ПЕНДЕЛЕР ПЕШЕНЕСІ

Алақандай әңгімелер

Жақау ДӘУРЕНБЕКОВ, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

 

АҚЫЛ

Ақыл – дәрі секілді.

Әркімге бірдей жаға бермейді. Біреуге сіңеді, біреуге кері әсер етеді.

Әркім өресіне қарай қабылдайды.

Білім парасатына қарай сіңіреді.

Ақыл дәрі – адам нәрі.

Бәрібір – ақылға құлақ сал.

Бәрібір – ақылдан сақтан…

 

ХАЛТУРЩИК

«Көкжал» деген кітап жазды. Тарихи дилогия деп қойды. Желпіне бергенде жайсыз түс көрді.

Түсінде:

– Аузыма айтпағанды айтқыздың, істемегенді істеттің, өтірікке әбден белшеден батырдың, күнәһар еттің, – деді бас кейіпкері.

Қатты шошынды.

Өңінде:

– Батыр кейіпкерің тарихта қалатынын білетін адамша сөйлейтіні қалай? – деді қолжазбаны оқып шыққан таныс оқырманы.

Қатты тіксінді.

Шошынғанымен шектелмеді, тіксін­генімен тоқтамады. Құныққан –  құрық­сыз.

Түсін де, өңін де алдап соқты: «Көкжалды» «Бөрі» деп өзгертті.

Өмірде өтіріктер өтімді.

 

ҚҰДІРЕТ

Көкте дала қыраны қалықтай ұшып жүр еді.

Бар ынтызары соған ауды.

Әуедегі әсемдікке арбалды. Шырқаулықтың шымырына сүйініп, қанаттардың суылына тербелді. Тебірене таңырқанып, еркін жүзген қанаттардан көз алмайды. Құлдиласа бірге құлдилап, қайыра көкке шырқаса бірге шырқайды.

Бір сәт қыранды көк жүзінен қайырып қарсы алдындағы төбеге әкеп қондырды.

Ендігісі өз еркінде еді. Қызыл-қоңыр қанат­тарына, имек тұмсығына, өткір тыр­нақтарына қызықтай қарайды, кереқұлаш қанаттарын жайғызып, қайта ұшырады, қалықтатып қайта қондырады.

Ақыры қанатынан сипап біраз отырды да қайтадан еркіне қоя берді.

Құс дегенің құдіретті жаратылыс қой, көкке шырқап кете барды.

Ол жерде қалды.

Ол өзі де құдірет еді.

Аты – Көңіл еді.

 

СОҢҒЫ НҮКТЕ

Сұлу еді.

Таңдады. Таңдаудан танбады.

Бірақ: біреудің басы ұнамады,

біреудің шашы ұнамады,

біреудің ұрты ұнамады,

біреудің мұрты ұнамады,

біреудің бойы ұнамады,

біреудің ойы ұнамады,

біреудің көзі ұнамады,

біреудің сөзі ұнамады.

Ақыры өзі де ұнамады.

Қараптан-қарап кәрі қыз атанды.

Өмір-ай: сыры да кетті, сыны да кетті.

Өмір-ай…

Қараптан-қарап кәрі қыз өз ғұмы­рының соңғы нүктесіне айналды.

 

ҚАРЫЗ

Сабақ үсті еді.

Мұғалім батырлар туралы әңгімелеп болғаннан кейін:

– Кәні, кімде қандай сұрақтар бар? – деді.

Әкімнің еркетотай баласы:

– Ағай, батырларға қанша доллардан берген? – деді ай-шай жоқ.

– Доллары несі? – деп мұғалім еріксіз аңырды.

– Ағай, үйге келгенде мені көрсе болды, «Ой, батырым!..» деп қолыма бес жүз доллардан ұстатып кетеді ылғи…

Енді түсінді де ұстаз ретінде ұстамдылық танытып:

–  Е-е, ол әкеңнен алған қарызын қайтарғандары ғой, – деп жуып-шайды.

– Сонда әкеме қарыз ба, бәрі?

– Әкеңе емес, әкімге, әрине…

 

ЕСТЕЛІК

Азанда ол алаңды сыпыруға шығады. Күнделікті тірлігі. Күнкөрісі.

Алаң алаңсыз. Аспаны айдай ашық. Күн шуағы бұл маңға молынан төгіледі. Төңірегі тыныштыққа бөленген.

Адам аяғы сирек, тек алаң ортасымен ағындаған шетелдік машиналар көп, көз ілеспейді.

Алып экраны бар: онда әлдебіреулер  тынбастан әндетіп, алқын-жұлқын боп жатады.

Туған жерін сағынған эмигрант секілді. Алаң шетінде тұрып күніге бір  еске алмаса көңілі көншімейді. Көзін жұмса болды сол сурет…

«Желтоқсанның ызалы ызғары. Қара жерді қақтаған  қара суығы. Теңіздей толқы­ған жастары. Алаң үстін кернеген ән-ұраны: «Менің Қазақстаным! Менің Қазақстаным!».

Алаңға ағылған ағыс: тоқтаусыз-толас­сыз, қыз-жігіттер, топ-топ, лек-лек, жаяу-жалпы, үздік-создық, толқын-толқын, жал-жал, жой-жойқын, лықа-нөпір;

Алаң үсті: У-шу, айқай-ұйқай, үдерлі-үрейлі, сатыр-сұтыр, гүріл-дүріл, бұрқ-сарқ;

Дүрілдеген аспан, дүбірлеген дүйім дірілдеген дегбір…

Жасқанбады бұлар, жандарын да жастанбады бұлар. Жас еді, жалаңтөс еді.

Құрышқа айнала бастаған алаңды құрсаулай қапты. Шынжыр шоқпарлар, қасап күректер, сүймен сүңгілер, дойыр дыраулар, бедеубас белдіктер, абалаған иттер, қамалаған дүлейлер, су шашқан сұмырайлар, кіжініп «уын» шашқан қатыгездер лап берді.

Жаншып-жайпау, тепкілеп-талқандау, сүйреп-соққылау, қаусатып-қансырату, қырылдатып қылғындыру, тұншықтырып-тұқырту, етпеттетіп-езгілеу… шырқыраған қыздар, ышқынған жігіттер, жұлынған қолаң шаштар, жарылған жалаң бастар… Қыздарды шашынан сүйреп, керіп тұрып кіндігінен тепкілеген солдаттар. Жүрегі ұшып ұмтылған жан ышқыныс…».

Аржағын білмейді.

Көзін түрмеде ашты. Сау тамтығы жоқ. Құр сүлдері қалған. Тергеу. Тепкілеу.

Соттады. Тағы да тепкілеу.

Ақтады.Тордан шықты. Тірлікке жарамай қалды. Мүгедек.

Көп көзіне ілмейді – көше сыпырушы.

Күрсінеді. Күйінеді. «Жалаңтөстерін ұмытып жел өкпелерін желіктіріп қойған заман-ай…».

Көп күле қарайды – жүрегі неткен шыдамды. Жылай да алмайды, күле де алмайды.

***

Естелік те ерлік-ау. Ерлік қана иесінде қалады екен.

Иесі бірақ ол емес – жүрегі екен.

Жүрегі әлі лүп-лүп соғып тұр…

 

КЕДЕН БЕкеТІНДЕ

– Тыныш!

Кеденші жігіт зекіп тастады. Бұйрыққа үйретілген қарғыбаулы қанден ит қыбырсыз қалды. Иесінің үндемегенін байқап сәлден соң қайтадан қыбыжықтап тықырши бастады. Ырылдап, қыңсылап, қарғыбаудан құтылғысы кеп басын тартқылап, жұлқы­нып-жұлқынып қояды.

Осы кезде бекетке ыңыранып үйдей үлкен машина кеп тоқтады. Кеденші итті босатып қоя берді де, өзі шоферге қарай бет алды.

Қанден ит құлдыраңдап машинаның асты-үстін, қуыс-қуысын тінткілей жөнел­ді. Жүктердің арасын індете иіскілеп бұлтың-бұлтың етеді.

Сәлден соң ештеңе таппағандай ызалы ырылына қылғынып қастарына келді.

– Жүре беріңіз! – деді кеденшілер.

Екпінін басып екінші машина көрінді.

Канден ит тағы ұмтылды. Ырылы бұрын­ғыдан бетер жиілеп, құлдыраң қақты. Ұзамай шәуілдеген үні ерек шықты.

Кеденшілер артқы доңғалақтың қуы­сынан шошайып шығып тұрған иттің құйрығын көрді.

Бәрі солай ұмтылды. Қанден доңға­лақтың резенкесіне үшкір тұмсығын тіреп тістей қатыпты.

– Мынауыңызды «соямыз», – деді кеденші кекесінмен.

Шофер қипақтап тұрып:

– Соймаңыз ағасы… сұрағаныңызды беремін, – деді.

Кеденші әдеттегідей естіп жүрген емеурінге елп еткен жоқ. Аспай-саспай әдеттегідей:

– Бергеніңізді аламыз, бірақ союға тура келеді, – деді.

– Неге?

– Үш күннен бері иіскейтіні табылмай мазасы болмай жүрген, – деді. – Иіскетіп тұрмаса болмайды. Бұл да нашақор…

Шофер жүгіріп барып түймедей бірде­мені әкеліп берді. Кеденші оны асфальт үстіне қойып еді, канден ит тұмсығымен иіскелеп жата кетті.

Машина ажылдап-күжілдеп алды да, көк түтіні бұрқ-бұрқ етіп, ауыр доңға­лақтары ақырын айналып, ыңырана ұзай берді.

Канден ит қаперсіз. Тұмсығын көтер­местен қызыл тілі жылт-жылт етіп өліп барады…

 

ДАУЫС

Жуан дауыс. Жіңішке дауыс. Жұмсақ дауыс. Жайлы дауыс. Жайнақ дауыс. Жал­маң дауыс. Жылаңқы дауыс. Жағымпаз дауыс. Жылы дауыс. Жорға дауыс. Жайдақ дауыс. Жас дауыс. Жасамыс дауыс. Жана­шыр дауыс. Жігерлі дауыс. Жұбаныш дауыс. Жұмбақ дауыс. Жарамсақ дауыс. Жаймен дауыс. Жебеу дауыс… Барлығы жиырма дауыс.

– Даусымызды  саған береміз, –  деді жиырмасы да.

Осы жиырма дауысты алуы керек еді.

Жабық дауысқа салынды.

Бір дауыс жетпей қалды.

– Ойпыр-ай, саған бергенмін,  – деді жиырма дауыс тұс-тұстан.

Ал, құлатқан бір дауыс. Қай дауыс?

Қай дауыс?

Танымады, Таппады.

Жаны жабырқады. Жүрегі жүдеді. Жан дауысы жұбатады:

– Бірі кем дүние ғой… бірі кем…

 

ЖАНСЕРІК

Жүрегі қатты қысылып телефонға ұмтылды. Шалт қимылмен Шарик телефон трубкасын тістеп әкеп берді.

Жедел жәрдем тез жетті.

Дәрігер тамырын ұстады, қан қысымын өлшеді, жүрегін тыңдады. Ине салып, шалқасынан жатқызды.

– Қозғалмаңыз, – деді. Сосын үйде кім барын сұрады.

– Жалғызбын, айналайын, –  деді қарт.

– Кемпіріңіз қайда жүр?

– Қайтыс болған.

– Балаларыңыз?

– Балалар…

Қарт қолын сілтеді. Аржағын айтқысы келмеді. Дәрігер түсінді: қарт жападан-жалғыз, қараусыз, бәрі тастап кеткен;

– Сізді қарттар үйіне.., – деді дәрігер абыржи абдырап.

– Жоқ, керегі жоқ…

– Жүрекпен ойнауға болмайды. Күтім керек…

– Иә, иә…

– Жалғыз адамға қиын болады.

Қарт дәрігер сөзінің дұрыстығына иланып жатса да райынан қайтар емес.

– Мен жалғыз емеспін…

– Кіміңіз бар?

– Әні, менің жансерігім, – деп иегін қақты. Қарттың қарманған соңғы талы – кереуеттің аяқ жағында еденде көзін қадап, құлағын тосып шоқиып отырған Шарик құйрығын бұлғаңдатты.

Дәрігер қартқа қарады.

Қарт жүзін бұрып әкетті. Иегі кемсең қақты.

Ол жылап жатыр еді.

Жалғыздығына емес.

Балаларының ит құрлы болмағанына.

 

ӨЗГЕРГЕН ОЙЫН

Жас кезінде кішкене інісі еркелеп ағасына: «Кел күресейік!..», – дейтін. Көңі­лін жықпай келісе салатын. Содан екеуі күресіп кеп беретін. Әрі-бері ырғасып, ырсыл­дасып, ақыр соңында жығыла кететін. Соған інісі шын құлады деп ынтымен сеніп мәз болатын. Аңқау көңіл оның өтірік күрес екенін білмейтін.

Есейді.

Әлі де балалармен күресуіне тура келіп жүр. Бірақ бұл күрестің бүгінгісі ондағыдан өзгеше.Тегі де қызық: «Тендер!».

Балалардың қолқасы да  өзгеше «Күресейік», – демейді, «Аға, тендерге түсейік!» – дейді.

– Қой, шырағым, – деп қашқақтайды.

Қылқылдап болмайды. Қоярда- қоймайды:

– Ой, аға маған өтірік қарсылас боласыз, – дейді.

– Сонда өтірік күрескен болам ғой?..

– Дұрыс айтасыз…

Барады. Күрес – тендерге түседі. Тірескен болады, тәлтіректеген болады, бәсекелескен болады…

Ақыры құлай кетеді.

Інілер осылай.

Ылғи жығып кете береді.

 

ЖАЗА

Адамдар бір-біріне қарыздар, бір-біріне күнәһар, бір-біріне жауапкер, бір-біріне құныкер. Уақыт соның бәріне куәгер.

Уақыт туғызады,

Уақыт жасайды,

Уақыт шыңдайды,

Уақыт емдейді,

Уақыт ұмыттырады,

Уақыт өшіреді,

Уақыт жаңғырады,

Уақыт оралмайды,

Уақыт тоқтамайды.

Уақыт… Қайдан шыққаны белгісіз, қайда бара жатқаны да белгісіз.

Сірә, дауасы жоқ, адамдардың өздеріне-өздері жасап алған жазасы болар.

 

ОЙ

Ойсыз адам бола ма?

Тіпті, адам ұйқыдан оймен бірге оянады.

Қызығы, ой дегенің не болса содан пайда бола береді екен. Адам ойламайын десе де орала береді, орала кетеді.

Ой өбек: Сүйсінтеді. Күрсінтеді. Тік­сінтеді. Шошытады… Сағынышқа да бөлей­ді. Мұңға да батырады. Үмітті де үрлейді.

Ойды адам жұбаныш көреді.

Ойсыз дегеннің  өзінің өз ойы бар. Өзіне шақ, өзіне сай. Жатса жанында, тұрса тынысында. Тыным болмас ой шіркінде.

Жүрегі сыр бергенде дәрігер: «Бірден-бір емі –  ештеңе ойламау», – деді.

«Ойсыз?…».

Дәрігер оның көзінен қарсылықты оқыды да:

«Өмір сүрем десеңіз, ештеңе ойлама­ңыз!», – деп нықтап кетті.

Көзін жұмды. Демігін басты. Ойламауға тырысты. Ойламауға…

Ойдың көкесі енді оянды…

 

АҚЫЛДЫҢ ПОРТРЕТІ

Жас суретші жаңа туынды жасамаққа бел буды. Онысын пиктографиялық тәсілмен беруге кірісті:

Ой шексіз – орман бейнелі,

Қиял шексіз – ғалам бейнелі,

Сезім шексіз – сағым бейнелі,

Көңіл шексіз – шуақ бейнелі,

Арман шексіз – аспан бейнелі,

Үміт шексіз – жұлдыз бейнелі,

Ақыл шексіз..,– дей түсті де тосылды.

Толғанды. Таппады. Түйлікті. Қылқаламын сылқ түсірді.

Тынысы тарылып тысқа шықты. Есік алдында отырған көрші үйдің қарты мән-жайды түсінді.

– Ата, ақылды қалай бейнелеуге болады? – деп сұрады.

Қарт шарасыз кейіппен:

–  «Көзсіз батыр болса да, көзсіз ақыл болмайды деуші еді, қайдам..,» – деп күмілжіді.

Мына жауап жанды жеріне дөп тигені сондай, «Оһ!» деп санын сарт еткізді де, ішке қайыра ұмтылды.

Сәлден соң үлкен полотноның ортасында жанары жайнаған екі көз қарап тұрды.

Ақыл көз бейнелі екен.

Бар сезімге бас – көз.

 

АКВАРИУМ

Ол күнде осы алып аквариумның жанымен өтеді. Еріксіз кідіріп, қызықтай қарайды.

Мұнда сан түрлі балықтан көз тұнады. Ірілі-ұсағы құжынап, жондары құбылып жалт-жұлт етеді. Неше түрлі көздер, неше түрлі қанаттар, неше түрлі желбезектер… түстерін қырық құбылта бояу шашады. Жалт-жұлт, жалт-жұлт жүйткіп жүр. Жайлы өмір. Тұрағы тыныш, тірлігі тоқ. Емін-еркін. Тек жүзіп жүреді-жүреді де, кенет жалт бұрылып шыны қабырғаға кеп тұмсығын тірей тұрып қалады. Мына шыныдан шыққысы келетін секілді. Бірі – мұхитын, бірі– көлшік-көлін, бірі– теңізін, бірі – ағысын аңсайтын секілді.

Осы жолы қарап тұрып селк етті. Құдды өз тірлігіне ұқсастықты көргендей болды. Бұл да алып аквариум – қалада өмір сүріп жатыр.

Мұнда да сан алуан нәсілден көз тұнады. Ағы-қарасы құжынап, жымиған жылымбеттері жылт-жылт етеді. Неше түрлі көздер, неше түрлі әлпеттер, неше түрлі бастар, неше түрлі шаштар… сапырылысып сән шашады. Жарқ-жұрқ, жарқ-жұрқ. Жайлы өмір. Мұның да тұрағы тыныш, тірлігі тоқ. Емін-еркін. Тек жүреді-жүреді де, ой басып түйлігіп қалады. Тұмсығы мұның да көрінбейтін әйнекке кеп тіреле береді.

Не деген ұқсастық! Айырмашылығы: аулап ұсталынған мына балықтарды аква­риумға әкеліп салып қойған. Бұл болса аквариум – қалаға өзі кеп күмп еткен.

Өзі…

Қыстығып біртүрлі боп кетті. Одан әрі дәті шыдамады.Тез басып жүріп кетті.

Ол… Миллиондаған қаржыны қым­қырып Америка асып кеткен қашқын еді.

Ол енді қайтып аквариумның жанымен жүрмейтін болды. Аквариумнан өз тағдырын көргісі жоқ.

 

ПЕРІШТЕ

Ұшақ шайқатылып барып түзелді. Оқтын-оқтын дір-дір етеді.

Жолаушылар жым-жырт. Іштерінен тынған. Әлденемен көңіл алдарқатқан болады.

Бірі газетке үңілген.

Бірі иллюминаторға тесілген.

Бірі музыкаға еліккен.

Бірі көзін тарс жұмып алған.

Іште нәзік діріл бар, сосын үнсіздік…

Үнсіздік емес ол үрей еді. Бәрі соның шеңгеліне түсіп тырп ете алмай отыр еді. Қыбырсыз құныса қалған. Қашан табан­дары жерге  тигенше осы құнысқандары құнысқан.

Кенет салон ішінің тынышығын қыш­қырып қоя берген сәби үні серпіп жіберді.

Бәрі қозғалақтасып, «о-о-о!» десіп, бір-біріне қарап жымиысты.

– Періште ғой, – деді ақ шашты ананың  әжімді жүзі жылына түсіп. – Ештеңеден қаперсіз жылап жатқанын қарашы? Әні, әні, қалай қышқырады, ә?

Пенделер өздерімен бірге ұшып келе жатқан періштеге сүйсіне әрі сыйына қарады.

Періште жүректердегі суық үрейді сейілтіп жібергендей еді. Пенделердің қуарған жүздеріне қан жүгірді.

Салонда өмірге құштарлық оянды.

 

ҰРПАҚ  МІНЕЗДЕМЕСІ

Түп атасы ел шетінің ер жастанған дабылы еді.

Кәдуілгі – отжағар.

Одан бергісі… Бабасы байтақ жерін қорғады, Атасы байрақты елін қорғады, Әкесі қызыл бөркін қорғады, Баласы қызыл сөзін қорғады.

Немересі епсекті ерін қорғап жүр.

Кәдуілгі – оққағар.

 

ДАҒДЫ

Қар қылаулады.

Арты үпелекке айналды. Осылай күні бойы, түні бойы жауды.

Сұрқай үйлер, қиқы-жиқы көшелер, ыбырсыған аулалар, қоқысқа толы арықтар, шашылған шөлмектер, күйе-күйе терезелер, ыс басқан ағаштар… бәрі көзден ғайып болып ақ үлде жамылып, ақ бүлде оранды. Аппақ дүние үлбіреп, көзді қызықтырып, көңілді әуелетіп жіберді.

Табиғат осылай кір басқан тірлікті кіршіксіз аппақ етіп көмкеріп тастады.

Адамдар әуелі таңдана қарады. Там­сана сүйсінді, тап-таза ауасын сіміре жұт­ты. Сонан соң баяғы әуеніне қайта басты.

Батпақты шашыратып машиналар жүйтки жөнелді.

Жоғарыдан лақтырылған қағаздар көше бойымен қалықтай ұшты.

Жол-жөнекей қалдық толы целофон қалталар шашылып қалды.

Аяқжол мен ағаш түбіне жуынды су төге салынды.

Төбеден темекі тұқылдары құлдырады.

Бәрі бәз қалпына түсті.

Адамдардікі қашанда осы. Дәйексіз.

Дағдысынан жазбайды.

 

ДӨҢГЕЛЕНГЕН  ДҮНИЕ

Дүние айналып тұр.

Бәрі айналып тұр, айналып. Бір сәтке де тоқтамайды.

Бәрі бірін-бірі айналып жүр, айналып. Бір сәтке де тоқтамайды.

Тірлік күнді айналып жүр.

Күн жерді айналып жүр.

Жерді адам айналып жүр.

Адамды ажал айналып жүр…

 

ЖЕТІМДЕР

Аспан сұп-сұрқай. Қасат қары сықыр­лап, қақаған суығы қуырып тұр.

Үй іші азынап кетті. Пеш көмейінің уілі үдей түскен. Есіктің саңлауларынан ақ сырма себездейді.

Шал себездеген қар ұшқындарын сықырлата басып жүріп, сенектегі балтаны алып сыртқа шықты.

Терезе түбінде бұтағы жайылған терек бар еді. Жапырағы төгіле сыбдыр сап жаздың аптабында көлеңкесімен терезені жабатын.

Шал шолақ балтасын сілтеп қалды. Аяз сорған теректің діңі тас боп қатып қалған екен, балта жүзі батпай тайып кетті. Тағы да сілтегенде ақ сызат түсті. Шал сол ақ сызатты айналдыра сілтей берді.

Терек терезе алдына сықырлап барып құлады.

Шал тізеліктен ғана бойы қалған терекке мүсіркей қарады…

Көктем де келді.

Ағаштар бүр жарып көктеген кезде тұқылбас теректің түп-түбірінен жапырлап бүр жарған өскіндер қылтиды. Күн өткен сайын олар ұзарып өсе түсті. Ұштары жапырақшаланып, сабағы бұтақшаларға айналды.

Көкке ұмтылып, шуаққа шаттанып, жанталасып өсіп келеді. Құдды ата-анасыз қалған жетімдер сияқты.

Жетімдер енді бір уақ шалға мүсіркей қарап сыбдыр қағады.

 

ЭКСКЛЮЗИВ-ЕРТЕГІ

Баяғыда бір ел болыпты. Жері байтақ, халқы қайсар болыпты.

Олар бірін-бірі қолпаштағанды ұнатады екен. Күндер өте көңілдері масайып қолпаш – қызғанышқа, мақтан – мансапқа ұласыпты.

Ақыры оларда мансапқұмар, атаққұ­мар қасиет пайда болыпты. Хандарына барып бәрі атақ-мансап сұрайтын бопты. Хан бермесе ашуланып, бір түннің ішінде көшіп кетеді екен.

Оларды тоқтату үшін басқа амалы қалмаған хан:

– Жарайды, бәрің би болғыларың келе ме, бай болғыларың келе ме? Тек біреуін таңдаңдар, – дейді.

– Би болғымыз келеді, – дейді олар қасарысып.

Сонда хан:

– Бас басыңа би болыңдар, ендеше, – депті.

Содан «олар бас басына би болып өңкей қиқымға» айналыпты.

Олардың қиқымдары әлі бар деседі.

Бүгінде олар өмірден орден алмаса өшігіп, атақ алмаса алысып өтетін көрінеді.

 

ДОМБЫРА

Қабырғада қалақтай қара домбыра ілулі тұр. Үкісі үлбіреп, ішегі үнсіз.

Иесінің аздап шертетіні бар еді. Шертпесінің айдарлап қойған аты да жоқ. Өзіне аян әуен, өзіне ғана жағымды бір бозбұлаң. Көңілінің қошы келгенде соны шертіп отырушы еді. Сол бір әуенмен бірге қалақтай домбыраның үкісі желкілдеп, шер-кеудесі жеңілейіп қалушы еді.

Иесі көз жұмды да, үкілі домбыра қалы кілемді қабырғаға ілінді.

Содан әлі тұр.

Бұл үйде домбыра ұстар біреу болмады. Бәрі көрші бөлмедегі теледидардың алдынан шықпайды.

Содан әлі үнсіз.

Ешкімнің мұнымен ісі жоқ. Көңіл де қоймайды, көз де салмайды. Шып-шып шығар шертпе сыр, ділі нәзік діріл, қос ішектің қосыла себездер тамшы үні – ғайып болған.

Домбыра қалы кілемнің құлақкесті күзетшісіндей. Шыты қашқан. Шанағы кепкен. Шаң басқан.

Керең кеугім, қаңсыған қапырық. Өкпені қысып, тынысты буады. Тым-тырыс… сап-сары үнсіздік сазара түседі.

Кенет домбыра тосыннан «Дың!» ете қалды. Үкі басы үлп етті.

Қос ішектің бірі үзіліп кетіпті.

«Дың!..» еткен – саусақтардың жылуынсыз қатып-семіп, қаңсыған ауадан апши ағарып, қуырыла қуырыла жиырылған қос ішектің бірінің соңғы рет алған демі еді.

Ол мәңгілік үнсіздікке шыдамаған еді.

 

АЙНАДАҒЫ  АДАМДАР

Қарт әкесі әңгіменің ыңғайында ылғи: «Баяғының адамдары қайда…», – деп отырады.

Баласы бүгінгінің адамдарынан баяғы­ның адамдарының өзгешелігін көрген де емес, біле де бермейді.

Теледидардан көргені: жарылған бомбадан зар жылаған бала-шаға, деліқұлы күйдегі нашақор қыз-жігіттер, бейбіт елді бомбалаған тікұшақтар, сүйісіп, айқасып жатқан әйел-еркектер, қайыр сұраған кейуана.

Газеттерден оқығаны: «Есігінің алдында атып кетті», «Тапсырыспен орындалған өлім», «Халықтың ақшасын алып Амери­каға асты», «Коррупционер билікке жетті», «Милиционерден құрылған бандылар үйірі»;

Бәрі белгілі, бәрі қалыпты жай.

Баласы әкесіне қарайды. Түсінбейді әкесін.

– Баяғының адамдары дейсіз, біз кімбіз сонда? – дейді.

Қарт әке қиналғандай күрсіне бас шайқайды, сосын тұнжырай қабағын түйіп ықылассыз кейіппен:

– Сендер кісілік кілтінен айырылып қалған пендесіңдер, – деді. Сонан соң тағы да сөзін үстелеп:

– Айнадағы адамсыңдар, – деді.

Баласы түсінбеді. Жанындағы айнаға қарады.

Өзін көріп тұр.

Өзгелер көрінбейді.

Өзі ғана.

Кілтін қайдам. Кейпі ғана тұр.

 

ПЕНДЕЛЕР  ПИРАМИДАСЫ

Перғауындар пирамидасы  –  Ғаламат. Қатал әмірмен салынды.

Уақыт пирамидасы – Мәңгілік. Мәң­гілік әміріңді білмейді.

Пенделер пирамидасы – Ақиқат. Ақи­қатқа әмір жүрмейді.

 

(Жалғасы бар).

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close