Пенальти тебуден жарыс

Әлемдік доп додасындағы кешеге дейін өткен 17 ойында 10 пенальти белгіленіп, 5 автогол соғылыпты. Мұның екеуі де өте көп, өйткені, турнир енді ғана басталды.

Сәкен СЫБАНБАЙ

 

 ФИФА-ның шешімімен осы әлем чемпионатынан бастап «Төрешілерге видеокөмек жүйесі» (ағылшынша «Vіdeo assіstant referee», қысқаша айтқанда VAR) қолданыла бастады. Былтырғы Конфе­дера­циялар кубогында сыннан өтіп, Халықыралық футбол федерациясы мамандарының көңілінен шыққан жүйе енді әлемдік доп додасына да ресми түрде енді. Бұл – дүдәмал сәттерде төрешіге бейнеқайталаулар арқылы шешім қабыл­дауға жәрдем беретін жүйе. Биылғы доп додасында бірнеше рет төрешілер осы технологияның көмегіне жүгінді.

Мәселен, Франция – Австралия (2:1) матчында уругвайлық қазы Андрес Кунья осы VAR арқылы ғана австралиялық қорғаушының Антуан Гризманнды шалып жыққанына көз жеткізіп, пенальти белгіледі. Колумбия төрешісі Вильмар Рольдан Тунис – Англия ойынында ағыл­шын құрамасын 11 метрлікпен жазала­ғанда да бейнеқайталау өз септігін тигізді. Роман Зобниннің Мұхаммед Салахқа қарсы айып алаңының сыртында емес, ішінде тәртіп бұзғанын да Ресей – Египет кездесуіне қазылық еткен парагвайлық Энрике Касерес осы жүйенің көмегін пайдаланды. Сенегалдық төреші Маланг Диду қарсыласының бетіне қолы қатты тиген серб шабуылшысы Алек­сандар Прийовичке (Коста-Рика – Сербия – 0:1) қызыл қағаз көрсету керек пе, әлде ескертумен шектелген жөн бе – тағы да VAR арқылы анықтады.

Осы жаңалықтың әсері ме, әлде басқа да себебі бар ма, әйтеуір биылғы доп додасында пенальти көп. Мәселен, Бразилияда өткен 2014 жылғы доп дода­сының бүкіл 64 ойынында 13 пенальти белгіленген екен. Ал Ресей жасыл алаңдарында осы сәрсенбіге дейін болған небәрі 17 ойында-ақ 10 пенальти белгіле­ніп үлгеріпті (оның 8-і дәл соғылған, біреуін қақпашы қайтарса, тағы бірі қақпадан биік кетті). Бұл – өте жоғары көрсеткіш, баяғы бір чемпионаттың (мысалы, 1982 жылғы турнирдің) нәти­жесі. Мына қарқынмен бұл доп додасы 11 метрлік айып добының саны жөнінен үш футбол форумында (1990, 1998, 2002) жасалған рекордты (18 пенальти) тез-ақ жаңартары анық.

Астың дәмін кіргізер тұз болса, футболдың сәнін келтірер нәрсе – гол. Жасыл алаңда жанын салып жүрген 22 жігіттің бар әрекетінің түпкі мақсаты – ала допты қалайда қақпа торында тулату. Әрине, қарсы қақпада… Дегенмен, кейде футболшының тепкен добы тентіреп теріс қарай ұшатын, кейде «кері қайтарайын» деген қимылынан керісінше нәтиже туып, өз қақпашысын айран-асыр ететін жәйттер де аз кездеспейді. Футболда мұндайды «автогол» деп атайды. Биыл осы автогол да аз емес.

Әлем чемпионаттарының сонау 1930 жылдан күні бүгінге дейінгі 826 ойынында 36 автогол соғылса, биылғы турнирдің 17 матчында 5 қорғаушы допты өз қақпасына соғып алған. «Қорғаушы» деп айта береміз-ау, сол бесеудің біреуі (марок­колық Әзиз Бухаддуз) – тіпті шын мәнінде қарсы қақпаның маңын торуыл­дауға тиіс шабуылшы, ал тағы бірі – жартылай қорғаушы (нигериялық Огенекаро Этебо). Алайда, нәтиже біреу: доп – қақпада және қарсыластың емес, өз командаңның қақпасында…

5 автогол – осыған дейін рекорд болып есептеліп келді: 2014 жылы осынша ойыншы өз қақпасын «дәл көздеп», 1954, 1998 және 2006 жылдардағы нәтижеден (4 «тосын  сый») асып түскен еді. Тұтас чемпионаттың көрсеткішін 4-5 күнде-ақ қайталап үлгерген биылғы «автоголшы­лардың» қарқыны қатты, қай жерге барып тоқтарын бір Құдай біледі…

Ойындарға келсек, ағылшындар бүкіл кездесу бойына басым ойнаса да, Тунисті әрең ұтты: жеңіс голын Харри Кейн төреші қосқан қосымша минутта соқты. Жұртшылық чемпиондықтан үміткер санап жүрген мықтылардың ішінен тек Бельгия ғана мундиальға тұңғыш қатысып отырған Панаманы ірі есеппен ұтып, турнирді сәтті бастады. Басқа жүйріктерде әлі де кібіртік бар.

Деңгейлері шамалас ұжымдардың басы қосылған «Н» тобында тіпті жұрт күтпеген азиялық және африкалық командалар жеңіске жетті. Алайда, Сенегалдың табысын да, Жапонияның жетістігін де кездейсоқ дей алмайсыз. Рас, Күншығыс елі футболшыларына қарсылас ойыншысының ә дегеннен-ақ алаңнан қуылғаны сәл көмек болды, әйтсе де, колумбиялық Карлос Санческе көрсетіл­ген қызыл қағаз әділ еді: ол өз қақпасына кіріп бара жатқан допты қолымен қайтарды. Бұл – әлем чемпионаттары тарихындағы ең ерте (2 минут 56 секундта) көрсетілген қызыл қағаздардың екіншісі. «Рекордтық» көрсеткішті жақында ғана («Жаздағы қызыл-сары жапырақтар», «Алматы ақшамы», 7 маусым, 2018 жыл) айтып өткенбіз: 1986 жылы уругвайлық Хосе Батиста 1-минутта-ақ (54-секунд) алаңнан қуылған болатын.

Өз елінің футбол командасының Саранск қаласында өткен Колумбиямен ойынын Жапония ханшайымы Хисако Такамодо келіп тамашалады. Бұл – жапон императоры әулеті өкілінің Ресей жеріне сонау 1916 жылдан бергі алғашқы аяқ басуы екен.

Ал Ресей құрамасы өзіне сенбеген жұртшылықты таң-тамаша қалдырып, екінші ойынында да жеңіске жетті. Жарақатына байланысты алғашқы кездесуге қатыса алмаған Мұхаммед Салах бұл жолы негізгі құрамда алаңға шықса да, Египет футболшылары алаң қожайын­дарының тегеурінді ойынына төтеп бере алмады. Ресей құрамасы өз тарихында тұңғыш рет 1/8 финалға жолдама алды.

 

«Ғ» тобы

Германия – Мексика – 0:1 (гол соққан: Лосано, 35-минутта)

Швеция – Оңтүстік Корея – 1:0 (Гранквист, 65, пенальтиден)

 

«G» тобы

Бельгия – Панама – 3:0 (Мертенс, 47, Лукаку, 69, 75)

Тунис – Англия – 1:2 (Сасси, 65, пенальтиден – Кейн, 11, 90+1)

 

«Н» тобы

Колумбия – Жапония – 1:2 (Кинтеро, 39 – Кагава, 6, пенальтиден, Осако, 73)

Польша – Сенегал – 1:2 (Кры­ховяк, 86 – Ционек, 37, өз қақпасына, Ньянг, 60)

 

«А» тобы

Ресей – Египет – 3:1  (Фатхи, 47, өз қақпасына, Черышев, 59, Дзюба, 62 – Салах, 73, пенальтиден)

Уругвай – Сауд Арабиясы – 1:0 (Суарес, 23)

 

 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *