Думбрэвяну және Әділет министрлігі – Фадей Нага­чевский сияқты  президенттің аталған салалар бойынша кеңесшілері болған адамдарға бұйырды. Осылайша  прези­дент Игорь Додонның арман-мақсаты орындалып, парламент пен үкіметті басқару тізгінін социалистердің қолына тиді.

Ендігі жерде  президент И.Додон бастаған, премьер-министр  Ион Кику қостаған Молдова билігі елдегі саяси-экономикалық дағдарысты жеңіп, сыртқы саясатта Ресеймен қарым-қатынасты жақсарта ала ма?  ТМД ұйымына және Еуразиялық экономика­лық одаққа қатысуы қалай болады? Бұрынғысынша  бақылаушы мәртебе­сінде қала бере ме, әлде толыққанды мүше­сі болуға ұмтылыс жасай ма? Міне, осы сұрақтардың талайларды қызықтырып,  толғандырары даусыз.

Бір анығы, кешегі Майя Санду басқарған үкімет ЕурЭО-қа қосылуға аса құлық танытпады. Тіпті, ондағы біреулер: «Еуразиялық одақта бақы­лаушы Молдова емес, Додонның өзі ғана», – деп кекеткендей  пікір білдірді.

Көңілге күдік ұялататын бір түйткіл, социалистер парламентте көпші­лік мандатқа ие емес. Сондықтан өздерінің қалауына сай заңдарды бекіттіруі оңайға түспейді. Қазір қолдау көрсеткенімен демократиялық партия ертең жеме-жемге келгенде тайқып шығуы кәдік.

Рас МРСП еуропалық бағыттан гөрі еуразиялық интеграцияны жөн көреді. Оның бағдарламасында: «Біздің таңда­уымыз – Кедендік Одақ, Еуразиялық ұйыммен қоян-қолтық жұмыс істеуіміз  Молдованы  жаңғыртуға мүмкіндік береді» деп жазылған. Сондай-ақ, «социалистер партиясы бұдан бес жыл бұрын ЕО-пен  ассоциация жөнінде қол қойылған келісімнің күшін жоюға әрекеттенеді» делінген.

Дегенмен, жаңа премьер-министр Ион Кику  алғашқы күннен:  «біз ЕО-пен де, Ресеймен де ынтымақтастықты дамы­тамыз, әділет саласындағы рефор­маларды аяқтап, инвестициялар тарта­мыз, зейнетақыны ретке келтіреміз, жолдарды жөндейміз, туризмді  және ІT-секторын өркендетеміз», – деп көпшіліктің көңілін аулағандай болды.

Бұдан былай кеше ғана бірлесіп үкімет құрған Майя Санду мен  ACUM блогының  басты оппозициялық қарсы­лас  болатыны басы ашық ақиқат. Қазірдің өзінде Майя Сандудың тара­пы­нан: «президент И.Додонның ықпалындағы социалистік партияның елді жайлаған жемқорлықпен күресеміз дегендері бос сөз. Олар оған аса  құлықты емес. Сол себепті де, біздің Бас прокурорлыққа ұсынған, нәтижелі жұмыс жүргізе алатын кандидату­рамыз­ға қарсы шықты», – деген  ащы сын айтылды. Оның осындай ұстанымы және өз мүддесінен құқықтық саладағы реформаны жоғары қоюы халық арасында абырой-беделін өсіріп, алдағы 2020 жылы президенттік сайлауға түсетін болса, жеңіске жетуін қамта­масыз етуі әбден мүмкін. Олай дейтіні­міз, Майя Санду кәдімгідей елге таны­мал  саясаткер. 2016 жылғы сайлауда Додонға негізгі қарсылас болып, сайлануына небәрі 67 мың ғана дауыс жетпей қалған.

Социалистер құрған үкіметтің емін-еркін және табысты жұмыс істеуіне тұсау болатын тағы бір кедергі – халық­тың жарты бөлігі  шығыстан гөрі батыспен жақындасқанды, яғни еуро­палық бағытты  жақтайды. Және де олар қарсыластарына қарағанда өте пассио­нарлы да белсенді.  Өз жақтастарын ұйымдасқан түрде шұғыл наразылық шеруіне алып шығуға қабілетті.

Десек те, президенттің командасы да аңдап сөйлеп, сақтықпен әрекет етуге  көшкен. Олар бұрынғыдай  ЕО-пен ассоциациялық  байланысты үзу жайында ашық айтпайтын болды. Мәселен, Молдова президенті Игорь Додон жақында «Коммерсант» басылы­мына берген сұхбатында: «Әрине, біз ЕурАЭО-қа мүшелікке қатысты ілгері жылжығымыз келген. Алайда,  оған ЕО-пен байланысымыз онша мүмкіндік бермей отыр. Сол үшін екі жақпен де сындарлы келіссөздер жүргізуге тура келеді. Оның алдағы уақытта сәті түседі,  арадағы кедергілер жойылады деген ойдамыз», – деген сыңайда абайлап сөйледі.

Дейтұрғанмен, қазіргідей күрделі кезеңде Додон сенім артып отырған Ион Кикудің үкіметіне өздерінің іскерлік қарым-қабілеттерін көрсетуге зор мүм­кіндік берілді. Олардың  елдің үмітін ақтай­тындай  нәтижелі жұмыс істеуі үлкен сынақ болғалы тұр.

Осындай мақсатта 18 қарашада жаңа үкіметтің  президент И.Додон, парла­мент спикері З.Гречаный және премьер-министр И.Кику қатынасқан брифингте кең көлемді әлеуметтік бағдарламасы таныстырылды. Ол бағдарламада: соғыс ардагерлеріне ай сайын 100-300 лей қосымша жәрдемақы төлеу,  зейнет­ақыны жылына екі рет индексациялау, зейнеткерлерге қыс мейрамы қарса­ңында 700 лей сыйақы беру, күн суыт­қанда 350-500 лей көлемінде көмек көрсету, қайтыс болған кісінің зейнет­ақысын бес жылға дейін күйеуіне не әйеліне төлеп тұру,  бюджеттік сала қызметкерлерінің жалақысын он пайызға, педагогтар мен тәрбиешілердің айлықтарын 18 пайызға  көтеру, село­лық жерлерге барып жұмыс істеп жүрген жас мамандардың, дәрігерлер мен фармацевттердің айлығын 45 мыңнан – 120 мың лейге өсіру сияқты мәселелер  қарастырылған. Молдова­лық экономист талдаушының Вячеслав Ионицэнің есебінше бұл шараларды іске асыруға 2,4 млрд. лей қаржы қажет екен. (1 доллар = 17,43 лей).

ТМД  ұйымына бет бұрғандарының  белгісі шығар. Өткен 20–22 қарашада  Молдова парламентінің төрағасы З.Гречаный бастаған делегация  Санкт-Петербургте өткізілген ТМД-ның Парламентаралық Ассаблеясының елуінші мерекелік жиынына қатысып қайтты.

Ресейлік ТАСС агенттігінің жазуын­ша, 20 қарашада премьер Ион Кику Мәскеуге сапарлап барып, бірқатар көкейтесті мәселелер бойынша атап айтқанда: Молдовадағы жол мен инфрақұрылымдар үшін несие алу, алдағы жылдан бастап, сатып алынатын «көгірдір отынның» бағасын арзандату, Ресейге экспортқа шығарылатын бірқа­тар тауарларға алым-салықты жою, молдовалық жүк тасымалдаушыларға рұқсат алып беру  жөнінен  келісім жасасып қайтқан. Бұл орайда президент И.Додон «Кикудің үкіметінің жұмысты бастағанына бір жеті ғана болды. Жедел Мәскеуге барып, төрт маңызды мәсе­лені шешіп келді», – деп қанағаттан­ғандық білдірді.

Өйткені, бұған дейін премьер-министрлер ондай ниет-әрекет танытпа­ған. Керек десеңіз, 2017 жылдың сәуі­рінде Павел Филипп басқарған үкімет мемлекеттік қызметкерлердің  Ресейге баруына тыйым салған қаулы шығарған. Мұндай шектеуді оның орнына келген  Майя Санду орынсыз деп сынап, Мәскеуге барып қайтуды жоспарлаған-тын. Әне-міне деп созбалақтап жүргенде өзі отставкаға кетіп қалды.

Жасыратыны жоқ, Ресей билігі мүмкіндігінше посткеңестік республи­ка­ларды өз ықпал аймағында ұстауға тырысады. Осындай пиғыл-әрекеттің Грузиямен болған қарулы қақтығысқа және Украинамен арадағы қайшылық­тың тууына әсер болмады деп айта алмаймыз. Мұндай ұстаным саясат Молдоваға, Қазақстанға, Орта Азия республикаларына да қатысты. Ал Балтық жағалауындағы  Латвия, Литва және Эстонияның  жөні басқа. Олар  әуел­ден Ресейді жатсынып, өгейсіп келді. Және де Еуроодақ пен НАТО-ның қарауына қосылып үлгерді. Кремль­дің оларды  өзіне қаратуы екіталай.

Демек, посткеңестік елдерге  Ресей­мен саяси-экономикалық, әлеуметтік, мәдени-гуманитарлық қарым-қатынаста есе жібермейтіндей  ұстаным мен дипломатиялық  шеберлік керек.

Біз Молдовадағы жағдайды неліктен жіліктей жазып, оның Ресеймен қатынасына ерекше ден қойдық? Мұның да өзіндік себеп-сыры бар. Себебі, сол Кишинев пен Мәскеудің ынтымақтас­тығы  посткеңестің аумақтағы ахуалға, ТМД елдерінің қарым-қатынасына кәдуілгідей ықпал етеді.

Мынадай  күрделі де қайшылықты кезеңде бәрімізге ерегес пен текеті­рестен гөрі тыныштық, тұрақтылық,  түсіністік, прогрессивті даму  қажет-ақ.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *