Перғауын өлімінің сыры арқылы Исламға келген Морис Бюкай

Франция – ежелден архео­логия, көне заман мұралары мен ескерткіштеріне ерекше көңіл бөлетіндігімен танылған ел. 1981 жылы француз билігінің басына әлеуметтанушы Франсуа Мит­теран келеді. Ол 80 жылдар­дың соңына қарай Мысырдан зерттеу жүргізу үшін перғауын мумиясын сұратып алады. Содан Мысыр тарихындағы ең жауыз патшаның өлі денесі ұшақпен Францияға әкелінеді. Зерттеу жобасының жетекшісі, бас хирургі, белгілі дәрігер, гастроэнтеролог Морис Бюкай болатын. Оны перғауын­ның қалай өлгені қызықтырады әрі оны анықтауға барын салады. Перғауын денесіне жабысқан тұз оның суға батып өлгенін сөзсіз дәлелдеп тұрған еді. Зерттеудің соңғы қорытындысы «перғауын суға батып өлді, сосын денесі бальзамдалды» деп жасалып, ашқан жаңалығын халыққа жария­ламақ болады. Сол кезде әріптестерінің бірі құлағына: «Тоқтай тұрыңыз, асықпаңыз. Мұсылмандар перғауынның суға батып өлгенін бұрыннан айтып жүр», – деп сыбырлайды. Бұл сөзге профессордың сенгісі келмеді. Өйткені, мұндай жаңа­лықты озық технология, заманауи құрал-жабдықтар болмаса ашу мүмкін емес. Бірақ әріптесі де қояр емес. Ол Құранда перғауын­ның суға батып өлгені және денесінің кейінгілерге сабақ болуы үшін сақталатыны жазыл­ға­нын, мұсылмандардың оған шүбәсіз сенетіндігін жеткізеді. Бюкайдың таңданысы тіпті артты, санасын жауапсыз сұрақтар тор­лады. Құранға 1300 жыл болған. Ал мумия 1898 жылы ғана табыл­ды емес пе? Арабтар тұрмақ, күллі адамзат перғауынның денесін ежелгі мысырлықтар бальзам­дағанын жақында ғана білді. Сонда ол қалай Құранда жазыл­ған? Морис Бюкай ой тұңғиығына батып, сол түнді ұйықтамаған күйі мумияның жанында өткізді. Ол енді өзге қасиетті кітаптарды есіне алды. Матфейден, Лукадан келген Інжілде Мұса пайғамбарды перғауынның қудалағаны айты­ла­ды, денесі туралы бір ауыз сөз жоқ. Сұрақты профессор енді өзіне қоя бастайды: «Сонда менің алдымда жатқан мына дене Мұса­ны қудалаған Мысыр перғауы­нына тиесілі болғаны ма? Және бұл деректі Мұхаммед мыңдаған жылдар бұрын білген, ал мен қазір біліп отырмын ба?». Профессор ұйқысыз таң атырып, өзіне Тәуратты алдырды да жанталасып оқи бастады: Онда жазылған: «Су кері қайтып, перғауынның арты­нан келген оның әскерінің арба­лары мен аттарын түгелдей басып қалды. Олардан ешкім тірі қалма­ды» деген жолдарды оқығанда, есі ауып қала жаздады. Мумия туралы Құранда жазылғанын естігелі бері жаны тыныштық таппаған профессор Бюкай өз бетінше зерттеуді тоқтатпай, мұсылман дәрігер-анатомдары қатысатын Сауд Арабиясында өтетін медициналық форумға аттанып кетеді. Бара сала бірінші сұрағаны, әрине, өз ашқан жаңа­лығы – перғауынның суға батып өлгені жайы еді. Сонда мұсылман ғалымдарының бірі Құранды ашады да, Юнус сүресінің 92-аятындағы Жаратушының: «Кей­ін­гі­лерге ғибрат болуы үшін, бүгін сенің денеңді ғана (жансыз түрде) құтқарамыз. Шынында адамдар­дың көбі аяттарымыздан (ғала­мат­тарымыздан) бейхабар», – деген сөзін оқып береді. Аяттың Бюкайға қатты әсер еткені сондай, ол орнынан атып тұрып, барлығының көзінше: «Мен ислам­ды қабылдадым әрі ақиқат айтылған Құранға сендім», – деп айқай салады. Алла Тағаланың аяттарына ой жүгіртіп, перғауын­ның өлі денесінен ғибрат алған ғалым Құран құдіретін осылай мойындаған еді.

Профессор Францияға мүлде басқа адам болып оралды. Кейінгі 10 жылда ол Құран аяттарын соңғы әрі бұрынырақ ашылған ғылыми жаңалықтармен салыс­тырады. Осынша уақыт ішінде қанша іздесе де, профессор зама­науи ғылым мен аяттардан бірде-бір қарама-қайшылық таппады. Нәтижесінде Құран туралы: «Өтірік оған алдынан да, артынан да жолай алмайды. Оны Даныш­пан әрі мақтауға лайықтының Өзі жіберген» деген қорытындыға келеді.

Профессордың 10 жылдық еңбегі «Інжіл, Құран және ғылым. Қасиетті жазбаларды заманауи ғылым негізінде талдау» атты кітап болып дүниеге келеді. Кітабында ол дін мен ғылымды егіз дейді. Құранның Інжілге қара­ғанда көптеген ғылыми жаңалық­қа негіз болатынын атап көрсе­теді. Әрі Інжілдің қателіктерін тауып жазып, Құранда ондай бірде-бір қарама-қайшылық, қате жоқ екенін айтады. Кітап фран­цуздарды ғана емес, бүкіл Батыс әлемін дүр сілкіндірді, қоғамға қозғау салды. www.Іslam.kz

 

Бетті дайындаған –

Әсел ДАҒЖАН.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *