ПРЕМЬЕР ПАШИНЯН БІР ЖЫЛДА НЕ ТЫНДЫРДЫ?

Ол армян халқының үмітін ақтай алды ма?

Әшірбек АМАНГЕЛДІ, «Алматы ақшамының» саяси шолушысы

Осыдан тура бір жыл бұрын  Арменияда оппозициялық ұстанымдағы саясаткер  Никол Пашинян ешбір қантөгіссіз, шығынсыз, «жұмсақ төңкерістің»  нәтижесінде  билік басына  келген-тін.  Мемлекеттің, қоғамның саяси өмірінде  сирек  болатын  мұндай  «оқиға – құбылысқа»  талайлар таң­данып,  әркім әрқалай  баға берген.

Батыстағылар: «шынайы демократия­ның  көрінісі осылай болуы керек» деп қуана қолдап,  қол шапалақтаса, ресей­ліктер: «мұның артында АҚШ-тың барлау қызметтері тұруы ықтимал», –  деген  күдік келтірген.

Мәселен, ресейлік танымал  сарапшы Виктор  Баранец:  «армян жерінде   Құрама Штаттардың ЦРУ (Орталық барлау басқармасы), РУМО (Қорғаныс министрлі­гінің  барлау басқармасы)  т.б. он беске жуық федералдық барлау  ұйымдарының өкілдері өріп жүр. Армениядағы төңкеріс солардың  әрекеттерінің «жемісі». Оппо­зицияны бастап, үкімет басына келген Никол  Пашинян солардың адамы. Әзірше ол Ресейге жылы қабақ танытқансиды. Бірақ та  артынан американдық  нұсқаушы­ларының  айтуымен  бірте-бірте  саясаты мен ұстанымын өзгертеді. Күндердің-күнінде  Гюмридегі Ресейдің әскер базасын  әкету талабын қояды», – деп болжаған.

Бұған қарсы  Пашинянды саясат сахна­сына шығарған  фракциялық «Елк» партия­сының өкілі, депутат Арарат Мирзоян: «Бұл ешқандай да түрлі-түсті төңкеріс емес. Халықтың  жылдар бойы жинақталған  наразылығының, әлеуметтік әділетсіздікке, жаппай белең алған парақорлық пен жем­қорлыққа  деген ашу-ызасының бұрқ етіп сыртқа шығуы. Жұрт ешкімнің айтуын­сыз, сыртқы күштердің аранда­туынсыз, қар­жылай көменгінсіз  көшеге шығып, «жұм­сақ төңкеріс»  жасады», – деген түсінік берген.

Негізінен бұрынғы биліктің өкілдері мен үйреншікті «майлы шелпектен» айырылған олигархтар мен байшыкештер болмаса  кедейшілік пен жоқшылықтан ығыр болған көпшіліктің  Никол Пашинян­ға үлкен үміт пен сенім артқаны белгілі.  Бірақ үміт пен сенім арту бар да, оның үдесінен шығу бар.

Уақыт дегеніңіз  зымыран. Міне, оппо­зицияшыл Никол Пашинянның  «жұмсақ төңкеріспен» билік басына келіп,  Армения Республикасының премьер-министрі тізгінін қолына алғалы  бері бір жыл зу етіп өте шықты. Ендігі  жерде: «Пашинян бір жыл ішінде қандай  істер атқарды? Елді ілгері бастыратындай елеулі  реформалар мен өзгерістер жасай алды ма?» деген сауалдарға жауап іздеп,  белгілі бір тұжы­рым-түйін жасайтын кез келген  тәрізді.

Әрине, тарихи өлшеммен  алып қара­ғанда бір жыл аса көп уақыт санала қой­майды. Әйтсе де,  көреген саясаткер, білікті басшы  алғашқы  қадам-қарекеттерінен-ақ  бағыт-бағдарын, қарым-қабілетін  аңғартып  үлгереді.

Бір жылды айтасыз,  Н.Пашинянның  үкіметті бас­қарғанына небәрі  екі ай тол­ған­да  «Украинаның  бола­шағы» институ­тына қарасты Халықаралық саясат жөнін­дегі  орталығының  сарапшысы  Илия Кусаның оның мына­дай істерді  іске  асырғанын  санамалап шыққан:

  1. Ереван мэрі, билік партиясының та­лайдан келе жатқан өкілі Тарон Маргарянды екі ай күресіп, қызметінен кетірді.
  2. Бұған дейінгі билікті жарамсақтана мақтап келген Армения қоғамдық телеарнасының басшылығы мен продюсерлерін жұмыстан қуды.
  3. «Газпромның» сенімді адамы болған, 2016–2018 ж.ж. премьер-министр Карен Карапетянның атқарған қызметіне үңіліп, онымен байланысты болған «Норфолк Консалтинг» компаниясында тінту мен тұтқындау  жұмыстарын жүргізе бастап еді, ол Ресейге тайып тұрды.
  4. Өзіне дейінгі үкіметтегі шенеуніктерді түгел тазалады. Барлық дерліктей  мэрлер мен облыстардың губернаторларын  қызмет­тен  босатты.
  5. АРП (Армения республикалық партия­сымен) ауыз жаласқан олигархтарға тиесілі ірі супермаркеттерге байкот жариялап,  тауарларын арзандатуға мәжбүр етті.
  6. 30 қылмыс әлемінің серкелері мен өздерін «заңды ұры» санайтындардың мекен-жайларында тінту жүргізіп, олар шет елдерге, көпшілігі Ресейге  бас сауғалап кетті.
  7. Қорғаныс министрінің бұрынғы орынбасары, генерал Манвел Григорянды, әйелі  мен оның Эчмиадзин қаласының мэрі болған баласын  үйлерінде заңсыз қару ұстағандары және  армян солдаттарына  бөлінген гуманитарлық  көмекті жымқырып,  иеленгендері үшін  қаматты.
  8. Экс-президент Саргсянның күзетін басқарған Вачагел Казарянның үйінде тінту жүргізіп, үкіметке 9 млн. доллар зиян келтіргені үшін абақтыға жаптырды.
  9. «Гүлденген Армения» партиясының жетекшісі, атақ­ты олигарх,  миллиардер Гагик Царукянның күзет қызметінің  бастығын  бір азаматты ұрып-соққаны  үшін  қаматып қойды.
  10. Салық төлеуден жалтарғаны үшін бұрынғы президент Роберт Кочерянның отбасымен тығыз қатынастағы  «Спайка» компаниясына қатысты қылмыстық іс қозғат­тырды. 2008 жылғы 1 наурыздағы  оқиғаға байланысты  тергеу жұмыстары  қолға алынған бойда  Роберт Кочерян да  Ресейге  бой тасалады.
  11. Бұған дейін президент және премьер қызметін атқарып келген Серж Саргсянның отбасы мен туыстарына қатысты да тергеулер  басталып,  олар құрған қорларға тінту жүргізіліп,  тұтқындаулар жасатты.  Серж Сар­гсян­ның  Ресейге  бас сауғалап кеткен екі бауыры Александр мен Левонға,  іні жағынан немере болатын Ани Саргсян мен Нарек және Айкаларға іздеу жариялатты.
  12. Армения кассациялық сотының басшылығын  ауыстырды.
  13. Армения Тергеу комитетінің басшыларын  кетірді.
  14. Шекара әскері, Бас штаб және Жаяу әскер басшы­ларын да босатты. Таулы Қарабақтағы күштік құрылым басшыларын да өзгертті.
  15. Ауылдық елді мекендердегі 71 басшының үстінен қызмет бабын асыра пайдаланғандары үшін қылмыстық істер қозғатты.
  16. 2018 жылғы 1 наурыздағы оқиғаға орай қорғаныс министрінің экс-орынбасары  Микаэл Арутюнянның үй-жайында тінту жүргізіп, қаттама жасатты. Ресейге кетіп қалған оның артынан іздеу жариялатты.
  17. Пашинянның тікелей өзі барып, жергілікті жағдаймен танысқаннан кейін  экологиялық ахуалы асқынған  Сүйнік облысының басшыларын  жұмыстан алды.
  18. Ресейдегі армяндар қоғамы ұйымын тиімсіз және сыбайластықпен былыққан деп тараттырып, оның орнына жаңа ұйым құрғызды.  Оны басқарып келген  олигарх Ара Абрамянның қызметіне қатысты тергеу жүргізді.
  19. Мемлекеттік емес ұйымдармен бірлесе отырып, шет елдердегі армяндарды елдеріне қайтару  мақсатында  «Жүрегіммен Армениядамын» деген секілді жобаларды жүзеге асыруды қолға  алды.
  20. Фейсбук арқылы халықпен тікелей тілдесуді дәстүрге айналдырды.
  21. Әскерге барудан қашып жүрген барлық армян жастарына кешірім жариялап, оларды елге қайтып, Отан үшін қызмет етуге шақырды.
  22. Apple-ден бас тартып, өз кеңсесі мен бүкіл үкімет аппаратын ұлттық компьютерлік ArmTab жүйесімен  жұмыс істеуге көшірді.
  23. Олигарх Самвел Карапетянға қарасты «Ташир групп» компаниясын  көндіріп,  аз қамтылған отбасылары үшін электр энергиясының  тұтыну бағасын 10 драмға  төмен­деттірді.
  24. «Ташир групп» компаниясын «Жоғары вольтті электр желілері жабық акционерлік қоғамының бақылауына беру жөніндегі  келісім-шартты жойып,  оны мемлекеттің  меншігіне  өткізді.
  25. «Газпром Армения» компаниясын аз қамтылған отбасылары үшін  газдың тұтыну бағасы  20 пайызға түсіруге  және жеңілдік  тариф  қолдануға  көндірді.
  26. Сайлау заңына өзгерістер  жобасын жасау үшін  комиссия құрғызды.
  27. ЕАЭС (Еуразиялық экономикалық одақ) және ОДКБ (Ұжымдық қауіпсіздік  келісім-шарты  ұйымымен)   ынтымақтастықты  жандандыру жөніндегі құжаттарға  қол қойды.

Осылайша украиналық сарапшы  Илия Куса  тек өзі білетін істерді ғана тізіп шыққан.  Оның айтуынша, Пашинянның  бұдан басқа да атқарған жұмыстары  болуы мүмкін.

Осы сияқты Әзербайжан президенті жанындағы Стратегиялық зерттеулер орталығының  директоры  Фархад Мамедов: «Пашинян  Серж Саргсянның тұсында қалыптасқан жемқорлық жүйені тас-талқан етіп бұзды… Күштік құрылымдардың көмегімен  осыған дейін  билеп-төстеп келген жетекші Республикалық партияны бейтараптандырды…», – дегенді айтады.

«Азаттық» радио­сының Кавказдағы  бөлімшісі әр түрлі кәсіппен айналысатын  жергілікті  тұрғындар арасында сауалнама жүргізгенде  олар   әрқандай пікірлер білдірген.

Мысалы,  Вараздат Амбарцумян дейтін мүсінші: «Біз үшін төңкеріс  сынақ пен байқау сыңайлы. Әй­теуір әділеттілік жеңді. Жұртқа зор мүмкіндік туды. Ендігі жерде кез-келген адам  өз кәсібін аша алады. Оны бұрынғыдай  біреу­дің  келіп жаба салуына жол берілмейді. Респуб­лика­шылдар  бәрін шатастыруға тырысып бағуда. Бұл төң­керістің  дер кезінде жасалып, біз  дұрыс жолға түстік» десе,  көшеде  түрлі ұлттық  тағам-тәттілерді сатушы  Нарине Мартиросян: «Егер де  біздің Уши  селосында   фабрика ашылса, мен онда  жұмыс істеп, уақытылы жалақы алатын болсам өстіп көшеде  сауда жасап тұрар ма едім. Төңкерісті басында онша түсініп дұрыс қабылда­мағанмен, оған үлкен үміт артқанымыз рас.  Әйтсе де, әлі айтарлықтай  өзгерістер бола қойған жоқ», – деп  көңіл толмайтындығын   аңғартқан.

Багаран селосындағы  орта мектептің математика пәнінің мұғалімі  Гаик Симонянның  сөзінше   білім беру саласында да  елеулі өзгеріс-жаңалық байқалмайды. «Шамасы үкімет  неден бастау керек екенін білмейді. Бізден көп нәрсе талап етеді. Ол үшін сондай жағдай жасау қажет. Мектебімізде он тоғыз оқытушы бір компьютермен жұмыс істейді. Тапсырмаларды электронды түрде беруді талап етеді.  Құрал-жабдық болмаған соң қалай нәтижеге жетесің», – дейді. Сондай-ақ, діни қызметкер Артак Симонянның түсінігінше  революция  теңіздегі толқын сияқты. «Ол  жағаға інжу маржанды да, кір-қоқысты да  шығарып тастайды. Жұртшылық  ол толқынды сезініп үлгерді. Сондықтан  өзгеріске ынталы да құлықты. Дауыл кейін толқынның басылғанын  күтуге тура келеді. Жағада не қалды: інжу-маржан ба, әлде кір-қоқыс па? Соны көруіміз керек. Қазірше қандай да бір баға беруге ертелеу», – деген философиялық ой-тұжырымын жеткізген.

Лернаван селосында тұратын малшы  Радектің  байқауынша  адамдар бұрынғыдай емес, өздерін  еркін сезініп, ой-пікірлерін ашық айтатын болған. Үрей-қор­қыныш жоқ. «Дұрыс сөйлемей қойдым ба?» деп қауіптен­бейді. Өздерінің күнкөрісі тек малмен  байланысты болғандықтан, әзірге  экономикалық  өзгерісті  сезіне қоймаған.

Премьер Пашинянның өзінің  пайымдауынша, Армения үшін парламенттік  басқару  тиімді. Онда халық өкілдерінің қатысуымен қызу талқылау жүреді.  Айтқанындай,  биылғы жылдың  ақпанында  ол  депутаттар алдында  сөз сөйлеп, үкіметтің  алдағы кезеңге арналған  жоспар-жобасымен таныстырған. Ол  бағдарламада мынадай мәселелер қамтылған:

* Армения үкіметі қызметінің негізгі мақсаттары;

* Ішкі және сыртқы қауіпсіздікті қамтамасыз ету;

* Жемқорлықпен күрес;

* Азаматтардың еркіндігі мен лайықты және бақытты өміріне жағдай жасау;

* Бәсекеге қабілетті, инклюзивті экономиканы қалыптастыру;

* Территориялық басқару, жергілікті өзін-өзі басқару мен инфрақұрылым орнықтыру;

* Жоғары технология, диджитализацияландыру және  ВПК;

* Мемлекеттік қаржыны басқару.

 

Мұны талқылауға 53 депутат белсене қатысып,  үкімет басшысына  көкейтесті сауалдар қойған. Бағдарламаны  бекіту   қызу  талқылау жағдайында өткен.

Көпшілік білетіндей, Арменияның сыртқы саясатын­дағы  қиын түйіннің бірі  – Әзербайжанмен қарым-қатынасы және  Таулы Қарабақ мәселесі. Бұл орайда  пре­мьер-министр Никол Пашинян  Әзербайжан басшылы­ғымен  диалог жүргізуге мүдделі. Оның  Ильхам Әлиевпен Душанбеде, Санкт-Петербургте және Давоста кездесіп, пікірлескені, беріде биылғы 2019 жылғы 29 наурызда  Австрияның астанасында екі ел  сыртқы істер министр­лерінің  және  ЕҚЫҰ-ы құрған  Минскі тобы тең төр­ағаларының қатысуымен, сонан соң   оңаша тет-а-тет  отырып кездесу өткізулері  осының дәлелі болса керек.

Армян жағы  дау-дамайды шешу келіссөздеріне  Таулы Қарабақ  автономиясының  өкілдерінің қатыстырылуын қалайды. Алайда, Әзербайжан  басшылығы Таулы Қарабақ  мойындалған халықаралық субъекті болмағандықтан мұндай  ұсынысты  қабылдамайды.

Дегенмен,  Әлиев пен Пашинян   Венедағы  кездесуінде  Душанбеде жасалған уағдаластықты  растай  отырып, атысты тоқтатуға бағытталған  қадам-қаракеттердің мәнді екенін және тікелей байланыстар механизмдерін  жетілдіру  қажеттілігін құптайды. Сондай-ақ,  дау-дамайды шешуге  қолайлы жағдай тудырудың  маңыздылығын және осы бағытта  келелі қадамдар жасау керектігін атап көрсетті. Кездесу соңында  бірқатар  гуманитарлық  іс-шаралар өткізу  жайы  мақұлданды.

Ресейлік Regnum ақпараттық агенттігінің хабарлауын­ша, жуырда Армения премьер-министрі Никол Пашинян  Стастургке жасаған сапарында  өзінің бір жыл ішінде атқарған жұмыстары туралы  баяндаған. Оның айтуынша ол бірінші кезекте  көлеңкедегі экономикамен, жемқор­лықпен және монополиямен күрес жүргізген, алғашқы он айдың ішінде   51 мың жұмыс орны ашылған.  2019 жылдың  бірінші тоқсанында   бюджет  22,7 млн. долларға  толыққан. Жыл аяғына дейін экономикалық өсім   7-8 пайызға артады деп күтілуде. Медицинадан бастап бірқатар   әлеуметтік салаларда  қызметкерлердің жалақылары  өсірілген.

Сыртқы саясатта  Пашинянның басқарудағы үкімет  Еуропа, АҚШ және Израильмен қарым-қатынасты жақсартып, Ресеймен ынтымақтастықты одан әрі нығайтуды көздейді. Біреулер  «Мәскеуден іргесін аулақ салып, Батысқа бет бұра ма?» деп қауіптенген. Ондай болжамдары дұрыс болмай шықты. Тіпті, БҰҰ  Қырымға қатысты  Ресейді қолдап дауыс беріп, оның күмән-күдігін сейілтті.  Сирияға белгілі бір  әскери топты жіберіп, Кремльдің көңілін  аулап қойды. Биылғы жылы   ЕАЭС пен ОДКБ-да Арменияның төрағалық ету кезегі. Мұның да  рөлі мен маңызы  зор.

Сонымен  осы айтылғандардың  бәрін  салмақтай қарағанда салыстырмалы түрде  премьер Пашинянның біршама істер тындырғаны байқалады. Оған  бір жылдың  ішінде «армян қоғамы алдында қордаланған барлық мәселені   шешпедің»  деп  кінә арту күпірлік болмақ.

Ендеше, Никол Пашинянды алда  әлі ішкі жағдай мен тәртіпті  барынша тұрақтандырып,  өндірісті өркендету мен экономиканы ілгерілетуде, сыртқы  саясатта,  әсіресе Әзербайжанмен қатынастағы  қайшылықты шешуде талай күрделі түйіндер мен  келелі істердің  күтіп тұрғаны айдан анық.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *