ПОЛИЦИЯ ҚАЛАНЫҢ БАРЛЫҚ ПЕРИМЕТРІ БОЙЫНША БАҚЫЛАУДЫ КҮШЕЙТТІ

Серік ЖҰМАБАЕВ
Алматыға қазір кіріп-шығуға тыйым салынды. Жолдардың барлығына блок бекеттер қойылып, күзет күшейтілді. Полицейлер мен әскерилер, дәрігерлер мен санэпидемиологтар барлық бекетті бақылауға алды. Бірақ солай бола тұра, қалаға ескерусіз қалған жаман жолдар арқылы көлігімен кіретіндер азаяр емес. Енді полицейлер тағы да бірнеше қосымша бекеттер орнатты. Тіпті көп адам біле бермейтін, заңсыз жолдар мен өткелдерді бетон блоктармен бекітті.
– Осындай табылған 30 жолға нарядтар қойылды. Онда Ұлттық ұланның әскери қызметшілері қызмет атқарады. Олардың басым бөлігі Алатау ауданында – 15, Жетісу ауданында – 7, Медеу ауданында – 1, Наурызбай ауданында – 4 және Түрксіб ауданында – 3. Өкінішке орай, белгіленген тыйымға қарамастан, карантиндік аймаққа енудің заңсыз жолдарын іздеген азаматтар баршылық. Бәрінен бұрын, олар бұл шаралардың, ең алдымен, олардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігіне бағытталғанын түсінбей отыр, – деп мәлімдеді қалалық полиция департаментінің ресми өкілі, полиция подполковнигі Салтанат Әзірбек.
Айта кетейік, тәртіп бұзушыларға қатаң шара қолданылады. Соңғы мәліметтер бойынша, төтенше жағдай режимі ережелерін бұзуға байланысты 47 әкімшілік іс қаралыпты. Нәтижесінде 11 адам әкімшілік қамауға алынып, 36 адамға айыппұл салынған.
Өкінішке орай, көпшілік коронавирустың өте қауіпті індет екендігін әлі түсіне қойған жоқ. Сондықтан біраз адам карантин ережесін елемей отыр. Өзге өңірден көлігімен заңсыз жолдар арқылы қалаға кіріп жатқандар да баршылық. Карантинді еңбек демалысымен шатастырып, облыс пен қала халықтары бір-біріне қонаққа баруды доғарған жоқ. Әсіресе, наурыз мерекесі кезінде жұрт қазан-қазан наурыз көже пісіріп, қонақ шақырып, той тойлады.
Қалай десек те, карантинді режимді бұзғандар бас бостандығынан айрылып, үлкен көлемде айыппұл төлейтінін ұмытпауы керек. Қалаға елеусіз жол арқылы кіріп-шығуға тырысқандар әрекеті заңға қайшы келеді. Көпшілік осыны түсінуі тиіс. Қауіпті инфекцияның таралуына жол беруге болмайды. Полиция қаланың барлық периметрі бойынша бақылауды күшейтті.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *