ПЕРІШТЕ ПЕЙІЛ БАЛАПАНЫҢЫЗ

947бақытты болсын десеңіз…

Балаңыздың бақытты болуы – Сіздің арманыңыз. Ал ол үшін не істеу керек? «Болашақ – бүгіннен басталады» десек, оның ертеңі сізді алаңдатары сөзсіз ғой. Құп делік. Бәлкім, Сіздің балаңыз өзі қатарлы бүлдіршіндерден ынжықтау болар?.. Мүмкін, оның келбеті керемет емес,  шахматтан  үздік емес шығар… Мейлі, солай-ақ болсын. Бастысы, ОЛ – сіздің көзіңіздің нұры, көңіліңіздің қуанышы! Дүниенің бар алтынына айырбастамайтын қымбатыңыз! Ендеше, қадірлі ата-ана, ең алдымен періште пейіл балапаныңызды ыстық мейіріміңізге бөлеңіз! Құшырлана сүйіңіз! Жақсы көріңіз! Бала бақытының қайнар бұлағы міне, осы! Әсілінде, психолог мамандар бала бақыты үшін ең бастысы – отбасы, достары және жеке бас қауіпсіздігімен қатар, талғамы һәм өзін еркін сезінуі керек екендігін айтады. Ол үшін төмендегі 10 қағидаға көз жүгіртіңіз…

 1. Өзіңіз бақытты бола біліңіз!

«Балаңызды идеал етіп тәрбиелеуге тырыспаңыз. Өйткені, ол бәрібір сізге ұқсайтын болады. Сондықтан алдымен өзіңізді тәрбиелеңіз». Ағылшын жұрты осылай дейді. Ал бізде «балаң – сенің айнаң» дейді. Ендеше, «балам адам болсын» дейтін әрбір ата-ана тәрбиені өзінен бастағаны абзал. Өйткені, «тәрбие – талбесіктен». Зерттеулерге қарағанда, егер ата-анасы ылғи да күйзелісте жүретін болса, сол отбасының балалары өздерін үнемі жайсыз сезініп, көңіл-күйлерінде ауытқушылық  пайда болады.  Сабақ оқуға ынтасы нашарлап, құрбы-құрдастарымен тіл табыса алмайды. Әлбетте, қашан көрсең де салы суға кетіп, шаршап-шалдығып, тыржиып жүретін адамның жанында еңсе көтерілуі мүмкін бе? Ойлап көріңізші. Келіссеңіз, онда сілкініңіз! Көңіл-күйіңізді көтеру үшін жаныңыз не қалайды? Бәлкім, достарыңызбен отырыс жасап, мерекелі көңіл табарсыз. Біліңіз, мұның бәрі балаңыз үшін. Сіз күліп жүрсеңіз, айналаңыз нұрланады. Ал нұрлы ортада есейген бала қашан да өзін бақытты сезінері сөзсіз.

 

2. Өзге ортамен қарым-қатынас жасауды үйретіңіз

Яғни, балаңызға өзгелермен қалай тіл табысуды үйретіңіз. Көп сөйлесіңіз. Жан дүниесін еркін сезініп, кез келген ортада жол таба білуге тәрбиелеңіз. Бала болған соң бірімен-бірі шекісу, сөзге түсінбей, бірін-бірі соғып жіберу болмай тұрмайды. Егер осы жағдайға «көңіл бөлме, ештеңе етпейді» десеңіз, бұл – қателескеніңіз. Оның орнына өзін қорғауды, өз «менін» таптатпай, ерегестерді бейбіт жолмен шешуді үйретіңіз. Қандай жағдайда да жасқанбай дұрыс жол тауып кететін, өзгелермен қарым-қатынаста орын таба білетін бала өзін әлдеқайда бақытты сезінеріне сеніңіз!

 

3. Нәтижені емес, талпынысын бағалаңыз

Анығында, баласының іс-әрекетінен тек жетістікті, дұрыс нәтижені   ғана талап ететін ата-аналардың перзенті қай кезде де арқасында ауыр жүк тұрғандай сезінеді. Олардың бойында ата-анасының үдесінен шыға алмай қалу қорқынышы басым болады. Осыдан келіп өз-өзіне сенімділік жоғалуы мүмкін. Содан да болар, жаңа іске өз бетінше кірісу  олар үшін мүмкін еместей көрінеді. Алайда, өмірдің жеңістер мен жеңілістерден тұратынын түйсінбейтін баланың болашағынан үміт күту екіталай.

Ал қашанда көз қуанышының іс-әрекетіне көңіл бөліп қолдап, жеңілсе мойымауға, жеңсе одан әрі шабыттандырып, реті келсе мақтап отыратын ата-ананың балалары ше? Иә, олардың бойында жаңа іске деген құлшыныс менмұндалап тұрады. Өйткені, олар жеңілсе де, жеңсе де қолдаушылары бар екенін біледі. Міне, көрдіңіз бе, қиындықтан қорықпайтын, өзіне-өзі сенімді балалар өмірдің кез-келген сәтінде жол табары сөзсіз. Өйткені, олардың бойында «жетістікке жеткісі келген адам қиындықтан қашпайды, қиындыққа қарсы жүреді» деген сенім бар. Ал ол сенімді бала бойына ұялату – сіздердің қолдарыңызда. Сондықтан балаңыздың кез келген ісінің нәтижесін емес, оған деген талпынысын бағалап отырсаңыз, ұтылмайсыз!

 

4. Оптимист болыңыз

Статистика бойынша оптимист адамдар мектепте де, жұмыста да, спортта да, қысқасы, кез келген ортада табысты келеді екен. Оптимистер пессимист адамдарға қарағанда ұзақ өмір сүретінін де ғалымдар айтады. Ендеше, Сіз де балаңызды әлемге оптимистік көзқараспен қарауды үйретіңіз. Яғни, балаңызды мойымауға, «сүрінсе қайта тұруға» болатынын айтып, шынайы өмірдің қаншалықты мәнді де мағыналы екенін айтудан еш жалықпаңыз. Әдетте, біз қандай нәрсеге мән береміз? Нені байқаймыз? Мәселен, метроға жиналған қарақұрым көпшілікті ме, әлде баратын жерімізге жылдам жеткеніміз жайлы ма? Күннің шуағын ба, әлде сол ыстықтан күйіп кетуді ескеру керек пе? Ең бастысы, балаңызға қандай жағдайдың да жақсы жағын сезінуді үйретіңіз. Өмірдің көлеңкесін емес, күнгейін көруге тәрбиелеңіз! Тіпті, балаңыз үшін қарапайым ғана ойын ұйымдастырыңыз. Ол үшін күнде кешкісін диванға жайғасқан соң, бүгінгі күнгі болған ерекше сәттерді айтуын өтініңіз. Міне, жақсы нәрселерді еске түсіру арқылы да балаңызды оптимистік көзқарасқа баулитыныңыз анық.

 

5. Эмоцияңызды жасырмаңыз…

Балаңызды жақсы көріңіз, айналып-толғаныңыз, құшағыңызға қысыңыз, мейірленіңіз, бірақ, ашуланып тұрғаныңызды білдірмеңіз, дауыс көтермеңіз. Әрине, мұның бәрі шын көңілден жасалып жатса, құба-құп. Бірақ, көптеген психологтар бұған келіспейді.  Мәселен, ашу-ыза кернеп тұрса да, еріксіз жымиып, жасанды кейіп танытсаңыз, балаңыз оны сезбейді деп ойлайсыз ба? Мұндай әрекетпен сіз балаңызға жасандылықты сіңіріп жатқандығыңызды байқамассыз бәлкім?! Ересектерге қарағанда бүлдіршіндер өте сезімтал екені айқын ғой. Сондықтан да оларды «нағыз психолог» деп те бекер айтпайтын шығар. Ендеше, бір уақыт өзіңіздің ашуыңызды, ренішіңізді дер кезінде көрсетіңіз. Бұл балаңыздың бақытты болуына септігін тигізеді екен. Бала жас шыбық секілді, қалай исең, солай өсетінін ескерсек, алдымен өзіңіз шынайы болыңыз. Сізге көңілді ме – қуаныңыз, жаныңыз жабырқады ма –  еш қысылмаңыз! Тек бәрінің мәнісін түсіндіріп берсеңіз болғаны.

Біз бәріміз адамбыз, құлтемір (робот) емеспіз. Өмір болған соң әр нәрсеге әртүрлі эмоцияның тууы да заңды. Ал сіздің сіздің жаныңызды түсінуді және өзінің ішкі сезімін шынайы әрі бүкпесіз жеткізудің не екенін көріп, ұғып өскен баланың өз өмір жолында да жасандылыққа бой алдырмайтыны ақиқат.

 

6. Ұсақ-түйек нәрсеге де қуана біліңіз

Сіз қандай болсаңыз – балаларыңыз да сондай екені айқын. Мәселен,  сіз арнайы мерекелерде ғана немесе ерекше орын алған жәйттер үшін ғана қуану керек деп ойласаңыз, онда сіз сирек  қуанатын жансыз. Оптимист жанға батқан түн де, күліп тұрған күн де қуаныш. Әдемі көйлек кисе де, дәмді тағам жесе де мереке! Ендеше, балаңыздың «бестік» бағаларын санау үшін жылдың соңын күтпей-ақ, бақылау жұмысынан алған төрттік бағасы үшін бүгін қуана біліңіз!

 

7. Өзін-өзі ұстай білуге үйретіңіз…

Кейде қаламаған ісімізбен де айналысуға тура келеді, әрине, баламыз үшін. Ал соған бола шу шығару­­дың жөні бар ма? Керісінше, өзіңізді мәжбүрлей білуге үйреніңіз! Дәл осы тұста ерік пен жігерді іске қосыңыз! Мәселен, сағат 6-да тұру керек пе?!  Тұрыңыз! Соған бола  еш қиналудың қажеті жоқ. Керісінше, ерте тұрып іске кірісудің де өз нәтижесі болатынын ұмытпаңыз. Немесе мынадай мысал. Сіздің апельсинге аллергияңыз бар делік. Сол үшін бүкіл отбасындағылар апельсин жемеу керек деген түсініктен аулақ болыңыз. Өзін әркез тәрбиелеп, қажет кезде өзін ұстай білетін адамдар оқуда да, жұмыста да өздерін жеңіл сезінеді әрі жолы болғыш болады. Қиыншылық және күйзелістен де оп-оңай шығу проблема емес!

 

8. Балаларыңызбен ойнаңыз

– Сенімен анаң ойнай ма?

– Иә, ойнайды.

– О, қандай жақсы. Ал менің ата-анамның қолдары ешбір босамайды!

Бұл — екі кішкентай қыздың әңгімесі.

Баланың негізгі жұмысы – ойын. Ойын арқылы бала әлемді таниды. Ойын арқылы өресін кеңітеді. Осыны біле тұра, кейбір ата-аналар балаға бос уақыт қалдырмай, түрлі үйірмелерге тізгіндеп қояды. Керісінше, балаңызға уақыт бөліп, бірге ойнайтын болсаңыз, оның жан-дүниесін  соншалықты танып, жақын біле түсетініңіз анық. Мәселен, қонжық пен кішкентай қоян секілді түрлі жұмсақ ойыншықтармен ойнай отырып, солар арқылы бала бойындағы қорқынышты жоюға, тіпті, өзін-өзі қорғауға үйретуге болады. Нәтижесінде, ол өзін сенімді әрі ата-анасының қашанда қолдайтынын, олардың қамқорлығын, махаббатын сезініп өсетін болады. Ендеше, жарты сағат болса да балаңыздың әлеміне еніңіз! Бір сәт баламен бала болыңыз! Бұдан сәбиіңіз өзін бақытты сезінбеуі мүмкін емес.

 

9. Таңдау жасауға ерік беріңіз

Бұл жерде мәселе балаңыздың бас киімін өзі киюінде емес, қандай бас киімді киюін өзі таңдауында. Таңдауына қол жеткізу балаңыз үшін маңызды екені сөзсіз. Яғни талғамына құрметпен қарау арқылы балаңыздың өз өмірін басқара алатын, жауапкер­шілікті сезінетін тұлға болып қалыптасуына ықпал етесіз. «Мен қанша кішкентай болсам да, сіз ойла­ғандай ақымақ емеспін, мен –  өзім шешім қабылдай алатын адаммын және маған сенім білдіруіңізге болады!». Бұл нәзік те болса ақылды баланың өзіне деген сенімділігін білдіретін ішкі ойы.

Балаңыздың баскетбол ойнағанын қалайсыз ба, тамаша, бірақ, сіз ең алдымен оны  балаңыздың өзінен сұраңыз. Мүмкін, қалауы керісінше, саз аспабында ойнағысы келетін шығар. Қарсы болмаңыз, музыка мектебіне жаздырыңыз! Мүмкін ол қазақты әлемге танытатын ерекше дарын иесі шығар. Сол үшін де балаңыздың таңдауына біржақты қарамаңыз.  Бәлки, отбасыңыздағы ер адамдардың барлығы баскетбол ойнаса да, көңілі басқаны қалаған балаңыз себетке допты лақтырудан өзін бақытты сезіне қоймасы анық. Сіздің таңдауыңыз – оның болашағын шеше қоюы да екіталай ғой. Сондықтан балаңыздың өз қалауын таңдауға мүмкіндік жасаңыз.

 

10.  Кішігірім мерекелер ұйымдастырыңыз

«Балалы – үй базар». Бірақ, сіздің шаңырағыңызда белгілі бір тәртіпке негізделген күн тәртібі қалыптасқан делік. Өте жақсы. Әрине, жыл айналып келетін  мерекелер бар емес пе?! Бірақ, балаңыздың өмірінің әрбір сәті мерекеге толы болғаны тамаша емес пе? Ендеше, үйдегі «базарыңыз» үшін күтпеген жерден саяхатқа шығып, алдын-ала жоспарланбаған түрлі ойындарға бару, сыртта жүріп тәтті құймақ жеу секілді кішігірім бой сергітулер қажет екенін естен шығармаңыз. Тіпті, темір жол вокзалына барып, пойыздардың жүрісін бақылаңыз. Кішкене көшелермен серуен құрыңыз. Әр нәрсені білгісі келіп тұратын сәби үшін мұның бәрі қызық әрі бұлай қыдыру балаңызды шаттыққа бөлейді. Ал періште көңіл сәбиіңіздің өзін осы ғажайып өмірдің бір мүшесі екенін анық сезінуі – ең басты мәселе.

P.S. Күлкісінің өзіне жаның тояттап, бар қиыншылықты ұмыттырып жіберетін бауыр етің – балаңды бақытты ету де бір ғанибет! Сабырлы мінездің үлгісімен сусындап, адалдықты ту ететін қазақтың ұрпағы әрқашан бақытты болуға міндетті. Сондықтан  бақытымызға балайтын кішкентай бүлдіршіндеріміз балалық балдәуреннің бақытын сезінуден кенде болмасын!  

Әзірлеген – Құралай ИМАНБЕКҚЫЗЫ,

(Мәліметтер «Комсомольская правда» газетінен алынды).

«Балаңды бес жасқа дейін хандай көтер, он бес жасқа дейін құлдай жұмса, он бестен ары қарай онымен досыңдай ақылдас».

 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *