Перзент парызы

Әке мәртебесіндегі «туыстық сезім» өте сирек кездесетін құбылыс дейді, алайда дәл осындай жағдай Алматы тұрғыны Баян Әнуарбекқызының өмірінде ерекше орын алды.


Әкесі Үсенұлы Әнуарбек – Ұлы Отан Соғысының еңбек майданының мүшесі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақ КСР-інің еңбегі сіңген рационализаторы, Құрметті металлург, Ұлттық инженерлер академиясының корреспондент-мүшесі және Қазақстан Республикасының Құрметті зейнеткері болды.
Үсенұлы Әнуарбек – жан-жақты білімі бар, аса мейірімді жан еді. Жұмысынан бос уақытында халқымыздың тарихын, мәдениеті мен әдебиетін зерттеген болатын. Нұқ Пайғамбар мен Шыңғысхан уақытынан бастап шежірені құрастырып, Әбілхасан Рудаки, Әл-Фараби, Қорқыт, Омар Һәйям, Қожа Ахмет Йассауи, Жәлаләддин Руми, Мұслихаддин Сағди, Шәмсәддин Хафиз, Әбдірахман Жами, Асан Қайғы, Шалкиіз Тіленшіұлы, Ақтамберді жырау, Тәтіқары ақын туралы, Шығыс әлемі мен қазақ халқының басқа да көрнекті тұлғалары жөнінде мәлімет жинаған жан.
Әнуарбек аға қыс мезгілінің спорт түрлерін ерекше ұнатып, жанұясын салауатты өмір салтын ұстануға үйреткен. Баян Әнуарбекқызының кішкентай кезінен есінде қалғаны — табиғат аясында жиі-жиі серуендеп, шаңғы тепкені екен. Әнуарбек ағаның дауысы әсем, әрі күшті еді. Ағамыздың үйі әрдайым қонаққа, ағайын-туысқа, дос-жаранға толы болып, олардың сұрауы бойынша отау иесінің орындауымен домбырада әуендер шырқалатын. Олардың үйлеріне Алматы қаласында оқып жүрген студенттер жиі келіп тұратын.
Әнуарбек Үсенұлы көп уақытын ғылымға арнаған еді. КСРО-ның ғылыми-техникалық қауымдастығының мүшесі ретінде және қызмет бабындағы жұмысымен қатар өз білімін арттырып отыруға қажымай тырысатын.
1976 жылы ол Мәскеудің Халық шаруашылығын басқару институтында оқуды сәтті аяқтады. Отан үшін жасалған еңбегі ретінде бағаланатын Әнуарбек Үсенұлының ғылыми және өндірістегі жетістіктері тәуелсіз Республикамыздың тез арада өрлеп, өркендеуіне септігін тигізгені де рас.
Қазақстанның алтын — валюта қорын толтыруға бағытталған қызметінде Әнуарбек Үсенұлының сіңірген еңбегінің арқасында мемлекетіміз қысқа мерзім ішінде ұлттық валютаны шығарып, Тәуелсіздігін орнықтыра алды.
2008 жылы қызы Баян «Әнуарбек Үсенұлының атындағы жеке қор» ашты. Қайраткеріміздің атын мәңгі есте сақтауға бағытталған жұмыс аясында Алматы мен Риддер қалаларындағы үйлер қабырғасына ескерткіштер орнатылып, Алматы қаласындағы бір көшеге, туған жері Сабынды ауылындағы орталық көшеге және өзі оқыған мектебіне Әнуарбек Үсенұлының аты беріліп, бұқаралық ақпарат құралдарында Әнуарбек Үсенұлы туралы бейне фильм көрсетіліп, басқа да бейне материалдар дайындалып жатыр. Оның аты энциклопедияларға енгізіліп, ғылыми еңбектері осы күнге дейін Қазақстанның өндірісі мен ғылыми саласында кеңінен пайдаланылады.
Бүгінгі таңда Баян Әнуарбекқызы қазақ халқының көрнекті қайраткері Әнуарбек Үсенұлы туралы кітап шығару жұмысын қолға алып жатыр.

Ә.Исламханұлы.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close