ПОЛИЦЕЙЛЕРГЕ КЕҢ ӨКІЛЕТТІЛІК БЕРГЕН ДҰРЫС ПА?

Алдағы уақытта қазақстандық полицейлерге қылмыспен күресте кең өкілеттіліктер берілетін болды. Енді олар тәртіп бұзушылардың көліктерін түрлі тәсілдер қолдану арқылы тоқтата алады. Тіпті, полицейлерге бағынбайтын адамдарды тоқтату үшін олар брондалған көліктерді де пайдалана алатын болды. 

Серік ЖҰМАБАЕВ

Сонымен, енді полицейлерге бағын­­баудың салдары жайсыздау аяқталуы мүмкін. Олар қол көтеріп, күрес тәсіл­дерін қолдан­ғаннан бөлек, қол кісен­дерін, резеңке таяқшаларды, көзден жас ағызатын газды және басқа да арнайы құралдарды қолдануға құқылы. Осылай­ша енді тәртіп сақшыларына қарсы келуге құмар адамдардың жағдайы тіптен қиын­дауы мүмкін. Мұндай күшті поли­цейлер әкімшілік кодекс норма­ларын бұзушыларға қарсы қолда­нады. Бұл заң 10 қараша күні күшіне енбек.

Жалпы, бұл қаншалықты дұ­рыс? Ертеңгі күні полицейлер өкілеттігін асыра пайдаланып, қарапайым халыққа қарсы кеңінен күш қолданып кетпей ме? Өйткені, біз әлі Америка, Батыс елдері­нің деңгейіне көтерілген жоқпыз. Еге­менді ел болғанымызға 30 жыл да болған жоқ. Енді солай бола тұра, поли­цейлерге дәл сондай кең көлемде құқық беріп, қылмыстық емес, әкімшілік кодекс нормала­рын бұзған адамдарды да күш қолданып, ұрып, газды тапанша қолдануға әлі ерте емес пе? АҚШ, Батыс елдеріне қарап, солардың қолда­натын заңдық нор­маларын бізге енгізе беру қанша­лықты дұрыс?

Шынында да, қазір интернетті ақта­рып отырсақ, тәртіп сақшы­ларының өзі заңның нормаларын білмейтінін байқай­мыз. Бұрын жұрт полицейлерден көмек сұрап баратын болса, қазір керісінше, қаша­тын болған. Шыны керек, халық тәртіп сақшыларынан қор­қа­ды. Тіпті, Елбасының өзі өткенде Ішкі істер министрін тұрғызып алып, «сен полицияға жас бала­ларды әкелесің де, оларды ешқан­дай үйретпей, машық­тандырмай, бір­ден форма бересің. Сосын олар өзінің қалтасына жұмыс істейді», —  деп ауыр сын айтты. Елбасы оны бекерден-бекер айтып отырған жоқ. Сондықтан тәртіп сақшыла­рының сана-сезімін, білім деңгейін көтеріп, жұмысының қыр-сырын үйретуі­міз керек. Әйтпесе, қазір олар халыққа көмектесу дегенді білмейді. Әрине, көпке топырақ шашуға болмас. Бірақ басым көп­шілігі осылай болып отыр. Сон­дықтан полиция қызметіне жалғыз заңгер мамандығын бітіре салған­дарды ала салмай, оларды үйретіп, дайындық, басқа да білімін жетіл­діретін курс­тардан өткізіп, халық­қа қалай қызмет ету керектігін жан-жақты түсіндіруіміз тиіс. Елбасының тілімен айтқанда, олар халыққа қызмет жасауы керек.

Кәрібай ТАСШАБАЕВ, заңгер:

Біздің менталитетіміз, дәстүріміз

батыс елдерінен бӨлек

– Біздің деңгейіміз, сана-сезіміміз әлі америкалық деңгейге көтеріл­ген жоқ. Сондықтан дамыған елдерде солай екен деп ол жақтың әдіс-тәсілдерін бізге енгізе беруге болмайды. Қазақ­станның өзіндік даму жолы, өзіне сай заңдары бар. Біздің мента­литетіміз, дәстүріміз батыс елдерінен бөлек. Сондықтан заңгер ретінде айтарым, дамыған елдердің тәсіліне қарап, полицейлерге кең өкілеттілік беру дұрыс емес деп есеп­теймін. Әрине, қазір Елба­сымыздың арқасында бүкіл әлемге танылып келеміз. Жақында ғана мен кіші қажылықтан келдім. Ондағы шетел­діктердің көпшілігі «Қазақ­стан, Назарбаев» деп ел мен Елбасын бірге атап отыр. Бұл дегеніңіз Қазақ­станның мәртебесі, беделі артып келеді деген сөз. Бірақ біздің полицейлерге кең құқық беретін болсақ, олар барлығын асыра сілтеп жіберуі мүмкін.

Нұрболат ҚАЛДАРБЕКОВ,

такси жүргізуші:

Қызметтік Өкілеттігін асыра пайдаланып кетпесе…

– Мен бұған үзілді-кесілді қарсымын. Тәртіп сақшы­ларының өкілеттігін кеңейт­кенше, қарапайым халықтың жағдайын ойлауымыз керек. Қазір қылмыс тіптен көбейіп кетті. Қайта керісінше, әр адам өз қауіпсіздігін қорғау үшін халықтың қолына травмати­калық қару беру керек. Егер тәр­тіп сақшылары тұрғындарды қорғай алма­са, қылмыскерлер тапа-тал түсте ұрлық жасау былай тұрсын, адамды пышақ­тап кете беретін болса, онда халық қалай қор­ға­нады? Қазір халық полицей­лерге сенбей­тін болған. Енді оларға одан сайын құзы­рет берсе, онда олар өзінің қыз­меттік өкілеттігін асыра пайдаланып кете ме деп қорқамын.

Арман ЖУСАНБАЙ, отставкадағы полиция полковнигі, журналист:

– Бұған көпшілік қарсы болса да, поли­цейлердің өкілеттігін көбейту керек деп есептеймін. Мысалы, АҚШ-ты қара­ңыз, олар полицейлерден қорыққанынан, құрмет тұтқанынан тәртіпке бағынады. Бұл жерде полиция деген жаналғыш, әзірейіл болып көрінбеуі керек. Ал бізде, Қазақ­стандағы полиция қызметкерлерін көбісі сыйла­майды. Интернетті ашып қалсаңыз, тәртіп сақшыларына аузына келгенін айтып, тіпті қол көтеретіндерді де көріп жүрміз. Мұнда полицияны ешкім қадірле­мейді. Бұл – батырлық емес. Заңды құрмет тұтатын адам полициясын да сыйлауы тиіс. Бұл ретте полиция өзінің арасындағы беделсіз, таза емес қызметкерлерден арылуы керек. Аттес­тацияны жүйелі түрде жақсылап сұрыптап тұрып өткізіп, тек нағыз мамандарды ғана қалдырған дұрыс.

 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *