«ПОЭЗИЯ ПАДИШАСЫ» дегенді де сен айтып едің-ау!

Өмір айдынында бірге жүзіп, бүкіл қызық-қиындығыңды бірге бөлісіп, замандас, қанаттас, сырлас бола білген жанның бар болғаны қандай жақсы. Егер оның ойы сенің ойыңмен, арман-мақсатыңмен сабақтас өріліп жатса, жолдастығың қимас достыққа ұласса, одан артық не бар?

Мен Сайлаубекпен өткен ғасырдың жет­пісінші жылдарының ортасында «Лениншіл жас» газетінде табыстым. Әдебиет бөлімінің меңгерушісі Аян Нысаналин басқа жұмысқа ауысты да, Сайлаубек соның орнына келді. Ол кезде ең беделді де абыройлы бөлім әдебиет бөлімі еді. Өйткені, шын таланттар ғана жастар газетінің бетінен орын алатын.

Сайлаубек екеуміз ешқандай есеп-қисапсыз, алғашқы көргеннен-ақ бір-бірімізді ұнатып, дос болдық. Оның үстіне, құдай қосқан көрші екенбіз. Үйіміздің арасында үй жоқ. Жас шамамыз да қатарлас болатын.

Газет жұмысы қиын да қызық шаруа ғой. Кейде кішкене ғана маңызды материал үшін таңға дейін отыратынбыз. Таңды ұйқысыз қарсы алу, әрине оңай емес. Кейде Сәкеңмен кезекшілікке бірге түсіп қалатын кездерім де болады. Ондайда екеуміздің арамызда айтылатын әңгіме-дүкен бітпейді. Көбіне-көп әдебиет туралы сыр шертіледі. Сәкең сонау бағзы замандағы фольклордан бастап, бүгінгі күннің әдебиетіне дейінгі аралықты шеміш­кеше шағып, нақты мысалдармен дәлелдеп береді. Қарсы келу мүмкін емес. Мен оның білгірлігі мен білімпаздығына қайран қала­тынмын. Осыншама энцикло­педиялық білімді меңгеруі оның аса талантты екенін аңғар­татын еді.

Сәкең әдебиет үшін туған адамның бірі деп білем. Соның жолында өзінің бар ғұмы­рын арнаған жан. Сонау мектепте, универ­ситетте ол жинаған білім бірте-бірте оны санаулы әдебиет сыншыларының қатарына қосты. Соның жолында күн демей, түн демей еңбектеніп, газет-журналдар мен әдеби кітаптарды көп жинап және олардың бірін қалдырмай, көз майын тауысып, оқып шығуға тырысатын.

Сексенінші жылдардың басында «Қазақ әдебиеті» газетіне қызметке ауыстым. Ол кезде бас редактор Шерхан Мұртаза болатын. Біраздан соң «Қазақ әдебиетіне» Сайлаубек те келді. Шерағаң ілездемеде таныстырып, сын бөлімінің меңгерушісі болатынын айтты. Ұжым түгел қуанды. Мұның алдында жастар газетінде жүргенде қазақ әдебиетінің тұлғалы ақын-жазушылары туралы салиқалы да салдарлы сын мақалалар жазып, қаламгерлер қауымын да, оқырмандарды да түгел мойындатқан еді.

Әдеби газетте жүргенде Сәкеңнің абы­ройы асқақтап, беделі артты. Талантты туын­дыларды насихаттап, дүмбілез дүниелерді сынап отырды. «Тура биде туған жоқ» қағи­дасын қатты ұстанатын. Жершілдік, рушыл­дық, тамыр-таныстық деген оның сыни мақалаларынан мүлдем орын алмайтын. Барынша әділ, барынша турашыл еді. Міне, осындай тазалығының нәтижесінде көп кешікпей редакция партия ұйымының хатшысы болды.

Сайлаубектің басты қасиеті — өз шаруа­сынан гөрі еңбек ақысын алып жүрген қоғамдық жұмысын бірінші кезекке қоятын. Басшылықтардан берілген тапсырмаларды орындамай үйіне қайтпайтын. Барынша адал, таза істеуге тырысатын. Әр уақытта да айтқан уәдесінде тұра білетін. Ол сонысымен қадірлі, сонысымен сүйкімді еді. Біреуге қылдай қиянат жасамайтын. Алған қарызын да айтқан күні беруге құлықты еді. Аңқылдаған ақжүректілігі, айтқанынан қайтпайтын бірбеткейлігі, азаматтығы мен мейірбандығы көбімізге үлгі болатын.

Өз басым Сәкеңмен отыз жылдан астам қызметтес болып, бірге жүрсем де бірде-бір рет өтірік айтқанын естімеппін де, сезбеппін де. Ол бала-шағасын да осындай жақсы қасиеттерге тәрбиеледі. Балаларының бәрі еңбекқор болып өсті. Әрине, Зибагүлдің де үлесі ұшан-теңіз екенін білем. Бірақ, Сай­лаубектің әкелік қатал тәрбиесі бөлек бола­тын. Оған ұлымыз Жарқын мен Сәкеңнің ұлы Қайрат екеуі бір жүргенде көзіміз анық жет­кен. Ұлдарының бәрі қыздай сызылып, иман­ды жүздерінен нұр төгіліп тұратын. Сәкеңнің үйінде бірде-бір орысша сөз ай­тылмайтын. Бұл ұлтжандылығының, бала­ларды ата-баба дәстүріне адал етіп, ұлттық салт-сана үрдісінде тәрбиелеуінің үлгісі болатын.

Бірде жұмыстан кеш шығып, екеуміз автобуспен «Орбитаға» қайттық. Ең соңғы аялдама Сәкеңнің үйінің алдында. Қоярда-қоймай үйіне шақырды. Мен қарсы келмей, келісе кеттім. Үйін алғаш көруім еді, келін­шегі Зибагүлден бастап, балаларына дейін тізіліп, қол алып, сәлем беріп жатты. Олардың ықылас-пейілінен кейін мен де өзімді емін-еркін сезіне бастадым. Алдымен Сәкеңнің жұмыс істейтін бөлмесіне кірдік. Алғаш көзге түскені – Қонаевтың портреті. Содан соң ғана төрт қабырғада түгел тұрған кітап сөрелерін көрдім. Сол тұстары кітап жинау зиялы қауым арасында қалыптасқан дәстүр болатын. Талай үйлердің сықаған сөрелерін көріп ем, бірақ Сәкеңнің мына жиған-тергеніне жетпейтін сияқты. Сөредегілердің бәрі қажетті, құнды кітаптар және қай кітап қай жерде тұрғанын ол жатқа білетін. Сол күні осыншама рухани байлықты жинаған жан тегін адам болмауы тиіс деген ой түйіп қайттым.

Сәкең туралы тағы бір айта кететін жәйт – ол жинаған кітаптарына өте сақ қарайтын. Оқып беруге сұраған кітаптарды беріп тұрып, «қолхат» жаздырып алатын. Сонан соң бөлмесінен шығарда қойын-қонышыңды тексеріп барып жіберетін. Құдды бір кеден бекеті сияқты.

Біздің үйге келгенде мен де өзінің істеге­нін өзіне қайталайтын болдым. Сонда ол: «Әй, көсем, сендегі кітаптардың бәрі менде бар», – деп қос қолын көтеріп, қарқылдап күліп, шығып кететін.

Сәкең екеуміздің жақын дос болуымыз­дың тағы бір сыры — ол да, мен де ақпан айы­ның 12-сі күні туыппыз. Бірақ құжат бойын­ша менікі – 19 ақпан. Кезінде әке-ше­шем куәлікті бір апта кешіктіріп алған көрін­еді.

Сәкеңнің бір қасиетін әлі күнге дейін ұмы­та алмаймын. Күләш екеуміздің туған күндерімізбен құттықтауды ұмытпайды. Маған жыл сайын таңғы сағат 6-да телефон шалады. Сондағы айтатыны:

– «Көсем, туған күніңмен!». Бар әңгімесі осы.

– «Рахмет», — деп айтып үлгергенше труб­каны қоя салады. Ал Күләшті құттық­тауы бөлек. Қолына әдемі букет гүл алып, жанына екі-үш жігітті ертіп, Күләштің жайған дас­тарханының төрінде терлеп-тепшіп, жадырап, шалқып отырушы еді. Бұл да көп адамның қолынан келе бермейтін мінез. Сәкең жыл сайын ораза тұтып, мұсылман­дықтың осы парызын орындап жүретін. Күләш та мұны­сын құп көріп, ауызашарға шақырайық деп отыратын болды. Сондағысы – Сәкеңнің әдебиет туралы әңгімесіне молынан қанығу еді.

Сәкең әдебиет әлемін, оның философия­лық түйіндерін өте терең білетін сыншы­лардың бірі еді. Ол алпыс жылдық мерей­тойын да толымды да толысқан шағында қарсы алды. «Сын симфониясы» атты әдеби толғаныстар мен мақалалардан тұратын таңдамалы жинағын шығарып үлгерді. Бұл жинақ оның шығармашылығындағы ең бір орны биік туынды деуге болады. Ол бұл таң­да­малысына қазақтың қабырғалы қалам­герлері: Ғабит Мүсірепов, Әбділда Тәжібаев, Тәкен Әлімқұлов, Тахауи Ахтанов, Қалтай Мұхамеджанов, Мұқағали Мақатаев, Асқар Сүлейменов, Шерхан Мұртаза, Әбіш Кекіл­байұлы, Қадыр Мырза-Әли, Қалихан Ысқақ, Әкім Тарази, Нұрлан Оразалин, Темірхан Медетбек, т.б. озық ойлы шығарма­ларын арқау еткен. Ал осы ақын-жазушы­лардың әдебиеттегі әділ бағасын беру үшін сыншы Сайлаубек Жұмабектің қаншама уақыт күн демей, түн демей еңбек еткенін оқырман қауым жақсы түсінеді деп ойлаймыз. Жазуы­ның қуаты бар, аузы дуалы жігіт еді. Өзі қат­ты сыйлайтын біздің үйдегі құрдасы Күләш Ахметова туралы да, әсіресе атақты ақын Фариза Оңғарсынова жайында жаз­ғандары да елді елең еткізген болатын. Сәкең­нің «Поэзия падишасы» деген сөзі әлі сол күйінде айтылып жүргенін бәріміз жақсы білеміз.

Сәкең өзінің туған жері – «Ащысайын» әркез әңгімесінің арасына қосып отыратын. Бәлкім, кіндік қаны тамған жерге деген сағынышы болар. Тіптен қолтаңба берсе де, астына «Ащысай» деп жазып қоятын. Сәкең­нің тағы бір ешкімге ұқсамайтын мінезі – қолтаңба бергендегі тілек ниетінің ерекшелігі еді.

Сәкең сыншылық шығармашылығында сегіз кітап шығарған екен. Бұл қиын жанр үшін аз сан емес. Осы жинақтардың бар­лығына да Сәкең қолтаңба жазып, маған ұсынған еді. Соның соңғысы «Сын симфо­ниясы» атты таңдамалысы. Сәкеңнің алпыс жылдық мерейтойының алдында ғана қызы­мыз Жазирадан немерелі болғанбыз. Соған орайластырып жазған мына бір қолтаңбаны келтіре кетейін: «Көсем Қайре­кең мен құрдас қарындас Күләшқа! Жиен немерелеріңнің жиендікті мол жасай беруіне тілектес автордан. 3.01.2006 ж.».

Сол бір жылдың жаз, күз айларын Күләш екеуміз Таразда өткіздік. Қыркүйектің бас жағында бір шаруалармен Алматыға келіп, Сәкең жұмыс істейтін «Жұлдыз» журна­лы­ның редакциясына бас сұққанмын. Көптен бері көрмегендіктен бе, Сәкең екеуміз шұрқы­расып амандастық.

– Көсем, көрінбей кеттің ғой, – дейді ол.

– Сағынып көріскен дұрыс екен, – деймін мен көзін менен алмай тұрғанын сезіп. Сөйтсем, Сәкеңнің журналдың кезекті нөмірін тапсырып, мұрнынан шаншылып жатқан кезі екен.

— Көсем, күте тұр, — деген соң, күтуге тура келді.

Сол сәтте университетте бес жыл бірге оқыған досым, белгілі ақын Мұхамедия Жұмағалиев келіп онымен де арқа-жарқа амандасып, мерейім тасығандай болдым. «Көптен бері көрмеген жандардың бір жерден табылғаны қандай жақсы болды», — деп, үшеуіміз баспагерлер үйінің төменгі қабатын­дағы кафеге бардық. Өткен-кеткенді еске алып, біраз отырып, шер тарқатып тарасқан болатынбыз. Сол күн Сәкеңді соңғы рет көруім екен ғой…

Қазақтың дарынды да арынды ақын­дарының бірі, құрдасым Темірхан Медетбек телефон шалып, суық хабарды естірткенде, есеңгіреп қалғандай болдым. Жалғыз емес, кенже ұлы Санжарбекпен бірге апатқа ұшы­рапты. Әкесі мен баласын қармаққа ілген қатыгез ажал аямаған екен. Қандай өкінішті. Амал не, қолдан келер шара жоқ.

Сол сәтте Сәкеңмен танысқан алғашқы күндерден бастап, бүгінгі күнге дейінгі бүкіл болмысы көз алдымнан кинолентадай өтіп жатты. Содан тура бір ай бұрын кафеде отыр­ғанымызда, бет-жүзінен өлім туралы еш­қан­дай белгі байқалмап еді. Қайта жүзі нұрла­нып, өмірге құштарлық сезіммен қарап отырған.

Қаралы хабарды естіген бойда Күләш екеуміз Тараздан Алматыға жол тарттық. Жаназасына қатысып, топырақ салу бұйыр­ғанына да тәуба дедім. Сайлаубек Жұмабеков қазақ әдебиеті үшін де, елі-жұрты, ағайыны үшін де орны бөлек жан еді. Ақылды да қадірлі азамат болатын.

Әрине, Сәкеңнің атқарғанынан әлі ат­қа­рар істері көп еді. «Әттеген-ай», деген өкініш­тен басқа айтарымыз жоқ. Пешенесіне жа­зыл­ған дәм-тұзы таусылған күні сол болу керек.

Бір шүкіршілігі, Сәкеңнің артында асыл жары, алтындай ұрпақтары, әдеби мол мұрасы қалды. Сәкең осылар барда мәңгі өлмейді. Оның таудай тұлғалы, азаматтық бейнесі біздің жүрегімізде мәңгі сақталары сөзсіз.

Ұлы Санжарбек екеуінің рухы пейіште шалқып, жандары жәннатта болсын! Әумин!

Мен осы бір шағын еске алуымды Сайлау­бектің рухына бағыштаған өлеңіммен аяқтайын.

Жүруші едің, көруші едім тау сынды,

Неге досым ерте өмірің таусылды?

Отыз жылдай бауыр басып кетіп ем,

Енді міне, естімеймін даусыңды!

 

Сыр жоқ еді біз екеуміз шертпеген,

Тұлпардай ең ұзақ жолға ерттеген.

Қапияда мерт болдың-ау қайтейін,

Ауырмай-ақ ауыр сырқат дертпенен.

 

Ажал өзі келтіргендей есебін,

Сенен кейін небір ойлар кешемін.

Еске аламын жиі-жиі өзіңді,

Тұрғандайсың: – «Қалайсың, – деп, –

 көсемім?».

– «Көсем қайда?», – деп сұраушы ең

 Күләштан,

Өмір-өлім құпиясын кім ашқан.

Күндер қайда хал-жағдайды сұрасқан,

Тым-тырыс боп тұнжырайды сұр аспан!

 

Санжарбегің ұлың еді сүйікті,

Жастайынан армандаған биікті.

Ұзын жолдың қысқарғанын қарашы,

Ажал оғы абайсызда тиіпті!

 

Кеттің бірге құлыныңмен, ұлыңмен,

Бұл қайғыдан бүгілемін бүгін мен.

Бірақ менің не бар дейсің қолымда,

Пендемін ғой бір Аллаға жүгінген!

 

Әлі талай Ай да батып, шығар Күн,

Бірақ оның құбылысын ұғар кім?

Жатқан жерің жарық болсын, деп, саған,

Бағыштадым сүрелерін Құранның!

 

Қайырбек АСАНОВ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *