Пендеге берілетін бір-ақ көктем…

Сәрсенбек  БЕКМҰРАТҰЛЫ

Толғандырған тынымсыз жүрегімді,

Лебізімді, ақжарма тілегімді

Тініменен өлеңнің өрнектедім

Оқы, досым!

Назар сал, бұр өңіңді!

***

Жазбадым мен де өлең ермек үшін,

Абайдан артық үлгі бермек үшін.

Атадан мирас болған жыр-сарайдың

Әрледім әсем сөзбен зерлеп ішін.

***

Ешкім  жоқ жерде мәңгі  тұрақ тепкен,

Пендеге берілетін бір-ақ көктем…

Өмірге күліп келген жан көрмедім,

Бәрі де жылап келіп, жылап кеткен.

***

Садақа деп берген асың залымға

Затпен бірдей лақтырған ағынға.

Қайыр қылсаң, зерделіге қайыр қыл,

Қайтпаса да сақтап жүрер жадында.

***

Өмір баста мәңгілік тұрмайды анық,

Қалғанынша көз семіп, тіл байланып

Жаза берем үздіксіз  өлеңімді,

Па, шіркін, кетер ме едім жырға

айналып!

***

Өмір – өзен ағып жатқан үздіксіз,

Бірде қашып, бірде тасып кемерден.

Бұл жалғаннан өтпеу үшін із-түссіз,

Өршелене өрге жүзіп келем мен.

***

Атақпен де, шатақпен де жоқ ісім,

Қайыр қылсам азаматтық борышым.

Бақыттыға  балар едім өзімді,

Адамзатқа беріп өтсем қолұшын.

***

Өлеңім аумаған өз мінезімдей,

Түтіліп тұратұғын жібек жүндей.

Сертінен жар тайса да таймайтұғын

Таппадым асылды мен бір өзіңдей.

***

Бар ғаламға қан тамырдай таралған

Ана – өмір, ана – бақыт, ана – арман.

Ана – бүкіл тіршіліктің тірегі,

Бәрі анадан қуат алған, нәр алған.

***

Өткен күннің белгісі жоқ демегін,

Табы қалар уытынан кененің.

Шайырдан –  сөз, қазыдан –  тез,

елден –  салт

Жатар қалып көзіндей боп көненің.

***

Жүрек жанға сезімнің себер нұрын,

Сол сәтте бойың балқып,

безер мұңың…

Қазандайын басыңның ұқпағанын

Жұдырықтай жүрегің сезер бұрын.

***

Өлең ал, сұрама, дос, басқа менен,

Көңілім жырға толы аппақ әлем.

Хақым жоқ қалам ұстап

жүргеннен соң

Жазуға жылуы жоқ шатпақ өлең.

***

Алабөтен өзіңді жақсы көрем,

Илан, мейлі иланба мұныма сен.

Бәлкім, аздық етеді жақсы деген –

Аңсарым да, кәусарым, мұңым да сен.

***

Жан емеспін пейілі сараң, ойы арам,

Зұлымдықтың дәнегі жоқ санамда.

Әр таң сайын  Хақтан тілеп оянам

Бір жақсылық жасатуды адамға.

***

Әдейілеп тас атпадым тасадан,

Бірақ күнәм жоқ дей алман жасаған.

Бірін біліп, бірін білмей істедім,

Кешіре көр, мейірімді Жасаған.

***

Дүние-байлық қажет емес маған көп,

Толғантатын көптің жайы, ел қамы.

Елесе ел азамат деп, адам деп,

Шүкірана, жетіп жатыр сол дағы.

***

Өлең менің –  өмірім, келешегім,

Онсыз ғұмыр көңілді демес едім.

Сыр бөлісер жан таппай жасығанда

Жалғыз қалып жырыммен кеңесемін.

***

Иландырғың келсе досты сөзіңе

Кемшілігін айт жасырмай көзіне.

Өшіккенше өлім тілеп өзгеге,

Жаратқаннан өмір сұра өзіңе.

***

Жыр жазбасам дерт қысып жабығамын

Қалам алсам кеселден арыламын.

Айнымайтын асылым өлең ғана,

Қалған істің бәрінен жалығамын.

***

Өз тілімді өз анамдай сүйемін,

Ол тұрғанда сызбас ешкім санаттан.

Мен – домбыра, тілім – асыл тиегім,

Саз шықпайды тиегі жоқ шанақтан.

***

Кімге менің жүрегім елжіреді,

Кімнің көзі мені іздеп мөлдіреді.

Жырыма аян жанымның құпиясы,

Сырымды да, мұңымды сол біледі.

***

Бірін олай, бірін бұлай жасырып,

Пенде шіркін жасап жүрер асылық…

Не бір пысық, не бір зәлім ажалдан

Көрген емес әлі қулық асырып.

***

Шындықты, пенде, мойында,

Болсын бұл әркез ойыңда.

Таусылған сәтте талқаның

Қара жер тартар қойынға.

***

Бақыт үшін әркім-ақ бас қатырар,

Жетер тек алдында зор мақсаты бар.

Жан жарың абзал болса бақыттысың,

Болмаса – қос жанарың жасқа тұнар.

***

Жүрек кілті болса-дағы аспанда,

Әйел құмар – гүлге, жырға, жусанға.

Сен әйелден құтылмайсың қашсаң да,

Жете алмайсың оған және қусаң да.

***

Сыр бойының шертіп қалсаң селеуін,

Естіледі жан сыздатар бебеу үн.

Зар илейді ойы, қыры, тау-тасы…

Менен емес, елден сұра себебін.

***

Сүйгенін аңсап кімдер зарламады,

Зардан басқа асықтың бар ма амалы?

Жүрекке ем болған ба дәрі-дәрмек,

Жүректің жалғыз емі – жар қабағы.

***

Таратылып ұжымшар мен кеңшарың,

Талапаймен қашырды ғой ел сәнін…

Жанталасып, аласұрып АҚШ жүр,

Жекешелеп алмақ болып Жер шарын.

***

Аңғарсаң өмір үлкен базар екен,

Жаймалап әркім барын салады екен.

Құр  қалып  ұяң  адам  сыбағадан,

Ұялмаған екі үлес алады екен.

Қиянатты, зорлықты көре-көре

Адам-пенде там-тұмдап азады екен,

Адам-ақын ашынып жазады екен…

***

Әйтеуір текке келіп, тек кетпедім,

Пір тұттым туған жердің өкпек желін.

Жанымның бар асылын елге бердім,

Алалап адамзатты шеттетпедім.

***

Өмірдің қызығын да, шыжығын да

Көп көрдім мен осынау  ғұмырымда.

Жібектей желкен керген кейбір жырым

Желбіреді арудың бұрымында.

***

Өмір жолы шырғалаң да бұралаң,

Мүмкін емес соқпай  өту сірә, оған.

Ғұмырыңда қол жетпеген бақытқа

Бір-ақ сәтте жеткізеді Бір адам…

***

Мейлі жұрт мені ынжық десе десін,

Мейлі пысық еңбегін еселесін.

Әлімше күн-түн қатып терім төктім,

Өлеңнің көгертсем деп көсегесін.

***

Өмір деген шым-шытырық өткелек,

Одан аман өту үшін еп керек.

Жүрек керек жасымайтын, қайтпайтын

Ажалменен кездескенде бетпе-бет.

***

Мен өзіңді ай да, күн де демеймін,

Өкпелетті-ау өксігі мол өгей күн.

40 жылда бір шықпадың ойымнан

Қыран мінез, өжет қызы Семейдің.

***

Тірлігіңде күндесін,

Мініңді қас, дос айтып.

Өлгеннен соң жүрмесін,

Молаңа қол шошайтып.

***

Жүрегіме бойламасаң, бойлама,

Мені өзіңдей сезімсіз деп ойлама.

Өтінемін   ойнасаң да өзіммен,

Менің асыл сезіміммен ойнама!

***

Махаббаттан қалжыраған қарт едім,

Таппай жүрген жарасымды жар-теңін,

Жайды ұғатын, жөн білетін жан болсаң,

Сыйлар едім жүрегімнің бар кенін.

***

Дендеп алған дерттің таппай дауасын,

Ғашық жүрек өртенесің, жанасың.

Бірін-бірі  білсін,  сүйсін,  күйсін деп,

Жаратқан-ау   Тәңір  адам   баласын.

 

 

 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *