ПЕРИЗАТ ДЕСЕ ПЕРИЗАТ

1Халқымыз тағы бір жылды тарих қойнауына жіберіп, жақсы жаңалықтар мен жақсылықтар тілейтін тағы бір жылды қарсы алмақ. Осындай жылайрық кезеңнің соңғы күндерінде Алматы жұртшылығы естен кетпес  өнер кештерін тамашалауға да уақыт тауып, өнерге, өнерпазға құрмет-қошеметін көрсетіп бағуда. ҚР Мәдениет қайраткері, халықаралық «Шабыт» байқауының лауреаты, «Қазақконцерт» өнер бірлестігінің бишісі Перизат Омарбекованың «Биім менің – биік шың!» атты авторлық кеші өте жоғары дәрежеде өткен осындай кештің бірі болды.

Қазақтың Розасы (Бағланова): – Ал, енді, бұл қыздың өзі Перизат десе перизат! Бойына біткен адамгершілік қасиетімен оның дарыны бара-бар. Тек осындай адамнан ғана үлкен үміт күтуге болады, оның сахнаға шыққанда жалпы  бейнесі қандай… қимылдары қандай!  Біздер енді көріп жатырмыз ғой, Шара ападан бастап көріп жатырмыз ғой, барлығы біртүрлі билейді. Ал Перизаттікі ерекше! Әр әнші де өзінше ерекше болуы керек, әр биші де өзінше ерекше қимыл жасау керек. Ал, енді Перизаттың сахнаға шыққандағы келбеті, тартымдылығы қандай! Мен бұл сахнаға шыққанда өзім сүйсініп тұрамын, меніңше,  халық та сүйсініп тұрады, неге десеңіз, Перизат сахнаға билеп шыға келгенде, халық ду қолшапалақ ұрады,– деп ризашылығын білдірген екен.

Осы кеш үстінде, әнші-сазгер, «Қазақконцерт» бірлестігінің директоры Алтынбек Қоразбаев: – Жалпы, бұл би өнеріне Өзбекәлі Жәнібеков ағамыз үлкен еңбек сіңірсе, Шара Жиенқұлова әпкеміз, одан бері Қазақстанның халық әртісі Гүлжан Талпақова сынды бишілеріміз қазақ биін өз заманында талай биікке көтерді. Ал енді солардың жалғасы, бүгінгі, міне, Перизат Омарбекова десек, артық айтқандық емес. Перизат кішкентайынан өзіміздің қолымызда өсті,  биге өте құмар, құштарлығы, бейімділігі сол кезден-ақ байқалған. «Қазақконцерт» ұжымында еңбек етіп келе жатқан 16 жылдан астам уақыт ішінде Перизаттың «жоқ» деген сөзін естіген жоқпын. Үнемі дайын және үнемі ізденгіш. Жаңашыл. Жыл сайын бірнеше би қойып, шығармашылығын жаңа билермен толықтырып жүреді. Әр биге лайықты ұлттық бояуға қанық киімдері де керемет!  Кешегі Шара – бүгінгі Перизат деп ауыз толтырып айта аламыз, – деді.

Өнердің мөлдір бұлағынан қанып ішкен осындай дарабоздардан лайықты бағасын алып, қуаттанып жүрген Перизат, шын мәнінде, сахна мәдениетін тым ерте сезініп, түйсінген биші. Мектепке дейін-ақ тараздық танымал өнер жанашыры, Перизат сияқты талай бүлдіршіндерді би өнерінің қыр-сырымен таныстырып, бойларына өнерге деген сүйіспеншілікті оятқан Бақдәулет Сазабековтен тәлім-тәрбие алды. Би өнерінің тарихымен, мәдениетімен, сахнаның мәдениетімен таныстырып, табыстырған жас бүлдіршіндер арасынан бүгінде қазақтың биін, ұлттық биді жоғары деңгейге көтеріп жүргені де, сол, алғашқы қадамдардың сәттілігінен болса керек.

Біздің елімізде өнерге еңбегі сіңген танымалдардан гөрі,  маңдай терін төгіп үлгермеген пысықайлар өз бағдарламаларын ұсынып, тіпті, соншалықты қымбат­тығына қарамастан Республика сарайында концерт беруге құмар-ақ. Мейлі ғой дейсің, «Байдың малын байғұс қызғанғандай» болмайыққа тоқтап. Дегенмен, қазақтың дәстүрлі өнерін насихаттап, сахнаның қадір-қасиетін ұғынған, халықтың көзі де, құлағы да үйренген белгілі әншілеріміз жалпыхалықтық байлығымызға айналғанын мойындайтын, ерекше құрмет тұтатын тыңдаушы бүгінгі көптеген  даңғазашылардың әрекетіне түсінбей дал.

Ал, өнер кешінде санаулы ән орындалғаны болмаса, тұтастай биден құрылған Перизаттың авторлық бағдарламасының орны ерекше деуге тұрарлық. Қарша­дайынан сахна мәдениетін, өнер қасиетін біліп, көріп өскен оның би әлеміндегі жетістіктері мен жеңістері біршама. Әкесі Асан мен анасы Несіпкүл Омарбекова өмірлерін өнерге арнап,   қасиетті саланың бал бұлағынан сусын қандыра ішіп келе жатқан өнер майталмандары. Осы тәлім-тәрбиені бойына сіңіре білген Перизаттың да сахнада жүргеніне жиырма жылдан асып барады десек, қателеспейміз. Сондықтан да, Перизат Омарбекованы кешегі Шаралар салған сара жолдан таймай, қазақ биінің түп-тамырын жоғалтпай, бүгінгі күнге дейін сақтап, тіпті, кең түрде насихаттап келе жатқан отандық бишілердің арасындағы бірегейлердің бірі деуге болады. Жиен­құлованың репертуарында танымал болған «Айжан қыз» биін бүгінге жеткізген жоқтаушысы да осы Перизат. Оның шығармашылығы қазақ ұлттық би мәдениетін одан әрі дамытып, ел есінде мәңгі сақталып қалуы үшін, ұлттық би өнерін әлем жұртшылығына таныту мақсатында да аянбай еңбектеніп жүрген биші.  Оның орындауындағы билерде өрлік пен ерлік, сұлулық пен нәзіктікке қоса, елге, жерге деген патриоттық сезім де лапылдап көрініп тұрады. Қоғам мен мәдениеттің игілігін, мемлекетіміздің рухани болмысын, мәдени-рухани құндылықтарын насихаттау мен халық  хореографиясын  дамытуға қосқан үлесі ұшан-теңіз. Алыс-жақын шет елдердегі өнер сапарларында қазақтың би өнерінің жарқын болмысын, бітімін көрсетіп, талай жұрттың таңдайын қақтырғаны жайлы көріп те, естіп те жүрген жайымыз бар.

– Әсіресе, – дейді өзі де сол сапарларға ой жүгірте отырып, – қазақтың ұлттық би өнеріне лайықталып тігілген ұлттық өрнегі айшықты костюмдеріне тіпті қызығады. Қынама бел камзолдары мен бүрмелі етек көйлектері, сәнді сәукелеге сырт елдің көрермендері керемет таңқалып, қызыға қарайды. Сахнадағы орындалып жатқан биге лайықты әдемі ұлттық киімдер, бидің қимыл-қозғалысы, бет-әлпеттегі өнерге деген құмарлықтың жүзіне ойнап шыққан қуаныштарымен бөлісіп, өзіңмен бірге ырғалып отыратын өнерге құштарлық қай елде өнер көрсетсек те алдымнан шығып отырады. Сондай сәттерде өзімді керім бақытты сезінемін. Осындай ұлы халықтың қызы болғаныма, сол ұлы халықтың бояуы қанық ұлттық өнерінің орындаушысы болғаныма тәубә деймін іштей.  Билей бергім келеді, билей бергім…

Мемлекеттік «Салтанат» би ансамблі, мемлекеттік «Гүлдер» ән-би және «Әлқисса» ұлт-аспаптар ансамблі, Қазақ Мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің «Томирис» студенттер би ансамбльдерінің сүйемелдеуімен қойылған әр би, ерекше есте қалар қимыл-қозғалыс, сол нәзік те әдемі қимыл арқылы бидің болмыс-бітімін қызықтап отырып, өзіңіздің де би әлеміне кірігіп кеткеніңізді сезбей қаласыз. Әсіресе, бишінің төлқұжатына айналған қазақтың халық биі «Алтынай» сахнада дөңгелене жөнелгенде, мынау тылсым дүние құбылып, төңкеріліп бара жатқандай күй кешесіз. Ал «Бақсы», «Тұмар ханша», «Айша бибі», «Жұмақтағы кездесу», атақты «Айжан қыз», «Келіншек», «Атамекен», қазақтың дарынды ұлы  Нұрғиса Тілендиевтің әніне қойылған «Өз елім» билерін көрермен ынтыға қызықтап, құшырлана қол соққанының куәсі болдық. Әсіресе, Перизаттың бойындағы өнерге деген махабббат өзінің ата-анасынан дарыған десек, бишінің де Інжуі ән салғанда, ұрпақтар жалғастығы деген қасиетті ұғымға мойынсұнғандай боласың. Қаршадай Інжу Бақыткелдіқызы республикалық «Жырлайды жүрек», «Самға жұлдыз» байқауларында 1-орын алып, танымал әнші Меруерт Түсіпбаеваның арнайы сыйлығы – алтын сырғасын сыйға тартуы кезінде интернет желілерінде қызу талқыға түсіп, жақсы пікір туғызған-ды. Тілі шығып, былдырлай бастаған шағынан өзін «Бағлановамын» дейтін Інжу де бүгінде танымал болып қалған жайы бар. Қызылорда қаласында өткен Роза Бағланованы еске алу кешінде облыс әкімі кішкентай әншіге тай мінгізіп жіберуі, міне, осының айғағы десе болады. Осының бәрі қазақтың ұлттық би өнерін насихаттап жүрген биші-анасынан дарыған асыл мұра десе болар. Осы би кешінде Шәмші Қалдаяқовтың «Бақыт құшағында» әнімен тыңдармандарын тағы бір қуанышқа бөледі.

Түркі поэзиясы халықаралық фестивалінің, Қазақстан Жазушылар одағының І.Жансүгіров атындағы сыйлы­ғының, тәуелсіз «Платиналы Тарлан» сыйлығының лауреаты, ақын Исраил Сапарбаев пен ҚР Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары, ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Маралтай Райымбекұлы өз жылы лебіздерін бишіге арнаған жыр жолдарымен білдірсе, Перизаттың өз шәкірттері, бірнеше республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаты – «Жас қиял» би ансамблі «Ақбаян» биін тарту етті.

 

Тана  ТӨРЕҚЫЗЫ.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *